• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 07 Маусым, 2023

Экомәдениетті қалай қалыптастырамыз?

2702 рет
көрсетілді

Әйгілі эколог, альпинист, норвег философ-ғалымы Арне Несс 1973 жылы «экософия» немесе «Deep ecology» атты ғылым саласына түрен салды. Мақсаты – экологияны қорғау мәдениеті. Бірақ бұл бізге аса таң­сық нәрсе емес. Өйткені қазақ халқының дүниетанымы табиғатпен біте қайнасқан. Алайда халқымыз көптеген қоғамдық трансформациялардан кейін қоршаған ортаны қорғау туралы ілкідегі болмысынан біршама ажырап қалғаны рас. Оны қайта жаңғыртуға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі атсалысқан екен.

Таяуда аталған құзырлы мекеме­нің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ берген мемлекеттік гранты бо­йын­­­ша «Экологиялық мәдениетті арт­­­ты­ру және жастар мен балаларға қо­лай­лы экожағдайлар жасау жө­нін­­дегі кешенді шаралар» атты жобаны ­іске асыру туралы баспа­сөз конферен­циясында экология­ға қатысты ма­ңызды мәселелер көтерілді.

«Қазақстанның Экология­лық қоры» қоғамдық ұйымының ұйым­­дастырған жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ өкілдері, эколог­тер, экобелсенділер, сондай-ақ қо­ғамдық экологиялық ұйымдар мен жалпы білім беру мекемелерінің өкіл­дері қатысып, балалар мен жас­­тардың қоршаған ортаға деген мә­дени көзқарасы мен құндылығын қалыптастыру жайы талқылады.

«Қазақстанның Экологиялық қо­ры» ұйымының басшысы Айгүл Әбдуалиева қордың негізгі бағыт­тары мен жастар арасында эко­ло­гиялық білімді дамыту жобасының барысы туралы айтты.

– Бұл – экология мен адамдар­дың болашағына арналған жоба. Қоршаған ортаны қорғауды кіш­кен­тай кезден қалыптастыруды көз­дейміз. Сондықтан жобаға жас­тарды көбірек тартуды мақсат етіп отырмыз. Мысалы, жақында плас­тик қалдықтарды жинауға арналған экоакция өткіздік. Мектеп оқушылары қайта өңдеу үшін 100 килоға жуық пластик қалдықтарын жинады. Бұл іс-шаралар өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға құрмет­пен қарауға және қала экологиясын сақтаудың маңыздылығын үйретеді, – деді ол.

Айгүл Әбдуалиеваның айтуын­­ша, жоба аясында Қос­та­най қала­сының Neco базасын­да 6-10 сынып оқушылары, кол­ледж­дер мен жоғары оқу орын­дары­ның студенттері үшін экология­лық орталық ашу, соны­мен қатар эколо­гиялық интерактивті тре­нингтерді республиканың барлық облысында өткізу жоспарланған.

– Алдағы онжылдықта жас­тар климаттың өзгеруі, құнды та­биғи ресурстарды үнемдеу, қоқыс­тарды қайта өңдеу және басқа да проблемалармен бетпе-бет келеді. Сондықтан біз жастарды табиғатты сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарау­ға шақырамыз. Қазір жыл сайын мил­лиондаған гектар ормандар, көп­теген жануар мен құс өрт­тен жо­йылады. Адам және жан-жануар­лар түтін мен жалыннан зардап шегеді. Тек былтырғы Әулие­көлдегі өрттің өзі 43 мың гектар ор­манды шарпыған. Аудан орман қоры­ның көп бөлігін жоғалтты. Бүгін біздің қор Әулиекөлге 500-ден астам көшет отырғызды. Бірақ бұл аздық етеді, біз табиғатқа бейжай қарамайтын адамдардың көбейге­нін қалаймыз, өйткені экология адам­ға көбірек мұқтаж, оның көмегіне ­зәру, – деді А.Әбдуалиева.

Экологиялық мәдениетті қа­лып­­тастыру – мәселесін жан-жақты шешуді қажет ететінін мәселе. Бұл жерде экологиялық тренингтердің, ак­циялар мен жарыстардың рөлі зор екенін айта кеткен жөн. Осы­лайша, «Қазақстанның Экология­лық қоры» ұйымы екі жылдық жоба аясында жастар мен қалың жұрт­шылықтың экологиялық мә­де­ниетін насихаттауға септігін тигі­зетін тренингтер өткізіп, мектеп оқу­шыларына бейнероликтер дайын­дауды жоспарлап отыр.