Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференциясын өткізді.
Облыс әкімі Президент тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылып жатқан сан салалы шаруаның қадау-қадау тұстарына көңіл аударды. Атап айтатын болсақ, ағымдағы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша ауыз толтырып айтуға болатын бірқатар оң нәтижеге қол жеткізген. Өнеркәсіптегі өсім 115,1 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 5,4 пайызға көбейген. Инфляция 4,3 пайыз деңгейінде. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, жалақы мәселесі де біршама оңтайлы шешіліпті. Есепті мерзім ішінде 21,7 пайызға өсіп, орташа жалақы 273,8 мың теңгені құрап отыр. Биылғы экономика деңгейі тұрақты. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өткен жылы да облыстағы экономика саласы біршама қарқынды дамыған. Дәлел ретінде соңғы үш жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері ел бойынша алдыңғы қатарда.
Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласы серпінді дамуда. Өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға жуық өсім бар. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 115,3 пайыз, тау-кен өндіру саласында 122,6 пайыз өсім бар. Металлургия, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру көлемі де арта түскен. Астықты өңірге аса қажетті астық комбайндары мен тракторлардың өндірісі де 2,5 есе өсіп отыр.
Облыс Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде болғандықтан азық-түлік қауіпсіздігіне жіті назар аударылуда. Атап айтатұғын болсақ, өсімдік және сары май өндіру 1,5 есе көбейді, ет және ет өнімдерін өндіру 14 пайызға ұлғайды. Аймақтағы маңызды нысандардың қарқынды жұмысын тілге тиек етуге болады. Бұл орайда «Қазақалтын» фабрикасын бейімдеу, Аршалы ауданындағы «Борей Энерго» жел электр станциясы, Макинск құс фабрикасының үшінші кезегі, Бұланды және Аршалы аудандарындағы «Эс Джи Брик» екінші кірпіш зауыты тәрізді нысандарды айта кетуге болады. Үстіміздегі жылы «Бурабай Биогаз» кәсіпорны, «Қазақ Даймондс» техникалық алмас концентратын шығаратын фабрика тәрізді ірі кәсіпорындарды іске қосу көзделіп отыр. Ойдағы шаруа оңынан оралса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өнім өндіру көлемі 1,5 триллион теңгені құрап, рекордтық деңгейге жетпек. Жалпы ел көлеміндегі өнім түрлері бойынша ауыз толтырып айтатын көрсеткіш аз емес. Мәселен, подшипниктер өндіру жоспары жүз пайызға орындалды. Сондай-ақ керамикалық кірпіш, алтын өндіру оң жолға қойылған. Машина жасау бағытындағы табыс та қомақты. Өңірдегі осы тараптағы жұмыс көрсеткіші еліміз бойынша көш бастап тұр.
Өңір негізінен аграрлық аймақ болғандықтан ауыл шаруашылығы саласына жіті назар аударылады. Үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы өсім көрсеткіші 5,5 пайызға ұлғайып, өнім көлемі 114 миллиард теңгені құрады. Құс, қой-ешкі, қара мал, жылқы басы өсіп келеді. Сүт өндіру 13 пайызға, астық өңдеу 11 пайызға ұлғайды. Көктемгі егіс науқаны уақтылы әрі барлық технологияларды сақтай отырып атқарылды. Биылғы жылы ақмолалық диқандар 5,2 миллион гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын септі. Бұл арада айта кететін бір жай, тұтынушылардың сұранысына орай картоп пен көкөністің алқабы ұлғайтылды.
