Жақында Парламент депутаттары Еңбек кодексіне енгізілетін түзетулерді талқыламақшы. Соның ең негізгісі – еңбек дауларын шешуде жұмыс беруші, кәсіподақ ұйымы мен мемлекеттік орган өкілдерінен құралған үшжақты комиссия жұмысын заңнамалық тұрғыдан реттеу және келісім комиссиясы туралы өзгерістер.
Алдағы уақытта жұмыс беруші еңбеккерді ұжымның келісім комиссиясының шешімінсіз жұмыстан шығара алмайды. Әрбір еңбек ұжымында құрылатын келісім комиссиясының құрамына бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері және жұмыс берушінің өкілдері кіреді. Олай етпеген жағдайда компания басшысының басы дауға қалады. Бұл жөнінде Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Ақтөбе облысындағы бірнеше өндірістік ұйымның кәсіподақ мүшелерімен кездесуінде айтылды.
«Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» ЖШС ғимаратында өткен кездесуде өңірдегі еңбек нарығында қалыптасқан ахуал сөз болды. Осы мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымы – өңірдегі тау-кен және мұнай компаниялары арасындағы жұмыскер мүддесін табандылықпен қорғап келе жатқан ең үздік құрылым. Ұйым төрағасы Бекболат Омаров өздері ұсынған жаңа ұжымдық еңбек шартына ЖШС басшылығы қол қоймай жатқанын мәлімдеді.
«Біздің бастауыш кәсіподақ ұйымы әзірлеген ұжымдық шартта Еңбек кодексінің 156-бабына сәйкес ұжым мүшелерінің барлық еңбекақы тарифі мен оны төлеу шарты, қалыпты еңбек жағдайында және зиянды жұмыстар бойынша төлемдер коэффициенті көрсетілген. Алайда бас директор жаңа еңбек шартын қабылдағысы келмейді», дейді үздік кәсіподақ жетекшісі.
Сондай-ақ Б.Омаров әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу мақсатында құрылған өңірлік үшжақты комиссия отырысына өзін қатыстырмай жүргеніне наразы. Әдетте әлеуметтік әріптестік мәселелерін шешу үшін құрылатын осы комиссия құрамына мемлекеттік орган өкілдері, кәсіподақ ұйымы және жұмыс беруші тарап кіреді.
500 адам еңбек ететін «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» ЖШС бас акционер – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан мұнай ұңғыларын бұрғылауға тапсырыстар алады. 23 жылдан бері осы серіктестік 800 ұңғы бұрғылау қызметін көрсеткен. Компанияның соңғы жылдық табысы 5 млрд теңге болған. Қазіргі уақытта тапсырыс көлемі екі есе қысқарғандықтан, жұмыс көлемі де екі есе азайды. Өйткені бұрын жылына 10 ұңғы бұрғылайтын серіктестікке биыл 4 ұңғы бұрғылауға ғана тапсырыс түскен. Ал сервистік компанияның қалыпты жұмыс істеуіне 18 ұңғы керек. Бірақ бұл қазіргі уақытта мүмкін емес. Жұмыс көлемінің азаюына байланысты жұмыс берушінің еңбекақыны көтеруі мен басқа да әлеуметтік міндеттемелерді орындауы қиындады. Дегенмен жұмыс көлемі азайса да, кәсіпорын басшылығы еңбеккерлерді қысқартуға жібермей отыр. Осы мекеменің қабылданбай жатқан жаңа ұжымдық шартында еңбекақыны индекстеу, жұмысшыларды техника қауіпсіздігі ережелеріне оқыту, ең төменгі күнкөріс көлемін есепке ала отырып, зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге төленетін өтемақы коэффициентін екі есе өсіру қарастырылған. Алайда зиянды өндірісте жұмыс істейтін 1-санаттағы жұмысшыға төленетін өтемақыға қатысты компания басшылығы мен кәсіподақ арасында келіспеушілік туындады.
