• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 05 Маусым, 2023

Ғылымның қия жолында

1640 рет
көрсетілді

Біздің буынның еңбекке араласуы тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек жолын бастағандықтан, осы жылдар аралығында ғылым саласындағы түрлі оқиғаға куә болдық. Ел экономикасының күрт құлдырауы ғылымда жүргендердің қалтасын қағып, жан бағу оңай шаруа болмай қалды. Әди Шәріпов, Мұхаметжан Қаратаев, Мүсілім Базарбаев, Зәки Ахметов, Серік Қирабаев, Жұмағали Ысмағұлов, Әбділхамит Нарымбетов, Шериаздан Елеукенов, Қабиболла Сыздықов, Бақытжан Майтанов тәрізді әдебиеттану ғылымының майталмандарымен бірге түрлі қиындықты жеңдік. Бұл жылдары институтты С.Қирабаев, Ш.Ыбыраев, С.Қасқабасов, У.Қалижанов, К.Матыжановтар басқарды. Бүгінгі әңгімеміз филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанұлы төңірегінде болмақ.

2011 жылы Сейіт Асқар­ұлы­ның­ мерзімі аяқталып, орнына жа­ңа директор сайланатын болды. Сайлауға бірнеше үміткер тір­келіп, кім өтетінін бүкіл инс­ти­­тут болып күтіп отырмыз. Біз­ге ғылымды түсінетін басшы кел­се болғаны. Осылай көңіліміз күп­ті болып отырғанда, Сейіт Асқар­ұлы телефон соғып сүйінші сұ­­рады. Сайлаудан Уәлихан Қали­жан­ұлы өткенін естіп мәре-сәре бол­дық. Ертеңіне Сейіт Асқарұлы мен­ Серік Смайылұлы бір-бірін құт­тықтап, жаңа бас­шы­ға үлкен сенім артып отыр­ды.­ Ғылымның мүш­кіл ха­лін­ біле­тіндер, жоғары жақ­­қа сөзі өте­тін ғалым болмаса,­ жүз шақ­ты адам­ның ғана емес, сонша­ отба­сы­ның жағдайы мүшкіл бола­ты­нын түсінеді. Себебі ғалым­дар­ – Білім және ғылым минис­тр­лі­гі жариялаған үлкен бай­қау­лар­ға қатысып, өз нанын өзі тауып жүрген жанкешті жан­дар. Кезекті жұмыс күні Уәли­хан Қалижанұлын Ғылым коми­те­тінің төрағасы алып келіп ұжым­ға таныстырып, қызмет орны­на отырғызды. Осылайша, 2012 жылдың басында біздің ұжымға жаңа басшы келді, енді қ­а­лай сапырса да өз еркі. Бірақ біз күткендей ұжым ішінде айтар­­лықтай ауыс-түйіс болған жоқ, әркім өз орнында үйренген жұ­мы­с­ын жалғастыра берді. Кейбір бас­шылар тәрізді өз кадрларын­ алып келмей, керісінше өзі ұжым­ға сіңісті.

