Республикамыздың машина жасау саласы өндірістік, экспорттық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, білікті кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру жолында дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл бағыттағы межелі істер сала дамуының алдағы бес жылға арналған кешенді жоспарында қамтылған.
Елімізде машина жасауды жедел дамыту үшін қажетті ресурстық-шикізаттық база, техникалық және өндірістік құзыреттер, ірі өткізу нарықтары (ҚХР, ЕАЭО), экспортқа бағытталған кәсіпорындар бар. Машина жасау саласын табысты дамытудың және кешенді жоспарды іске асырудың маңызды да қажетті шарты ‒ сала кәсіпорындарын қаржыландыру, әлемдік құн құру және жеткізу тізбегіне интеграциялаумен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін нығайту, сондай-ақ саладағы ғылыми-техникалық әлеуетті одан әрі дамыту.
Бүгінгі таңда республикамыздың машина жасау саласы шикізат пен құрамдас бөліктерден басталып, дайын бұйыммен аяқталатын толық тізбегі, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі оқшаулы құрастыру өндірісі бар кәсіпорындармен ұсынылған. 2021 жылы машина жасау саласындағы еңбек өнімділігі бір қызметкерге 25,7 мың доллардан келді. Саланың негізгі капиталына 65 миллиард теңгеден аса (150 миллион доллар) қаражат салынды, 245 миллион доллардан аса тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елдің ІЖӨ құрылымындағы машина жасау саласының үлесі 1,5%-ға, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11%-ға дейін өсті. Бірақ отандық машина жасау өнімдері әлемдік нарықта жеткілікті түрде ұсынылмай отыр (небәрі 0,02%). Бұған қоса машина жасау өнімдері өндірісінің жыл сайынғы жалпы өсуі аясында импортқа айтарлықтай тәуелділік сақталуда. Ұлттық статистика деректері бойынша, еліміздің барлық импортының шамамен 40%-ын машина жасау өнімдері құрайды (2021 жылы 41,4 млрд доллардың 16,4-і). Машина жасаудың ішкі нарығы отандық өндіріспен небәрі 20% қамтамасыз етіледі. Макроөңір деңгейінде машина жасау өнімдерін өткізудің елеулі әлеуеті бар. Алайда қазіргі жағдай негізгі сауда серіктесіміз Ресейге қатысты санкциялармен, жаһандық және өңірлік тауар жеткізу тізбегінің бұзылуымен, жоғары инфляциялық тәуекелдермен күрделене түскен. Сол секілді саладағы негізгі өндірістік қорлар жаңартуды қажет етеді. Қазір де жабдықтар 37-40% дәрежесінде тозған, яғни негізгі қорлардың техникалық жай-күйі күшейтілген бақылауды және жаңғыртуды қажет етеді. Алайда бұл банктік несие берудің жоғары мөлшерлемелеріне, кәсіпорындардың қайта несиеленуіне, кепіл базасының болмауына байланысты қиындық келтіруде. Машиналар мен технологиялық жабдықтардың физикалық тозуының жоғары деңгейі техникалық әлеуетті тежейді. Ескі және тозған техниканы жұмыс күйінде ұстау шығындарды көбейтеді, өндіріс тиімділігін бәсеңдетеді, дайын өнімнің бірлігіне өзіндік құнын арттырып, нәтижесінде отандық өнімнің нарыққа қабілеттілігін төмендетеді. Бұдан бөлек, кәсіпорындар арасындағы және салааралық кооперацияның нашарлығы, ұзақ мерзімді офтейк-шарттар механизмінің жеткіліксіз бөлінуі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, тағы басқа көптеген фактордың теріс әсері бар.
Саланы дамытудың қалыптасқан өзара байланысты мәселелерін кешіктірмей және кешенді түрде шешу маңызды. Өйткені олар технологиялық, техникалық, заңнамалық, нормативтік-құқықтық, қаржылық-экономикалық, білім беру, кадрлық және басқа салалардағы мәселелердің кең ауқымын қозғайды. Отандық машина жасау өнеркәсібінің одан әрі табысты және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету үшін саланың әлеуетін толық көлемде іске асырудың жүйелі тәсілі қажет. Бұл елдің экономикалық өсімін, технологиялық үдерісін арттырып, әлеуметтік дамуына ықпал етеді.
