• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Білім 25 Мамыр, 2023

Тәртіп мектептен басталады

317 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жетісу жеріндегі шалғай аудандарды аралап, білім ошақтарының жайымен танысты. Ұстаздардың ұсыныс-тілегін тыңдап, министрліктің атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Ата-аналардың да пікіріне құлақ түріп, тарихы терең «Мамания» мектебінде болды.

Шыны керек, білім сапасын арттыру, аттестаттау жүйесін және педагогтерді ынталандыру тәсілдерін жетілдіру ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әуелі министр осы түйткіл төңірегінде әңгіме қозғап, ұстаздарды таза еңбегіне сенуге шақырды.

«Мемлекет педагог мәртебесін кө­теру мақсатында бірқатар іс-шараны қолға алып жатыр. Оның ішінде мұғалімдердің жалақысын көтеру – жүзеге асырылған басты қадамның бірі. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді. Мұғалімдерді аттестаттау жүйесін же­тіл­діру бойынша кешенді жұмыс жүр­гізіліп, портфолио қалыптастыру бары­сы қайта қаралып жатыр. Келешекте мұ­ға­лімнің жетістігі оның әрбір оқу­шы­сының жетістігімен бағаланатын болады. Еліміздің жетекші педагогтері – педагог-шеберлер мен педагог-зерт­теушілер білім саласының барлық мама­ны үшін үлгі болуы керек», деді ұстаз­дар қауымына жүктелер міндет пен жа­уап­кершілік жү­гін атап өткен министр.

Оның айтуынша, Жетісу облысында барлығы 15 мыңнан аса мұғалім еңбек етеді. Оның ішінде 2 309 педагог-зерттеуші, 63 педагог-шебер бар.

Шалғайдағы оқу ұйымдарына барған бас ұстаз мектеп дәретханаларының жағдайымен танысып, оқу орын­дарын­дағы дабыл түймелерін, төтенше жағ­дай кезіндегі жедел әрекет ету қызметін, балалар қауіпсіздігінің қамтамасыз еті­луін және асхана жұмыстарын ұйымдастыруды тексерді. Қауіпсіздік шараларын сынақтан өткізген білім ұйымдарының қатарындағы Дәнеш Рақышұлы атындағы орта мектепті аралап көріп, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп мұғалімдерімен пікірлесті. Бұдан кейін Ғ.Бейсембаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмит­рий Малахов қаладағы білім меке­ме­лерінің басшыларына, ұстаздар қауы­мына сөз арнап, білім саласын дамытуға қатысты ойларын ортаға салды.

Д.Малаховтың айтуынша, мемле­кеттің тұрақты дамуына кесірін тигізетін сыбайлас жемқорлық білім саласына дендеп еніп, тамырын жайып бара­ды. Сондықтан «жұқпалы» дерттің алдын алу, білім мекемелеріне түсіндіру жұмыстары тұрақты өткізіліп келеді. Ол соңғы үш жылдың ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі білім саласындағы парақорлыққа қатысы бар 300-ден астам қылмысты тіркегенін, 192 адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, оның 140-ы сотталғанын атап өтті. Бұлардың қатарында Көксу аудандық білім бөлі­мінің басшысы Сейітниязов пен заңгері Өтелбаев, Алматы облыстық білім бас­қармасының басшысы Омарова, бас­қарманың ғылыми-тәжірибелік орта­лығының басшысы Меңлібаев, бөлімнің бас маманы Абдолданова, Панфилов аудандық білім бөлімінің бухгалтері Мухамерова бар. Осыған орай білім саласы жіті қадағалауға алынып, сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін әрбір әрекет тексеруге алынып жатыр. Бұл оқу-ағарту саласындағы әділдікті, адалдықты қалыптастыруға септігін тигізеді. Парақорлыққа қатысы бар жан жазасыз қалмайды.

