Арал тақырыбы – кең, ауқымды дүние. Сарқылмас тақырып турасында, сонымен қатар жаңа заманның әлеуметтік қырларын, қалтарыс-бұлтарысын аршып жазып жүрген қарымды қаламгер – «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Қуаныш Жиенбай. Жақында жазушымен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Басылымдардан жиі көріне бермейсіз. Саяқ жүру болмысыңыздан ба, әлде жеке принциптен бе?
– Турасын айтайын, ана жерден, мына жерден жылтыңдап көріне беруге құлқым жоқ. Мұндағы негізгі мәселе – алқалы топқа түскенде жұртты жалт қарататындай оғаш ой, тосын пікірді ортаға тастай алмай, маған дейінгілерді қайталап, сансырап, тосылып қалмаймын ба деген қорқыныш емес. Неге екендігін қайдам, әлде алақұйын уақыт жан-жағымызға ойлы көзбен қарауға мұрша бермей жүр ме, әйтеуір, осы күндері ешкім ешнәрсеге таңғалмайтын болды ғой. Дүниедегі небір кереметтерді де күнде көріп жүрген жаттанды құбылыстай, адамдар әрнені салқынқандылықпен қабылдауға машықтанып алған. Селт етпейді. Селт еткізерліктей, жүректі бір бүлк еткізерліктей шығармалар жаза алмай жүрген өзіміз кінәлі шығармыз дейін десек, Құдайға шүкір, жан жадыратар жақсы туындылар қазақ әдебиетінде бір шоғыр.
Соры қайнағанда, солардың назарға ілігу жағы шыбын жаныңды еріксіз шабақтайды. «Сөз – өліп қалған көңілді тірілтеді» дейді Мәшһүр Жүсіп. Біздікі де сол, Абай айтқан «Қайран сөзім қор болды-ау, Тобықтының езіне» дегеннің кері. Жұрт алдына жұлқынып шыға бергеннен гөрі, өз ішіңе өзің тереңірек үңіліп, өзіңмен өзің «айтысып, тартысып» тыныш жүргендіктің пайдасын біршама түсінгендіктің әсерінен болар...
– Рақымжан Отарбаев бір сұхбатында өзінің Бейімбеттің мектебінен шыққанын айтты. Өзіңізді қай мектептің өкілі деп есептейсіз?
– Жалғыз марқұм Рақымжан емес, Би-ағаң салған өнегелі мектептің есігінен сығаламаған қазақ қаламгерлерін шырақ алып таба алмайсыз және ол дәстүрдің тамыры жуық маңда үзілмейді. Қалам – тоққа қоссаң сайрай жөнелетін ойыншық тотықұс емес, кібіртіктеп, кейде жарты бет те жаза алмайтын жағдайға кезігесің, ондайда үстелден дереу тұрып кеткенің абзал, не санада баяғыдан жатталып қалған ұлы классиктердің бір-екі тарау туындыларын қайта оқысаң, кәдімгідей тыңайып қалатындығыңызға мен кепіл.
Тағдыр бізді жастау кезімізде келер жылы жүз жылдығы тойланатын, өзімізді былай қойғанда төрткүл дүние таныған, әм әлем оқырмандарын мойындатқан Әбдіжәміл Нұрпейісовпен жақынырақ таныстырды. Оның үстіне абыз ақсақалмен жұтқан ауамыз, ішкен суымыз бір-ді, Арал теңізінің жағалауында өмірге келгенбіз. Орыстың атақты жазушысы Константин Паустовскийдің «Теңіз жағалауында туғандардың ақын болмасқа қақы жоқ» деген де сөзі бар... Халықаралық қазақ ПЕН-клубы жанынан «Таң-Шолпан» журналының алғашқы нөмірлері жарық көре бастаған кез. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында журналда жарияланған шығармаларға қомақты қаламақы төлейтін де жалғыз басылым осы еді. Содан ауыздары азды-көпті «аққа тиген» қаламгерлер ол жайлы аңыз айтудан әлі күнге дейін шаршамайды. Проза бөлімі маған жүктелді. Жүктелгені бар болсын, Әбекең «жон-терімді» аяусыз сыдырды, ұсынған дүниелер кері қайтып жатты, ілеуде бір-екеуінің ғана жолы болатын, онда да классиктің қатаң талғамынан өтсе ғана... Жазушылар көп, бірақ Төраға жаттандылардың бірде-біреуін жаратпайды, оқырман мүддесін күйттеп, шығармаға биік талап тұрғысынан қарауды бәлкім, сол кісіден үйрендім. «Ізде, ізден, қайдан тапсаң да тап! Менің көңіліме қарама, шығармасы жақсы ма, жауым болса да журналға әкеп жариялаңдар!» Әрбір сөзді, әрбір сөйлемді «домна пештің мың градустық ыстығына салып, қайнататын», сондай атақ-абыройымен жас автордың тырнақалдысын редакциялаудан да тартынбайтын. Не деген жанкештілік десеңізші!.. Кейін ойласам, соның бәрі әдебиетіміздің келешегі үшін жасалған қамқорлық екен де!
