Қазір онлайн-платформа нарығының дәурені жүріп тұр. Қаржы сарапшылары мұнда шамамен триллиондаған қаражат айналымда жүргенін айтады. Жарнаманың 60 пайызы интернет желісіне тиесілі. Бұл сала, әсіресе, COVID-19 пандемиясы кезінде қарқын алды.
Есесіне әлеуметтік желідегі танымал адамдардың жарнамасына сеніп, миллиондаған қаржысынан айырылып қалғандар көп болды. Осыдан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Парламент депутаттары онлайн-жарнама арқылы пайда табатындар да заң алдында жауапкершілікті сезініп, салық төлеулері қажет екенін алға тартты. Заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына жіберілгеннен кейін құжат бірден қабылданды.
Интернет-жарнаманың әлемдік экономикадағы қарқыны күннен-күнге артып келеді. «eMarketer» мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын интернет-жарнамаға әлемдік шығын орта есеппен 15 пайызға өсіп келеді, ал 2025 жылы өсім 2020 жылмен салыстырғанда 100 пайыздан асады деп болжанып отыр. Мәселен, 2021 жылы интернет желісінде тауарларды ілгерілетуге 491,7 миллиард АҚШ доллары жұмсалған. Қазақстан да бұдан шет қалмайды және интернеттің отандық сегментінде барлық негізгі көрсеткіштің өсуі байқалады. Ал елімізде олардың жұмыс істеуі үшін заңнамалық негіз тиісті түрде әлі қалыптастырылмаған.
Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернет-жарнама және онлайн платформалар туралы заңнамалық негіздерді реттеуге бағытталған жаңа заң әзірлеуді ұсынды. Министрліктің мәліметінше, пайдаланушылардың өзара және онлайн-платформалар әкімшілігімен өзара іс-қимылы бөлігінде бірқатар көлеңкелі сызба бар.
«Кейінгі жылдары отандық контент тек Қазақстанда емес, ТМД кеңістігінде де танымал болып келеді. Сонымен қатар медиакеңістіктегі белсенді өзгеріп жатқан жағдайға, ақпарат көлемінің үнемі өсуіне қарамастан, дәстүрлі медианы қолдау және қорғау қажеттілігі туындайды», деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Осылайша, министрліктің ұсынған «Онлайн платформалар» және «онлайн-жарнама туралы» заң жобасы бойынша жұмысты 7 депутат жүргізді. Аталған заң жобасына жетекшілік еткен депутат, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарымның айтуынша, заңды әзірлеудегі мақсат – онлайн платформаларды пайдаланушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау.
«Азаматтар интернетте де құқықтарының қорғалуын талап етеді. Олар өздерінің артында мықты мемлекет тұрғанын айқын сезінуге тиіс. Біз қараған заң әлеуметтік желіні бұғаттауды немесе біреудің құқығын шектеуді көздемейді. Екі жыл бұрын кибербуллинг туралы заң қабылданғанда да біраз алаңдаушылық болған. Бірақ бұл заңның өміршеңдігі мен қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді», деді депутат.
Заң жобасында алдымен «онлайн платформаны пайдаланушы» және «инфлюенсер (блогер)» ұғымдары енгізіліп, олардың құқықтары мен міндеттері белгіленді. Анықтама бере кетсек, инфлюенсер – әлеуметтік қолдауға ие, сол арқылы ақша тауып жатқан және қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ете алатын адамдар. Қазір олардың басым бөлігі өздерінің танымалдылығын пайдаланып, тауар сатумен айналысады. Ал ол үшін салық төлемейді.
Депутат Айдос Сарымның айтуынша, онлайн платформалардың иелері қолданылып жүрген заңнамадағы олқылықты пайдаланып, салық төлеуден жалтарып жүр.
«Біз барлығымыз салық төлейміз, ал интернетте миллиондап ақша жинап жатқан азаматтар мемлекеттік қазынаға бір теңге де құймайды. Осы себепті блогер-инфлюенсер деген ұғымды енгізіп отырмыз. Жарнаманың сан алуан түрін заңмен бекіттік, алдағы уақытта мұның барлығы да Кәсіпкерлік кодекске, Салық кодексіне енеді. Көлеңкелі экономикада жүрген дүниенің барлығын ашық алаңға шығару, мемлекеттің қазынасын толтыруға пайдалану қажет деп есептейміз», деді заң жобасын Мәжілісте таныстырған А.Сарым.
