Биыл қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың 90 жасқа толған мерейтойы. Осыған орай бас қала төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада «Әкім Тарази әлемі» атты рухани-әдеби кеш өтті. Атаулы шара аясында жазушының мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағы мен «Мазмұндама» қоғамдық қоры шығарған «Ауыл шетіндегі үй» және «Мұстафа Шоқай» кітаптарының таныстырылымы өтті.
«Әдебиеттің Әкімі» атанған заңғар жазушымен жүздестірген тағылымды жиынға Төлен Әбдік, Мырзатай Жолдасбеков, Шәрбану Бейсенова бастаған қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары, зиялы қауым өкілдері, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ әдебиет жанашырлары, қаламгердің шәкірттері, жазушының жары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова қатысты.
Жақсы мен жайсаң бас қосқан, сөз өнерінің мерейі тасыған тұсаукесер рәсімін тізгіндеген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қабырғалы қаламгерді мерейтойымен құттықтады. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қаламгер шығармашылығы туралы пікірі бейнеролик арқылы шараның шымылдығын ашты.
«Біріншіден, Әкім Тарази – жазушы әлемінде өте сирек кездесетін тұлға. Бұл кісінің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше, бірегей жазушы деп айтуға болады. Әкім Тарази жалпы қалада болып жатқан дүниелер, яғни урбанизация туралы жазады. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, белгілі түрік жазушысы Орхан Памукқа ұқсайды. Ол кісінің философиясы өте терең. Тағы бір ерекшелігі – ол кісі нағыз реалист. Туындыларын жазған кезде оқырмандарын аямайды. Шерхан Мұртаза айтқандай, «жазушының көзі – көкірегінде». Ә.Тарази – жазушы ретінде де, драматург ретінде де өмірге көкірегімен қарайтын қаламгер», – деп Мемлекет басшысы бейнеқұттықтауында өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, суреткер шығармашылығы туралы келелі пікірін білдірді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де жазушы шығармашылығы мен қаламгердің тұсауы кесілген туындыларына кеңінен тоқталып, жоғары бағасын берді:
– Әкім ағамыздың он екі томдық шығармалар жинағы – жазушының «күн отырмай, түн ұйықтамай» қолынан қаламы түспеген, талай жылғы қажырлы еңбегінің жемісі. Соның ішінде тұтас Түркістан үшін от кешкен ұлы күрескер Мұстафа Шоқайдың өмір жолын, болмысы мен бейнесін жаңа қырынан танытып, шұрайлы тіл, шебер суреткерлікпен көркемдеген тағылымды туынды – әдебиетіміздің асыл қазынасына қосылған құнды дүние екені анық, – деді министр.
Салиқалы кеште сүбелі ойлар, келелі пікірлер айтылып, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, жазушы Шәрбану Бейсенова сынды жазушының әріптестері, қаламгердің шығармашылығын зерттеп жүрген шәкірттері естеліктерін, жылы лебіздерін білдірді.
– Әкім ағаның ең жақын достары болды. Олар – Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров және Қабдеш Жұмаділов. Бұл өте сауатты, мықты ұрпақ еді. Сондай топтың басында болды. Қазақ әдебиетінде қоғамды сынау, адамды сынау, сын көзімен сыншыл реализмге бет бұру дегенді бастаған кісі – біздің Әкім ағамыз. Бұл кісі әр жанрда жетістікке жеткен адам. Прозасы бір бөлек, драматургиядағы еңбегі де өте үлкен. Қазақ драматургиясын биікке көтерген тұлға»,– деп жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік қаламгерге арнаған жүрекжарды лебізін жеткізді. Суреткер шығармашылығы туралы әділ бағасын ортаға салды.
Тағылымды кездесу кітапхананың 4-қабатында орналасқан Әкім Тарази шеберханасындағы жеке қолтаңбалар көрмесін, Ұлттық архив қорынан Әкім Таразидың жеке тектік қорын және тұлға өмірінен сыр шертетін фотокөрмені тамашалаумен жалғасты. Автор шеберханасында шәкірттеріне ақыл-кеңес айтып, қолтаңба берді.
Айта кетерлігі, айтулы жиын – Әкім Тарази мерейтойының шымылдығын ашып берген тағылымды шаралардың беташары. Ұлттық кітапхана төрінен бастау алған мерейтой қоңыр күзде күллі республика деңгейінде тойланатын болады.