Қостанайда кезінде Тобыл жағалауын мекендеген Мінайдар болыс бастаған қазақ байларының қаржысына салынған Марал ишан атындағы ақ мешіттің 130 жылдық белесі аталып өтті. Дүбірлі тойға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай, өңір зиялылары, Марал ишан Құрманұлының Тобыл, Сыр өңірі мен Ташкентке тараған ұрпақтары келіп қатысты.
Мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіш саналатын көне ғимаратты салу жұмысын ұйымдастырған жергілікті татар көпесі Әбдуәлі Яушев 1893 жылы мешіт құрылысын толық аяқтап, халыққа тапсырып береді. Көнекөз қариялардың айтуынша, мешіттің ашылу құрметіне орай үлкен той өткен. Осы тойда атақты Нұржан ақын күресіп, түйе балуан атанған. Содан бері қырық жылға жуық ел игілігіне қызмет еткен ақ мешіт 1931 жылы қалалық кеңестің шешімімен жұмысшылар клубы болып өзгертіледі. Ал соғыс жылдары эвакуациялық орталыққа айналған мешіт ғимаратын Ленинградтан қоныс аударып келгендер паналайды. Соғыстан кейін жергілікті мұсылмандар мешітті қайтарып беруді өтінген екен, бірақ қала басшылары халықтың бұл өтінішін ескерусіз қалдырады. Осылайша, қасиетті ақ мешіттің ғимаратында соғыстан кейінгі жылдары кинотеатр, ал 1980 жылдан 1991 жылға дейін филармония жұмыс істейді.
Араға жетпіс жыл салып, яғни 1991 жылдың қараша айында ғана ақ мешіт қайтадан өз қызметіне көшеді. Ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде неше жыл бойы күтім көрмей тозығы жеткен ғимарат қайта жөндеуден өтіп, бастапқы қалпына келтірілді. Кезінде алынып тасталған көк күмбезі орнына қайта қондырылып, мұнарасы ұзартылды.
2002 жылы ХІХ ғасырдың сәулет ғимараты саналатын ақ мешітке Марал ишанның аты берілді. Мешіттің әулие бабаның есімін иемденуіне сол кездегі бас имам Ертай қажы Балахметтің зор еңбек сіңіргенін де айта кету керек.
Мешіттің 130 жылдығына қайта оралсақ, мерейтой барысында, веломарафон, ақындар мүшәйрасы, қарилар арасында аймақаралық Құран жарысы өтті. Оған Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Абай облыстарының кәлім-шәріфті толық жаттаған 13 өкілі қатысты. Нәтижесінде, құранның 30 парасын жатқа оқудан бірінші орынды Павлодар облысынан келген жас қари Әліби Бөрібаев иеленіп, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық алды. Екінші орынды жеңіп алған Әлібидің жерлесі Гиесжан Әбдіқадыров 700 мың теңгенің сыйлығын иемденсе, үшінші орын алған Қостанай облысының қариі Сұлтан Нұрмахамбетке 500 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.
Мерейтойдың мән-мазмұнын арттыра түскен іс-шараның бірі «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында өткен «Мешіт – мейірімділік мекені» атты республикалық ғылыми конференция болды. Жиын барысында «Марал ишан атындағы ақ мешіт» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа ақ мешіт туралы әр жылдары жазған мақалалар, архив құжаттары мен фотосуреттер, Марал ишан туралы жазылған ғылыми мақалалар мен көркем дүниелер енген.
Конференция мінберіне шыққан зиялылар ақ мешіттің тарихын арыдан қаузап, Марал ишан Құрманұлының діни, саяси қайраткерлігі туралы ой толғады.
– Бір мақаладан «Қазақ – тарихын мазармен бекіткен ел» деген жолды оқығаным бар. Естіген құлаққа жағымсыз жетеді. Ал үңіліп қарасақ, бабаларымыз сыртта жүріп шейіт болған батырын, ақынын, әулиесін жат елде қалдырмаған. Қай өңірде аруақты ерлеріміз бен ел аузында қалған аналарымыз жатса, сол елдің иесі де – өзіміз екені ақиқат. Ертіс –Баян өңіріндегі Мәшһүр Жүсіп, Көкше өңірінен шыққан Алашқа мәлім Науан хазірет, Үш жүздің пірі Марал ишан – қазақтың ел болуына, дін мен дәстүрін жеткізуге зор еңбек сіңірген тұлғалар. Марал бабамыз теріскейдегі Қостанай жерінде туып, күнгейдегі Сыр бойында жатуы Қазақ жерінің ортақ тумасы екенін айғақтайды, деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай.
Конференциядан кейін Марал ишан ұрпақтары ас берді. Астың соңы қайырымдылық акциясына ұласып, көпбалалы және тұрмысы төмен 130 отбасына азық-түлік таратылды.
Қостанай облысы