• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Маусым, 2023

Жетісудың экономикалық әлеуеті

326 рет
көрсетілді

Жетісу – аграрлы өңір дегенімізбен, туризм саласында бірегей жобаларды қолға алмақ. Мәселен, Текеліде шаңғы-биатлон кешені салынып, «Бұрхан–Бұлақ» сарқырамасына дейінгі жол қайта жаңартылады. Одан бөлек, қант қызылшасының өнімі 2 есеге артады. Мұның бәрін облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында кеңінен тарқатып айтып берді.

Алдымен Абай облысындағы қайғылы жағдайды еске алып, қазаға ұшыраған жандардың отбасына көңіл айтқан облыс басшысы жетісулықтар қандай да бір көмекке дайын екенін жеткізді. Табиғат аясында өткен жиында облыстың былтырғы және биыл­ғы 5 айдағы әлеуметтік-эко­но­микалық даму барысы баяндалды.

«Қазіргі облыс халқының саны – 700 мың адам, жер көлемі – 118 мың шаршы шақырым. Алматы облысының құрамы­нан бөлінгенде өңірімізде экономи­каның құрылымына, бюджет кірісінің аз бөлігі қалуына, тағы басқа объективті факторларға байланысты бірқатар көрсеткіш төмендеген еді. Дегенмен 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша облыста барлық негізгі нысаналы индикаторға қол жеткізіліп, облыс аймақтар арасында төртін­ші көрсеткіш көрсетті», деді Б.Исабаев.

Оның айтуынша, сауда айналымы – 1,8 есеге, республикалық бюджеттің түсімдері – 2,8 есеге, құрылыс көлемі – 31,3 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 14,1 пайызға артқан. Жалпы, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3 пайызға жеткен. Биылғы облыс бюджеті 486 млрд теңгені құрап отыр.

 Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жетісуға келгенде өңірді әлеуметтік-экономикалық жағы­нан одан әрі дамыту бағы­тында бірқатар тапсырма берген еді. Бүгінде соған сәйкес пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалға былтыр аэроғарыштық түген­деу жұмыстары нәтиже­сінде пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1077,2 мың гектар жер анықтал­ған. Оның 857,2 мың гектары – жайылымдық жер. Қабылданған шара­лар нәтижесінде жайы­лым­дық жердің 327 мың гектар айналымға еніп, 401,7 мың гектар жер иелеріне бұзушылықтарды жоюға 1 жыл мерзімге нұсқама берілген. Ең бас­тысы 128,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

 Қант саласын дамыту аясында осы жылы қант қызылшасының алқабы 2 есеге ұлғайған. Одан 47 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің қантқа деген сұранысын қанағаттандырып, басқа облыстардың да талабына толық жауап бере алады. Дегенмен өңірде су мәселесі шиеленісіп тұр. Қазір шаруалар егінге толық су жетпейтінін айтуда. Бұл ретте өңір басшысы су шаруашылығы нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатқанын назарға алды.

«Ислам Даму банкі қаража­ты есебінен Ақсу ауданында 6,3 млрд теңгеге суару жүйе­лерінде жүргізіліп жатқан құры­лыс жұмыстары биыл аяқта­лады, ал Көксу ауданында осы жылы басталады, оған 8,3 млрд теңге қарастырылған. Нәти­жесінде, Ақсу ауданында – 11,5 мың гектар, Көксуда 13,6 мың гектар жер сумен қамтылады. Сонымен қатар Ақсу ауданындағы Қызылағаш суару массивінің құрылысына республикалық бюджеттен 8,9 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күнде су құбырлары салына бастады. Бұл шаруа да биыл бітуге тиіс. Нәтижесінде, 6,7 мың гектар жерге суару жүйелері салынады, оның 5,3 мың гектары – жаңа жер. Жалпы, 30 мың гектар алқап суар­малы сумен қамтылады», деді Б.Исабаев.

