Ақтөбе облыстық мәслихатының 3-сессиясында жергілікті бюджет қаражатын дұрыс игермеген басқармалар аталды. Мәселен, өткен жылы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы – 25 млрд теңге, Энергетика, тұрғын үй құрылысы басқармасы 1,3 млрд теңге бюджет қаржысын игермеген. «Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржыны уақытында игермеуіне және мердігерлердің әлеуметтік нысандарды дер кезінде аяқтай алмауына құрылыс жұмыстарының баяу жүруі себеп болды», деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев.
Ашығын айтқанда, мемлекеттік тапсырысқа қатысушы жосықсыз мердігерлердің кесірінен өңірде бірнеше ауыл мектебі мен денешынықтыру-сауықтыру кешендері аяқталмай жатыр. Басқармалар мердігерлердің нысандарды қалай салып жатқанын жеткілікті дәрежеде бақыламағандықтан, жыл сайын ауыспалы құрылыс ретінде қалдырылып келеді. Былтыр құрылыс материалдары екі есеге дейін қымбаттап кеткендіктен, бюджеттік өтінімдерге бірнеше рет өзгерту енгізілді.
Мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің жұмыс барысын қатаң қадағалауға тиіс техникалық бақылау, авторлық бақылау қызметінің мамандары өздерінен жауапкершілікті ысырып тастаған. Ал мемлекеттік тапсырысқа техникалық және авторлық бақылаушы ретінде қатысқан жобалаушы серіктестіктерге жүз миллиондаған бюджет қаржысы бөлініп келеді. Мемлекеттік тапсырысқа қатысып, тендер шарты бойынша жеңімпаз деп танылған көптеген бас мердігердің меншігінде техникасы да жоқ. Мұндай жауапсыз мердігерлер көбінесе ауылішілік жолдар құрылысын салуға мемлекеттік тапсырыс алған. 2015 жылғы мемлекеттік тапсырыс туралы заң талаптары бойынша әлеуметтік нысан құрылысына тапсырыс алғысы келген серіктестік иелігінде жеке меншік техниканың болуы міндеттелмейді. Заң талабының тым жеңілдетілуі кесірінен тұрғын үй құрылысы, жол құрылысы, мектептер мен ауруханалар салуға кім көрінген қатысатын болды. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс туралы заңның зардабын ауыл адамдары да тартып отыр.
Солардың қатарында 2018 жыл құрылысы аяқталуға тиіс Қобда ауданы Терісаққан ауылы мен Мұғалжар ауданы Алтынды ауылындағы 60 орындық мектеп бар. Өңірдегі құрылысы аяқталмаған «сақалды құрылыстардың» қатарына биыл Ырғыз ауданындағы Жарма ауылында салынуға тиіс 60 орындық мектеп те қосылды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы іргесіндегі 320 орындық мектеп-интернат алты жылдан бері не салынбады, не бұзылмады. Жартылай салынған мектептің қабырғаларын қызыл түске бояп қойғаны болмаса, биыл да бітіп жатқан жұмысы жоқ. 2018 жылы 1 млрд теңгеден астам бюджет қаржысына жоспарланған осы мектеп құрылысына бірнеше мердігер келді, бірақ еш нәтиже жоқ. Әу баста құрылыс салынар кезде мектептің тұрған орны, ауылдағы бала саны дұрыс есептелмеген. Мектеп салынған күннің өзінде де ауылда ауыз су жоқ, оған 30 шақырым жерден су құбырын тарту керек. «Ақтөбе-Орск» тасжолының бойындағы ауылға ауыз судың жоқтығынан адам тұрақтамай отыр. Он шақты ғана үйі бар ауылға 320 орындық мектеп-интернат сала ма екен?
Тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжиннің хабарлауынша, 2022 жылы облыстық бюджеттің берешегі 7 млрд 550 миллион теңгені құрады. Құрылыс саласында былтыр 25 млрд теңге бюджет қаржысы игерілмей қалса, 5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған, 16 млрд 606 млн теңге тиімсіз жоспарланған. Бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлағандар мен игермегендер қатарында құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, денсаулық сақтау, білім басқармалары бар. Алдағы уақытта бюджеттік бағдарламалар әкімшілері басқарма басшыларының қаржыны жоспарлау мен игеруге жауапкершіліктерін арттыру керек. Мектеп, медициналық пункт, автокөлік жолдары, спорттық сауықтыру нысандары, қоғамның осал топтарына арналған әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысында жосықсыз мердігерлердің кесірінен әлдеқашан қолданысқа енгізілуге тиіс нысандар салынбай жатса, тапсырыс беруші бюджеттік бағдарлама әкімшілері де тікелей жауап беруге тиіс. Соңғы жылдардағы бюджет қаражатын мақсатсыз игеру деректерін анықтаған облыстық тексеру комиссиясы 63 материалды құқық қорғау органдарына жіберген.
Ақтөбе облысы