• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Маусым, 2023

Қазақбаевты ұмытпасақ екен...

660 рет
көрсетілді

Қазақстан Жоғарғы кеңесі төралқасының тұңғыш төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевтың саналы ғұмыры, азаматтық, қайрат­керлік жолы – бүгінге, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге.

Ә.Қазақбаев 1898 жылы 15 мамырда бұрынғы Ақмола губер­­ниясының Атбасар уезінде (қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданында) туған. 6 жасында әкесінен, арада бір жыл өткенде шешесінен айырылған Әбдісәмет ерте есейіп, үлкен өмірге ерте араласады. 1922 жылы Ақмола облысына қоныс аударады. Сөйтіп, өңірдегі ұйым­дастырушылық ісіне белсене араласады. Ауылдағы «Қосшы» одағының төрағасы болады. «Қосшы» өткен ғасырдың 20-жылдары елді жаңа заманға бейім­деуге ық­палын тигізген. Осы жылдары та­биғатынан зерек Әбдісәмет іскерлік қабі­летімен көрініп, қызметте жоға­рылайды. Сөйтіп, оның саяси өмір­баяны басталады. Ол ха­­лық өкілдерімен ақылдаса отырып, жергілікті кеңестерді нығайту саясатын дәйектілікпен жүргізеді. Оның тікелей бас­шы­лық етуімен Ақмола ауданында Жаңажол, Қызылжар, Буденный, Талапкер секілді ұжым­дық шаруашылықтар құ­рылады. Ә.Қазақбаев Ақмола ауданының 6-шы және 19-шы ауылдық кеңестерінің хатшысы, кейін төрағасы болып сайланады. 1933 жылы желтоқсанда Ақмола ауданындағы Буден­ный атындағы (қазіргі Қажы­мұқан ауы­лы) ұжымдық шаруа­шы­лықтың төрағасы болады. Оны 1937 жыл­дың жазына дейін ат­қарады. Осы аралықта ұжым­шар кеңес одағына таны­мал үл­гілі ша­руашылыққа айналады. 1937 жылы КСРО Жоға­рғы кеңе­сінің алғашқы депу­тат­тарының бірі болды. Осы жылы Ақмола аудандық атқару ко­митеті төр­ағасының орын­басары болып ең­бек етсе, 1938 жылдың басында Қарағанды облыстық атқару коми­тетінің төрағасы атанды. 1938-1947 жыл­дар аралығында Қа­зақ КСР Жо­ғарғы кеңесі төрал­қасының төр­ағасы болып ең­бек етті.

Ә.Қазақбаев республикадағы тарих, әдебиет, мәдениет қайрат­керлері арасында ерекше беделді әрі абыройға ие болған. Халық ауыз әдебиетін, ұлтының салт-дәстүрін жетік білгендіктен, жаңа заман ағымымен келген кейбір келеңсіз көріністерге қарсы тұр­ған. Наурыз, қымызмұрындық, мизамшуақ, сабантой сынды дәс­түрлі мерекелерді қолдаған. Ру­хани салаға жақындығының бір айғағы – 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңінде республикада тұңғыш ақындар ай­ты­сының өтуіне мұ­рындық болуы. Қаныш Сәт­баев, Мұхтар Әуе­зов, Сәбит Мұ­қанов, Ахмет Жұ­банов сынды тұлғалардың ұйымдастыруымен өткен ақындар айтысы елдің рухын көтерген айтулы іс-шара болды. Сондай-ақ ол Қ.Сәтбаевқа қолдау білдіріп, Ұлт­тық ғылым академиясының ашы­луына жан-тәнімен қамқорлық жасаған. Қар­жы бөлдірту мәселе­сінде де, заң жүзінде де барынша кө­мектескен. Жалпы, қазақтың зия­лы қауым өкілдеріне барынша қамқорлық танытқан.