«Соңғы парыздың» соңғы аккорды бар-ау, жантәсілім Жәдігердің қойнындағы бүржік торғайды Бәкизат үсік шалған саусақтары дірілдеп, «шырылда, шырылда, байғұс! деп көкке қарай ұшырып жібереді ғой... Сол тарауды қайта-қайта оқимын, осының өзі түсінген жанға аз мектеп емес-ау!
– «Тоқта, өлемісің?» атты повесіңізде урбанизацияға толық бейімделе алмаған, әрі дүниеқұмар әйелден жәбір көрген Бөрібай тағдыры суреттеледі. Жалпы, бүгінгі қазақ урбанизациялану арқылы түп тамырдан, ұлттық иба-дәстүрден біршама ажырап қалған секілді.
– Бұл – тұтас бір кітаптың көтеретін мәселесі ғой. Повесть төңірегіне тоқталсам, бұл менің бүйірімдегі жазылмай жүрген бітеу жара. Төретам, космодром – қайран қазақтың маңдайына жазылған қасірет таңбасы. Байқоңырдан ұшырылған космос корабльдерінің бізге айтқаны бар, айтпағаны бар ұзын-саны жүз отыздан асты. Одан ұшқан улы шаңдақтың азабын кімдердің тартып жатқандығы онсыз да белгілі. Шығармаларымның дені осы тақырыптардың төңірегінде, қанша жерден туған халқыма, жерлестеріме жаным ашығанымен қолымнан келер қайран шамалы, «кеудеме қайғы толған соң, кәусар жырмен жуынам» (Дулат ақын) демекші, сәл де болса экологияның ауырлық нүктесіне қоныстанған елге өзімше демеушілік жасаған түрім. «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар» атты романдарым ғарыш айлағы төңірегіндегі жергілікті қазақтардың осы күнгі тыныс-тіршіліктеріне арналған. Төретамдағы әскери аймақ тұрғындары мен осы аттас бекеттегілердің әлеуметтік жағдайларын салыстыру – ешбір заңның, ешбір қаулы-қарардың қауызына сыймайды. Сонша жылдан бері атамекен дейтін киелі ұғымды бағдаршам ретінде ұстанып, сонша қиындықты бастан кешсе де табандап, қасарысып, сулы-нулы өңірлерге қоныс аудармай отырған, қоныс аудармақ түгілі ондай ниеттен ада-күде ат-тондарын алып қашатын қайсар жүректі адамдарға бір-бір ескерткіш қойса қандай жарасар еді!