2013 жылы Молдова Рес­пуб­­­ликасы Ғылым акаде­мия­сы­н­ың­ Филология институты­мен (Ки­ши­нев); Қырғыз Рес­пуб­­ликасы Ұлт­тық ғылым акаде­мия­сы­ның­ Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтымен (Біш­кек); «KazakhArtsAcademy» (Амс­тердам); Ф.Достоевский атын­дағы Омбы мемлекеттік әде­биет музейімен (Омбы); Украи­на Ұлттық ғылым акаде­мия­сының Т.Г.Шевченко атын­дағы Әдебиет институты­мен (Киев); Ресей ғылым академиясының А.Горь­кий атындағы Әлем әде­биеті институтымен (Мәскеу) бір­ле­се жұмыс істеу жөнінде мемо­рандумға қол қойылды. Осы­лай­ша алыс-жақын шетелдегі жо­ғары оқу орындарымен, ғы­лы­ми-зерттеу институттарыме­н бі­р­лескен ғылыми жобалар жү­зеге аса бастады. Ресей, Ук­раи­на, Румыния, Беларусь, Гер­ма­ния, Әзербайжан, Түркия, Иран, Корея Республикасы, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Қытай басы­лымдарында институт қыз­меткерлерінің мақалалары, ал институттың ғылыми-көп­ші­лік «Керуен» журналында шетел әдебиетшілері мен өнер­тану­шы­ла­ры­ның ғылыми мақалалары жария­ланып тұрды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының атсалысуымен АҚШ-та ағылшын тілінде «The Stories of the Great Steppe. The Anthology of Modern Kazakh Literature» атты екі томдық қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы басылды. Сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қолдауымен жарық көрген қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясын Колумбия университетінің профессоры Рафиз Абазов құрас­тыр­ған еді. Шығармаларды ағыл­шын тіліне Сергей Левшин мен Илья Бернштейн аударған. Қа­зақ­ поэзиясы туралы жинаққа М.Ма­қатаев, Ж.Әбдірашев, О.Сүлей­менов, Иран-Ғайып, Ф.Оңғар­сынова, Б.Қанапиянов, Ш.Сариевтің өлеңдері, проза жина­ғына О.Бөкейдің әңгімелері, Ғ.Мүсі­реповтің «Этнографиялық әңгі­месі», Ә.Кекілбаевтің «Ұмы­тыл­ған күндер балладасы», Т.Әбді­ковтің «Парасат майданы»,­ М.Мағауиннің «Тазының өлімі»,­ Р.Сейсенбаевтың «Әлем құла­­­ған күн», Д.Амантайдың әңгі­ме­лері топтастырылды. Қазақ қалам­герлері шығармаларының ағыл­шын тіліне аударылуы ұлт­тық әдебиетті халықаралық дең­гейге көтерді. Уәлихан Қали­жан­ұлы­ның бастамасымен АҚШ-та­ғы­ Қазақстан елшілігі АҚШ Кон­гре­сінде тұсаукесер өткізілді. Ағыл­шын тілінде сөйлеген қазақ әде­биетін әлемдік деңгейде наси­хат­тауға жол ашылды.

2012-2014 жылдары «Қазақ­стан халықтарының фолькло­ры,­ әдебиеттануы, өнері», «Ше­телдердегі қазақтардың фоль­клоры, әдебиеттануы, өнері»­ атты іргелі жобаларды жү­зеге асыру барысында Ре­сей, Қытай, Моңғолия, Өзбек­стан, Қарақалпақстанға ұйым­дас­ты­рылған экспедицияда фольклортанушы, әдебиеттанушы, өнер­та­ну­шы мамандар мол материал жинап, бірнеше ұжымдық монография­ жарық көрді. 2014 жыл­дың желтоқсанында Астана­да­ғы Ұлттық академиялық кітап­ханада өткен тұсаукесерге ұжым­дық­ монография жетекшілері қатыс­ты. М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты, олардың зерттеу еңбектері тура­лы жылы лебіз айтылды. Алма­тыға көңіліміз көтеріліп, мере­йі­міз тасып қайттық.

Уәлихан Қалижанұлы бас­шы­­лық еткен 2012-2018 жылда­ры­­ институт қызметкерлері 42 гранттық жоба, «Халық та­рих толқынында» (2016-2017), «Қазақ­стан әдебиеті мен­ өне­рін­­дегі «Мәңгілік Ел» кон­цеп­­­ті» (2018-2020) сияқты екі мақ­­сатты бағдарлама аясында 46 ұжымдық монография шы­ға­р­­ды. 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясының соңғы 20 томы жарық көріп, үлкен жоба аяқ­тал­ды. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігінің баста­ма­сымен «Ғылыми қазына» бағ­дар­ламасы аясында 34 томдық «Клас­си­калық зерттеулер», «Ұлы дала тұл­ғалары» серия­сымен «Абай», «Жам­был»,­ «Құр­ман­ғазы», «Әбілхан Қас­теев», «Кү­ләш» кітаптары жарық көр­ді. Ға­лымдар – өз еңбектерін наси­хат­тауды білмейтін, өз қаза­нында өзі қайнап отыра беретін халық. Осын­дайды көрген басшымыз ғалым­дардың қыруар еңбегін ел-жұрт­қа таныстыру мақсатында көп шаруа жасады.

