• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Ғылым 14 Маусым, 2023

Ғылым – дамудың басты кілті

2933 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен өткен жиында адамзат жетістіктердің барлығына білімнің арқасында қол жеткізгенін және қазір, әсіресе озық технология дәуірінде ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес екенін айтқан еді. Бұл ретте мемлекетіміздің саясатында ғылым мен технология, инновациялық даму ел экономикасын өркендетудегі басым бағыттардың бірі ретінде айқындалып отыр.

Мемлекет тарапынан отандық ғы­лымның дамуына әрдайым қолдау көрсетіліп, ғалымдардың әлеуетін арт­тыруға бағытталған шаралар іске асы­рылып келеді. Отандық ғылым өз кезегінде еліміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін өндірістің жаңа технологияларына бағытталуға тиіс. Бұл деге­німіз – отандық әзірлемелердің эконо­миканың нақты секторларында қолданылуы және ұлттық ғылыми жүйенің түбегейлі трансформация­лануы. Қазіргі таңда бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүргізіліп жатыр. Ғылым саласында ауқымды іс-шара­лар да қолға алынған. Солардың ең маңыздыларының қатарында Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәр­те­бенің қайтарылуын айтуға болады. Академия Президент жанында бол­ғандықтан, оның рөлі ерекшеленіп, қоғамда алар үлесі арта түсетініне кәміл сенеміз. Осы тұста оның бюджеттік қаржыландыру мәселелері де шешімін тауып үлгерді.

Сондай-ақ жақында Мемлекет басшысы дамыған елдер тәжірибесіне сәйкес жаңадан құрылған Президент жанындағы Ғылым және техника жө­нін­дегі Ұлттық кеңестің бірінші оты­рысын өткізді. Онда еліміздің ғылы­ми-техникалық саясатының негіз­гі басымдықтары айқындалды. Ұлт­тық кеңестің Мемлекет басшысына ті­ке­лей бағынуы тапсырманың жедел түрде орындалуы, ел заңдарына өзге­рістер енгізу қажеттілігінің болмауы сияқты белгілі артықшылықтарды беріп отыр. Кеңестің негізгі міндеті – ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу. Оның құрамына Нобель сыйлығының лауреаты, аға буын өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар, сондай-ақ әлемдік ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін жас мамандар кірді. Расында, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес еліміздегі ғылымның ашық моделі­не көшу үдерісіндегі маңызды институт­тардың бірі болатыны сөзсіз.

Жалпы, министрлік ғылым мен жоғары білімді дамыту, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша негізгі міндеттер шеңберінде жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес 2022 жылы 414 кәсіпорын ғылыми жұмысты жүзеге асыруды қолға алды. Оның ішінде 106-сы – мемлекеттік секторға, 94-і – жоғары білім секторына, 179-ы – кәсіпкерлік секторына, 35-і ком­мер­циялық емес секторға жатады.

Министрліктің қарамағында бар­лығы 26 ғылыми зерттеу институты бар. Бұл ретте біздің институттар ғылыми зерттеу институттарының жалпы санының 27 пайызын ғана құрайды. Алайда оған қарамастан біз өзімізге жүктелген жауапкершіліктен бас тарт­паймыз. Қазіргі уақытта ғылыми әлеует 11 салалық министрлік пен ведомстволарда шоғырланған. 2022 жыл­дың қорытындысына тоқталар болсақ, Үкіметтің тікелей қолдауының нәтижесінде 2023-2025 жылдарға ар­налған ғылымның жалпы бюджеті 3,5 есе өсті. Мемлекет басшысының ғалымдардың мәртебесін көтеру жөнін­дегі тапсырмасын іске асыру үшін олардың жалақысы көтерілді. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Көпшілік білетіндей, ғалымдар бұрын тұрақты жалақы алмаған. Жа­лақы конкурстардың нәти­желеріне байланысты болды. Ғалым­дардың орташа жалақысы 152 мың теңгені құрады. Бұл экономикадағы орташа көрсеткіштің 72 пайызы шамасында. Бүгінгі таңда жетекші ға­лым­дардың жалақысы (1 200 адам) база­лық қаржыландыруға енгізілген. 85 ғылыми институтқа толықтай тікелей қаржыландырылады. Ғалымдардың жалақысы артты. Орташа айлық – 257 мың теңге. Конкурстар жыл сайын өткізіледі. Қолданбалы ғы­лымды қаржыландыру 70 пайызға ұлғайды.

