Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын 12 оңалту орталығын ашуды тапсырған еді. Осы тапсырмаға сәйкес былтыр Жаркент қаласында мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы есігін ашты. Аталған мекемеде білікті мамандар заманауи техниканың көмегімен ем-дом шараларын жүргізеді. Бүгінде ата-аналар орталық мамандарының қызметіне ризашылығын білдіріп жатыр.
Мұнда кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық-әлеуметтік және әлеуметтік-педагогикалық жағынан оңалту жүзеге асады. Аталған нысан 1 гектар аумақта орналасқан. Онда 54 қызметші еңбек етеді. Мекемеде бір мезгілде 40 мүгедек балаға қызмет көрсетіледі.
Орталық 2 корпустан тұрады, оның алғашқысында әрқайсысы 6 мүгедек балаға арналып жабдықталған 6 жатын және ойын бөлмесі бар. Екінші ғимарат балалардың ем-дом қабылдауына арналған. Мұнда мүгедектігі бар балалардың аяқ, қол, тірек мүшелерін емдеп, жаттықтыратын жабдықтармен қамтамасыз етілген зал, шомылу бассейні, монша, душ, логопед, дефектолг, монтессори, сенсорлық, сылап-уқалау, тұзды шахта, еңбекке баулу бөлмелері мен акт залы бар. Екі корпус арасын 100 метрлік жабық дәліз жалғайды.
«Облыс басшылары ерекше күтімді қажет ететін жасөспірімдерге жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екеніне мән беріп, заманауи стандарттарды ескере отырып, бұрын облыс әкімінің резиденциясы болған осы кешенді оңалту орталығына тарту етті. Өңірде мүмкіндігі шектеулі 600-ден аса жасөспірім бар. Олардың бәрін орталықтың қамқорлығына бірден алу мүмкін емес. Сондықтан біз 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы 40 жасөспірімге кезекпен белгіленген мерзімге оңалту шараларын жасаймыз», дейді мекеме директоры Гүлназ Қыбраева.
Оңалту орталығы мүгедектігі бар балаларды күнделікті тасымалдауға қажетті транспорт тауқыметін тартып отыр. Қазір мұнда орталыққа келетін балаларды тасымалдауға арналған бір ғана шағын автобус бар. Онымен бүкіл аудан аумағын аралап, мүгедек балаларды күнделікті тасымалдау мүмкін емес. Сондықтан кезекті көршілес елді мекендердің орналасу жағдайына қарай түзуге тура келеді.
Бүгінде Жаркент қаласының шығыс беткейіндегі күрежолдың бойына орналасқан ауылдардағы, қаланың өз басындағы 40 мүгедек жасөспірім ем-дом алып жатыр. Олар кешендегі жатын бөлмесіне қимылдау қабілетіне, психологиялық жағдайына қарай орналастырылады. Оларға орталықтағы арнайы мамандардан басқа 6 тәрбиеші қызмет етеді. Балаларға 5 уақыт тамақ беріліп, күні бойы ем шаралары жасалады.
Орталық басшысы Гүлназ Мұқатайқызы «Шіркін, оқитын мүгедектігі бар балаларға осы мекемеде білім алуға жағдай жасалса, тіпті жақсы болар еді», деген арман-тілегін де айтып қалды. Көбіне қашықтан білім алатын оқушыларды сабақ кезінде үйіне не мектепке апарып-алып келу тамақтануы мен ем алу кестесінің бұзылуына әсер ететін көрінеді.
Орталықта мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге ем шараларын жасайтын 8 кабинет бар. Олардың әрқайсында арнайы мамандар жұмыс істейді. Мысалы, дефектолог Жұлдыз Шүкейітова алдына келген мүгедектігі бар баланың танымдық әрекетін қалыптастырып, сөздік қорын, ойлау қабілетін арттырса, монтессори бөлмесіндегі психолог Нұргүл Қиясбекова баланың еркін ойнап, өз бетімен қимыл-қарекет жасауына жол ашады. Логопед Гүлнұр Арынова баланың тілін жетілдіріп, сөйлеу қабілетін оңалтады. Бақыт Көкеев еңбек етуге баулиды, жаттықтырушы Ердос Балабеков суда жүздіріп, Рүстем Туысбаев арнайы қондырғылар арқылы қимыл-тірек мүшелерін, аяқ, қол буындарын жетілдіру жаттығуларын жүргізеді.
Иә, туғанынан тағдырдың тауқыметін тартып, әртүрлі дерттің тырнағына ілініп жататындар күннен-күнге артып келеді. Өкінішті. Сондықтан қоғамда мүмкіндігі шектеулі деп аталатын бұл жандарға, әсіресе балаларға жағдай жасау – міндет. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ашылған мекеме балаларды қуантып келеді. Енді ел игілігіне қызмет етіп, балалардың денсаулығын қалыпқа келтіруге сеп болып жатса, құба-құп.
Жетісу облысы