• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2023

Қаракемер қалашығының орны табылды

562 рет
көрсетілді

Әулиеатада мың жыл бұрын гүлденген Қаракемер қалашығының орны анықталды. Мамандардың айтуынша, уақытында Қаракемерді Түркі қағанаты мен Қарахан мемлекетінің халқы мекендеген. Көне шаһардың орны 600 гектар аумаққа дейін созылып жатыр. Қалашық аумағынан табылған байырғы жәдігерлер шаһардың бай тарихынан сыр шертіп тұр.

Мыңжылдықтармен астасып жатқан көне мәдениеттің нышаны Жамбыл ауданына қарасты Құмтиын ауылының маңынан анықталып отыр. Археолог маман­дардың айтуынша, тарихи қалашық екі бөліктен тұрады. Ал ол кездегі мәдениет VII-XII ға­сыр­ларман сабақтасып жатыр. Қала­ны­ уақытында көшпелілер мен дін­ таратушы мемлекеттердің өкіл­дері пана­лаған.

«Бұл маңда уақытында Түрік қағанаттары ғұмыр кешкен. Шаһар Қарлұқ, Түркеш, Қарахан мемлекеттері тұсында пайда болған. Мұнда бірнеше құрылыс кезеңінің табы сайрап жатыр. Қыс­қасы, байырғы қаланың орны тұ­нып тұрған тарих», дейді архео­лог­тер тобының жетекшісі Ералы Ақынбек жағымды жаңа­лықпен бөлісіп.

Деректерге зер салсақ, көне шаһардың орнын 85 жыл бұрын археолог Александр Бернштам анық­таған көрінеді. Алайда сол кезде ешқандай зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілмепті. Өткен жыл­дан бері ескі шаһар орнын ақ­та­руға пейіл танытқан Әлкей Мар­ғұлан институтының мамандары аз ғана уақыт бұрын грант жеңіп алып, жұмысты бастапты. Нәтижесінде, үш аптаның кө­ле­мін­де бірнеше бөлменің орнын анық­таған.

Жүргізілген қазба жұмыс­та­ры­ның нәтижесінде көне қала орнынан қыштан жасалған құмыра, шиша, тандыр пешінің орны табылған. Көне жәдігерлерді қол­ға түсірген мамандар ескі ша­һар орнынан әлі талай тарихи жәді­гер­лер шығатынына сенімді.

Қала орнынан табылған түрлі жә­дігерлердің сынықтарына зер­ салған мамандар мұнда уақы­тын­да­ сәулет өнері мықтап дамыған де­ген тұжырымға келіп отыр. Ал табылған жануарлардың ұсақ­ сүйектеріне қарап, қала халқы уақ малдарды ұстағанын байқауға болады.

Қазба жұмыстары барысында табылған темірден жасалған соқа түркілердің егін шаруашылығына епті болғанын айғақтап тұр. Күн­ сайын жаңалыққа тап болып­ жат­қан археологтер қазба жұмыс­та­рын маусым айының аяғында толық­тай аяқтауға ниеттеніп отыр.                               

Жамбыл облысы