Аграрлы өңірде басым бағыт ауыл шаруашылығына беріле­тіні мәлім. Бұл ретте ауыл халқы­ның табысын арттыруға бағыт­талған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде 3,2 млрд теңге бөлінген. Соған сай 562 үміткерден пул қалыптас­тырылған. Бүгінде оны мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жалпы, өңірде барлық салада инвестиция тарту жұмыс­тары жүйелі жүргізіліп келеді. Оған қоса 10 жылдам астам уақыттан бері тоқтап тұрған жоғары маркалы кремний өндіретін «Kazsilicon» зауыты қайта жаңғыртылмақ. Текелі қала­сында темірді тікелей қал­пына келтіретін, қуаты 20 мың тонналық «Электромарганец» зауыты жұмыс істеп тұр. Жаң­ғыртудан өткізілген Ақсу қант зауыты да осы жылдың тамыз айында іске қосылады.

Баспасөз мәслихатында білім, медицина, спорт саласында атқарып жатқан жұмыстар да айтылды. Жалпы, өңірде 2025 жылға дейін 21 жаңа мектеп салынып, шалғайдағы 34 елді мекенге блокты-модульдік меди­ци­налық пункт орнатылмақ. Оған қоса 8,2 млрд теңгеге 14 спорт нысанының құрылысы жүргі­зіледі. Жыл соңына дейін тағы 11 нысан қолданысқа беріледі.

Баяндамадан кейін, өңір басшысы тілшілердің сұрағына жауап берді. Мәселен, өңір орталы­ғынан алыста орналасқан елді мекендердің жайы мен жолы талқыланды.

«Жетісу облысының ең шал­ғай ауылының бірі – Көпбірлік, Бәйшегір ауылдары. Қаратал ауданында болған кездесуімде ауыл ақсақалы: «Ауыл аудан орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Ал сол ауылға жететін жол жоқ. Осы мәселені шешу қашан қолға алынады? Сіз төртінші әкімсіз, жолға көңіл бөлмесек болмайды», деді. Расында да, аталған ауылдар өте шалғайда жатыр. Ақсақалдың сауалы орынды және менің жүре­гіме қатты батты. Осы мәсе­леге байланысты жолдың бар­лығын өз көзіммен аралап, көріп, бейне­­таспаға түсіріп алдым. Шын­дығында жолдың тозығы жеткен екен. Осыған байланысты биыл 40 шақырым жол жасалады, келер жылы қалғанын жөндейміз», деп жауап берді Б.Исабаев

Одан кейін «Еуразия» телеар­на­сының тілшісі Берік Ақтанның сауалы да өзекті болды. Ол: «Қабан­бай ауданын қайта ашу жоспарда бар ма?» деп сұрады әкімнен. Бұл жайында облыс басшысы түйткілді мәселелерді айта келе, ауыл халқымен жүз­де­сіп, әңгімелескенін жеткізді. Дегенмен аудан ашылмайды, бірақ барлық қолдау болатынын атап өтті. Мұнымен қоса көптің көкейінде жүрген білім саласындағы былықтар да айқын, ашық айтылды. Одан бөлек әкім кадр мәселесі туралы да ойын бүкпесіз жеткізді.

Жалпы, аталған брифинг халық­тың көкейінде жүрген көп сауалға жауап берді. Оны онлайн бақы­лап отырған өңір тұрғын­дары да, зиялы қауым өкілдері де жоғары бағалап, ризашылығын жеткізді.

«Бұған дейін де басқа әкім­дердің есебін көрдік қой. Бүгінгі әңгіме басқаша болды. Баяндамада әдеттегідей жыл басынан бері атқарылған іс шаралар нақты цифрлармен айтылды. Әңгіменің көрігі сұрақ-жауап бөлімінде қызды. Бетіне келгенді бұқтырып, ырқына көнбегенді ықтырып жіберетін басшыларды да көргенбіз. Бүгін журналистер өздерінің төртінші билік екендіктерін сезініп, әкіммен терезесі тең адамдай сөйлесті. Ауыздарына қақпақ болған еш­кім болмады. Жол, ауыз су, газдандыру, мал шаруашылығы, қант мәселесі, туризм, баспана, білім саласы секілді көптің көңіліндегі сауалдар қойылды», деді ардагер журналист Жұмахмет Жайлаубаев.

 

Жетісу облысы