Жақында еліміздің бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті осы жылдың сәуір және мамыр айлары аралығындағы іскерлік белсенділік индексіне енген өзгерістерді атады.
Негізінен іскерлік белсенділік индексі нақты сектордағы экономиканың хал-аухалын сипаттайтын көрсеткіш екендігін ескерсек, оның айналымындағы бизнес пен экономикалық үрдістерінің маңыздылығына ай сайын зерттеу жүргізіп, нәтижелерін жариялайтыны бар.
Сонымен сәуір айында еліміздегі іскерлік белсенділік біразға төмендеп 51,2%-ды құраған. Наурыз айында бұл көрсеткіш 51,6% болған. Осылайша, бизнес-ахуал индексі 14,3-ті (наурызда 16,5) құрап, бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағында қалған.
Ақша-кредит саясаты комитетінің директоры Рүстем Оразалин: «Көрсеткіш динамикасына өндірістегі индекс өзгерісі әсер етіп, бұл секторда тауарлы-материалдық қорлар көлемінің азаюына байланысты 49,6 индексте теріс аймаққа өтті. Құрылыс саласында да көрсеткіштің нашарлағаны байқалып, іскерлік белсенділік 53,3-тен 50,4-ке дейін баяулады. Алайда индекс өсу аймағында қалды. Қызмет көрсету секторында көрсеткіш алдыңғы айда 51,7, сәуірде 52,0 болды. Тау-кен өнеркәсібінде наурыз айында 48,6-дан сәуір айында 49,8-ге дейін жақсара түсті», дейді.
Оның айтуынша, бүгінгі күні бизнес жүргізудің біраз төмендегеніне қарамастан, бизнес-ахуал индексі оң мәнге ие. Наурыз айында жеткізілім тізбегіндегі іскерлік белсенділік жақсы көрсеткіш көрсеткен. Барлық сектордағы кәсіпорындар жаңа тапсырыстар мен тауарлы-материалдық қорлардың көлемі артқанымен, тауарлардың кеш жеткізілуі елдегі іскерлік белсенділікті тежеп отырғандығы да бар көрінеді.
Бұған дейін де Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов: «Іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі 6 ай төмендеген соң қаңтардағы 49,8-ден ақпанда 52,1-ге дейін өсті. Қытай шекарасының ашылуына байланысты экономикалық сұранысы артып, рецессиялық тәуекелдер төмендеді. Логистикалық маршруттар жөнге келгендіктен, баға қысымының әлсірегені байқалды», деген еді.
Ал мамыр айында біршама бәсеңдеген іскерлік белсенділік 50,6-ны құрады.
Жоғарыда аталғандай, барлық сектор үшін жеткізу мерзімінің ұзаққа созылуы іскерлік белсенділікті тежеуші факторының бірі болса, өндірістегі көрсеткіш жақсара түскен. Мұнда индекс 50,2 (сәуірде – 49,4) құрап, оң аймаққа өтті. Қызмет көрсету секторында да іскерлік белсенділік индексі 51,1-ге дейін (сәуірде – 51,8) біршама төмендегеніне қарамастан, оң аймақта тұр. Құрылыс пен тау-кен өндіру өнеркәсібінде іскерлік белсенділіктің тиісінше 49,6-дан (сәуірдегі 49,9-дан) 49,5-ке дейін (сәуірдегі 49,8-ден) едәуір төмендегені байқалып, тауарлы-материалдық қор көлемінің төмендеуі тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіштің динамикасына әсер еткен. Жаңа тапсырыстардың көлемі артқанына қарамастан, құрылыста жеткізу мерзімі ұзарып, жұмыспен қамту деңгейі төмендеген.
«Бизнес-ахуал индексі аздап артып, бүгін мен алдағы уақытта бизнесті бағалау жақсара түсті. Көрсеткіш өндіріс пен қызмет көрсету секторында өсіп, құрылыс пен тау-кен өндіру өнеркәсібінде төмендегені байқалды. Сонымен орташа бағалауды білдіретін бизнес-ахуал индексі 15,4-ті (2023 жылғы сәуірде – 14,0) құрап, бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағында қалды», деп түсіндіреді Р. Оразалин.