• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Мамыр, 2023

Орталық Азия – зор мүмкіндік аймағы

526 рет
көрсетілді

Геосаяси үдерістер аясында Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас тың қарқын ала бастады. Өңір елдері экономикалық тұрақтылық, ортақ мүдде үшін ынтымақтастықтың өзектілігі артқанын растап отыр. Жуырда Алматыда өткен екінші «Еуропалық одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы қазіргі сын-қатерлер жағдайында көпқырлы әріптестікті әрі қарай нығайтуға негізделген маңызды іс-шара болды.

Орталық Азия ‒ Еуропа әріп­тес­тігі энергиямен жабдық­тау­дың баламалы бағыттарын құру арқылы энергетикалық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету, көлік же­лілерін дамыту, тұрақты да қауіпсіз цифрландыруды іл­ге­рі­лету, адамдар үшін жұмыс орындарын ашатын «жасыл», ор­нықты және климаттық бейтарап экономикаға көшу сынды стратегиялық салаларды қам­ти­ды. 80 миллионға жуық хал­қы бар Орталық Азия ‒ өсіп келе жатқан нарықтың, тран­зит­тік мүмкіндіктердің, жа­һан­­дық энергетиканы қол­дау­дың қуатты аумағы саналады. Ор­талық Азияның геогра­фия­лық­ орны, Еуропа мен Азия­ны жақындастырудағы, жалпы ай­мақ­тық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз етудегі шешуші рөлі, ора­сан зор энергетикалық ресурс­та­ры мен елеулі нарықтық әлеу­еті Еуропалық одақтың осы өңірдегі мүддесін бекіте түсе­тіні белгілі. Бұл ЕО-ның қайта қаралған Орталық Азия мем­лекеттерімен Кеңейтілген әріп­тес­тік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) нұсқасы бойынша анағұрлым заманауи және әртараптандырылған серіктестік құруға ұмтылысынан да көрініс табады. ЕО ‒ Орталық Азиядағы бес елдің негізгі сау­да серіктесі. 2021 жылы оның сыртқы саудадағы үлесі 23,6%-ды құрады. Сауда ағыны 2022 жылы өсуін жалғастырды. Орта­лық Азия аймағына 40%-дан аса тікелей шетелдік инвестиция ЕО-ға мүше мемлекеттерден келеді.

Бүгінде еліміз Орталық Азия елдерінің ішінде ЕО-мен ты­ғыз байланыс орнатқан негіз­гі ойыншыға айналып отыр. Арадағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы ке­лі­­сім экономикалық және қар­­жылық, энергетика және кө­лік, қоршаған орта және кли­мат­тың өзгеруі, жұмыспен қамту, мә­дениет, білім және ғылы­ми зерттеулерді қоса алғанда, ын­ты­мақтастықтың 29 саласын қамтиды. ЕО-мен дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл­дың ішінде экономикамызға 170 миллиард долларға жуық еуропалық инвестиция тартылды. Еліміздің сыртқы саудасы мен шетелдік инвестициясының 30%-дан астамы ЕО үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд дол­лар­ға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38%-ға жоғары. Экспорт 32,3 млрд долларды, импорт 7,6 млрд долларды құ­ра­ды. Бұл ретте еуропалық ком­па­ниялардың елімізге салған ин­­вестициясының көлемі 2022 жылы 23 пайызға өсіп, 12,5 миллиард долларға жетті.

Былтыр Еуропалық кеңес төрағасы Чарльз Мишельдің, одан кейін ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің елімізге сапар­лары күрделі геосаяси және эконо­микалық жағдайларда екі­жақ­ты қатынастардың дамуына соны серпін берді. Сондай-ақ Премьер-министр Әлихан Сма­йы­лов пен Еуропалық комис­сия­ның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Египеттегі COP27 климаттың өзгеруі жөніндегі кон­ференциясы аясында шикі­зат, аккумуляторлық батарея­лар­ және жаңартылатын сутектің тұрақты құн тізбектері саласындағы стратегиялық әріп­тес­тік туралы еліміз бен ЕО ара­сындағы өзара түсіністік ме­мо­рандумына қол қойған бо­латын. Жақында Сыртқы іс­тер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ағымдағы күн тәртібін және оны одан әрі дамытудың перспективалық ба­ғыт­тарын талқылау үшін Еуро­па­лық одақтың жоғары лауазымды өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Елдеріміз арасындағы бұл үдерістер жоғары деңгейдегі саяси диалогтің, экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты си­паты мен өсу динамикасын аң­ғар­тады.

