Алматы қаласының туризм жөніндегі кеңес отырысында бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосып, халықаралық әуежай аумағындағы такси жүргізушілердің шетел азаматтарына қатысты оспадар әрекеті кезекті рет талқыланды.
Жақында шетелдіктерден 800 доллар алған такси жүргізушісі ұсталған еді. Бір өкініштісі, ақшаға құныққан бұл азамат осының алдында да дәл осындай әрекеті үшін әкімшілік жазаға тартылған екен. Туризм саласындағы кәсіпкерлер шетелдік қонақтарды алдап, тиісті жеріне апарғаны үшін қомақты ақша талап етуге қатысты 4-5 оқиғаның өзі қаланың имиджіне орасан зияны тиетінін білуі қажет деген пікірде.
«Мұндай жағдайлар аса маңызды болып көрінбеуі де мүмкін. Алайда теріс ақпараттың тез таралу заңдылығын ұққан жөн. Сіз жүз ағаш еге аласыз, бірақ бұл туралы ешкім білмеуі мүмкін, егер бір ағашты заңсыз кесіп тастасаңыз, бұл туралы бүкіл әлем біледі. Туризмдегі жағдай да осындай», дейді кәсіпкер Ринат Қадыров.
Алматы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәйімбетов биыл Қазақстан мен Қытай екі елдің мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап 30 күнге өзара визасыз режім енгізіп жатқанын еске сала отырып: «Алматы үшін туризм дамудың, табыстың негізгі көзі бола алатын саланың қатарында. Биыл туристердің өте үлкен легін күтіп отырмыз. Бірінші қажеттілік – 2023 жылғы маусымға туристерді ақпараттандыруға дайындалу. Мүмкіндігінше туристер легін шектейтін барлық кедергіні алып тастау қажет. Әуежай аумағындағы тәртіп мәселесі көлік жөніндегі кеңесте шешіледі», деп уәде берді.
Оған қоса Үкімет, «Қазақ туризм», Мәдениет және спорт министрлігі сынды туризм басқармасының салалық және қалалық мекемелері тарапынан елдің оң имиджін қалыптастыруға, шетел азаматтары үшін тартымдылықты арттыруға қомақты қаражат жұмсалып жатқаны баршамызға аян. Туристік нарық кейде туристерге әділетсіз қараудың, қарақшылық жасаудың бір-екі фактісін байқаса, соның өзін жеткілікті деп санайды. Осының өзі елдің оң имиджіне жұмсалған ондаған және жүздеген миллион қаражат желге ұшты деген сөз.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер бұл мәселені негізгі үш топқа бөлді. Біріншіден, мемлекеттік органдардың жауапкершілік аймағын анықтап алу қажет. Екіншіден, туристерді қарсы алу үшін 2023 жылға арналған ағымдағы дайындық. Үшінші мәселе – осы түйткілді жүйелі түрде шешу.
«Біз 2018 жылы жауапкершілік аймағын анықтау мәселесін талқылағанбыз. Содан кейін біз әуежай аумағындағы автотұрақтарға, такси жүргізушілерінің жұмысына, жеке жүк тасымалына, тасымалдауды ұйымдастыруға кім жауапты екенін анықтай алмадық. Бұл мәселелер халықаралық әуежай басшылығына да, желілік полицияның аудандық бөліміне де жолданған. Яғни сұрау өзара әрекеттесудің қандай логикасы бар екенін, кім жауапты, кімге жүгіну керек екенін түсіну мақсатында жіберілді. Онда алаяқтық фактілерімен қалай жұмыс істеу керегі жайында қосымша әрекеттермен ақпараттық анықтама алу, әрекет ету алгоритмі қандай болатыны туралы да бар», дейді Ринат Қадыров.
Ал Алматы қаласы әуежайы әкімшілік полициясының бастығы Шухрат Қадыров бүгінгі таңда қонақтарды қабылдауға толық дайындық жүріп жатқанын мәлімдеп, әуе айлағында қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметі үшін Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлеріне алғысын білдірді. Кеңесте ол полиция, прокуратураның бірлескен жұмысының барысына да тоқталды.
Спикердің айтуынша, полиция азаматтардан, шетелдік қонақтардан арыз, шағым түспеген жағдайда алаяқтық танытқан такси жүргізушілерін жауапқа тарта алмайды. Егер өтініш түссе, бірінші айыппұл салынады немесе ескерту жасалады. Ал Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы Қазақстан заңнамасы саласындағы кейбір мәселеге түсініктеме бере отырып, Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша жеке тасымалдаушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын айтты.
АЛМАТЫ