Ғылыми зерттеу институтта­рын­да қалыптасқан дәстүр бойын­ша айына екі рет Ғылыми ке­ңес өтеді. Мұндай мәжілісте түр­лі мәселелер қарастырылады. Со­лардың бірі – кезекті байқауға грант­тық жобалар ұсыну. Бір ай мерзім берілсе, сол бір ай бойы жетекші ғалымдарға тыным жоқ. Олар өз бөліміндегі қыз­мет­­керлердің алдағы үш жылда­ жей­тін нанын тауып беруге мін­детті. Сол үшін әр тақырып тал­қы­ла­нып, үстінен түзетулер жасалып,­ пісіп-жетілдіріледі. Мұндай сәт­тер­де Уәлихан аға өте шыдамсыз, жо­баларды ұсынғанша тыным тап­пайды. Кешеуілдеп үлгермей қа­луға болмайды, онсыз да неше тек­серуден өтетін жобалар инс­ти­тут ішінде пісіп-жетілген соң бай­қауға жолдама алады.

Уәлихан Қалижанұлының та­ғы бір қасиеті – өз ісіне аса жа­уапкершілікпен қарайтын ұқып­тылығы. Институт аясында өтетін әр іс-шараға алдын ала дайы­н­дығымызды тексеріп оты­рады. Кезекті мерейтойлар жақындағанда жұмыс тобы құры­лып, кім неге жауапты еке­ні­ анықталады. Сол бойынша күн­де алдына шақырып кім, не тындырғанын тексеруден жалық­пай­ды. Тіпті жасайтын баяндамаларымызды уақытты үнемдеу үшін ықшамдап, тезис түрінде сөй­леуге жаттықтық. Бірде инс­ти­тутқа еліміздің сол кездегі Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалықова келетін болды. Бөлім меңгерушілері өз зерттеу нысан­дары аясында бес минуттан баян­дама жасау ұйғарылды. Сол кез­де әр қыз­мет­кердің баяндама­сын алдын ала уақытқа салып оқу керегін мұ­қият қадағалады. Кейде әде­биет­шілер негізгі айтарына жете ал­май, кіріспеде жүр­ген­де бес ми­нут өтіп кететінін біле­тін бас­шы әрқайсымыздың сөй­лей­тін сөзіміздің көлемін мұ­қият тек­се­ретін. Әр шараны ал­дын­-ала дайындалған сценариймен жүргізуді ұнататын.

Уәлихан Қалижанұлы өте қа­рапайым да әділ басшы болды. Қызметкерлерді жасына, ата­ғы­на, дәрежесіне қарап емес, ең­бегіне қарап құрметтейтін, сый­лайтын. Жұмыс барысында бірін­ші­ басшы ретінде артық кеткен үл­кенге де, кішіге де ескерту жасай­ білетін. Орнымен ай­тылған ескертудің артында­ ешқандай зіл бол­майтын. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» де­ген­­дей, жұмыс бабымен қанша сілкі­леп алғанмен, адамның жеке ба­сына деген зілі жоқ-тын.

Институтта жүзден астам қыз­­­меткер болса, оның жетпістен ас­­тамы ғылыми қызметкер. Олар­дың ішінде Ұлттық ғылым ака­демиясының екі академигі, екі мүше-корреспонденті, 12 ғы­лым докторы, 29 ғылым канди­да­ты болды. «Бітер істің басы­на­ жақсы келер қасына» деген­дей, Уәлихан Қалижанұлы бас­шылық еткен жылдары Білім және ғылым министрі Аслан Сәрі­н­жіпов ғылыми кадрларды даяр­лау мақсатында Ғылым акаде­мия­сы­ның гуманитарлық ғылыми зерт­теу институттары мен Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті арасында ғылым мен білімнің интеграциясы туралы келісім жасады. Ғылыми зерттеу институттары ұзақ жыл тоқтап қалған кадр даярлау мәселесін университет аясында жүзеге асыруға мүмкіндік алды. «Қазіргі Қазақстан әдебиеті», «Текстология», «Фольклортану», «Теория және әдеби сын», «Қазақ фольклоры мен ежелгі әдебиет» мамандықтары бойынша магистратура мен докторантурға мемлекеттік грант бөлінді. Сол гранттармен институттың жас ғалымдары түгелдей магистратурада оқыды, кейін докторантураға түсті. Мемлекеттік гранттың нәти­жесінде алғашқы түлек­те­рі­міз PhD қатарына қосылды. Со­лардың қатарында Уәлихан Қалижанұлының жетекшілігімен қорғаған Ерқанат Хуатбекұлы бар. Инс­титут директоры магистратура мен докторантураға түскен жас­т­ардан бөлек институтқа бір­неше жас маманды қызметке алған­дықтан, институттың 59 пайы­зы 45 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер болды. Бұл институт қызметкерлерінің орта жасын жасарту жолындағы жанкешті еңбек болатын.

