• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Энергетика 01 Маусым, 2023

АЭС: үміт пен күдік

288 рет
көрсетілді

Технологияның көз ілеспес жылдамдықпен даму кезеңі мен жер бетіндегі адам санының тұрақты өсуі барысында ғаламдық экономиканы атом энергиясынсыз елестету мүмкін емес секілді.

АЭС – «жасыл энергия» көзі

Бүгінгі таңда әлемнің 31 елінде 192 атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Олар әлемдегі барлық электр энер­гия­сының оннан бір бөлігін өндіреді. Мә­се­лен, АЭС-тің көптігі жөнінен бірінші орында АҚШ – 62, екінші орында Франция –19, үшінші орында Жапония – 17, ал Ресейде 10 АЭС жұмыс істейді.

Қазіргі таңда елімізде АЭС салу мә­се­лесі жан-жақты қаралып, соңғы жыл­дары халық талқысында жүр. Өйт­ке­ні электр энергиясының тап­шы­лығы жыл өткен сайын маңызды мәсе­ле­ге айналуы мүмкін. Ал оған жол бермеу үшін әртүрлі энергия көздері қажет. Бірақ жаңартылған энергия көздері әзірге елімізде өндірілетін энергияның жалпы көлемінің 3%-ын ғана құрайды. Жаңартылған энергия көздері жасыл энергия көзі десек те, көптеген табиғи факторларға байланысты тұрқсыз энергия түріне жатады. Себебі еліміз климаты мен орналасқан жері жөнінен әлемде жел энергия­сын өндіруде алдыңғы қатардағы Дания елімен салыстыруға келмейді. Бүгінде энергияның жалпы үлесінің 70%-ын көмір өндіру есебінен алынып отыр. Бірақ ғалымдардың айтуын­ша, түптің түбінде одан бас тартуға тура келеді. Ол біріншіден, эко­ло­гия­ға, екіншіден, Париж келісіміне сәй­кес барлық өнімдерге қолданылатын транс­шекаралық салықтарға байланыс­ты көрінеді. Сонымен қатар таза газ кен орнының жоқтығы, судың жетіс­пеу­шілігінің арта түсуі электр энергия тапшылығының 2030 жылдарға қарай орын алатынына себеп болмақ. Сон­дық­тан атом электр стансасы эколо­гия­лық таза энергия алудың бірден-бір жолы болып тұр.

Жыл сайын атом электр стансасының жұмысы 1000 МВт-қа парниктік газ шығарындыларын 4 млн тоннаға азайтады. АЭС-тің маңындағы қалалар эко­логиялық таза және реакторлар ат­мос­фераға зиянды заттардың үнемі шы­ғарылуымен қатар жүрмейтіндігі, осыған орай ядролық отынды пайдалануда оттегін қажет етпейді. Қоршаған ортаны құрамында мұнай өнімдері бар түтін газдар, күл және төгінді сулар сияқты заттармен ластамайды. Әдеттегі ЖЭС жұмыс істеуі үшін көмір керек болса, оның шығыны күн сайын мил­лион тоннаға жуық. Жанармай тасымалдау шығындары көмірдің өзіндік құнына қосылады, бұл да көп шығын. Ал АЭС-ке келетін болсақ, бұл байытылған уран, осыған байланыс­ты отынды тасымалдау және оны сатып алу шығындары да үнемделеді. Бүгінгі таңда атом энергетикасы тұтынушыларды 60 жылдан астам уақыт бойы сенімді энергиямен қамтамасыз ететін болжамды бағамен тұрақты энергия өндірудің жалғыз көзі екендігін айтуға болады.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда электр энергиясы тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом электр стансасының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек», деген еді.

 

Уран бар да, АЭС жоқ

Бізде АЭС салуға қажетті уран қоры мол. Сарапшылар 2009 жылы 13,5 мың тонна уран өндіруге қол жеткізген Қа­зақ­стан Канададан озып, бүгінде әлем­дегі ең ірі уран өндіруші екендігін біле тұра, осыған қарамастан, елімізде өндірілген барлық уранды шетелге экспорттап,ал өзінде бірде-бір жұмыс істеп тұрған атом электр стансасының жоқтығын қалай айтпасқа?

Табиғи уран нарығында көшбасшы орынды иеленетін Қазақстан жыл сайын­ әлемдік атом энергетикасына сұра­ны­сының 40%-дан астамын қамта­масыз етеді. Ширек ғасырдан аса көтерілген мәселенің төркіні, соңғы екі-үш жыл төңірегінде атом электр стансасын салу жобасы қолға алына бастады. Соны­мен құрылыс орны болып Алматы облы­сының Балқаш ауданы Үлкен кенті белгіленді. Жалпы алғанда, атом техно­ло­гия­ларының шетелдік вендорлары (III және III+буындары) ұсынған қазіргі заманғы реакторлардың 13 жобасы зерделенуде.

