Кей кезде алдымызда жүрген абзал ағаларды ойлағанда «Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деген өлең жолдары еске түседі. Осындай зиялы ағаның бірі – Көпжасар Нәрібайұлы еді.
Қазақ КСР-нің Жоғары және арнаулы орта білім министрі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған академик Көпжасар Нәрібаев туралы деректерге ден қойсақ, алдымен өмір жолындағы осы белестер ойға оралады. Мұның астарында орасан еңбектің, адами қасиеттің жатқанын көреміз. Қандай қызметте жүрсе де, адалдық танытып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан азаматтың ғұмыр жолына көз салсақ, білімдегі, ғылымдағы, еңбектегі айшықты істері алыстан менмұндалайды. Көпжасар Нәрібайұлының еліміздің ұлттық жоғары білімінің дамуына ерекше үлес қосқан басқарушы ғана емес, ұлттық жоғары білім моделін құруға қажетті ұсыныстар енгізген әрі сол модельдің алғашқы үлгісін әзірлеген ғалым екені белгілі.
Көпжасар Нәрібаев 1938 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Бектөбе ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Жамбыл қаласындағы №38 мектепті бітірген. Кейін еліміздің сол кездегі басты жоғары оқу орны С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. 1960 жылы экономика факультетін ойдағыдай бітірген соң, Мәскеу қаржы институтының аспирантурасына қабылданады. Сол кездегі жаңадан дами бастаған есептеу жұмыстарын автоматтандыру мәселелерін зерттейді. 1964 жылы «Механикаландыру жағдайында есептеудің қазіргі формаларының дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан. Көпжасар Нәрібайұлы ұзақ жылдар бойы бухгалтерлік есеп пен автоматты басқару жүйелері туралы терең зерттеу жүргізіп, көптеген ғылыми еңбек пен оқулық жазды. Ерекше атап өтетін жағдай, К.Нәрібайұлы сол кезде есеп және басқару ісі бойынша ғылыми еңбектерді, оқу құралдарын қазақ тілінде жазған алғашқы ғалымдардың бірі болды. 1973-1974 жылдары Америка Құрама Штаттарында ғылыми тәжірибе жинақтап, Принстон, Нью-Йорк университеттері мен белгілі ғылыми орталықтарынан есептеу мен басқару қызметін автоматтандыруды жетілдіруге қатысты жақсы нәтиже алып қана қоймай, сол университеттердегі менеджменттің озық үлгілерімен де танысты. Оны кейінгі басқару жұмыстарында негізге алған. Көпжасар Нәрібайұлы 1960-1970 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының деканы, проректоры және Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары болды. 1983-1986 жылдары республикамыздың Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып қызмет етті. Осы кезде ол еліміздің білім жүйесінің арнасын кеңейтіп, ғылыми әлеуетінің артуына көп еңбек сіңірді. Республикадағы жаңа жоғары оқу орындары мен жаңа мамандықтардың ашылуына ұйытқы болып, ғалымдар мен ғылыми-педагогикалық мамандарды даярлау жүйесін дамытты. Кеңес өкіметінің кезінде мүмкін болмаған көптеген жоба-жоспарын Қазақ ұлттық университетінің ректоры болғанда іске асырды. Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін қалыптастырды.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалғанда білім ордасында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Елімізде жаңа жоғары білім жүйесі құрылып жатқан кезде Әл-Фараби университеті және оның ректоры К.Нәрібайұлы жаңа идеялардың бастауында тұрды. Жаңа екі сатылы жүйе «бакалавриат – магистратура», жаңа оқу бағдарламалары, оқу сапасын бағалаудың жаңа әдістері сол кезде енгізілді. Мұның бәрі алдымен Қазақ ұлттық университетінде бастау алды. Университетке «Шығыстың Аристотелі», «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби есімінің берілуі және «ұлттық университет» мәртебесін алуы ректор Көпжасар Нәрібайұлының орасан еңбегінің нәтижесі.
