• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2014

Тәуелсіздік саябағы

2971 рет
көрсетілді

Ол – өткен мен бүгінді жалғастыратын алтын көпір Арғы-бергі тарихымызда ата-бабаларымыз бостандық пен еркіндікті ғасырлап аңсағаны шындық. Аңсап қоймай, сол үшін күресті. Ұрпақ қамы деп, тәуел­сіздік жолында қасық қандарын төккен сәттері көп болды. Оған тасқа қашалған шежіреміз, әлемдік кәрі тарих куә. Жұбан ақын айтқандай «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының бағы жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай жанды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара саясатының нәтижесінде Тәуелсіз Қазақ елі әлемге танылды. Дамушы елу елдің қатарынан нық орын алдық. Ендігі мақсат Елбасының өзі жосығын жасаған «Қазақстан-2050» Стратегиясын сәтті іске асырып, дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылу екендігі бүгінде әрбір қазақстандыққа мәлім, әмбеге аян. Мұны Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да жанымен ұғып, сергек санамен сезеді, ақыл-ойымен түсінеді, парасаттылықпен біледі. Ел тәуелсіздігі жиырма үшінші жылға аяқ басты. Экономикамыз қарыштап, мәдениетіміз бен өркениетіміз өсіп-өркендеп келеді. Астанадай айрықша келбетті елордамыз бар. Оңтүстік астанамыз Алматы да бұрынғыдан әлдеқайда ажарланып, үлкен мегаполиске айналды. Елбасы үшінші қала атандырған шырайлы Шымкент шаһары да жыл санап түлеп, көркіне көрік қосып келе жатыр. Бұдан жиырма жыл бұрынғы қала мен қазіргі шұғылалы шаһарды салыстыра алмайсыз. Әсіресе, соңғы төрт-бес жылда Шымкенттің сырт­қы сәулеті айтарлықтай өзгерді. Көздің жауын алатын, «менің қалам осындай» деп көңілді көк­ке көтеретін ғимараттар, мәде­ниет орталықтары мен демалыс орындары облыс орталығы тұрғындарының игілігіне айналды. Гүлденіп, көріктенген саябақтар, «Даңқ» мемориалы кешені, Шәмші Қалдаяқов атындағы гүлзар, «Отырар» кітапханасы, Қонаев, Бәйдібек, Астана даңғылдары және басқа да сәнді әрі көрікті жерлерімізді сырттан келген қонақтар тамсана айтып жүр. Қала ансамбліне кіріккен сәнді ғимараттарды былай қойғанда, Тәуелсіздігіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін танытатын кешендер үздіксіз, бірінен кейін бірі қатарға қосылып жатыр. Солардың бірегейі, атауы да аса салмақты әрі қастерлі Тәуелсіздік саябағы деуге әбден лайықты. Тәуелсіздік саябағы Шым­кент қаласында Қазақстан Респуб­ликасы тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналған іс-шаралар аясында салынған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі салтанатты жағдайда ашқан саябақ қаланың Қабанбай батыр көшесіндегі тарихи төбенің үстіндегі жазықта орын тепкен. Саябақ орны жайдан жай таң­далына салмағаны белгілі. Бұл жер – көне Шымкент пен ұлыс­тың ұйытқысы болған Оңтүстік өңірінің, арғы жағы бүкіл қазақ халқының тарихында өзіндік орны бар төбе басындағы жазық. Онымен жапсарласып, заман дауылдары кезінде қирап қалған ежелгі шаһардың орны жат­қандығы археологиялық қазба жұмыстары кезінде айқындалғаны да рас. Бұл ежелгі қалашықтың жазығында есімі елге әйгілі ата-бабаларымыз талай-талай алқалы жиын өткізіп, ел қамын, жер қамын ойлап, кесімді биліктер айтқан. Арыға бармай-ақ Қоқан хандығы дәуірін еске алайықшы. Тап осы арада Байзақ датқа қалың қазақ жұртының басын құрап, қоқандықтардың озбырлығына қарсы бостандық туын көтермеп пе еді? Сатқындықтың құрбаны болған батыр