Ғылым академиясына қа­рас­­­­ты ғылыми зерттеу инсти­тут­­­тары ұзақ жыл назардан­ тыс қалып, өз күнін өзі көр­ді. Пар­ла­мент Мәжілісі мен мәс­ли­­хат сайлауының алдын­да депу­тат­тық­қа үміт­кер­­лер түрлі ортадағы қыз­мет­кер­лер­мен кездесіп, халық­тың жағ­дайынан хабардар­ бола­ды.­ Осындай сәттерде Уәли­­хан Қалижанұлынан бас­тап­ ғалымдардың өлместің кү­нін­ кө­ріп отырғанын, жас­тар­дың­ жағдайы мүшкіл еке­нін, олар­дың еңбекақысы пәтер­ақы­ға жетпейтінін айтады. Там­шы­­ның тас жаратыны тәрізді, мұң-зарымыз билікке жетті. Сон­дай күндердің бірінде Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жас ғалымдарға кезектен тыс пәтер беретін ұлы көш басталды. Сол кезде біздің институтта еңбек ететін А.Қалиева, А.Кенжеқұлова, Н.Құдайбергенов, Е.Ғалымов, А.Мұратқызы, А.Ахметова, А.Жұматаева, Ә.Еспенова тәрізді жас ғалымдар кезектен тыс пәтерге ие болды. Институттың тарихында Әди Шәріпұлы мен Мүсілім Базарбайұлы директор болған жылдары ғана жастарға пәтер берілген екен. Сек­сенінші жылдары Мүсілім Базар­бай­ұлы­ның­ қолынан пәтер кілтін алған С.Қо­рабай, С.Ананьева тәрізді жас­тар бүгінде зейнет жасында еке­­нін ескеретін болсақ, арада қанша жыл өтсе де мұндай игі­лік­ті шараны көз көріп, құлақ есті­меген екен. Осындай айтыс-тар­тысқа толы науқан кезінде Уәли­хан Қалижанұлы жас ғалым­дардың қатарынан жасы өтің­кі­реп кеткен бір қызметкерге бе­делін салып жүріп пәтер кілтін алып бергеніне куәміз.

Бұл жылдары У.Қалижан­ұлы­ның­ «Ойкөз», «Тағдырымдағы тұл­ға­лар», «Қазақ әдебиеті және рухани жаңғыру» атты зерт­теу­лері, «Жамбыл» ғылыми-таным­дық­ монографиясы, Қазақстан мен әлемнің жиырмадан аса елі­нің түрлі республикалық, халық­аралық басылымында қоға­м­дық, саяси, мәдени тақырып­тар­да публицистикалық және ғы­лыми мақалалары жариялан­ды. З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Ш.Мұр­та­за, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали сын­ды ұстаздары туралы мақала­лар­ды оқып отырғанда, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қаты­настан білім мен жур­на­лис­ти­ка саласындағы дәстүр са­бақ­тас­тығына тәнті боласыз. Ал Ә.Шәріпов, М.Базарбаев, С.Қира­баев, З.Ахметов, Н.Келім­бе­­тов, С.Қасқа­басов, М.Жұрынов, Ә.Жұры­н­ов туралы мақалалар Ұлт­­тық ғылым академиясының ғы­­лыми зерттеу институтына кел­­геннен кейінгі ғылымның қия жо­лын­дағы кезеңінен хабар береді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын­ әр жылдары­ бас­­қарған ғалым ағаларының өмірі мен шығармашылығына үңі­ліп­, олардың жүріп өткен жолын­ ғылыми саралауда қазақ ғалы­мы­ның жүріп өткен жолы сайрап жа­тыр.

Қазақстанның саяси-қоғам­дық­ өміріне өшпес із қалдырған ұлт­­­­тың дара перзенттері – КОКП Орта­­­лық комитеті Саяси бюро­сы­­­ның ұзақ жылдар бойғы мү­ше­­сі, Қазақстанды 20 жылдай бас­­қарған Д.Қонаев, мемлекет­ және қоғам қайраткерлері А.Ас­қа­ров, Ө.Жәнібековтер тура­­лы­ естелік-эсселерден қа­зақ­ хал­қы­ның­ кеңестік дәуір тұсын­­­дағы өмірі­нен хабардар боламыз. Кеңес дәуі­рінде қазақ елін гүлдендірген Дін­­мұ­хамед Ахметұлының қара­пайым­­дылығы мен зиялылығына көңіл бөлсе, өмірінің соңында көп қиын­дық көрген Асанбай Асқар­ұлын «бетке тік қараған, қай­мықпаған, ешкімді жаны үшін сат­паған, рухы мықты текті жан, те­геурінді тұлға» деп бағалауы орын­ды. Ал өмірінде бір-ақ рет­ көрген Өзбекәлі ағасының Арыс­тан­ баптағы күмбезіне барып қол жа­йып, құран оқуы, құрбандық ша­луы Уәлихан Қали­жанұлының аза­маттық қырын аша түседі.

Ғалымның қазақ әдебие­тін­де­гі діни-ағартушылық ағым, Ақмолла Мұхамедиярұлы мұра­сы туралы зерттеулері бұл жыл­­дары тың тақырыптармен, тың­ғы­лықты зерттеулермен толықты. Абай («Абай – мәңгілік поэзия»), Жамбыл («Жамбыл поэзиясының тарихи негіздері») поэзиясы мен М.Әуезов («Әуезовке жол», «Сту­­­денческий Петербург Ауэ­зова»­, «Два письма – две судьбы») мұрасы жөніндегі зерт­теу­ле­рін­де әлем таныған ұлттық әде­биет­ті­ң жауһарларына бүгінгі күн тұр­ғы­сы­нан баға берілді.

Ғалым бірсыпыра зерттеуінде посткеңестік кеңістіктегі қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының даму кезеңдерінен жан-жақты мағлұмат береді. Қазіргі Қазақ­стан әдебиеті мен әдебиет­та­нуының қалыптасу, өрлеу кезең­дері «Современное литературоведение Казахстана», «Культурный код народа Казахстана», «Қазақ­стандағы ұйғыр әдебиеті», «Тен­ден­ции и перспективы развития фило­логической науки в Казах­стане» зерттеулеріне негіз болса, «Қазіргі қазақ әңгімелері» зерт­те­уінде тәуелсіздік тұсын­да­ғы шағын жанрдың аяқ алысы же­келеген жазушылардың нақты әңгімелерімен түйінделген.

Уәлихан Қалижанұлы түр­кі­ әлемінің ұлы тұлғалары қата­рын­да Низами, Махтұмқұлы, Сүйін­бай, Шоқан, Жамбыл, Тоқ­тағұл Сатылғанов, Берды Кер­бабаев, Шыңғыс Айтматов, Ол­жас Сүлейменовтердің шығар­машылығын зерттеген. Автор Низами шығармашылығы жөнін­де: «Ұлы ақындар уақыттан тыс­ өмір сүреді. Сондай түркі әлем­і­нің ұлы тұлғасы – Низами дас­тандары әлі өміршең. Ол адамзат құндылығы ретінде ұрпақ­тан-ұрпаққа мирас болып, мәңгілік жасайды», десе, Махтұм­құлы жырлары жөнінде: «Жырлары арқылы Махтұмқұлы уақытты, қоғам­ды, заманды жеңіп, өзі­нің­ лайықты орнын күллі түркі әлемі­нің­ ғана емес, жалпы адамзаттың ор­тақ құндылығына, асыл қазына­сы­на кө­терді», деген түйін жа­сай­ды­. Ғалым есім­де­рі аталған қалам­г­ерлердің мұра­сы ұлттық дең­гейден асып, адам­зат­тық дең­гей­ге көтерілгенде ғұмы­рлы болатынына көңіл ауда­рып, оны нақты мы­салдармен дәлел­де­ген. Оны ақын­дардың өлең жолдары­нан кел­тірілген мысалдар­дан көруге мүмкіндік мол.