Бөрібай солардың арасынан шыққан талайлы тағдыр иесі, істеп жүрген тірлігіне кейде күлесің, кейде қынжыласың! Біз бастан кешкен өмірдің қулық-сұмдығынан хабары мол «ақылды» әйелдің айтқанымен үлкен қалаға көшіп келсе де, есі шығып, көзге мүлдем елеусіз көрінетін жатаған ауылын өліп-өшіп сағынады да жүреді... Урбанизацияны жақтайтындар мен даттайтындар осы күндері жыртылып-айырылады. Қазақ үшін пайдасынан зияны көп, ауылға тартқан «алтын тамыр» үзіліп кетуге шақ тұр. Бос жатқан жердің жау шақыратындығын былай қояйық, «гүлденген ауылдан» қирандыға айналған ауылдарды санап тауыса алмайсыз. Ең сорақысы, бала санының аздығынан бірінен соң бірі ауыл мектептері жабылып жатыр. (Әнекей, сұхбат деген жарықтық жымын білдірмей, айтпайыншы деген «құпияның» «тілін» де тартып алуға шебер-ақ). Көптен бері ойда жүрген осы тақылеттес тақырыпты драмаға айналдырайыншы деп талаптанып көргем, бұған дейін де бірді-екілі пьесам театр сахналарында қойылған. Барынша комедиялық жанрға жүгіндім, Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Патша көңілім, не дейсіңді» көрерменге ұсыну қамында. Белгілі режиссер Нұрлан Жұманиязов бес-алты мәрте қайта жаздырды. Нұрлан хабарласса жүрегім зырқ ете қалады. Бірақ режиссермен жұмыс істеу біздің де біраз «сауатымызды» ашты.
– Әлем әдебиетінің даму үрдісін үнемі бақылап отырасыз ба?
– «Бухгалтерлер махаббат туралы романдарды, ал дәрігерлер детективтерді көбірек оқиды» дейтін түсініксіздеу тәмсіл бар. Қалам ұстағандар әлем әдебиетінің даму үрдісін бақылап отырмаса, арғысы – қазақ әдебиетінің өсу деңгейін, бергісі – өзінің шығармашылық әлеуетінің шама-шарқын немен безбендейді, қалай саралап салыстырады? Бұдан «Жиенбай мырза өзін ә дегеннен әлем әдебиетіндегі мықтылармен теңестіргісі келе ме?» дейтін сыңаржақ ұғым тумаса керек. Бәрін бақылап отырамын деп айта алмаймын. Интернет деген «арғымақ» іздегеніңді әп-сәтте дөңгелетіп алдыңа әкеле қоятын болды ғой бүгінде. Кітапханаға барып сабылмайсың. Алдымен Нобель сыйлығына ие болғандардың шығармаларына «шүйлігесің». Осының сыртында кейбіреулерінің дүниелеріне көңіліңнің толмайтындығы сондай, «бұларды Төлен, Дулат ағаларым он орап алады ғой» дейтін өзімшіл пікір де тіл ұшына оп-оңай орала кетеді. Бірақ жасымыз бар, жасамысымыз бар Әбіш Кекілбайұлының бәрімізге, осы күні қалам ұстап жүрген баршамызға үлгі болатындай мына сөзін де естен шығармауға тиіспіз: «Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан-дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді. Кең қарымдылықтың орнына терең талдау үстемдік құрды. Шытырман оқиғалардың орнына шырғалаң сезімдер билік алды. Әдебиеттің табиғаты өзгерді. Эстетиканың мұраты өзгерді...» Осындай талаптарға сай келетін әлем әдебиетіндегі мойны озық шығармалардың барлығын жоққа шығаруға болмайды. Әлем әдебиетінің беталыс-бағдарын қазақ әдебиетінің өсу өрісімен салыстыра сабақтастырып, жан-жақты талдап жүрген сыншы бауырымыз Амангелді Кеңшілікұлының еңбегі еңбек-ақ! Қалай дегенде де үлкен сыйлыққа ие болғандарға деген құрмет ерекше. Десе де солардың өзі Нобель марапатын ала тұрып, кейбір «әттеген-айларын» ешкімнен қымсынбастан, жалпақ жұртқа жайып салатындығын қайтерсің! Габриэль Гарсиа Маркес бүй дейді: «Жазған шығармаларымның ішінен «Жүз жылдық жалғыздықты» алып тастар едім. Тым құрығанда қайта жазып шығатын едім. Мен ол кітабым үшін ұяламын, бір себептермен оны өзімнің көңілімнен шығардай қылып жазуға уақытым тығыз болды...»
Айтады-ау, сабазың! Адалдық, әдебиетке, сөз өнеріне деген адалдық. Біз кейде бір әңгіменің өзін қайта көшіруге ерінеміз. Ерінбегеннің етікші болатындығы анық, бірақ жазушы шығуы неғайбыл.
– Егер Толстой мен Достоевскийдің бірін таңдау керек болса, қайсысын атар едіңіз?