бабаны жауы осы жерде, төбе басындағы жазыққа әкеліп, патша зеңбіректің үңі­рей­ген ұңғысының аузына байлап, шардомалақ дәу оқпен атып, ер тұлғаны жәбірлегенін тарих жазбалары растайды. Қоқан билеушілерінің сондағы ойы – тарихи орында ұлттың нартұл­ғасының бірін оққа байлап, халықтың рухын түсіру еді. Бірақ олардың бұл қараниет пиғылдары өздеріне қатты соққы болып тиді. Байзақ датқаның өлімі қазақты атқа отыруға мәжбүр етті... Жалпы, қалай айтсақ та бұл төбе үстіндегі жазықтың тарихы тереңде жатыр. Сондықтан болар, облыс әкімі Асқар Мырзах­метов халық үшін қасиетті жер­ді Тәуелсіздік саябағына айналдыруды қолға алды. Мақсат – өткен тарих пен бүгінді астастырып, танымдық және тәрбиелік мазмұнмен жымдастыру екендігін ояу көңіл сезсе керек-ті. Осылай терең пайымдаумен, таза төгілген термен жүзеге асқан іс өзінің жемісін берген секілді. Саябақтың көрінісі жайлы әңгімелесек, оның триумфі, яғни, биіктігі 15 метрлік қақпасы темір­жол вокзалы маңынан айқын көзге шалынады. Содан жарты­ шақырымдай жоғары қарай өрлеп келіп, Қабанбай батыр даң­ғы­лының маңдай тұсында еңсесін тіктеген қақпа жұрттың назарын өзіне аударады. Сырттан келген қонақтардың көзіне алғаш шалынатын сәнді ғимарат та осы триумф. Оның қақпасынан аттап, алғашқы қадамды басқан жерден гүлмен көмкерілген «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясы басталады. Атауы айтып тұрғандай, Күлтегін ескерткіштерін еске түсіретін, бүгіннің озық сәулетіне лайықты біртектес жасалған жиырма бір мәрмәр тас қаз-қатар бой түзеген. Бұларда Қазақстанның жаңа тарихы 1991 жылдан 2011 жылға дейін­гі елімізде орын алған аса маңызды оқиғалар ойып жазылған. Мұны қазіргі дәуір ғана емес, кейінгі кезеңдегі ұрпақтың да есінде жүретін ұлы ұмтылыспен жасалған шешімдер деуге әбден лайық­ты. Осылайша еліміздің әр жылдардағы жарқын тарихы – кө­лемі 5,8 гектарды құрайтын ау­мақта құлашын кеңге жазып жатыр. Тәуелсіздік саябағындағы көкейге елжандылықты ұялатар тағы бір ерекше нысан – «Алтын шаңырақ» деп аталатын ел бірлігіне арналған монумент. Байыптап қарасаңыз, мемлекетімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырда 137 тік тіреуден тұратын композиция шығар күннің сәулесіне қарай маңдайын төсеп, қазақтың қасиетті шаңырағын берік ұстап тұр. «Алтын шаңырақтың» сим­во­ликалық астары айтпай-ақ түсі­нікті. Ондағы 137 уық тектес тіреулер 137 ұлт пен ұлыс өкіл­дерінің татулық пен бірлікті ту етіп, даналарымыз дөп басып айт­қан «Ырыс алды – ынтымақты» мақ­сат тұтып, өзара тату-тәтті өмір сүріп жатқанын әлемге паш еткендей. Сергек санаға салып қарасақ, демалыс орындары адамзат өрке­ниетінде айрықша мәнге ие екендігінде дау жоқ. Сол ежелден бермен қарай келе жатқан демалыс орындарын орта ғасырларда әуіздер, кейін субұрқақтар сәнге бөлейтінін білеміз. Тәуелсіздік саябағында да субұрқақ бар. Алуан түске боялатын ол серуендеуге келген көпшілікті қайран қалдыратыны сөзсіз. Өйткені, әуенді субұрқақ Астанада ғана емес Шымкентте де әуендетіп тұр. Оған су арасынан кино көрсететін арнайы проектор да орнатылған. Бұл да бір сәулет өнерінің бүгінгі жетістігі деуге болады. Саябақтың өн бойына текше тастан серуен жолы төселіп, орындықтар орнатылған. Тіпті, еліміздің символына айналған Бәйтеректің де көшірмесін осы арадан көре аласыз. Осылардың салтанатын арттырып, Голландиядан арнайы жеткізілген гүл шоқтары көргеннің көз жауын