Инфлюенсермен бірге көптеген жаңа ұғым пайда болды. Нативті жарнама, таргеттелген жарнама, яғни нақты мақсаты бар жарнамалардың барлығына қатысты арнайы баптар енгізілген. Осының негізінде мемлекеттік органдар тиісті топтармен, мүдделі ұйымдармен жұмыс істейді.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарасақ, өткен жылы интернетте жалған ақпарат тарату оқиғаларына қатысты 5,5 мыңнан астам қылмыс жасалған. Сонымен қатар қазір кейбір азамат халықтан млрд-таған қаражатты қайырымдылыққа жинап жатады. Ал қаржының қайда кеткенін ешкім есептемейді, салық та төленбейді. Осы орайда жаңартылған заңда онлайн-платформаларда жалған ақпаратты орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Онда қасақана емес, абайсызда таратылған ақпарат үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Ал егер мұндай әрекет қайталанса, айыппұл көлемі еселенеді. Мұндай жауапкершілік заңды тұлғаларға да қатысты.
Алайда жалған ақпарат түсінігінің аясы кең. Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, қазір әлеуметтік желілерде шенеуніктерге, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерге қатысты сын-пікірлер, комментарий, посттар жиі жазылады.
«Ертеңгі күні соның барлығы да жалған ақпарат деген ұғымның ішіне еніп кетпей ме? Аталған заң жобасындағы жаңалықтар сөз бостандығы қағидаттарын, азаматтардың еркін ақпарат алу тарату құқықтарын шектеп тастамай ма?», дейді депутат.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі заң алдында бәрі бірдей деген пікірін айтты. «Шенеунік те, азамат та, инфлюенсер де, желі қолданушысы да заң үстемдігі алдында бәрі бірдей. Екіншіден, бізде сөз бостандығына кепілдік берілген. Сондықтан бұның барлығы Конституциямызға қайшы келмейді. Үшіншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін сын болу керек. Бірақ сын шын болу керек. Егер ол жалаға құрылса, онда сотқа жүгіне алады. Біз жалған мен жаланың аражігін ажырата білуіміз керек», деді министр.
Енді интернеттен пайда тауып отырғандар салықтан жалтарып кетпейді, өйткені заңда көрсетілгендей егер салық төлемейтін жағдайлар болса, интернет платформа иесі тиісті мемлекеттік органдар алдында жауап береді. Сондай-ақ онлайн платформаларда құқыққа қайшы контент анықталған жағдайда оның заңды өкіліне ақпаратты жою қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Егер бұл талап орындалмаса, онда уәкілетті орган онлайн-платформаның қызметін шектеуге құқылы.
Сонымен қатар онлайн платформаның, мәселен әлеуметтік желідегі белгілі бір парақшаны қолданушылар саны асқан соң, парақша иесі бірқатар мәселеге жауапты болады. Соның бірі – мемлекеттік тілді қолдануға қатысты.
«Интернетте осы ресурсты пайдаланушылардың санын анықтау үшін бағдарламаны орнату және уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайтын өзінің заңды өкілін тағайындау жөніндегі талап белгіленді. Сондай-ақ кез келген әлеуметтік желінің контенті орыс тілінде жазылып, испан тіліне аударылса, қазақ тіліне де солай аударылуға тиіс. Қазақ тілінде заңсыз контент болса, өздері модерация жасай алуы керек. Яғни қазақша білетін маман болуы қажет», деді депутат А.Сарым.
Бұдан бөлек заңда онлайн платформаларды пайдаланушыларға парақшаларында орналастырылатын онлайн-жарнаманы таңбалау, сондай-ақ өз қызметін міндетті түрде кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізу міндеттемелері де қарастырылған.
Айтпақшы, «Онлайн платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын мәжілісмендер ТМД елдері арасында алғаш болып талқылап, бекітті. Ал мұндай заң нормалары Еуроодақ мемлекеттерінде бұрыннан қолданылады.