– Егер маған ондай мүмкіндік беріле қойса бөле-жармай, екеуін де қатар атаған болар едім. Маңдайдағы екі көзіңнің біреуі зағип боп қалған секілді болмай ма ондайда? Басқасын былай қойғанда, Толстойдың күнделіктерінің өзі неге тұрады?! «Құдайға ұқсауға талпынған Адам – Толстой». Өмірінің соңғы жылдарында сүйікті жары Софья Андреевнамен бірде келісіп, бірде келіспей «итжығыс» жүргендерімен түп астарында ұлылықты мойындау дейтін қасиетті ұғым жатыр. Ұлы жазушының тұтастай болмыс-бітімі өзіміздің «қиқар шалдардың» кейбір мінездеріне ұқсап кетеді. Ауырып жүргендігіне қарамай, бала тууды тоқтатпайсың деп, әйеліне қатаң талап қоюы қандай ғажап! Софья Андреевна 13 құрсақ көтерген. Әр қиырда жүргендіктеріне қарамай, бүгінде Толстойдан тараған үрім-бұтақ бір қауым ел. Федор Достоевскийдің «Анна Каренина» романы жайлы толғаныстары да әдебиетшілер үшін баға жетпес оқулық. Бұлар тыңдаушысы келіссе, айтушысы келіссе, бүгін-ертең таусылмайтын мәңгілік тақырыптар.
– «Етектегі ескі зират» әңгімесінде «Сіз жұртты таңқалдыру үшін жаралған жансыз» деген мақтанға сенген Өтағаңның аянышты тағдыры көрініс табады. Жалпы, ешкімге соқтықпай, жай жатқан қой мінезді қазақ халқына қызметке малдану, билікке масаю мінезі қай уақыттан келді?
– Бұған жағымпаздықты қосыңыз! «Бір заман келейін деп тұр, Шындық айтқан адам табан астында өлейін деп тұр, Жағымпаз, жалтақ, екіжүзді пысықайлар, Рақатты көрейін дер тұр...» Мұны айтқан мен емес, Мөңке би. Жауапты осымен-ақ түйіндеп тастауға болар еді. Бірақ... аталған әңгімедегі кейіпкерім бәрімізге таныс «бейшара» пенде, қайда болсын, тіпті той-томалақта да шалқиып төрде отырғысы келеді. Өзінің болымсыздығына қарамай, үнемі жұрттың төбесінен қарауға құштар және өзгелер мені ылғи алақандарына салып, құрметтеп жүрсе екен дейді. Ақырғы демі таусыларда да балаларына «мені Кеңсайдың биік төбесіне апарып жерлеңдер» деп табыстайды. Өркөкірек, адамдық қасиеттен жұрдай, ондайларды Құдай да құп көрмейді. Сол күні алай-дүлей қарлы жауын жауып, бұрқасын тұрып, мәйітті төбе басына жеткізуге мүмкіндік тумайды. Амалсыз етектегі зираттың шет жағына жерленеді.
Сіз сұраған мінездердің қанымызға қай кезден бастап жұғысты болғандығын кім білсін. Кешегі Кісінің тұсындағы отыз жылдық өміріміздің толық картинасы көз алдымызда. Ол Кісіні «айға, жұлдызға, нұрға, Пайғамбарға» теңеп, одан асқан теңеу таппай, жандары мұрындарының ұшына тіреліп, жанталасып, жылт еткен бірнәрсе болса соның атына жапсыруға тырысып, ашық «марафонға» қатысқандар әлі де арамызда алшаңдап жүрген жоқ па?! Сол жайсаңдар отыз жыл ішінде халқымыз еңсесін тіктей алмады-ау, оған біздің де азды-көпті кесіріміз тиді-ау, мұнан былай көптің көзіне түсе беруіміз қалай болады деп, тәубелеріне келді ғой деп үміттенесіз бе?! Әй, қайдам! Реті келсе олар әлгі «қылмыстарын» басы бүтін ұмытып, «жасампаз дәуірдің іргетасын бірге қаласқан біз едік» деп, көздеріне жас алып, «естелік» айтудан да тартынбайды. Жағымпаздық пен екіжүзділік «нан табар мамандыққа» айналды.