2022 жылы еліміз ЕО-мен сирек кездесетін металдар, кө­лік­тік-логистикалық әлеуетті да­мыту, сондай-ақ тауарларды жет­кізу тізбегін әртараптандыру секілді жаңа бағыттар бойынша серіктестікті дамытты. Мемлекет басшысы мен Еуропалық Кеңес төрағасының қатысуымен Еуро­па­ның ірі «Svevind» компаниясымен Батыс Қазақстанда жел мен күн электр стансаларын ор­нату бойынша құны 30-40 мил­лиард еуроны құрайтын ма­ңыз­ды келісімге қол қойылды. 2030 жылдан бастап 3 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін бұл жоба ЕО-ның осы өнім­ге қажеттілігінің бестен бі­рін қам­тамасыз ететін болады. Сол се­кіл­ді еліміз ЕО-мен Транс­каспий ха­лықаралық көлік бағы­тын да­мы­туға да басымдық беріп отыр.

ЕО-ның Орталық Азия бойын­ша стратегиясына негізделген эко­номикалық форум екі өңір се­ріктестері арасындағы диалог­тің өңірлік платформасы ретінде маңызды рөл атқарады. Іс-шара Орталық Азия экономикасын одан әрі әртараптандыру, ай­мақ­іш­ілік және аймақаралық сауданы жандандыру, заң үстемдігін нығайту мен нормативтік базаны жаңғырту арқылы инклю­зив­ті және тұрақты даму мақ­сатында ықпалдастықты ілгері­ле­туді көздейді. Орталық Азия бизнес пен инвестицияға мол мүмкіндіктер ұсынады. Сондық­тан форум барысында жеке сектор өкілдерінің пікір алмасуына алаң құрылып, ЕО мен Орталық Азия арасындағы іскерлік байланыс­тарды жеңілдету мәселелеріне көңіл бөлінді. Бұл ретте маңызды құрылымдық реформаларды жеделдету, тартымды бизнес-орта мен қауіпсіз инвестициялық ахуал құру, жаһандық экономикаға интеграциялау арқылы аймақтың әлеуетін ашу ‒ ортақ мүдде.

Форумда ЕО мен Орталық Азияның «жасыл» және цифрлық күн тәртібіне көшуіне, бизнес-ортаны жақсартуға, сауда мен өзара байланыстарды дамытуға баса назар аударылды. Сонымен қатар 2021 жылы Бішкекте өткен экономикалық форумның қоры­тындылары, бүгінге дейін қол жеткен жетістіктер сараланып, интеграцияланған экономиканы одан әрі дамыту үшін қажетті саясат, бағдарламалар және инвестиция бойынша алға жылжу жолдары қарастырылды. Жаһандық шлюз, Еуропалық «жасыл» мәміле, Цифрлық күн тәртібі, ЕО аймақтық және екіжақты бағдарламаларын қоса алғанда, жаңа бағдарламалау цикліне сәйкес тұрақты өсім мен өзара байланыстың жоғарыда аталған негізгі аспектілері бойын­ша сын-тегеуріндер мен мүм­кін­дік­тер бағамдалды. Форум­ға қа­тысушылар компаниялар ал­дында тұрған практикалық міндеттер, сондай-ақ өңірлердің сауда әлеуетін ашуға, өзара сау­да қатынастарын жеңілдетуге бағыт­талған бизнес пен үкімет­тердің басымдықтары туралы пікір­лерімен бөлісті. Сонымен қа­тар екі аймақ арасындағы іс­кер­лік, экономикалық байланыс­тар­ды ынталандыру мен ке­ңейту үшін Орталық Азия мен ЕО-да енгізілген озық цифрлық шешімдер талқыланды. Орталық Азия елдерінің мемлекеттік және жеке секторы өкілдерінің қаты­суымен «Іnfo Trade Central Asia Gateway» сауда рәсімдерін оңай­ла­ту жөніндегі өңірлік портал ресми түрде іске қосылды. Бұл жүйе бизнес-қоғамдастыққа Орталық Азия дәліздері бойындағы транс­шекаралық жағдайларға шолу жасайды. Сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) жүзеге асырып жатқан тұрақты көлік байланыстары туралы зерттеу таныстырылды. Де­легаттар Орталық Азия эконо­микаларының үздіксіз транс­фор­­мациясы бағытында бір­ле­сіп жұмыс істеуге ниетті екен­дік­те­рін білдірді.