 

Су мәселесінің жайы

Экология және табиғи ресурстар минис­трлігі Су ресурстар комитетінің Су ре­сурс­тарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш – Ала­көл бассейндік инспекциясының бас­шысы Раушан Иманбет: «Балқаш көлі­нің экологиялық тұрақтылығы көбі­несе Қытай аумағынан келетін суға байланысты (Іле өзенінің су жинал­уы ҚХР-да жеткілікті дамыған гидрографиялық желіге ие), мұнда көлдің негізгі қорек­те­ну көзі Іле өзені болып табылады, көпжылдық деректерге сәйкес орта есеппен саласы 11,7 текше шақырымды құраған, сондай-ақ басқа да ірі салалар өз аймағымызда шамамен 3,18 текше шақырым құрайды. Іле өзені Қапшағай су қоймасымен реттеледі, ол Қонаев қаласының шаруашылық-ауыз су қажеттіліктеріне, суаруға, энер­ге­ти­каға, балық шаруашылығына және рекреацияға су беру үшін пайдаланы­лады. Жыл сайын «Қазгидромет» РМК болжамдарына сәйкес, уәкілетті бас­қармалармен, облыс және аудан әкім­ді­гімен келісім бойынша Балқаш көліне экологиялық су жіберуді ескере отырып, су қоймасының жұмыс кестесі бекітіледі. Балқаш – Ала­көл бассейнінің аумағында 765-тен астам өзендер мен уақытша су ағындары (өзендердің 90%-ға жуығы Балқаш көлінің бассейніне, қал­ғандары Алакөл көлдер тобының бассейніне жатады) және көлдер мен жасанды су айдындары бар. Ең ірі су айдындары – Балқаш пен Алакөл екі дербес су бассейнін құрайды», дейді.

 

Әлеуметтік-экономикалық ықпалы

2035 жылы пайдалануға берілуге тиіс АЭС-те жаңа жұмыс орындары ашылып, ғылыми-техникалық тұрғыдан жоғары білікті кадр әлеуетінің артуына ықпал етпек. Атом энергетикасы – ғылым мен білімнің дамуына ықпал ететін, аралас салаларда жұмыс орындарын құратын жоғары технологиялық сала. Құрылыс кезінде 8 мың адамға дейін жаңа жұмыс орындары және пайдалану кезеңінде 2 мың адамға дейін білікті кадрларды жұмыспен қамтамасыз ететін болады. АЭС салу кезінде 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрады. АЭС салынса, еліміздегі Ядролық физика институының бітірушілері жұмыспен қамтылмақ. Өйткені бүгінгі таңда инс­титут бітірушілерінің отыз пайызы ғана сала бойынша жұмыс істейді. Ядролық физика институты мамандарының ай­туын­ша, мұнда 500, Курчатовтағы бөлім­ше­сінде 400-дей маман бар. АЭС- тің салынуы бұл саладағы мамандарға сұ­ра­ныс­ты арттырады. Осы ретте сала бойынша жоғары оқу орындарының ашылуына себеп болары анық. Олай болса, АЭС таза электр көзін өндіріп қана қоймай, ғылыми-тәжірибелік базаны көтереді деуге негіз де жоқ емес. Сонымен қатар АЭС салынған аумақтың әлеуметтік жағдайы, құрылымы өзгере­ті­ні анық. Халықтың қоныстануы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, мектеп, бала­бақшалардың көбеюі, тиі­сініше халық­тың әл-ауқатының жоға­ры­ла­уы орын алады. Сондықтан АЭС-тің Алматы облысында салынуы об­лыстың әлеу­­меттік-экономикалық жағ­дайына оң ықпалын тигізері хақ. Ең бастысы, мем­лекет қоржынына түсетін салық түсім­дері 2,5-3 млрд АҚШ долларына баға­ла­нып, жергілікті бизнесті қолдау (ҚМЖ кезеңінде: 2,5-3,5 млрд доллар), бүкіл өмірлік цикл үшін салық түсімдері 2,5-3,0 млрд доллардан асады деп болжануда.

 «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС-ның бас директоры Тимур Жантикин: «Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан 6 вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар келіп түскен. Ядролық энергетикалық технологияларды салыстырмалы талдау мен бағалау үшін «Assystem» фран­цуз компаниясымен бірге АЭХА құ­жат­тарының ұсынымдары негізінде критеийлер жүйесі әзірленіп, шетелдік атомдық технологиялар вендорлары ұсын­ған заманауи реакторлардың 13 жобасы зерттелінді.АЭС құрылысы жо­ба­сын іске асырудың бастапқы мер­зім­­деріне келетін болсақ, алдын ала болжам бойынша, 2023 жылға қарай технологиялар жеткізушісі таңдалады, 2025 жылға қарай техникалық-эконо­микалық негіздеме әзір­леніп, мем­ле­кет­тік сараптама жүр­гі­зіледі. 2025-2028 жылдары АЭС салу туралы Үкімет қаулы қабылдауы қажет. 2028 жылға қарай жобалық-смета­лық құжаттама әзір­леніп, сараптама та­ға­йын­­далады. 2034 жылы құрылыс-мон­таж­­дау жұ­мыс­тары аяқталып, 2035 жыл­ға қарай пайдалануға беріледі. 2029 жылы құ­ры­лыс-монтаждау жұмыстары бас­­талып, жабдықтар жеткізіледі», дей­ді.