Жобалардың 27 пайызы ком­мер­цияланған. Бұл – теория жүзін­дегі әзірлемелердің өндіріске енгізілген­дігінің дәлелі. Жас ғалымдар мен постдокторанттарға 1 014 грант бө­лінді. Бүгінгі таңда ғылыми гранттар саны 1,5 есе өсті. «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Заң аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі «зейнеткерлік жасқа жет­кен академиктерге өмір бойғы ай сайынғы стипендия белгілеу қағида­ларын әзірлеу және бекіту» өкілеттігіне ие болды. Бұл Үкіметтің арнайы Қаулысымен бекітілді. Құжатқа сәйкес ел бюджетінен академияның зейнет жасындағы академиктеріне ай са­йын және өмір бойы 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде стипендия төлеп тұру қарастырылып жатыр. «Ғылым ордасы» ғимаратын жөндеу жұмыстары басталды. Ғылыми институттардың сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы 800-дей құрал-жабдық сатып алынды. Ғылыми жабдықтардың 14 пайызы жаңартылды.

Дегенмен бүгінгі таңда ғылымда шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе де бар. Біріншіден, ғылымды қаржыландырудың деңгейі төмен – ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызы. Бұл бизнес өкілдерінің қызығушылық танытпауын және бизнес пен жергілікті атқарушы органдардың ғылымды қаржыландыруға тартылмауын, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне жеке инвестициялардың төмен екенін білдіреді. Екіншіден, ғылыми кадрлардың жетіспеушілігі. Ғылыми кадрлардың қартаюы бай­қа­ла­ды, олардың орташа жасы – 59 жас. Зерттеушілердің жалпы саны­ның 35 пайызы ғана жастар. Үшін­ші­ден, ғылыми және ғылыми-техни­калық қызмет нәтижелеріне және эко­номикадағы инновацияларға сұра­н­ыс төмен. Бұл технологияларды коммерцияландырудың 27 пайызына, яғни әлі де болса жеткіліксіз деңгейіне, ғылымды қажетсінетін өндіріске көшу үшін бизнестің әлсіз қызығушылығына байланысты болып отыр. Төртіншіден, заманауи жабдықтары бар ғылыми зертханалардың жетіспеушілігі. Материалдық-техникалық база және ғылыми институттардың, ғылыми инфрақұрылымының тозуы, шетелдік жабдықтар мен материалдарды жеткізу проблемалары бар. Бүгінгі таңда осы мәселелерді шешуге және ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға бағытталған жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы қабыл­данды. Оған Мемлекет басшысының алдағы 7 жылға арналған жоғары білім мен ғылым жүйесін дамыту жөніндегі барлық міндеттері мен тапсырмалары кірді. Аталған тұжырымдама аясында ғылым мен жоғары білім саласының алдында атқаратын қыруар жұмыс тұр.

Бірінші – ғылымды басқарудың жаңа моделін енгізу. Академик Қаныш Сәтбаев «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», деген екен. Расында да экономиканы технологиялық жаңғырту үшін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ғылым моделін «қайта жүктеу» қажет. Халықаралық тәжірибе ғылымның екі негізгі моделіне негізделген – жұ­мылдырылған және ашық.

Қазақстанда бірнеше рет жүргізілген реформаларға қарамастан, соңғы 30 жылда ғылым экономикалық даму­дың драйверіне айналмады және «жұмылдыру моделі» парадигмасында қалды. Посткеңестік басқа елдердегідей, біз ғылымның барлық кемшілігін көріп отырмыз – мемлекеттік қаржы­ландыруға төмен деңгей және тәуел­ділік, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне бизнес тарапынан сұраныстың төмендігі, кадрлардың кетуі және қартаюы.