Бүгінде өңірлер арасындағы сауда ағындарының өсуімен қатар соңғы геосаяси оқиғалардың әсе­рі­нен дәстүрлі көлік дәліздері тізбегі бұзылуда. Форум бары­сын­да Еуропа мен Орталық Азияны көлік-логистикалық ба­ғыт­тар арқылы байланыстыру мүмкіндіктері мен сауда-сат­тық­ты кеңейту мәселелеріне ерек­ше ден қойылды. Еуропалық одақ санкцияға ұшыраған елдер арқылы өтетін жүктерді тасы­мал­дауға мүдделі емес. Сон­­дықтан Еуропалық одақ пен Ор­талық Азия арасындағы «тар дә­лізді» дамыту қажет. Транс­кас­пий халықаралық көлік жолы (ТХКБ) Қытайдан Еуропаға Қазақстан, Оңтүстік Кавказ және одан әрі Түркия арқылы Шығыс Еуропадағы Қара теңіз порттарына шығумен жүк ағынын өткізуге мүмкіндік береді. Соңғы 4-5 жылда ТХКБ арқылы кон­тей­нерлік жүктерді тасымалдау көлемі айтарлықтай өсті. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, былтыр жүк тасымалдау көлемі 1,5 млн тоннаға жетті. Бұл ретте қазақстандық жүктің экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 6,5 есе өсіп, 891 мың тоннаға жетті. Контейнерлермен 33,6 мың TEU (жиырма футтық эквивалент) тасымалданды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 33%-ға жоғары. Дегенмен бұл жолдың көптеген проблемасы бар. Мысалы, сұраныс оның өткізу қабілетінен 2-3 есе асып түседі. Ал Ақтау порты жылына небәрі 4-5 миллион тонна жүк жөнелте алады. Баку халықаралық теңіз сауда порты да жүк тасымалының өсуі аясында қолданыстағы қуаттарды жеделдете кеңейтуді талап етеді. Сондай-ақ темір жол ұлғайып келе жатқан жүк тасымалын көтере алмайды. Бұған қоса ТКХБ елдері үшін бірыңғай тарифтің болмауы да кедергі келтіруде. Сондықтан дәліздің мүмкіндігін кеңейтіп, инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция салу қажет.

Форумның негізгі сессиясында Еурокомиссия вице-президенті Валдис Домбровскис Еуропа мен Орталық Азия арасында жаңа көлік дәлізін құру бойынша басталған бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте ол Еуроодақ Орталық Азия елдерінде бизнес орта­ның тартымдылығы мен бәсе­ке­ге қабілеттілігін арттыруға көмек­тесетін арнайы бағдарлама әзір­леп жатқандығын, бұл өңірге жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Біздің бәрі­міздің басты міндетіміз ‒ Ор­та­лық Азия елдерінің экономи­ка­сын әртараптандыру және тұрақты ету. ЕО-ға мүше елдер бұл аймақ үшін тікелей шетелдік инвестицияның ең ірі көздерінің бірі болып табылады. Еуроодақ ‒ Орталық Азия елдеріндегі ең ірі инвестор, өйткені аймақтағы жалпы инвестицияның жартысына жуығы ‒ 40%-дан астамы ЕО елдерінен келеді. Бұл Қытай мен Ресейдің инвестициясынан көп», деді ол.