Осы жылы еліміздегі ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы әлеуметтік әріптестікті сақтау бойынша көптеген аймақтық келісім аяқталып, орнына жаңа келісімдер жасалады. Алайда өңірлік үшжақты комиссия отырыстарына еңбеккерлердің талабын қоя білетін белсенді кәсіподақ жетекшілері қатыстырылмай жүр. Сатыбалды Дәулеталин: «Былтыр аймақтық келісімдерді жүргізу бойынша тиянақты жұмыс жүргіздік. Әрине, бұл жерде сұрақ өте көп. Біз әлеуметтік серіктестік туралы аймақтық келісімдердің үшжақты комиссия шеңберінде әзірленгенін қалаймыз. Осы мәселеге байланысты аумақтық кәсіподақ орталығы белсенділік танытқаны дұрыс. Өкінішке қарай, табысты арттыруға деген кез келген бастама жұмыс беруші тарапынан қатты қарсылыққа ұшырайды. Осы жылы ел Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында, яғни әлеуметтік әріптестер арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің мерзімі аяқталады. Бас келісім республика деңгейінде іске асырылатын негізгі шараларды қамтыса, салалық келісім бас келісімде қамтылған мәселелерді одан әрі жетілдіре түсуі қажет. Осы жерде Бас келісім мен салалық келісім нормалары басшылыққа алынған ұжымдық шартты бекіту оңайырақ болатынын айтып кеткім келеді. Кәсіподақтар федерациясы барлық ұжымдық шартта бірдей көрсетілуге тиіс негізгі нормаларды дайындап жатыр. Алдағы уақытта бастауыш кәсіподақ ұйымдары осы нормаларды назарға алады», деді.
Кездесуде кәсіподақ ұйымдары төңірегінде қалыптасқан жағымсыз ахуалдар да талқыланды. Мәселен, еңбеккердің мүддесін қорғайтын тәуелсіз ұйым – кәсіподақтар қызметіне ешкім араласпауға тиіс болса да, жұмыс берушінің өзіне қарсы шыққан кәсіподақ ұйымы төрағасын алып тастап, орнына өз адамын қоюы немесе ұйымды таратып, басқа құраммен жасақтауы жиі орын алып жүр. Отандық және шетелдік мамандар арасындағы еңбекақы айырмашылығы – күрделі сұрақтардың бірі. Алайда еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқан кезеңде мамандар кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыруы қажет. Қазіргі уақытта дамыған елдерде маманның жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломына қарағанда, оның кәсіби біліктілігі мен еңбек дағдысы ерекше бағаланады. Сондықтан кәсіподақтар қызметкерлердің білімін жетілдіруін назардан тыс қалдыруға болмайды. Еліміздің ірі кәсіпорындарындағы топ-менеджмент пен қарапайым жұмыскерлердің еңбекақы айырмашылығы да әлеуметтік наразылыққа себеп болып жатыр. Осы мәселеге байланысты Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақы алатындар мен топ-менеджмент арасындағы еңбекақы айырмашылығын он еседен артық ұлғайтпау жөнінде Еңбек кодексіне өзгерістер ұсынбақшы. Себебі мұндай шешімдер халықаралық тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен, Жапонияда кәсіпорынның жағдайы қиындаса, ең алдымен басшылықтың жалақысы қысқартылады.
Жұмыс көлеміне байланысты сұрақтар жиі-жиі көтеріліп жүр. Елімізде мұнай өндіру көлемі азайған қазіргі уақытта жұмыс көлемін көбейтуді қайта-қайта талап етушілер жиіледі. Өкініштісі, мұнай саласындағы өндіріс көлемінен қағылған кейбір жұмыс берушілер кәсіподақ пен еңбеккерлерді жеке мүддесі үшін пайдалануды әдетке айналдырды. Кәсіподақ федерациясы төрағасының пайымдауынша, тасадағы ойыншылар еңбекақы мәселесімен ереуілге шыққан жұмысшыларға өз мәселелерін айтқызады. Сол себепті еңбек адамын жұмыс берушілердің өзара ойындарына араластыруға болмайды. Өйткені еңбеккердің әуел бастағы талабы еңбек қатынастарына ғана негізделген болатын. Осы ретте кәсіподақ ұйымы жалақы көлемі, еңбек жағдайы және еңбек қауіпсіздігі төңірегіндегі сұрақтардың жауабын құзыретті органдармен бірге іздеуі қажет. Кәсіподақтардың негізгі міндеті – жұмыскердің еңбек жағдайын жақсарту және туындаған әлеуметтік қайшылықты шешу жолын көрсету. Осы жағынан алғанда еңбеккер мен жұмыс берушінің арасында кәсіби еңбек қатынастары әлеуметтік әділеттілік жағдайында ғана мүмкін болады. Кәсіподақтар федерациясы экономикасы жоғары мемлекеттер мен ТМД елдеріндегі еңбекақы төлеу қорының ішкі жалпы өнімдегі үлесін зерттеп, осы көрсеткішті 40-45%-ға дейін ұлғайтуды көтеріп отыр.
Ақтөбе облысы