Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының
Павлодар облысы бойынша жеңімпаздары
Терентьевтер отбасы байқаудың бірінші бәйгесін алды
Энергетиктер әулеті
Ақсудағы «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-қа қарас-ты Ақсу жылу-электр стансасында Терентьевтер әулетінің 6-шы ұрпақтары еңбек етуде. Виктор Терентьев пен оның ет жақындарын осы зауыт ішінен кездестіруге болады. Мәселен, оның ұлы Александр энергоблок машинисі болса, інісі Александр мен оның әйелі Галина кислородтық стансада жүйелеуші. Ал олардың ұлдары Евгений мен келіндері Марина да осында жұмыс жасайды. Стансада еңбек ететін 6-шы ұрпақтың еңбек өтілдері 130 жылға жетіпті. – Біздің әке-шешеміз Иван Васильевич пен Анна Нестеровналар 1958 жылы Ақсуға келді. Олар осы стансаның құрылысына қатысып, алғашқы қазығын қаққандар. Содан зейнет жасына шыққанша стансаға еңбектерін арнады. Менің зайыбым Галина Васильевна да 40 жыл осы стансада еңбек етті. Қазір зейнетке шықты. Мен де 40 жыл бойы еңбек етіп келемін, – дейді Виктор Терентьев. – 70-жылдардың басында сол кездің жастары электроникаға құмар болып өстік қой. Қолдан темір-терсек сымдарын жинап, әйтеуір, бір ғажайып құрастырып шығатынбыз. Содан кейін теледидар жөндеуді үйрендік, ол кезде бұл өте қат мамандық еді ғой. Інім Александр екеуміздің стансаға келуімізге жол ашылғандай болды, – деп жалғастырды әңгімесін Виктор өткенді еске алып. Бүгінде Виктор мен Александрдың ұлдары Александр мен Евгений де өздерінің өмір жолдарын энергетика саласына арнауда. Аталары бастаған жолды әкелері, балалары, немерелері жалғастыруда деген сөз. – Біздің стансада жастар көп. Бәрі де біздермен бірге еліміздің электр энергиясын өндіру саласында еңбек етуде. Сондықтан біздің еңбек орнымыз жасарып, жаңаруда. Елге әйгілі алып стансада жұмыс жасау – біздер үшін мақтаныш. Оның үстіне еңбекақымыз да жоғары, әлеуметтік жағдайымыз да жақсы, – дейді Галина. Стансада жұмыс жасаудың қиындығы мен қызықшылығы қатар жүреді. Қазіргі кезде энергоблоктарды жаңғырту, жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс алдағы уақытта станса қуатын арттырады, экологиялық жағынан таза. Бұл жұмыстар өндірісті тоқтатпай-ақ жүргізілуде. Бұрын энергоблоктарды кілттермен бұрап жүргізетін, қазір бәрін компьютер басқарады, –дейді Виктордың ұлы Александр. Ағайынды Виктор мен Александр нағыз балықшылар көрінеді. Су жағасында тынығып, ертесіне стансаларына қарай асығады. Бұл күндері Терентьевтердің немерелері – болашақ энергетиктер өсіп келеді. Ақсу қаласы.Қаппасовтар – екінші орын иегері
Өмірлік мұраты өнермен үндескен
Бұл күндері елге белгілі өнерлі отбасы Қаппасовтардың әкелері Бәстеми марқұмның да қолынан домбырасы түспеген көрінеді. «Ауылдағы жиын-тойдың көркі еді», – деп еске алады ауылдың байырғы тұрғындары. Ол Ертіс ауылының қызы Көкенмен отау құрып, дүниеге 11 бала келеді. Осы 11 баланың үлкені Жастілек марқұмның соңында төрт ұлы, бір қызы қалады. Жастілектің тоғыз немересі өсіп келеді. Одан кейінгі Нағима Астанада тұрады, бес немересі бар. Қайрат пен Асылбек Тереңкөл ауылында тұрады. Бірі – мал дәрігері, бірі – мұғалім. Екеуі де балалы-шағалы, Айсұлу да Тереңкөл ауылында тұрады, ауруханада медбике, бір ұл, бір қыздың анасы. Күнсұлу мұғалім, ұлы бар. Қайыртас Жасқайрат ауылында тұрады, музыка пәнінің мұғалімі. Немерелі. Нұрсұлу да мұғалім, екі ұлы бар. Ерболат өрт сөндіруші қызметінде, екі баланың әкесі. Жанболат музыка пәнінің мұғалімі, балалы-шағалы. Бірі әнші, бірі домбырашы, күйші, жыршы Қаппасовтар Тереңкөл ауылында 1988 жылы отбасылық ансамбль құрады. Ансамбль құрылған күннен бастап түрлі іс-шараларға – Майра Уәлиқызының 95 жылдығына орай Республикалық әншілер байқауына, Сұлтанмахмұттың – 100, Естай ақынның – 120, Байғабыл ақынның 100 жылдық тойларына шақырылады. Ең бір өмірлік естелік болып қалғаны – Семей даласында өткен Абайдың 150 жылдық ғасырлық тойына қатысып, ән салғандары. Міне, содан бері ауыл-ел арасында «Жарасымды жанұя» аталған Қаппасовтар отбасылық ансамблі 30 жылдай өнер жолында, ән құшағында келе жатыр. Аудан, облыстағы барлық мәдени шараларға қатысады. Ансамбльді құрған Жастілек – әнші, термеші, суырып-салма ақын, «Шаңырақ» ұлттық мәдени шығармашылық орталығының жанынан құрылған «Жас толқын» жас ақындар мен термешілер үйірмесінің жетекшісі болды. «Өмір күрес», «Ағалар», «Ертіс еркесі», «Туған жерге деген сағыныш», «Асыл ана», т.б. көптеген өлеңдері бар. Жастілектің бірнеше өлеңіне ән жазылып, ел арасына тарады. Өмірінің соңғы жылдары ансамбльдің жетекшісі болды, өкінішке қарай, ұлт өнерін сүйген асыл аға 2001 жылы тамыз айында кенеттен қайтыс болды. Ағаларының орнын басып әнші Асылбек жүр. Ол аудандық мәдениет үйінде «Жігіттер» тобының көркемдік жетекшісі. Ал, Қайыртас аудандық мәдениет үйінің директоры. 2003 жылы Тараз қаласында өткен Кенен Әзірбаевтің «Шырқа дауысым» атты 4-республикалық жыршы-термешілер байқауына қатысты. Ерболат домбырашы, Жанболат облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығының орталығында «Шаңырақ сазы» ансамблінің бас домбырашысы, «Әл – әки» халықтық фольклорлық ансамблінің мүшесі. Қаппасовтар үшін өнер жолы – қасиетті жол. Ол жолмен ата да, әке мен бала да жүрді. Оны әрі қарай жалғастыру енді немерелер үшін парыз деп санайды. Қашыр ауданы.Бахриденовтер отбасы екінші жүлдеге ие болды
Әкенің ісі – балаға үлгі
Ақсу қаласында тұратын Қыдырбай мен Ғалиба – үш бала тәрбиелеп өсірген, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере-жиен сүйіп отырған бақытты жандар. – Өндіріс орындары қаптаған қалада тұрған соң, араласатын ортам, достарым түгелімен металлургтер, кеншілер, энергетиктер. Маған да кейіннен «неге үйдің қасындағы өндірісте жұмыс жасамасқа» деген ой келді. Содан Ресейдің Новокузнецк металлургиялық институтына сырттай оқуға түстім, – дейді Қыдырбай аға. Тағдыр денешынықтыру пәнінің мұғалімін 1976 жылдың ақпан айынан 2013 жылдың ақпан айына дейін бір ғана өндіріс орны – Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етуге бұйыртыпты. Бұл күндері Қыдырбай Бахриденов зейнетке шыққан, зауыттың белсенді ардагер металлургі деген абырой-атаққа жеткен жан. Еңбек марапаттарының өзі бір төбе. Студент кезінде танысып, үй болған сүйікті жары Ғалиба да өмір бойы мектепте қызмет етті, жүздеген шәкірттерге білім берді. Қыздары Гүлмира әке жолын қуып, бір кезде әкесі сабақ берген денешынықтыру техникумында оқып, «Денешынықтыру пәнінің мұғалімі» деген мамандық алып шыққан. 2007 жылы ол да әкесінің соқпағын басып, бірақ Ресейде емес, Теміртаудағы университеттің «Қара және түсті металлургия» кафедрасында оқып, «Инженер-металлург» деген мамандық алып шығады. Бұл күндері Гүлмира металлургия саласы бойынша Ақсудағы колледжде сабақ береді. Ұлдары Рүстем инженер-металлург, Қарағандыдағы Химия-металлургия институтын бітірген. Мәскеуде металлургия саласы бойынша жоғары мектепте оқыған. Әке жолын қуып ферроқорытпа зауытына келді, қарапайым жұмысшы баспалдағынан өтіп, цех басқарды. Қазір зауыттағы №2 цехты басқарады. Әкелері сияқты Рүстем де спортшы, зауыттағы баскетбол командасының капитаны. Екінші ұлы Дамир да облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің металлургия кафедрасын бітіріп шықты. 2006 жылдан бері ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Келіндері Ирина Петровна зауытта жұмыс жасайды, спорттың шаңғы тебу түрінен спорт шебері. – Біздің металлургтер әулетінің жолын болашақта немерелерім жалғастырады, зауыт, өндірістің аталары жүрген табалдырығы оларды шақырып тұратындай, –дейді Қыдырбай аға. Ақсу қаласы.Тәшімовтерге үшінші жүлде берілді