Премьер-министр Әлихан Смайылов атап өткендей, еліміз темір және болат өндірісі, машина жасау, тамақ өңдеу және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда құны 2,3 миллиард доллар болатын өңделген өнімнің 175-тен астам түрін ұсына алады. Біз ірі астық өндіруші ретін­де жаһандық азық-түлік күн тәртібін жүзеге асыруда ЕО-ның стра­те­гия­лық серіктесі бола аламыз. «Біз Еуропалық ин­вес­тициялық банктің Орталық Азияда екі ай­мақтық өкілдік ашу туралы бас­тамасын да қолдадық. Бұл өз кезегінде Еу­ропа өкілдерімен инвестиция тартуға тың серпін береді. Жалпы, Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы дәс­түр­лі қарым-қатынастар ха­лық­тарымыздың игілігі үшін одан әрі дами беретініне сене­міз», деді Әлихан Смайылов.

Экономикалық форум аясында талқыланған негізгі тақырып­тың бірі ‒ ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларының 11-ші пакеті аясында Орталық Азия елдеріне қарсы қайталама санкциялар енгізу мүмкіндігі болды. Бұған дейін Еуроодақ кейбір қазақстандық компанияларға санкция салу мүмкіндігін қа­рас­­­тырып жатқаны жайында хабарланған болатын. Сөй­тіп, антиресейлік санкциялар пакеті аясында Мәскеумен ын­ты­мақ­тасатын Қытай, Иран, Қа­зақ­стан және Өзбекстанның он шақты компаниясының «қара тізімге» енгізілуі мүмкін екен­дігі айтылған-ды. Осы орайда Еуро­одақтың Орталық Азия бо­йынша арнайы өкілі Терхи Ха­кала санкциялар әлі де Ресейге бағытталғанын және Орталық Азия елдеріне қарсы іс-шара емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ЕО санкциялары Орталық Азия елдері мен Қазақстанға қар­сы емес, геосаяси жанжалға жа­уап болып отыр. Хакала Еуро­ко­миссияның Қазақстанмен диалог орнатқанын, ағымдағы мәселе бойынша ортақ түсіністік пен қажетті шешімдерді қабылдауға әрекеттесетінін баса айтты.

Осылайша, Еуроодақ пен Орталық Азия елдері аймақтағы мем­лекеттердің өркендеуі мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету ортақ мақсатқа қол жеткізуге ық­пал етеді деген келісімге келді. Тарап­тар ортақ құндылықтар мен өзара мүдделерге негізделген берік, көпқырлы әрі болашаққа бағдар алған әріптестікті одан әрі дамытуға деген бірлескен мызғымас бейілділігін растады. Еуропаның елімізге деген ерекше көзқарасы туралы жуыр­да шетелдік БАҚ та жаз­­ған еді. Американдық Politico басылымының жазуына қа­рағанда, Еуропалық одақ Ресей мен Қытайдың ықпалын қай­та­рып алу үшін төрт басым елге: Бразилия, Чили, Нигерия және Қазақстанға қатысты жеке жос­парлар әзірлеуде. «Құпия құ­жатты» Еуроодақтың ресми өкіл­дері таратқан. Жоспар ық­тимал сауда келісімдерін, сон­дай-ақ энергетика, көші-қон, экономикалық даму және қауіп­сіз­дікті үйлестіруге қатысты жеке ұсыныстарды қамтиды. Ба­­­сы­лым жоғарыда аталған мақ­­саттар туралы мәлімдемеге қа­ра­мастан, Еуропалық одақтың автократтардың жетегінде кетпей, келешектің экономикасын құруға деген ұмтылысын оқуға болатынын атап өтеді. «Біз бәсекеге қабілетті геосая­си орта­дамыз. Сондықтан өз ұсы­ныс­тарымызды жетілдіріп, олармен қарым-қатынасымызды нығайтуымыз керек», делінген құжатта. Бұл ретте басылым құ­жат­та Қазақстанға ерекше назар аударылғанын, ЕО-ның мүддесі ‒ Қазақстан арқылы Ресей­ге қар­сы халықаралық санк­ция­лар­ды айналып өтуге жол бермеу екенін келтіреді. Сондай-ақ ЕО біздің елімізге шикі мұнайды Ресей арқылы тасымалдамай, Еуро­одаққа тікелей экспорттау үшін көмектесуге ниетті екені айтылған.