Машина жасау саласының бәсекеге қабілетін нығайтатын кешенді жоспарды табысты іске асыру сала дамуына қуатты серпін беріп, еліміздің тұрақты индустриялық өсуіне зор үлес қосады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2024-2028 жылдарға арнап әзірлеген құжат ішкі және сыртқы нарықта тауардың жаңа түрлерін игеру мен қолданыстағы түрлерін кеңейту арқылы саланың тұрақты өсуін қамтамасыз етпек. Жоспар өндіріске цифрлық технологияларды, автоматтандыруды, робот техникасын және өнеркәсіптік бағдарламалауды енгізу есебінен әртараптандырылған және технологиялық тұрғыдан дамыған экономиканы құру бойынша индустриялық саясатты іс жүзінде жүзеге асыру үшін қолға алынған.
Осы бағытта мемлекет елімізде өндірілетін машина жасау өнімдерінің жиынтығын ұлғайтуға және қосылған құнын арттыруға бағытталған жеке сектордың, әсіресе шағын және орта бизнестің кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсететін болады. Өсу әлеуеті бар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне басымдықты қолдау көрсету, сондай-ақ ШОБ субъектілерін мемлекеттік ынталандырулармен қамтуды арттыру көзделуде. Олар үшін қаржыландырудың қолжетімділігі бағдарламалар мен мемлекеттік ынталандыруларды кеңейту және неғұрлым мақсатты бағыттау, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру мүмкіндігімен немесе сомаға шектеусіз инвестициялық мақсаттар үшін арзан қаражатты қамтамасыз ету есебінен ұлғайтылады. Отандық өндірушілер мен олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықта ілгерілету бойынша жүйелі жұмыс жалғасады. Сондай-ақ сала мен кәсіпорындарды дамытуды ынталандырудың институционалдық, инфрақұрылымдық, экономикалық және басқа да түрлері одан әрі жетілдіріледі.
Отандық машина жасауды дамытуға жәрдемдесу индустриялық-инновациялық жобаларды іздестіру мен іске асыру, сондай-ақ сарапшылық қоғамдастықтың қатысуымен салалық деңгейдегі маңызды міндеттерді шешуге бағытталған іс-шаралармен жүргізілетін болады. Олардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескере отырып, мемлекеттік ынталандыруларды алу үшін жобаларды ашық та айқын негізде іріктеу көзделеді. Мемлекет республикалық, өңірлік деңгейде кооперация институттары қызметінің тиімділігін арттыру арқылы жүйелі негізде жеке сектормен өзара іс-қимылды күшейту іс-шараларын қабылдайды. Құжатта атап өтілгендей, отандық сала өндірушілерін ынталандыру кезінде мемлекеттік мекемелер мен даму институттары қызметінде барынша ашықтық саясаты, ақпарат еркіндігі, мемлекеттік ынталандыруларға, жұмыс жағдайлары, құрылымы және әлеуетті дамуы әртүрлі сала секторларының ерекшелігін ескере отырып, қажетті және жеткілікті құралдарға мақсатты қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге саланы дамыту бойынша барлық негізгі шешім мен іс-шара жоспарларын мемлекеттің, қоғамның және өнеркәсіптік кәсіпорындардың стратегиялық мүдделерінің теңгерімі негізінде ұжымдық түрде қабылдау мақсат етіледі.
Кешенді жоспар 2021 жылмен салыстырғанда машина жасау саласындағы жалпы қосылған құнды 4,5 есеге арттыруға негізделген. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға жағдай жасау үшін саланы дамытудың негізгі шарттарын жақсарту, отандық өнімді ішкі және сыртқы нарықта жылжыту, саланың басым секторларын дамыту сынды маңызды міндеттерді шешу қажет. 2024-2028 жылдарға арналған машина жасау саласын базалық қаржыландыру және ынталандыру құны 2,3 трлн теңгені құрайды деп болжануда. Бұл қаражат экономиканың дамуы мен мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, тек машина жасауды дамытуға және тек шағын және орта бизнеске бөлінеді. Бұл ретте ірі капиталды қажет ететін жобаларды қаржыландыру үкіметтің шешімімен басқа көздерден түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылмақ. Бұл қаражат басымдық ретінде жұмыс істеп тұрған отандық өндірістерді дамыту мен жаңадан құруды қаржыландыруға бағытталады.
Кешенді жоспарды іске асырудың түпкілікті нәтижесі ‒ 2028 жылға қарай саладағы өнімнің нақты көлем индексінің 217,8%-ға өсуі, экспорттың 5,7 млрд долларға дейін ұлғаюы, еңбек өнімділігінің 191,7%-ға артуы, саланың негізгі капиталына инвестицияның нақты көлем индексінің 153,5%-ға өсуі болмақ.