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім саласындағы сапаны қамтама­сыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов білім саласындағы біліксіз мұға­­лім­дер­ді іріктеу жұмыстары жал­ғаса­­тынын, соған орай ұстаздар қауы­мы жаңа оқу жылынан бастап аттестат­тау­дан өткізілетінін атап өтті. Оның айтуын­ша, былтыр Жетісуда 116 педа­гог кон­курссыз жұмысқа қабылда­­нып, ­ми­нистрліктің бұйрығы бұзылған. Со­ны­мен қатар биылғы оқу жылы аяқ­та­лардың алдында еліміздің барлық өңі­рінде емтихан алатын мұғалімдерге, мектеп директорларының орынбасарларына 9, 11-сынып оқушылары­нан ақша жинау дерегі анықталып жатыр. Ата-аналар мен сынып жетекшісі ұйымдастыратын мұндай әрекеттен мектеп басшылығы хабардар. Мысалы, Алматыдағы бір мектептің мұғалімі жо­ғары сынып оқушыларынан 5 мың теңгеден жинағаны үшін ұсталса, мектеп директоры қатаң сөгіс алған. Сондай-ақ қалалық, аудандық білім бөлімдері мен мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері өздеріне ұнамайтын пе­дагогтерді жұмыстан жөнсіз шығарып, заңбұзушылықтарға баратыны белгілі болып отырғанын атап өткен Е.Дәуенов педагогпен еңбек шартын негізсіз бұзу жиілеп, педагогикалық әдеп кеңесі дирек­тордың жеке басын қорғайтын құ­рал­ға, қолшоқпарға айналғанына, соған орай ұстаздар арасында соттасу көбей­геніне тоқталды.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, енді мектепте ақша жиналатын болса, 7 млн теңге айыппұл салынады. 5 мың теңге аламын деген мұғалім, директор жұмыстан кетіп, бас бостандығынан ­айырылуы мүмкін.

«Осыны ескеріп қойыңыздар. Мем­­ле­­кеттен тиісті қаржы бөлініп, жыл өт­­кен сайын жалақы өсіп жатыр. Еш­кім­нен ештеңе жинаудың қажеті жоқ. Одан бө­лек, аттестаттау мәселесін тү­гел­дей қайта қарастырып жатыр­мыз. Хал­қы­мыз «Ауруын жасырған өле­ді» дей­ді. Мұғалімнің білім-білігі жетіс­песе, орнына басқа адам алу керек. Оны ақша­мен шешуге талпынғандар жа­засыз қалмайды. Негізі аттестаттау мұға­лім­нің жетістігі емес. Ұстаздың жетістігі шәкірт­терінің білім деңгейімен өлшенеді. Сол үшін мұғалім оқушының білім сапасын көтерумен айналысуға тиіс. Ал мек­тепке керекті құрал-жаб­дықтармен және көрнекі­ліктермен қам­та­масыз ету облыстық, аудандық, қала­лық білім басқармалары мен мектеп директорларының міндеті болуы керек», деді Ғ. Бейсембаев.

Министр Жетісу облысына жаса­ған жұмыс сапарында шалғай елді мекен­дер­дегі бірқатар білім ұйымын ара­ла­ды. Ақсу ауылындағы тарихы те­рең­нен тамыр тартатын ғасырлық тари­хы бар «Мамания» мектебінде де бол­ды. «Мамания» мектебінің құтты шаңы­ра­ғынан еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан. Олар­дың қатарында алашордашы Мұхамеджан Тынышбаев, қазақ әдебиетінің клас­сигі Ілияс Жансүгіров, Жұмахан Күдерин, ағартушы Біләл Сүлеев, ака­демик Жүрімбек Сыдықов, жазу­шы Кәкімжан Қазыбаев бар. Биыл атал­ған мектептің негізі қаланғанына 124 жыл толды. Мектеп ғимаратында педаго­гикалық ұжыммен кездесу өткізген министр ауыл мектептерін дамыту бойынша жасалып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.

Сондай-ақ министр Сарқан, Алакөл аудандарының педагогтерімен кездесуде болашақта ауыл мектептері отандық білім беруді дамытудың драйверіне айналуы керектігіне баса назар аударды. Ауыл мектептерін дамытудың жаңа бағ­дарламасы осы бағыттағы маңызды қа­дамға айналады. Министрлік ауыл оқу­шыларының жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олим­пиадасын өткізу жоспарын әзірлеу үстінде.

 

Жетісу облысы