Ашаршылық жылдарындағы азапты оқиғалар тізбесі ежелгі Ақмоланың емлесіне жазылды. Уездің бастан кешкен қасіреті құжаттардан менмұндалайды. Сол саяси қуғын-сүргін кезіндегі деректер Астана қалалық мемлекеттік архивінде айшықталып тұр. Осы ретте мекеме директоры Берік Төребековпен дидарласқан едік.
− Берік Жолмұханұлы, қалалық архивтің атқарған жұмыстарына ел куә. Бүгінде ескі құжаттарды қайта қалпына келтіріп, оқырманға ұсынып отырсыздар. Сол құжаттардың арасында ашаршылыққа қатысты мәліметтер бар ма?
− Әрине, бүгінде қалалық архив қоймасында 736 қор 399 449 сақтау бірлігі бар десек, соның ішінде 1920-1930 жылдардағы қайғылы оқиғаларды таспалаған құжаттар мен фотосуреттер көптеп кездеседі. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жер-жерде өңірлік комиссиялар жұмыс істеуде. Бүгінде бұл игілікті іске біздің мекеме де атсалысып жатыр. Жақында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен бірлесіп, «Зұлмат заман қасіреті» атты архив құжаттарының көрмесін өткіздік. Сонда Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақтаудағы 1920-30 жылдардағы ашаршылық жылдарындағы құнды құжаттар мен фотолар оқырманға ұсынылды. Былтыр «Ақмола өңірі – Архив құжаттарында 1920-1940 жылдар» жинағы жарық көрді. Аталған жинақта мәліметтердің басым бөлігі қалалық архивтің еншісіндегі құнды құжаттар.
− Иә, аталған еңбек әлі де зерттеуді қажет ететін қуған-сүргін тақырыбына қосылған үлкен олжа болды. Сол құжаттар арасында әлеуметтік апатқа душар болған азаматтардың тағдыры баяндалған. Бүгінде олардың іздеушілері бар ма?
− Қалалық архивке келушілер мемлекеттік билік пен басқару, ішкі істер, әділет, соттар мен прокуратура органдарының қорларына үлкен қызығушылық танытуда. Біз өзіміз заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың құжаттарын табу бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия Астана мемлекеттік архивімен бірлесіп Ақмола аудандық, РКП(б) аудандық атқару комитетінің ресми қаулыларының құжаттар жинағын анықтап, баспаға дайындады. Кеңес өкіметін орнату, түрлі зорлық-зомбылық және халыққа қарсы саяси науқандар жүргізу, наразылық акцияларын күшпен басып-жаншу. Біз Ақмола және Ақмола уезі билерінің, кулактарының тәркіленген шаруашылықтарының материалдарын, тәркілеу кезіндегі олардың отбасыларының құрамын туралы материалдарды зерттедік. Облыстық комиссияның жұмыс тобы $65 «Ақмола облысы бойынша Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының Ақмола №12 түрмесі» қорына ерекше қызығушылық танытты. Бұл қорда 5600 адамның жеке істері сақталған, олардың көпшілігі «астық және ет дайындауды бұзды, саботаж жасады» деген айыппен заңсыз сотталған. Осы құжаттардың ішінде 1930 жылдардағы «қастандық, семфонды бермеу, колхоз техникасын бүлдіру» деген айыппен сотталған тұтқындардың 4000 ісін өңдеп, әрі қарай оңалту үшін деректер бердік.
− Сол құнды ақпараттардың бүгінде бояуы кеткені анық. Қасіретті кезеңнің өткеніне ғасырға жуықтады. Реставрация кезінде жағдайы мүшкіл деректердің мәнін ашу қиынға түспеді ме?
− Бүгінде біздің мекеме заман талабына сай техникамен жабдықталған. Сондықтан кедергілер көп кездеспеді. Дегенмен, 20-30 жылдардағы қағаздың жоқтығынан шенеуніктер төңкеріске дейінгі құжаттарды іс жүргізуде пайдаланып, олардың артқы жағына да жазған. Бұл материалдардың жағдайы қазір мүшкіл. Әйтсе де, біз оларды қалпына келтіре алдық. Қазақстанда баламасы жоқ реставрациялық зертханамыз көмектесті. Бүгінге дейін тозығы жеткен бірнеше мың парақ мұрағат құжаттарын қалпына келтірдік. Әрбір жапырақ қағаз өте мұқият өңделеді.