 

Франция АЭС салуға дайын ба?

Биылғы жылдың мамыр айының басында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының мәселелері жөніндегі Француз елінің делегаты әрі министрі Оливье Бештпен кездесті.

Кездесу барысында министрлер өз Үкіметтерінің энергетикалық ауысу және жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы міндеттемелерін қозғап, жаңартылатын энергия көздерін дамыту Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық қатынастарды нығайта отырып, көміртексіздендіру кешенді мақсат­тарына қол жеткізуге ықпал ете­тінін атады. Елімізде атом энергети­ка­сын дамыту перспективалары да тал­қыланды. Француз тарапы Қазақ­стан­да бірінші АЭС салу жобасын іске асыру, сондай-ақ шағын модульдік реакторларды дамыту перспективаларын зерделеу жөнінде ынтымақтастыққа да­йын екендігін білдірген. Кездесу қоры­тындысы бойынша тараптар ауқымды «Мирный» жобасын іске асыру шең­бе­рінде электр энергиясының тарифіне қатысты қол жеткізілген уағдаластықтар бо­йынша бірлескен мәлімдемеге қол қойғаны бар.

 

Ақпараттық жұмыс қалай жүргізіледі?

АЭС салуға қатысты 2019 жылы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ха­лық­тың пікірін ескермей, атом электр стансасын салу туралы шешім қа­был­данбайды» деп мәлімдеген еді. Ел тұр­ғындарының көбі Чернобыль мен Фукусимадағы атом электр стансасының реак­торындағы апаттарға байланысты үрейлерін, сондай-ақ Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың ауыр зардаптарын халықтың әлі ұмыта қой­мағандығы бар. «Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясы елі­міз­де атом энергетикасын дамыту, АЭС құрылысы жобасын жүзеге асыру бо­йынша халық арасында ақпараттық-ағартушылық түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу нәтижесінде бүгінгі таңда ел ішінде атом энергетикасының маңыз­ды­лығы мен қажеттілігін қолдаушылар қатары ұлғайып келеді.

 

Тұрғындар пікіріне мән берсек

Мақпал Бөрібаева: «Жалпы, атом электр стансасының салуынуына қарсы емеспін. Қаншама жұмыс орны ашылып, халықтың жағдайы көтерілер еді. Әрине, қорқыныш та бар. Бірақ қазіргі заманғы ғылымның дамуы барлық қауіп­сіздіктерді ескереді деп ойлаймын. Мәсе­лен, Чер­но­быль апаты қашан болды, одан бері қаншама уақыт өтті. Ғалымдар сол кездегі қателіктерді ескеріп, жаңа қауіпсіздік шараларын ойластырған шығар деп ойлаймын. Ғылым бір орында тұрмайды ғой. Әр нәседен қорқа берсек, бәрінен құр қаламыз. Өзіміздің қазба байлықтарымыз, уран бар бола тұра, газды да, электр энергиясын да шетелден сатып алып жүреміз бе? АЭС тек бізде ғана салынайын деп жатқан жоқ. АЭС-і бар мемлекеттер өмір сүріп жатыр, тәуекел деп бастау керек».

Талғат Көккөзов: «АЭС-тің салынуы­на қарсы емеспін. Өйткені бұл – өмірдің шындығы. Энергия жетпейді дейді. Көмір мен газдың қоры шексіз емес, бітеді. Ал уран елімізде, шүкір, мол. Неге пайдаланбасқа? Әрі ол стратегиялық қару, бейбіт мақсатта пайдалана отырып, басқа ел алдындағы мәртебемізді көтеріп қою керек шығар. Ал апат бола қалса, қайтеміз деп қорқудың қажеті жоқ, жақсы, білікті мамандар даярлау керек, сыбайлас жемқорлықты жоя отырып, қатаң тексеру арқылы қабылдау қажет жұмысқа. Өйткені ол өзіміздің қауіпсіздігіміз, бола­шағымыз».

Райхан Омарқызы: «Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайы көтеріледі деп ойлаймын.Әрине, қорқыныш та бар. Чернобыльдағы апат адами фактордан орын алғаны белгілі. Сондықтан біліксіз мамандардың кесірінен сондай жағдай орын алса не боламыз? ».

Мейрамгүл: «Болашағымыз үшін қажет деп ойлаймын. Ең бастысы, қал­дық­­тардың кәдеге жаратылуы қалай бол­мақ екен? Мен осы сұрақ алаңдатады. Ал басқа жағынан қолдаймын. Электр энер­гиясының тарифі арзан болатын шығар мүмкін».

 Атом электр стансасын салу тура­лы халықтың пікірі сан қилы. Әйтсе де, болашақ ұрпақ үшін атом энерге­ти­касының экологиялық таза және қа­уіпсіз деп танылуы басты назарда болатынына, алдағы күндер үшін маңызды стратегиялық шешімнің ел сенімінен шығатынына үміттенеміз.