Сол кезде біз, университеттің жас ұстаздары, ректордың жаңашыл ойлары мен парасатты шешімдерінің куәсі болдық. Бір мысал келтірейін. Сол тұста университетте тест жүйесін енгізу жөнінде бір эксперимент жүргізілді. 1993 жылы университеттің үшінші курс студенттерінен қаншалықты меңгергенін бақылау үшін алдыңғы курстарда өткен бірнеше пәннен тест алынды. Кейін ойласам, бұл республикамызда 2004-2005 жылдары енгізілген аралық бақылау тесттерінің прообразы секілді болған екен. Мен ол кезде математика факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары едім және сол тест алуды факультетте толық жүргізуге жауапты болдым. Кейін университет ректоратының отырысында осы тесттің нәтижесі талқыланды. Мен де пікірімді білдірдім. Тесттің нәтижесі студенттердің ешқандай бағалау жүйесіне енбегенін әрі қаншама қаржы мен күш жұмсап өткізген сынақтың нәтижесіз болғанын айттым. Оған университет проректорлары мен оқу бөлімінің басшылары қарсы пікір білдірді. Сол кезде Көпжасар Нәрібайұлы тұрып: «Әріптесіміз әділін айтып отыр. Сіздер жақсы бастама жасап, бірақ оның нәтижесін оқу үрдісінде пайдаланбасаңыздар, бақылау тиімсіз болса, онда оның мақсатының толық орындалмағаны. Ендеше, алдағы уақытта осындай шараларды толық мақсатына жететіндей етіп өткізу керек», деді. Маған, жас маманға, университет ректорының пікіріммен келісіп, ұсыныстарымды қабылдағаны ерекше әсер етті. Бұл мен үшін әділдіктің және пікірлерді мұқият тыңдап, қорытынды шығарудың анық үлгісі болды. Көпжасар Нәрібайұлы университетті басқарған жылдары осындай тәжірибелер ол кісінің парасаттылық пен ерекше менеджерлік қасиетінің арқасында білім ордасын үлкен жетістікке бастады.
Көпжасар Нәрібайұлы – адами қасиетін жоғары ұстап, айналасына мейірім шашып, жақсылықтың үлгісін көрсете білген жан. Университеттен кейін де ағамен кездесіп, қызметтес болған кездердің барлығы мен үшін үлгі-өнеге. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болып қызметімді бастап жатқан кезде ағамыз арнайы келіп, біраз ұсынысымен бөлісті. Ол мені ұлттық білім беру жүйесі туралы ойларымен, ұлтжандылығымен таң қалдырды. Республикада педагогика ғылымы дамуының бағыттары туралы және Ұлттық білім академиясының жұмысын түбегейлі жаңартып, ғылыми зерттеу бағытын көтеру қажеттілігін айтты. Құнды кеңестерінің нәтижесінде Ы.Алтынсарин академиясында ғылыми семинар жұмысын бастады және оны Алматы ғана емес, республикадағы жетекші ғалымдар ғылыми нәтижелерін баяндап, пікір алмасатын алаң етіп құрдық. Семинардың алғашқы отырысында Көпжасар Нәрібайұлы «Қазақстандағы жоғары білімнің мәселелері туралы» баяндама жасады. Бұл баяндама барлығымызға ерекше әсер етті. Көпшілігіміз Батыстың білім жүйелерінің үлгілері мен тәжірибелеріне бас иіп жүрген кезде ағамыздың «біз Қазақстанның білім жүйесінің ұлттық моделін жасауымыз керек және оның негізінде ұлттық құндылықтар, тәрбие жүйесі және басқа да элементтер болуы қажет» деген ойы еліміздің білім жүйесіне тың бағыт пен серпіліс беретін идея болды. Көпжасар Нәрібайұлының мұндай келелі ойлары кейін мақалаларында да қамтылды. Бірақ әлі толық іске асты деп айтуға келмейді. Еліміздің білім жүйесі әлемдегі озық үлгілерді жинап алып қана қоймай, соларды өз ерекшелігімізге бейімдеп, ұлттық тәрбие, рухани құндылықтарды негізге алып барып білім берудің ұлттық моделі ретінде қалыптастыру қажет.
