• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қылмыс 07 Маусым, 2023

Онлайн-ойын: Сан соғып қалмаңыз!

2662 рет
көрсетілді

Пирамида жасаушылар өз схемаларына мүмкіндігінше көп адамды тарту үшін ойын-сауық форматын қолдана бастады. Олар экономикалық немесе инвестициялық онлайн-ойындарды ойлап тапты, онда ойыншылар жоғары кіріс тауып, содан кейін өз қаражаттарын ала алады-мыс. Бұл – виртуалды тауарларды: құстар, жануарлар, жылжымайтын мүлік немесе басқа активті нақты ақшаға немесе криптовалютаға сатып алуға, инвестициялауға және пайда табуға болатын онлайн-ойындар. Мұндай ойындарды жасаушылар бонустар немесе басқа сыйақы бере отырып, пайдаланушыларды жаңа қатысушыларды әкелуге шақырады.

Fingramota-ның хабарлауынша, мұндай ойынның танымал мысал­дарының бірі – «Көңілді балық­шылар». Онлайн-ойын сайтында бұл жоба «Кем дегенде сіздің қаржылық жағдайыңызды жақсарту үшін жа­салған» деп жазылған. Ол үшін ойын­ға қатысушылар балықшыларды сатып алуы керек – ойында олардың тоғызы бар. Олардың жарамдылық мерзімі әртүрлі – 20-дан 100 күнге дейін және олар әртүрлі кіріс әкеледі. Балықшылар күн сайын саты­луға тиіс «балықты» аулайды. Пай­да­ланушылар жалқау болмауы керек, «пайда» күйіп кетпес үшін ойын­ға күн сайын кіру керек. Содан кейін, белгілі бір мөлшерде виртуалды ақша жиналған кезде, оларды нақты ақшаға айналдырып, шығарып алуға болады. Әрине, шын мәнінде олай емес.

Ұқсас қағидат бойынша жұмыс істейтін онлайн-жобалардың тағы бірі – «Қараңғы ойын». Оны жасаушылар күніне 70%-ға дейін, ал жаңа ойыншыны тартқаны үшін – вир­туалды депозитке 20% пайда табуға уәде береді. Танымал «Ферма» ойыны негізінде құрылған «Ақша фермасы» және басқалары да осыған ұқсайды.

«Ақша табуды» бастау үшін ойын­шылар сайтта өз деректерін қал­дырып, онлайн-ойынға тірке­ліп, пайдаланушының келісімін қабылдауы керек, осылайша ре­сурс­қа жеке деректерді өңдеуге ке­лі­сім беруі керек. Кейбір компа­­ния­лар пайдаланушының келісімінде, кейде ұсақ қаріптермен қайтаруға мүлдем кепілдік жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, «Бай құстар» ойынының сипаттамасында «Ұйымдастырушы сізге ойын ішінара қаржы пирами­дасының қағидаттарына негізделгенін ескертеді және кез келген уақытта сіз барлық қаражатыңызды жоғал­туыңыз мүмкін, бұл ретте сайт ұйым­дастырушысына ешқандай шағым болмайды!» деп жазылған.

«Көптеген адам бұл ойындарға айтарлықтай мән беріп, олардың айналасында дүрбелең тудырады. Олар егер ойында виртуалды кіріс алсам, нақты шотқа да қаражат түседі деп сенеді. Нәтижесінде, ойын ішіндегі «инвестициялық өнімге» сұраныс арта түседі, бірақ одан тыс жерде ойынға қатысушылар ақшаға немесе криптовалютаға сатып алатын бұл «өнімнің», әдетте, ешқандай құндылығы болмайды. Ақшаның да, жаңа пайдаланушылардың да ағыны тоқтаған кезде, ойын жабыла­ды, салынған қаражатты алу мүмкін емес. Сөйтіп, ойыншы инвесторлар сан соғып қалады. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық схемаларға оқу­шы­лар мен студенттер жиі түсіп қалады, олар өздерінің сенгіштігі мен құмарпаздығының салдарынан қаржы пирамидаларына қарсы тұра алмайды», деп жазады Fingramota.

Әрине, мұндай ойынның таза алаяқ­тық екенін аңғару, білу маңыз­ды. Құқықтық реттеудің жоқтығы­нан оңай және тез пайда табуға қызық­тыратын мұндай ұсыныстар – ақшаны жоғалтудың тікелей жолы болып тұр. Онлайн-ойындардың қаржы пирамидасы екенін мұқият қарап, анықтауға болады. Өйткені ондағы көрсетілген талап бойынша:

ойынға қатысушы олар арқылы ақша табу үшін басқа адамдарды шақыруы керек; Әзірлеуші туралы ақпарат жоқ, сайтта байланыс телефондары мен заңды мекенжайы жазылмаған; Сайттың дизайны нашар, бөлім­дердің нақты құрылымы жоқ, есеп айырысу үшін анонимді сервистер қолданылады; Ақшаны «алу» үшін негізінен электронды әмияндар қолданылады; Мұндай пирамидалардың өмір­­лік циклі қысқа – бірнеше ай. Осы­лайша, қаржы пирамидасын ұйым­дастырушылар құқық қорғау орган­дарының өздерін анықтау ықти­малдығын азайтуға тырысады.

Онлайн инвестициялық ойындар түріндегі қаржылық пирамидалардың жаңа түрі Қазақстанда аса кең тарал­мағанын айта кету керек. Ресейдің Орталық банкі 2021 жылғы күзден бастап қауіпті экономикаларды белсенді түрде анықтай бастады және өз тізіміне қаржы нарығында заңсыз қызмет белгілері бар компанияларды енгізеді. Қазақстанда да жосықсыз қызмет белгі­лері бар ұйымдардың осыған ұқсас тізімі жүргізіледі, оны азаматтар­дың өтініштері негізінде Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігі жаңартып отырады. Қазіргі уақытта тізімге қызметі қаржылық лицензиялау мен реттеу өлшемінен тыс орналасқан және қаржы реттеу­шінің интернет-ресурсында және Fingramota.kz оқыту сайтында жарияланған 154 субъект кіреді.

Қаржы пирамидаларын анық­тау бойынша алдын алу шаралары шеңберінде мемлекеттік органдар 2022 жылдың бірінші жарты­жыл­ды­ғында 3 мыңнан астам сайтты бұғаттап, 44 қылмыстық іс қозғалды.