Оның ұйымдастырушылық қа­білеті Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­­дарында ерекше танылып, жан-жақты көрінеді. 1942 жылы «Со­циалистік Қа­зақстан» және «Ка­захстанская правда» газет­теріне жазған «Ер жүрек ленин­градтықтарға эша­лондаған тартулар жіберейік» деген үндеу сө­зін толқымай оқу мүмкін емес. Ма­қаласында Ле­нинград пен Қазақстан ара­сындағы туыс­қандық қарым-қатынасқа тоқ­тала келіп, «Қазақ халқы және Қазақстанның барлық ең­бекшілері Ленинград пен ле­нинградтықтардан көме­гін ешқашан аямайды. Қазақ­стан­дықтар бір кісідей болып, Ле­нинградты қорғаушы ерлерге сый­лықтар жіберуге жұмыла кірісіп, бұл сыйлықтарды не­ғұр­лым тез жөнелтуді қамтамасыз ете­­тіндігіне кәміл сенемін», деп жазған болатын. Оның осы па­триоттық үндеуін еңбекшілер қызу қолдап, бас-аяғы жиырма күн­нің ішінде қоршауда қалған ленинградтықтарға гу­мани­тар­лық көмек ретінде 139 вагон жүк жө­нелтеді.

Осылайша, Ә.Қазақбаевтың ұйымдастырушылық қабілеті шыңдала берді. Қазақ КСР Жо­ғарғы кеңесінің төралқасы рес­публика экономикасын соғыс талабына лайықтап қайта құру, әскерге көмек қолын созу, эвакуа­цияланған кәсіпорындарды орналастырып, жаңа фабрикалар мен зауыттарды іске қосу, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің шешімдерін мүл­тіксіз жүзеге асыруды ұйым­дастыру, үй­лестіру жөнінде күр­­делі де жа­уапты міндеттерді жүзеге асы­руға ұйытқы болды. Оның Отан қор­ғау ісіне қосқан зор үлесі тура­лы КСРО-ның бұрынғы Қар­жы министрі А.Зверев «Министрдің жазбалары» деген кітабында: «Рес­пуб­ликаларда, өлкелерде, облыс­тар­да, аудандар мен округтерде көптеген жолдастар тамаша еңбек етті. Ортақ іске Ә.Қа­зақ­баев (Қазақстан)... секілді жолдастар көп көмектесті», деп жазды. Оның елге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте «Ленин» орденімен, «Еңбек Қы­зыл Ту» орденімен, басқа да медаль­дармен марапатталды.

Соғыстан кейін қудалау қай­та басталған кезеңде алғаш­қы­лар­дың бірі болып «құрыққа» Әбдісәмет Қазақбаев ілігеді. Қазақ зиялыларымен қарым-қа­тынас жасамас үшін оны Ал­ма­тыдан Тал­дықорған облысы Киров аудандық (қазіргі Көксу ауданы) атқару комитетінің төр­ағасы етіп жібереді. Бір қарағанда қызмет бабындағы шаруа болып көрінгенімен, өзі айтқандай, мұ­ның астарында «тарихи саяси мәселе» жатыр еді. Оны бұл жағдай да жасыта алған жоқ. Ел ішінде халықпен етене араласып, еселі еңбек етті. Ол ісіне адал, еңбекқор жандарды, ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін жаңа заманға апарушы зиялы қауым өкілдерін жанына жақын ұстады. Сол кезеңде қазақ отбасылары Ә.Қазақбаевтың құрметіне Қазақбай, Әбдісәмет деген есімдерді дүниеге келген сәбилеріне жиі берген. Басқасын қайдам, мен өскен, қызмет еткен ортада осы есімді алған азаматтар көп болды. Осыдан бірер жыл бұрын автобус аялдамасында астаналық ардагермен кездестім. «Әбдісәмет Сыздықовпын, 1937 жылы 1 қыркүйекте тудым. Ата-анам Әбдісәмет Қазақбаевты жақсы көргендіктен есімімді осы­лай қойыпты. Мен мұны мақ­тан тұтамын», деді ол.

Бұдан 24 жыл бұрын, 1999 жылы Мәжіліс төр­аға­сы Марат Оспанов «ел Пар­­­ла­менті тарихының ең ал­ғаш­қы беттері оның тұңғыш төр­аға­­сы Әбдісәмет Қазақбаевтың қыз­метінен басталады» деген-ді. Ендеше, Парламент тарихының бастауында тұрған тұлғаның есімін жаңғырту, еңбегін насихаттау қажет. Сол үшін атқару­шы билік, халық тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынса, лайықты деңгейде ұлықталса, мектеп, көшелерге есімі берілсе деген тілек бар. Өйткені ол –  ұлтын қалтқысыз сүйген, қазақ халқының саяси-әлеуметтік, эко­номикалық, мәдени-рухани тарихында өшпестей із қалдырған тұ­ғыры биік тұлға.

 

Майра МАҚЫБАЙ,

өлкетанушы-этнограф