Өнегелі отбасы
Тәшім ата есімі Екібастұздың Ақкөл-Жайылма өңіріне ежелден белгілі. Атақты Түйте әулиенің ұрпақтары. Тәшім ата Уфадағы әйгілі Ғалия медресесінде білім алған. Тәшімнің ұлы Зәкен 41-дің соғысын көрген. Оның жары Зикен апа Естай ақынды көзі көрген, балуан Қажымұқан бабамызға өз қолымен шай құйып, үлкен шаңырақта қонақ етіп, сый-құрмет көрсеткен екен. Соғыс кезінде тылда еңбек еткен, 6 баланы дүниеге әкелген Зикен апа 2010 жылы 103 жасында өмірден озды. Биыл өткен «Мерейлі отбасы» сайысына қатысқан Қабдолла – осы Зәкен ата мен Зикен апаның отбасында өмірге келген кенже бала. Көрші қыз Қымбатпен отбасын құрған. Қабдолла бір көзі көрмесе де, еңбектен қол үзбеген жан. Күні бүгінге дейін «ЗиЛ» көлігінен түскен емес. Үлкен қызы Самал Тәшімова облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия-интернатында оқып жүрген кезінің өзінде «Балауса», «Хрустальный звон», «Айналайын, Ертіс-97» байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқанов атындағы драма театрының актрисасы. Қабдолланың екінші қызы Қарлығаш Екібастұз ІІБ ақпараттық-сараптамалық тобының аға инспекторы қызметін атқарады. 25 жасында «полиция капитаны» шеніне ие болған. Шымкент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы заң колледжінде, Алматыдағы заң академиясында білім алған. Жұбайы Азамат жол полициясында қызмет етеді. Екеуінің Темірлан атты ұлдары өсіп келеді. Қабдолла мен Қымбаттың шаңырағына ие болған ұлдары Азамат педагогикалық институтты денешынықтыру және спорт пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Жас кезінен спортты сүйіп өскен ол самбодан, қазақша күрестен, бокстан талай чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бүгінгі таңда Теміржол ауылындағы Майқайың орта мектебінде денешынықтыру пәнінің І дәрежелі мұғалімі. Жары Гүлжаһан екеуінің Асылжан мен Арнұры ата-әжесінің де көз қуанышы. Гүлжаһан Құлакөл ауылдық клубында мәдениет қызметкері. Қабдолла мен Қымбат Тәшімовтер тәрбиелеген үш бала еліміздің ертеңі үшін еңбек етуде. Құлакөл ауылы.Смағұловтар да үшінші орынды иеленді
Ата жолын қуып...
Соғыс және ішкі істер саласының ардагері Қалиақпар Смағұловтың үлкен өмір жолы бүгінгі ұрпақтарына үлгі. Милиционер Қалиақпар ата 40 жылдай қауіпсіздіқ қызметінде, ішкі істер саласында еңбек етті. Сүйген жары Раиса екеуі 5 ұл, екі қыз өсірді. Әке-шешелерінің соңында қалған Қали, Мұхтар, Майдан және олардың балалары әке жолын қуып ішкі істер саласында еңбек етуде. – Әрқашанда әділ болыңдар.Алдарыңа қойған мақсатты орындай біліңдер дейтін әкеміз. Мен де, менің інілерім де өмір бойы әкеміз аманаттап кеткен тәртіп уәдесінен шыққан жоқпыз. Бұл бізге берілген бұйрық, – дейді Қали Смағұлов. Қали 1967 жылы Омбыдағы жоғары милиция мектебін бітіріп Павлодарға оралады. Дәл сол кезде облыстағы Ертіс ауданының бір совхозында директорды өлтіріп кетеді. Әріптестерімен жете жедел жүргізілген қым-қуыт оқиғада қылмыскер табылып сотталды. Қали Смағұлов та қылмысты іздестіру жұмыстарына қатысады. Қали Смағұлов қазір зейнет демалысында, ішкі істер саласындағы қызметін ұлы Рүстем мен қызы Айгүл жалғастыруда. Атадан әкеге, балаға, немереге жалғасқан Смағұловтар әулетінің ішкі істер саласындағы қызметтеріне 163 жыл толып отыр. ПАВЛОДАР. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида БЫҚАЙ.