Ғылыми зерттеу инс­ти­ту­т­­тарының директорлары­ Ұлттық ғы­лыми кеңестің мүшесі ретін­де ғылыми және ғылыми-тех­­ни­калық жобалар бойынш­а ір­гелі және қолданбалы ғы­лыми зерттеулерді грант­тық қар­жы­ландыруға арнал­ған кон­курсқа түскен жоба­­лар­ды сараптауға қаты­са­ды. Сейіт Асқарұлы мен Уәли­хан Қалижанұлы Ұлт­тық ғылы­ми­ кеңестің кезекті мәжі­ліс­те­рінде гранттық жоба­ла­­ры­мыз­дың қандай қиыншылықпен өте­ті­нін айтып отыратын. Сондай сәт­терде Уәлихан Қалижанұлы «әр жоба үшін жан алып, жан беріс­тік» дейтін. Шын мәнісінде байқауға республиканың бүкіл ғылыми зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары түгел қатысқанда аламан бәйгеге айналады. Нәти­же­сінде, байқауға қатысқан жоба­лардың 30 пайыздайы ғана қаржыландырылып, қалғаны бос әуре-сарсаңға түсіп, байқауға енді қатыспайтындай күй кешеді. Осындайда жобасы өтпей қалған ғалымдар кеңес құрамындағы мүшелеріне наразы болатынына талай куә болдық. Институттың бірнеше бөлімінің жабылып қалуы – осындай байқауларда жобалардың өтпегендігінен. 2018 жылы біздің институт төрт-ақ жоба жеңіп алды. Әр жобаға бөлінген қаржы 3-4 штатқа ғана жетеді. Басқа қызметкерлерді не істейміз деп дағдарып отырғанда, институт директоры Білім және ғылым министрлігінен мақсатты бағдарламаға қол жеткізіп ұжым мүшелерін шашау шығармай сақтап қалды. Бұл Уәлихан Қалижанұлы секілді жанкешті ғалымның көп еңбектерінің бірі ғана.

Уәлихан Қалижанұлының бас­­шылығымен ауқымды іс-шара­лар ұйымдастырылды. Сүйін­бай Аронұлы мен Тарас Шев­чен­коның 200 жылдық, Абай Құнан­байұлы мен Жамбыл Жабаев­тың 170 жылдық мерейтойлары­на­ арналған халықаралық сим­позиумдарға отандық және ше­тел­дік (Ұлыбритания, Ресей, Қыр­ғызстан, Татарстан) белгілі ғалым­дар қатысты. Сәкен Сей­фул­­лин, Ілияс Жансүгіров, Бейі­м­бет Майлиннің 120 жыл­дығы кең көлемде аталып өтті. Институттың байырғы қыз­­­мет­керлері Ә.Шәріпов, М.Базар­баев, З.Ахметов, С.Қи­рабаев, А.Нұр­қатов, Ә.Нарым­бетов, Ж.Ыс­ма­ғұлов, С.Күзем­баевалардың мерей­той­ларының жоғары дең­гейд­е өтуі – кейіп­ке­ріміздің ұйым­­­­дас­­ты­ру­шы­л­ық қырын көр­сетер мысал.

Ұзақ жылдар журналистика саласында қызмет еткеннен болар, Уәлихан Қалижанұлының қаламы жүйрік болатын. Бір сәттік оқиғадан жарқ еткізіп мақала жаза салатын. Осы ойымды толықтыру үшін шегініс жасауға тура келеді. 2018 жылдың желтоқсан айында «Алматы ақшамы» газетінде журналист Н.Әлішеваның мен туралы жазған мақа­ласы абыз ақсақалымыз Әбді­жәміл Нұрпейісовтің көзіне түседі. Уәлихан ағаға дереу телефон соғып, мен туралы сұрайды. Желтоқсанның ызғарына тоңған қазақ­тың қызын көргісі келген­ аға­мыз күнін белгілеп үйіне қонақ­қа шақырады. Айтылған күні Әбді­жә­міл ағаға сәлем беріп үйіне бар­дық. Әңгіме арасында Мүсілім Базар­баевтың зерттеу еңбектері тура­лы монографиямды бергенде, сағынған досын көргендей ыс­тық құшағына басып, кітаптың мұқа­ба­сына ернін тигізді. Осы кездесу туралы мен ештеңе жазбадым, Уәлихан аға қағазға түсіріп қойған екен. Сол кездесу туралы Әбдіжәміл ағаның қырық күн­дік асы қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінде жазушы кейіп­­кер­лерінің прототиптеріне дейін сайратып мақала жазды. Уәли­хан Қалижанұлы сол кезде әңгі­ме арасында ән айта отырып, журна­листерге тән қырағылықпен та­лай нәрсені көңіліне түйіп қайт­қан екен.

Ғалым болуды емес, азамат болу­ды мақсат еткен Уәлихан Қали­жанұлы – шын мәнісінде есі­мі­ үлкен әріппен жазылатын азамат. Ғылымның қия жолын бірге жү­ріп өткен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері әділ де қарапайым, көппен санаса білетін, халыққа жақын болған басшысын сағына еске алып отырады.

 

Гүлжаһан ОРДА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор