Жаһандық дәуірде салт-дәстүрімізден, тілімізден, дінімізден ажырап қалмай, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру, нығайта түсу мақсатында ұлттық құндылыққа негізделген «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы іске асырылып келеді. Жоба отбасы құндылықтарын сақтауға, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін арттыруға, ата-аналар институтының жұмысын үйлестіруге және тәрбие жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
«Өркендеудің» ұлттық тәрбие мектептері, атап айтқанда, «Ата мектебі», «Әке мектебі», «Аға мектебі», «Әже мектебі», «Ана мектебі», «Жеңге мектебі» Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылындағы Қ.Орымбетов атындағы орта мектепте де ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Осыған орай жуырда жобаның тәрбие жүйесіндегі маңыздылығы мен ерекшеліктеріне арналған республикалық веб-семинар өтті.
Жасыратыны жоқ, қоғамда көзге ұрып тұрған буллинг, суицид мәселелері алаңдаушылық тудырмай қоймайды. Бұған ұлттық тәрбиені уыстан шығарып алуымыздың, ұстаз бен оқушы, ата-ана арасындағы үшжақты байланыстың берік болмауының да кері әсері тиіп жатқаны анық. Сондықтан «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы бойынша осы үштік одақтың бірлесе атқарған жұмыстарының таныстырылымы өтті. Қазақы бояуға қанық сахна төрінде ұлттық тәрбие мектебінен нәр алған бастауыш және жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Ұрпақ ұлттық ойынмен шыңдалады», «Әке – асқар тау, биік шың», «Әже – ұрпақтың тірегі», «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы», «Аға ісі – өнеге» және «Сырлы жеңге, сұлу қыз» тақырыптарында тәлімі мол тәрбие сағаттары ұйымдастырылды.
– Қазақ қазақ болғалы әр отбасында ата, әже, әке, ана, аға, жеңгелер ұл-қыздарын ұлттық рухта тәрбиелеп өсірген. «Өркендеу» ұлттық тәрбие мектептері қазақ ұлтына тән осы тектік тәрбиенің елімізге лайықталып жасалған жалғасы деп айтуымызға болады. Ғасырлар бойы қалыптасқан озық салт-дәстүрімізді жас ұрпақтың ақыл-ойына сіңіру – басты мақсат. Білім беру ұйымдарында «Өркендеу» ұлттық тәрбие мектептерін құру, сол арқылы білім алушылардың бойына сыйластық, бауырмалдық, қайырымдылық басқа да отбасылық құндылықтарды қалыптастыру маңызды, – дейді «Алдаспан» батырлар қорының басшысы, «Өркендеу» жобасы авторларының бірі әрі үйлестірушісі Күлән Тұрысбекқызы.
Бүгінде «Өркендеу» бағдарламасының ұлттық тәрбие мектептері Астана қаласының тоғыз мектебінде, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Қ.Орымбетов атындағы орта мектебінде және Алматы қаласындағы Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназияда, М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектебінде, сондай-ақ елордадағы №36 «Балапан» балабақшасында тәжірибеден өткізіліп, іске асырылып жатыр.
Күлән Тұрысбекқызының айтуынша, тектік тәрбиеден көз жазып қалмауға тиіспіз. Тектік тәрбие – ұлттық кодымыз. Тіліне, дініне беріктік – әр шәкірттің, әр ұстаздың, әр ата-ананың айнымас борышы, дейді ол.
Осы орайда «Өркендеу» жобасының ұлттық тәрбие мектептері туралы тарқата айтқанда жөн көріп отырмыз. Мұндағы «Ата мектебі» оқушыларға ата-тек шежіресін талдап тану арқылы тұтас ұлт тарихын білуге үйретеді. Ұрпақ, қан тазалығын сақтауды және ата-бабалардың асыл мұрасын жеткізеді. Жеті атасын жаттауға, ата-бабаларының ішінен шыққан батырлардың ерлігі, шешендердің билігі туралы зерттеп, әңгіме дайындауға тапсырма береді. «Әке мектебі» оқушыларға рухани адамгершілік тәрбиені дарытады. «Аға» мектебі оқушыларды болашақта елін, жерін қорғай білетін шыныққан сарбаз болып қалыптасуға тәрбиелейді. Ер балаларды аттың жалында ойнап бәйгеге шабуға, нысана көздеп мергендік өнерді үйренуге баулиды. Сонымен бірге оқушыларды азаматтық өмірге даярлық, мамандардан кеңес алып қазіргі заманғы әскери қызмет, азаматтық парыз мәселесінен хабардар болуын ұйымдастырады. Жас түлектерді бейіміне қарай мамандық таңдауына және компьютерлік, цифрлық сауаттылықты игеруіне, дамытуына көмектеседі. «Аға мектебі» дене тәрбиесі мен саламатты өмір салтын жүргізіп, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосады.
«Әже мектебі» әулеттік тәрбиеге негізделген. Зере мен Айғаным әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, балаларды жастайынан адал өмір сүруге, ертегілер мен батырлар жырын оқып, жаттауға үйретеді. Туған жерін, елін, шаңырағын ардақтайтын инабатты қыз бен келін тәрбиелейді. Төзімді ана, қайратты жан болуға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге баулиды. «Ана мектебі» отбасы тәрбиесін жүргізеді. Отбасында әкені баласына көшбасшы етіп көрсетеді. Қыздарға ісмерлікті, кісі сыйлап қонақ күтуді, астың бабы, дастарқанның мәзірін үйретеді. Анасы баласына «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген тыйым сөздердің мағынасын түсіндіреді. «Жеңге мектебі» жеңге мен қайынсіңілі арасындағы байланысқа негізделген. Болашақ өмірлік серігін таңдауға, орнықты отбасын құруға пайдалы кеңестер береді. Жақсы жеңгені ақылды, мейірімді, сабырлы, кешірімді ене тәрбиелейді. Жақсы жеңге қайынсіңілісінің халқымыздың бойына сіңген ұлттық мінез, ұлттық тәрбие, жақсы дәстүрімізді жаңғыртып үлгі-өнеге алуға, ар тазалығын жоғары ұстайтын ақылды, қылықты қыз болып қалыптасуына көмектеседі.
– Қазіргі таңда балаларға жан-жақтан түрлі қауіп төнетінін білеміз. Олардың негізгілері – буллинг, электронды темекі, синтетикалық есірткі. Әрине, мұнымен күресу керек. Мәселені туындатпай, алдын алған дұрыс және балаларда қауіпке қарсы иммунитетті қалыптастыру маңызды. Балалар ақ пен қараны ажыратып әрі сыни тұрғыдан ойлай білуі керек. Ал иммунитетті дамыту үшін тәрбиеге көбірек мән беру қажет. «Өркендеу» бағдарлама аясында аталған алты мектеп халықтық озық салт-дәстүрлерді дамытуға, ұлт рухына дақ түсірмеуге, отбасылық құндылықтарды бағалауға, жүзеге асыруға жан-жақты мүмкіндіктерді жұмылдырады. «Жас ұлан» ұйымының балалардың бойындағы қабілеттерді дамытуға бағытталған жеті бағыты «Өркендеу» жобасының ұлттық тәрбие мектептерімен ұштасып, бірлесе жұмыс істеу арқылы нәтиже бере бастады, – дейді «Жас ұлан» бірыңғай жасөспірімдер мен балалар ұйымының төрайымы Динара Тайбасарқызы.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымының кандидаты Фатима Ниязбекқызы бағдарламаның бесжылдық қорытындысында ұсынылған үштік одақтың жұмыс мазмұнына тоқталды.
– «Өркендеу» бағдарламасы аясында тәрбиенің тұрақты жұмыс жоспары құрылып, оны сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері 1-11 сыныптарда үздіксіз өткізіліп келеді. Жобаның ата-аналар қауымының қызығушылығын арттырып, тәрбие жұмысына тартуда ықпалы зор екені байқалды. Ұстаздар қауымы мектепішілік, аудан, облыс көлеміндегі іс-шараларға қатысып өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық өнерді дәріптеп жүргені қуантты. Сондықтан бағдарламаны республика көлемінде таратып, жалпы білім беретін мектептердің тәрбие жүйесіне енгізу керек. Ол үшін «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасын және мектептердің тәжірибесінен жинақталған әдістемелік нұсқаулықтарды Оқу-ағару министрлігіне қарасты республикалық оқу-әдістемелік кеңесте бекіту маңызды. Мектеп оқушыларын бағдарламаның өзегі болып тұрған дала даналарының – Жүсіп Баласағұнның «Ізгілік ілімі», Қожа Ахмет Ясауидің «Хал ілімі», Әл-Фарабидің «Жан қуаты ілімі», Абайдың «Толық адам» ілімі, Шәкәрімнің «Шын адам» және «Ар ілімі» ілімдеріне негіздей отырып тәрбиелеуге басымдық беру керек. Бұл ілімдерді тәрбиенің тірегіне айналдыруда педагогтар оны өз бойына сіңіріп, ішкі мазмұнын терең түсініп, жас ұрпаққа жеткізудің тәсілдемелерін меңгеруі қажет. Қазіргі таңда үздіксіз білім жас ұрпақтың білімімен ғана емес тәрбиенің тереңдігімен өлшенеді. Осы бастамаларды жүзеге асыру арқылы болашақ ұрпағымыз тәрбиелі, білімді, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, ізгі ниетті, көркем мінезді, инабатты да иманды болып қалыптасады. «Өркендеу» бағдарламасының маңыздылығы да осында, – дейді Фатима Ниязбекқызы.
Алматы облысы