Қалпына келтіру қызметінің қызметкерлері қағаз құжаттарды ұзақ саралап, ақпаратты ұзақ мерзімді цифрлық тасымалдағышқа таспалайды. Біздің басты жаңалығымыз – HSM мұрағаттық оптикалық жетегі. Ол ақпаратты сақтауда әлемдік стандартқа сай қызмет етуде. Қауіпсіз ықшам дискілердің пайдасы зор. Біз енгізген автоматтандырылған ақпараттық жүйе өз кезегінде электронды қор құру арқылы ескірген құжаттардың қағаз түпнұсқаларының сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ерекше құнды, тарихи маңызы бар қағаз құжаттарды айналымнан шығаруға мүмкіндік туды. Енді біз оқырманға құжаттарды тек электронды түрде береміз.
− Осы ретте заңсыз сотталған азаматтарды ақтау мәселесіне тоқталсаңыз. Сол мақсатта қандай объективті нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
− Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары негізінде жобалық бюро дайындаған көп томдық (31 том) кітап шығарылды. «Ақмола облысы мұрағат құжаттарында» атты көп томдықтың 23-томына облысымыздағы қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы деректер енгізілген. Атап айтқанда, ұжымдастыру кезіндегі Ақмола облысындағы істің шынайы жағдайын, биліктің азаматтарға жасаған зорлық-зомбылық әрекеттерін, сталиндік режімнің заңсыздықтары мен қылмыстарын ашатын 222 құжат ұсынылды. Сонымен қатар Астанада құрылған өңірлік комиссияның шешімімен елорда әкімдігінің қолдауымен мұрағат деректеріне негізделген құжаттар топтамасы шығарылды.
Қазір заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қалалық архивте сақталған Ақмола облыстық атқару комитетінің 241-қорының материалдары негізінде 1928 жылы мүлкі тәркіленген адамдар туралы мәліметтер базасы құрылды. Ақпаратты салыстыру және нақтылау жүргізіледі. Одан бөлек Ақмола түрмесінің құжаттары бойынша мұрағатта 662 іс қаралып, 1920-30 жылдары, сотталған 736 азамат анықталды.
− Саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қанды оқиғалар әлі де үлкен зерттеуді қажет ететін тақырып. Қазір бұған шетелдік зерттеушілердің де назары ауып отыр. Бұл ретте қалалық архив оқырманға қаншалықты жақын?
− Жалпы, ақпараттың ең маңызды көзі – азаматтарымыздың естеліктері мен жеке құжаттары. Сондықтан елордалық архив Астана қаласының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясымен бірлесіп, Кеңес өкіметі кезіндегі қуғын-сүргін құрбандары туралы естеліктер мен құжаттар жинағын ұйымдастырды. Қызметкерлеріміз аймақтарға шығып, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарын тауып, естеліктерін жазып жатыр. Алдағы уақытта оларды құжаттар жинағы ретінде шығарамыз. Мұны бір – деңіз. Екіншіден, қуғын-сүргін және жер аударылған жылдары хабар-ошарсыз кеткен туыстарын іздеп жүрген азаматтарға барынша көмек қолын созудамыз. Бұл сұрақтармен бізге тек қазақстандықтар ғана емес, көптеген шетел азаматы да жүгінеді. Біз туыстары іздеуде жүрген адамдардың құжаттарын іздейміз, оларға қажетті ақпаратты қайдан табуға болатынын көрсетуге тырысамыз.
Еліміздің тарихында әділеттілікті қалпына келтіру үшін әрбір адамды есте сақтау маңызды. Қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарыңыз бен достарыңыз туралы естеліктер, қолжазбалар, күнделіктер, тарихи фотосуреттер немесе басқа да құжаттар болса, мұрағатқа апарыңыз! Олар істі зерттеуге көп көмектеседі. Ашаршылық жылдарының азабы ешқашан ұмытылмайды.
− Әңгімеңізге рақмет!