Көпжасар Нәрібайұлымен өмір жолының соңғы бекеті – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде де бірге жұмыс істедік. Ол білім ордасындағы іргелі жобалардың жетекшісі болды. Жас ұрпақты тарихтағы тұлғалардың орны мен үлгісі арқылы тәрбиелеу жөнінде көптеген жобамен айналысты. Оның бастамасымен ашылған «Ұлы дала тұлғалары» орталығы ғалымның ертеректе Бауыржан Момышұлы және халқымыздың өзге де ұлы тұлғалары туралы жазған еңбектерінің заңды жалғасы әрі қорытындысы секілді болды. К.Нәрібайұлы осы орталықтың ғылыми жетекшісі болып, көптеген кітап шығарып, еліміздің белгілі тұлғаларына арналған іс-шараларды ұйымдастырды. Абай университетінде «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шыққан «Көне түркі тұлғалары», «Қазақ хандары», «Қазақ ойшылдары», «Алаш арыстары» секілді құнды кітаптардың редакциясын басқарып, алғы сөзін жазды. Бір алғы сөзде «Біздің қазақ халқының тарихы – әлі де жүйеге түспеген, әрі түрлі бөтен концепциялармен шұбарланған, нақтырақ айтар болсақ, еуроцентристік бағытта кетіп, өзінің бағдарынан адасқан, сондықтан едәуір шатасқан тарих. Олай дейтін себебіміз күні бүгінге дейін қайталанбас өлке – Ұлы даланың ежелгі және орта ғасырлық тарихын баяндаудың ешкімге ұқсамайтын өзіндік іргетасы әлі де қалана қойған жоқ», деп жазған ойларында мәселені тереңнен зерттеген ғалымның пікірі жатқаны даусыз. Көпжасар Нәрібайұлы Абай университетінің студенттеріне «Тұлғатану» пәнін енгізу қажет деп ұсыныс айтып, сол пәннің бағдарламасын дайындаған еді. Өмірінің соңғы күндерінде әлгі бағдарламаны талқылап, жаңа оқу жылында енгіземіз деп келісіп едік. Өкінішке қарай, жоспарымыз іске аспай қалды.
Көпжасар Нәрібайұлы Абай университетінде жүрген кезінде маған ақыл-кеңесін көп айтты. Соның бірі есіме түсіп отыр. Бірде Көпжасар ағамыз бір-екі қойын дәптерді ұсынып «мына жерде менің шамалы жазбаларым бар еді, қарап көрші, қажеті болса пайдаланарсың», деді. Сөйтсем, бұл ағамыздың 40-50 жыл бойы жазып келе жатқан жазбалары екен. Соншама уақыт бойы түйген ойларын, ұстанымдарын, түрлі идеяларын қағазға түсіріп отыратын адамдар қашанда құрметке лайық. Әрі бұл Көпжасар ағамыздың барлық істі жоспарлап, тиянақты орындау, рет-ретімен жасау, жауапкершілік секілді бойдағы асыл қасиеттерінің көрінісіндей. Сол дәптерлердегі көп дүниенің ішінде қазіргі заманауи менеджмент теориясына қатысты озық ойлар бар, олардың бәрі өз уақытынан ерте айтылған секілді. Бұл Көпжасар Нәрібайұлының мемлекет және университет басқарудағы ұстанымдарының озықтығын, кейде уақыттан да озғанын көрсетеді. Көпжасар ағамыздың бұл әрекетінен бізге қамқорлықпен қарап, тәжірибесін беруге әр уақытта дайын болғанын түсіндім. Бұл оның айрықша қасиеті еді.
Саналы ғұмырын ғылымға арнаған, білімнің дамуына ерекше үлес қосқан, білім жүйесінің ұлттық моделін құруға атсалысқан академик Көпжасар Нәрібайұлының соңында ғылыми мол мұрасы, атқарған ауқымды істерінің нәтижесі қалды. Оны оқушылары мен ізбасарлары жалғастыра берері даусыз.
Такир БАЛЫҚБАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті