Бүгінде шағын және орта бизнес субьектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру 4 есе қысқарды. Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының кәсіпкерлердің банктік шоттарына тыйым салу мәселесі шешілді. Нәтижесінде, егер сот санкциясы болмаса, банктер 10 күннен кейін шектеуді алып тастайды. Бұл туралы бизнесті қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесте айтылды.
Елімізде бизнесті қорғау саласы түбегейлі жаңғырғалы тұр. Бас прокурор Берік Асыловтың сөзінше, қазір мүдделері қозғалған бизнес субъектілеріне аудит қорытындыларымен танысуға және шағымдану құқығын беру мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелген. Бұған қоса кәсіпкерлерге қатысты салық бұйрықтарын шығарудың және фискалдық органның бақылау-кассалық машиналарды қолдану мәселелері бойынша тексеру жүргізудің, сондай-ақ әкімшілік жаза қолданудың заңсыз тәжірибесі тоқтатылыпты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен прокурорлық қадағалау кәсіпкерлердің және инвесторлардың мәселелерін тиімді шешуге бағытталған. Осындай шаралардың бірі – өткен жылы қыркүйектегі форумның нәтижесі бойынша бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспары қабылданды. Онда бизнес өкілдерін мазалайтын өзекті мәселелер қамтылған. Барлығы 44 іс-шара. Яғни салықтық әкімшілендіру мәселелерінен бастап, олардың құқықтарына нұқсан келтіретін кез келген деңгейдегі актілердің күшін жоюға дейін. Нақты кейстер қамтылған осы іс-қимыл жоспарын іске асыруға 21 мемлекеттік орган жұмылдырылған», деді Берік Асылов.
Іс-шараға «Атамекен» ұлттық палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Жоғарғы сот, орталық ведомстволар мен министрліктердің басшылары қатысты. Жиында бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов прокуратура органдарымен ынтымақтастықтың тиімділігін атап өтті. Бұған қоса мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері мен шешімдеріндегі олқылықтарды тізбектеді.
«2015 жылы шағымдардың жалпы саны шамамен 175 мың болса, 2022 жылдың 7 айында 70 мың шағым түскен. 2022 жылы әділет органдарына мемлекеттік мекемелердің әрекеті мен әрекетсіздігіне байланысты 20 мыңнан аса талап арыз түсті. Барлық арыздың 54 пайызы – орталық атқарушы, 38 пайызы жергілікті атқарушы органдарға түскен. Бизнес көбінесе мемлекеттік органдардың тексерулеріне, айыппұлдарға және мемлекеттік сатып алуға шағымданады. Тексерулерге тоқталсақ, биылдан бастап барлық тәуекелді автоматтандыруға мүмкіндік беретін жүйенің нормасы күшіне енді. Автоматтандыру болмаған жағдайда мемлекеттік органдар бақылаудағы субъектілер санының 5%-дан аспайтын мөлшерін тексеруге құқылы. Басқаша айтқанда, биылдан бастап тексерулердің 95%-ын осы цифрлық жүйе анықтауы керек. Бірақ қазір салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің басым бөлігі әлі жасалып жатыр. Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бұл жұмысты 2023 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл сұрақ мемлекеттік бақылауды автоматтандыру мәселесін тежейді. Бұл түбегейлі мәселе – егер бәрі автоматтандырылған болса, біз заңсыз тексерулерге қатысты шағымдардың санын едәуір азайтамыз», деді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
Сондай-ақ Рустам Жүрсінов бизнеске қатысты әкімшілік өндірістің өсуіне қатысты алаңдаушылығын білдірді. Оның пайымдауынша, былтыр әр үшінші кәсіпкер құқық бұзушы болған. Өйткені 2015 жылы 253 мың дерек болса, 2022 жылы олардың саны 602 мыңға жеткен.
«2022 жылы бизнес субъектілерінің жалпы саны 1,8 млн болғанын ескерсек, әрбір үшінші кәсіпкер құқық бұзған. Мемлекеттік реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға, құқықтық тәртіп пен адамгершілікке қауіп төнген жағдайда ғана жүргізілуге тиіс», деп ойын түйіндеді бизнес-омбудсмен.
Бас прокурор Берік Асылов кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің сөзінің жаны бар екенін айтып, осы бағытта қордаланған мәселелер бар екенін жасырмады.
«Рас, жергілікті жерлерде әкімшілік кедергілер бар. Бұл проблема сол аймақтағы кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін де өте өзекті. Шын мәнінде, өңірлердегі әкімдіктер, бақылаушы органдар бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасауға тырыспайды. Бірнеше рет кездесу өткіздім. Кәсіпкерлер мен инвесторлар мәселе барын айтады. Уәкілетті органдар, оның ішінде әкімнен бастап барлық бөлімшеге дейін кәсіпкерге қалай көмектесуге болатынын ойлап бас қатырмайды. Барлығы бюджет қаражатын пайдалану есебінен ескі тәсілмен жұмыс істейді. Ал кейбір қалталы азаматтарға тек жер мен инфрақұрылым қажет. Жергілікті әкімдіктер оларға бермейді. «Қайда барсақ та барлық жер бос емес!» деп жан айқайларын жеткізді. Жұмысты жүйелеу керек. Осыған байланысты облыс прокурорларына бизнес пен инвесторға тәулік бойы құқықтық кеңес беруді тапсырамын», деді Бас прокурор.
Айта кетейік, қадағалау актілері бойынша 21 мыңнан астам салық бұйрықтарының және 13 мың атқарушылық өндірістің күші жойылған. 1 260 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершіліктен босатылыпты. Ал 150 мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері мен сот орындаушылар, оның ішінде 24 басшы жазаланған.
Сондай-ақ наурыз және сәуір айларында құзырлы органдардың адал бизнес өкілдеріне тізесін батыруын доғару үшін Бас прокуратураның наразылықтары бойынша денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология, қаржы, индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрліктеріне 2 мың кәсіпкерге барумен профилактикалық бақылау жүргізу туралы 9 бұйрығының күші жойылған. Бүгінде жалпы 4,5 мыңнан астам заңсыз тексерулер мен бақылаудың өзге де нысандарының жолы кесілген.