Шығындардың өсуіне қарамастан іргелі және қолданбалы зерттеулерге басымдық 82 пайызды, ал тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар 18 па­йызды құрайды. Отандық ғылымды түбегейлі жаңғыртпай, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына тең қаржыландыруды, жеке инвестицияларды 75 пайызға дейін арттыру, ғылыми кадрлар мен жабдықтарды жаңарту, интернационалдандыру бо­йынша қойылған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылымның ашық моделін қалыптастыру жөніндегі міндеттерді іске асыру үстінде. Ашық модельдің негізгі элементтері – салық жеңілдіктері, университет ғылымын қолдау, Президент жанындағы Ғылым мен технология бойынша ұлттық кеңес, ғылымды коммерцияландыру. Артықшылықтары – әлемдік дең­гейдегі университеттер құру мүм­кін­дігі, ғылыми және ғылыми-техни­ка­лық қызмет нәтижелеріне жаппай сұ­раныстың артуы, ғылыми жә­не ғы­­лы­ми-техникалық қызмет нәтиже­леріне бизнестің шығындары 70-80 пайыз­ға өсуі, ішкі жалпы өнімдегі инно­вациялық өнімдер үлесінің 40-85 пайызға жетуі.

Екінші – кадрлық әлеуетті нығай­ту. Біз ғылыми және ғылыми-техни­калық қызмет нәтижелері бойынша жұмыс істейтін ғалымдардың санын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Яғни ғалымдар-конструкторлар-тәжірибелік өндірістердің қызметкерлері арақа­тынасы 25:4:1 көрсеткішін құраса, біз оны түбегейлі өзгертіп, 1:2:4 көрсет­кішіне дейін төмендетуді жос­парлап отырмыз. Бұл тәжірибелік өндіріс­терде қызметкерлер санын арт­тыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғалымдарды ынталандыру мақса­тын­да ғылыми дәреже мен атақ үшін қосымша төлемдер белгіленеді. 2000 айлық есептік көлемінде 50 «Үздік зерттеуші» жыл сайынғы сыйлығы беріледі. Сондай-ақ жыл сайын 1000 «Жас ғалым» гранты бөлініп, докторантурадан кейінгі бағдарламалар әзірленеді. Сонымен қатар жыл са­йын 500 халықаралық тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінетін болады.

Үшінші – ғылым инфрақұрылымын дамыту. Қазіргі таңда барлығы 13 тех­нопарк жұмыс істейді. Алайда олар­­дың тиімділігі туралы мәселе та­ғы бар. Сондай-ақ ғылым институт­та­­рының және университеттер жа­нын­дағы технологияларды ком­мер­­ция­ландырудың 58 офисі және Цифр­­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты 10 технологиялық бизнес-инкубаторы жұмыс істейді. Жалпы, бұл бағыт­тың мақсаты – дамыған ғылыми инфрақұрылымы бар ғылыми ұйымдар желісін құру. Ол үшін ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғылыми инфрақұрылымы дамитын болады. Ғылыми инфра­құры­лымды дамытуға гранттық қаржы­ландырудың жаңа түрі енгізіледі. Перспективалық бағыттар бойынша жаңа ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар, инжинирингтік орталықтар, жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан технологиялық парктер құрылатын болады. Ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының тәжірибелік-конструкторлық өндірісте­рінің инфрақұрылымын дамыту, Индустрия 4.0 бағыттары бойынша трансұлттық компаниялармен бір­лескен кәсіпорындар түрінде R&D зертханаларын құру жоспарланып отыр. Ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту үшін кемінде 5 ғылыми зерттеу институты және перспективалық бағыттар бойын­ша ғылыми орталықтар құрылатын болады.

Ғылым саласының табысты дамуында университеттер маңызды басымдық болып саналады. Ғылымы табысты дамыған елдердің барлығында университеттер ғылыми зерттеулерде, ғы­лыми кадрларды үнемі жаңартып отыруда жетекші рөл атқарады. Ха­лық­аралық тәжірибеге сүйенсек, эндаумент қорлары – университеттерде ғылымның тұрақты дамуының қаржылық негізі. Елімізде бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ әлсіз. Сол себепті университтерде эндаумент қорларын қалыптастыру жұмыстары күшейтіледі. Эндаумент қорларды реттеу жөніндегі заң жобасының жеке тұжырымдамасын әзірлейміз. Эндаумент қорларға және оларды басқаруға қайырымдылық жасау үшін салықтық ынталандыруды енгізуді жоспарлап отырмыз. Коммерциялық емес ұйымдардың нысаналы капиталын қалыптастыру және пайдалану тәртібі айқындалатын болады.