– Егер Нобель сыйлығының тізгінін сізге берер болса, қазақ жазушыларынан кімді лайық көрер едіңіз?
– Шіркін, ондай атты күн туса, кәнекей! «Соңғы парыз», «Парасат майданы», «Қарғынды» ұсынып, шама-шарқымша алғысөзін де өзім жазып, бір марқайып қалар едім-ау!..
– Алғашқы махаббатыңыз есіңізде ме?
– Есімде. Ол ұмытылмайтын «мәңгілік жыр»...
– «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ керек» деген сөз бар. Балалық шақ дегенде, ең алдымен көзіңізге не елестейді?
– Жазушы болу-болмау «бақытсыз балалық шаққа» тіреліп тұрмаған шығар. Балалық шағым теңіз жағалауында өтті. Арал теңізінің кенересінен асып-тасып жататын «шабытты» шақтарын көз алдымыздан өткіздік. Қайран теңіз, оның адам жанына сыйлайтын кереметтерін айтып тауыса аларсың ба? Әлденеден көңіл суыған сәтте, жүйке-жүйең шаршаған сәтте әлдекімнен рақым күтпестен, еш ойланбастан теңіз жағалауына тартушы ек. Құм жағаны тынымсыз ұрғылап жататын ақбас толқындар, теңіз беттен соғатын саумал самал маңдайыңнан сипайтын ыстық алақаннан бетер-ді. Балақты тізеге дейін түріп таста да құм жағаны олай-былай кезгіле, жағаға соғылған соқпа толқындар сенің бойыңдағы «қанды іріңді» де рентген сәулесіндей заматында «сорып» алуға бейім тұратын ғажайып «дәрумен» ғой! Дұрысы, теңіз жағалауында туғандар жанға дауа шипажай іздемейді.
Ана жылдары Шығыс Азияда жойқын цунами талай елді әбігерге салды. Жұрттың дені «аузын ашып, көзін жұмды», өз басым оған аса көп мән бергенім жоқ. Себебі, «теңіздің тентек мінезіне» етіміз үйренгелі қашан! Теңізден күркіреп-сарқырап қара дауыл екпінімен таудай толқындар «желке күжірейткенде» үлкен кемелеріңізді ағаш жаңқасы құрлы көрмей, қораңның іргесіне шығарып тастайтын. Түнімен ауыр кемелердің бірі болмаса бірі біздің үйдің жанына тұмсық тіресе екен деп, көз ілместен арманға шоматынбыз. Оның кереметі мынада: ертеңінде төңірегің тып-тыныш, моп-момақан «жұмақ» құшағында, ал алып кеме қораның түбінде қаңқайып тұр. Содан дүрбелең-дүбір басталады дейсіз, жағалаудан жиырма-отыз метр алыстап, бір жамбасына қисайған кемені қайтадан теңізге түсіру керек. Сонша жерге техникалардың көмегімен қосымша канал қазылады. Бұл енді рақат, жағалаудан қозы-лаққа деп орған қауылдырықты көк шөпті құс қайыққа саласың да, еш қиналмастан сол «жасанды» канал арқылы қораның түбінен бір-ақ шығасың. Үйінің жанына кеме қайырлаған бала бақытты...
– Вольтер бос уақытын бұзылған сағатты жөндеуге, Гете гүл егуге, Набоков көбелектер коллекциясын жинауға, Мүсірепов таяқ жонуға арнады. Сіздің хоббиіңіз қандай?
– Теңіз жағалауында өмірге келгендігімді айттым, былайғы тағдырымыз да теңізбен байланысты болды. Балықшының баласымыз. Балықты теңіздің қай тұсынан аулауды да жақсы білеміз. Ең алғашқы бәсекеміз, су астында дем алмастан қанша уақыт шыдамдылық танытатындығымызды сынау... Университетте оқып жүргенде жүзушілер командасына қатысып, бір-екі сынақтан соның арқасында сүрінбей өткенім бар. Уақытым болса мұз айдынына барып, шаршағанша коньки тебемін. Сосын көзіме түссе, жұп-жұбымен коньки жинаймын.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Қарап жатқаным жоқ, маза бермей жүрген тақырыптар баршылық.
Әңгімелескен
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»