Баспасөз конференциясы барысында өңір басшысына өткір сұрақтар қойылды. Оның біріншісі Қосшы қаласының әлеуметтік-тұрмыстық жайы туралы болды. Өңір басшысы бұл сауалға бүгінгі күні қалыптасып отырған жағдай туралы таратып айтып берді. Биыл қаланың дамуына 12 миллиард теңге қарастырылған. Қала тұрғындарының саны күн санап өсіп келе жатыр. Осыған орай туындап отырған кейбір мәселелер де бар. Осыдан үш жыл бұрын Қосшы қаласындағы білім ошағы үш ауысыммен жұмыс істеді. Қалада 1 200 орындық білім ошағы салынғаннан кейін жүктеме азайды. Алдағы уақытта тағы осындай көлемдегі екі мектеп пайдалануға берілмек. Білім ошақтарының құрылысы сапалы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Қосшы қаласында жаңа білім ошағы салынады. Міне, осы білім ошақтары пайдалануға берілгеннен кейін бұл орайдағы барлық мәселе шешімін табады. Қосшы қаласында спорт мектебінің болмауы мәселесі көтеріліп жүрген болатын. Таяу арада қалада мұндай мектеп ашылмақ. Мәселен, «Шуйское» серіктестігі әлемдік жарыстарды өткізуге жарайтын тамаша спорт кешенін салды. Жақсы ауданындағы «ТНК» агрофирмасы салған үлкен спорт ғимараты игілікті істердің ұясына айналған. Бұл кешенде дайындалған спортшылар облыстың ғана емес тұтас еліміздің намысын қорғауда. Келесі сұрақ облыс орталығы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне орай жолданды. Өңір басшысы бұл мәселенің өткір күйде екенін жасырған жоқ. Қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған желі бойындағы су тазарту қондырғылары сонау 1980 жылы салынған. Осыншама уақыт ішінде сүзгілерді ішінара ауыстырғаннан басқа тиянақты жұмыс жүргізілмеген. Жаңа су тазарту қондырғыларын орнату жұмысы 2009 жылы басталғанымен, қаражат тапшылығына және технологияның ескіруіне байланысты тоқтап қалған. Бүгінде жұмыс жүргізілуде. Астықты өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға көрсетіліп жатқан мемлекетті қолдау барысы да сұралды.
– Біз еліміздегі астық өндіретін ірі өңір болғандықтан әлеуетіміз осы салаға көбірек байланысты, деді облыс әкімі, – мемлекет бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, өңірдегі осы салаға субсидия ретінде 106 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бір атап айта кетерлігі, оның 52 миллиардқа жуығы қайтарылмайтын субсидиялар. Форвардтық сатып алуға 4 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 200 миллион теңге қарастырылып, шалғайдағы шағын ауылдардағы шаруа қожалықтарын құрып, өз ісін бастаймыз деген адамдарға қолдау көрсетілді. Ал еліміздің барлық аймағында ең өзекті мәселенің біріне айналған жайылымдық жер мәселесі біздің өңірде де бар. Сондықтан ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұрын заңсыз рәсімделген немесе игерілмей жатқан 380 мың гектарға жуық жер қайтарылды.
Өңірдегі Бестөбе кентіндегі алтын өндіру фабрикасының жұмысы көпшілікті толғандырып отырған өзекті мәселенің бірі. Бұл орайда облыс әкімі алтын өндіру фабрикасының тоқтап тұрғандығын айта келіп, соған қарамастан аталған компания өзінің бұрынғы жұмысшыларына 9 миллиард теңге шамасында жалақы төлегендігін тілге тиек етті. Әкім акционерлермен де, жергілікті халықпен де бірнеше мәрте кездескен. Мәселені шешу үшін жұмысшы тобы құрылған. Қазіргі күні жергілікті жұртты алаңдатып отырған бұл мәселе ерекше назарда. Өңірдегі осындай түйткілді жаймен бірге ақмолалық диқандардың қабырғасына батып отырған тағы бір келеңсіз шаруа ақбөкендердің тым көбейіп кетуі. Ел болып елеңдеп отырған жайдың ақмолалықтарға да қатысты екендігіне тоқталған облыс әкімі әзірге өтемақы мәселесі талқылануда деп жауап берді.