алады. Ұлттық салт-дәстүріміздің тағы бір көрінісі – ұштары көкке шан­шылған, көргенде көңілге рух ұялататын, әрқайсысының биіктігі 25 метрлік «Жеті найза» дер едік. Түп-төркіні ұлттық шежіремізге негізделген қазақ дастандарында «Ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен...» дейтін тіркес жиі ұшырасады. Жайдан жай қолданыла салған тіркес емес, халық тарихынан сыр шертетін танымдық түсінік. Демек, бұдан «Жеті найза – ел қорғаны» деген астарлы ұғым барын сезінуге болады. Соған орай жыл сайын осы саябақтан Отан алдындағы борышын өтеуге жастарымыз салтанатты жағдайда аттанып жатқанының куәсі болып жүрміз. Тәуелсіздік пен патриоттық сезім осы Тәуелсіздік саябағында ұштасқанын осындай іс-шаралардан түйсікті жандар аңғара алса керек-ті. Мұнда келсең демалып қана қоймайсың, отансүйгіштік сезімің оянып, рухың серпіледі. «Ел қорғанын» білдіретін монументтер Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік рәміздері алаңымен қапталдасып, құшағын әрі қарай ашады. Өткен мен бүгіннің жалғасын әркім жанымен ұғынатын, бар болмысымен сезінетін тұс бұл. Еңселі мәрмәр тас­та еліміздің картасы бейнеленіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік туралы толғаныстары бедерленіп жазылған. Алғы беттегі толғанысында: «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның, көп ұлтты, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенімі бар», деп төгілткен. Келесі жағындағы толғанысы: «Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да, аты бар заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық. Ендігі жерде – тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны қуаттай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек» делініп, терең ойын білдірген. Сондай-ақ, осы мәрмәр таста Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан үзінді келтірілген. Көкке шаншылған найзалар­дың орта шенінде көлемі 128 шар­шы қадамды құшағына сиғыз­ған көк туымыз 50 метрлік биік­тікте көзайым болып, желбіреп тұр. Таңертең оянған әрбір шымкенттіктің көзі саябақ жаққа түссе, ең алдымен жанарына Қазақстанның көк туы ілігеді. Жанарымызда жүрген туымыздың желбірегенінің өзі қандай сәнді, қандай рухты! Рәміздер алаңында тұрып, қаланың көрінісіне қараған адамның бойына ерекше мақтаныш сезімі пайда болып, керемет те күшті рух бітеді. Себебі, көне тарихи орыннан сәл төменде бірлік пен бітімнің қасиетті ордасының атауын алған Ордабасы алаңы менмұндалайды. Бұл жердегі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында, алаңның қақ ортасында «Отан-Ана» тәуелсіздік монументі назарды өзіне еріксіз аударады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Түркістанды түлеткен сәулетші Бақытжан Әшірбаев бастаған ұжымның шығармашылық ойының жемісі сәтті іске асқандығын осы көрініс айқындай түседі. Өйткені, тұтас сәулеттік ансамбль құрайтын Тәуелсіздік саябағы мен тәуелсіздік монументінің арасын ені кеңдеу, ұзындығы 104 метрлік көпір жалғап тұр. Бүгінде көпшілік бұл көпірді ескі мен жаңа тарихты байланыстыратын «Алтын көпір» десіп жүр. Халық айтса қалт айтпайды ғой. Шындық екені шүбәсіз. Сонымен, тәуелсіздігімізге арналған екі бірдей сәулет жайы тұтас алғанда жалпы ау­мағы 8,2 гектарды алып, «Иран баққа» айналғанын оңтүстік­қазақ­стан­дықтар мақтан тұтады. Саябақ өздігінен аяқ астынан бой көтере салмағаны белгілі. Бұл облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған билік басындағылар мен оңтүстік сәулет өнерінің майталмандары және еліне қамқорлық танытқан кәсіпкерлердің елшіл­дігінің, елжандылығының арқа­сында ел игілігіне айналған дем­алыс аймағы. Демалыс орны­ның­ реңін Қошқарата өзені жан­дан­­дыра түскенін де байқауға болады. Тәуелсіздік саябағы құрылы­сы­ның жалпы құны 680 миллион теңгені құрайды. Оның – 373,5 миллион теңгесі жергілікті қазынадан қаралса, қалғаны облыс әкімінің тікелей ұйымдастыруымен Елбасы қолдаған бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі аясында оңтүс­тіктегі елдіктің тұғырын нығайт­қан кәсіпкерлердің қаржы­сымен жүзеге асырылған. Жұмсалған қаржының жай-жапсарын тәптіштеп айтпай-ақ қояйық, ең бастысы – Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары жас ұрпаққа дұрыс жол сілтейтін, патриоттық рухты үрлейтін, мұра­жай іспеттес ғажайып саябақтың игілігін көріп жатыр. Бұдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы сая­бақтың ашылу салтанатында тебіреніп сөйлегені көпшіліктің есінде. Ол: «Қазақстанның баян­ды болашағын осы Оңтүстік Қазақстан облысы өмірінің өзінен көз жеткізуге болады. Бұрындары осы облыста төрт, үш ауысымдық мектептер болған. Біз аздаған жылдардың ішінде сәулетті мектептер, балабақшалар, ауруханалар салып, күрделенген мәселелердің түйінін тарқаттық. Оңтүстікте ана мен бала өлімі бұрнағы жылдардан айтарлықтай азайды. Адамдардың өмір сүру жасының ұзақтығы артып келеді. Мұның бәрі – елге жасалып жатқан жақсылықтардың қайтарымы. Шымкент – сәулетті қала. Таңертең дендробақты аралап, көлді көрдім. Үлкен жұмыс­тар атқарылыпты. Мына саябақ қандай әсем. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақ­станның үшінші қаласы – Шымкент дегенді мен бұрын да айтқанмын. Қала орталығының сиқын алып, қоршаған ортаға залалын тигізіп отырған қорғасын зауыты сыртқа көшіріледі. Халқының саны 1 млн.-ға жетеғабыл қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады. Жыл сайын елімізге 67 мың сәби сыйлайтын алтын құрсақ Оңтүстіктегі бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы үлкен, болашағы зор», деген еді. Мемлекет басшысының ақжа­рыла айтқан бұл сөзі шындықтан сыр шертеді. Шынында да әрбір композициясы белгілі бір тарихи оқиғадан дерек тартатын демалыс аймағында көңіл сергітетін, жанарды жаулайтынның бәрі бар. Жайқалған гүлі, сылдырап аққан суы, жасыл-желек нуы, азат елдің аймаңдай ұрпағының шаттыққа толы үні мен Орталық Азиядағы көшбасшы елдің жыры мен тұғырлы туы өзара жарасым тапқан. Сондықтан болар, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументалдық саябақ кешенінің бой көтеруіне тікелей араласып, қомақты үлес қосқан автор­лық ұжымды Қазақстан Респуб­ликасының Сәулетшілер одағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсын­ды. Авторлық ұжымда Асқар Мырзах­метов, Бақытжан Әшір­баев, Насир Рустамов, Әмірхан Шүменов, Нұр­лыжан Бөкебаев сынды елге танымал азаматтар бар. Елбасының аузына іліккен, ұтқыр ұлттық құндылығымызға айналған Тәуелсіздік саябағы туралы әңгіме қозғағанда есімізге дархан даламыздың кеңдігі, татулық пен бейбітшілік, ел бірлігі мен ынтымағы, ұлтжандылық пен пат­риоттық сезім бойымызды билей­ді. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуел­сіздіктің де қадірін анық сезі­неміз. Тәуелсіздік саябағы әр­дайым соны еске салып тұратын болады. Шойбек ОРЫНБАЙ, жазушы. Шымкент.