Төртінші – қолданбалы ғылым және ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру. 2016 жылдан бастап Ғылым қоры ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға 3 конкурс өткізді (2016, 2017, 2018 жылдары), оның қорытындысы бойынша 151 жоба қолдау тапты. 6,7 млрд теңге жеке қаржыландыру тартылды. 2022 жылдың соңында инновациялық өнімді сатудан және қызмет көрсетуден түскен кірістер сомасы 24,9 млрд теңгені құрады. Өнім экспортының көлемі 402,2 млн теңгеге (15 жоба) тең болды. Жалпы, ғылымды қажетсінетін өнімді сатудан бюджетке салық төлемдері түрінде 5,7 млрд теңгеден астам төлем түсті. 1 419 жұмыс орны құрылды. Осы жылдан бастап біз ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыруды бастаймыз. Салалар мен өңірлер деңгейінде акселерация бағдарламасы арқылы Технологияларды коммерцияландыру кеңселері құрылады. Қолданбалы ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту үшін тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға жаңа ғылыми гранттар енгізілетін болады, ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстардың үлесі артады. Жергілікті атқарушы органдарға өңірлер экономикасының негізгі проблемаларын шешуге бағытталған қолданбалы ғылымды қаржыландыру үшін өкілеттік беріледі.

Ғылым мен технологияларды дамытуға жер қойнауын пайда­ла­ну­шылардың күрделі салымдарынан 1 пайыз аудару туралы да айта кетелік. Орталықтандыру жөніндегі ша­ралар отандық ғылымның басым­дықтарын негізге ала отырып, ғылыми зерттеу мен тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстардың шығындарын пайдалануды ретке келтіруге тиіс. Соны­мен қатар ғылыми зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тарға бөлінетін қаражат жер қойнауын пайдаланушы компанияларға берілуі ғылымға кері әсерін тигізіп жатыр. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» қоры мен жер қойнауын пайдаланушылар жүргізетін ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ғылыми-технологиялық саясаттың ұлттық басымдықтарымен үндестіру орынды. Олардың ғылы­ми зерттеу мен тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарды жүргізу тәртібіне мемлекеттік ғылыми-техни­калық сараптама жүргізе отырып, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары үшін бәсекелестік негізде ашық, қолжетімді ету қажет. Қолда бар деректер жер қойнауын пайдаланушылар есебінен ғылыми зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қосымша 100 млрд теңге тарту, жалпы келісімшарттар шеңберінде ғылыми зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тардың тиімділігін арттыру мүмкіндігін көрсетеді.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ғылыми-технологиялық саясатты әкімшілендіруді жетілдіру үшін «Ғы­лым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жа­тыр. Жоғарыда айтылған ғылым сала­сын дамытуға бағытталған бастамалар, ғылымның жаңа моделі сияқты жаңа­шылдықтар осы заң жобасының шеңберінде көзделмек. Қабылданатын заңның инновацияға және құн тізбегін кеңейтуге негізделген экономиканы дамыту логикасын көрсетуі, ғылыми-техникалық саясат мәселелерін шешудің тиімді құралдары мен тетіктерін қамтамасыз етуі маңызды болып отыр.

Көрнекті Алаш тұлғасы Жүсіпбек Аймауытұлы «Ғылым білімге қонады, ғылымсыз білім тым құрғақ», деген екен. Бұл екі ұғым – ғылым мен білім ұштасып, үйлеспейінше нәтиже болмайтыны хақ. Сол себепті ғылым мен жоғары білімді үйлестіріп, қатар дамыту бағыттары үнемі Мемлекет басшысының жіті назарында. Қазіргі күні жоғары білім саласын дамытуда да бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 

Саясат НҰРБЕК,

Ғылым және жоғары білім министрі