Негізі облыс орталығы тұтас өңірдің айнасы іспетті. Сәулелі салтанаты алыстан көз тартып, жақұттай жарқырап тұрса, тыныс-тіршілігі қолмен қойғандай-ақ көрініп қалады. Әйткенмен, көңілді түсіретін де тұстары арагідік кездесіп қалады. Мәселен, Қопа көлінің өткен жылдары ғана абаттандырылып жөнделген жағалауы, мердігерлердің жұмыс сапасы сын көтермейді. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, тапсырыс беруші сотқа жүгініп, жеңіске жетіпті. Қазір жаңа байқау өткізілуде. Бірқатар кемшіліктеріне қарамастан бұл жер қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Келесі жыл Көкшетау үшін ерекше жыл. Өйткені облыс орталығының алғашқы іргетасы қаланғанына 200 жыл толмақ. Мерейтойға дейін кем-кетік жөнделіп, ретке келтіріледі деген сенім бар. Өңірдегі толымды табыс көзінің бір парасы – туризм. Баспасөз конференциясында Бурабайға қарағанда, Түркияда демалу арзанырақ деседі деген де сауал қойылды. Өңір басшысы бұл сауалға толымды жауап берді. Оның айтуынша, бұрнағы жылдары Бурабай баурайындағы демалыс орындарына жылына 300-400 мың турист келетін болса, өткен жылы 1 миллион адамды қабылдаған. Туристердің саны қаншалықты өскендігі көзге көрініп тұр. Ендігі қиындық осыншама туристі қабылдау, мінсіз қызмет көрсету. Сондықтан дайындық жұмыстары ширатыла түсуде. Жүзден астам қоқыс салатын жәшіктер сатылып алынған. Қоқыс таситын көліктер дайындалған. Жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал баға мәселесі әрқилы. Бурабай баурайында қымбат қонақүйлер де, орташа санаттағы демалыс орындары да бар. Мәселен, өткен жылы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйенің жаңғыртылуына орай 30-дан астам өрт уақытында сөндірілді. Бүгінде осы мәселені шешу үшін астаналық төтенше жағдайлар департаментімен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Қосшы қаласында өрт сөндіру депосын салу жұмысы басталды. Салынып біткен соң ол қаланың маңайындағы ауылдарға да қызмет көрсетеді.
Тағы бір толғағы жеткен мәселе – Бұзылық су қоймасы. Су қоймасы салынып біткен соң аймақтың табиғатына да тамаша әсер ететіндігі сөзсіз әрі суармалы егістікті дамытуға да ықпалы болады. Сондай-ақ көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суының қарқынын төмендетуге өз әсерін тигізеді. Су қоймасын салу жұмысы келесі жылы басталуы мүмкін. Қазіргі күні тиісті министрлікпен жұмыс жүргізілуде. Өңірдегі өзекті мәселенің бірі жылумен қамту. Өткен жылы Степногорск қаласындағы жылу электр орталығының жұмысы біршама қобалжу туғызды. Облыс әкімі бес айдың ішінде Степногорск қаласына төрт рет барған. Жылу беру мәселесі ұдайы, қатаң бақылауда. Меншік иесімен нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге 3 миллиард теңге қаражат жұмсалса, үстіміздегі жылы осы мақсатқа 5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Жылу электр орталығының бір бөлігі қалалық шаруашылық балансына алынған. Қазіргі күні ең тозығы жеткен құрылғылар жөнделу үстінде. Орталықтың тозу деңгейі 60 пайызды құраса, жылу желілерінің жартысына жуығы қаусап тұр. Мұндай мәселе облыс орталығында да бар. Өйткені Көкшетау қаласында көп қабатты жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілді. Ал бұрынғы қазандықтар мұншалықты көлемді жылумен қамтамасыз ете алмайды. Көкшетау шын мәнінде, жылу және электр энергиясын өндірмейді жалғыз облыс орталығы. Қала екі қазандықпен жылытылады. Көмірмен бірге мазут та жағылады. Шығын көп болғандықтан, төлемақының өсуі де ықтимал. Ал бұл тұрғындардың орынды өкпе-ренішін тудырады.
Баспасөз конференциясы барысында өңірдің тыныс-тіршілігі толайым қамтылды.