• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Театр 14 Маусым, 2023

Соқыр сүйіспеншілік синдромы

325 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Ілияс Омаров атын­дағы қазақ драма театры жиырма үшінші маусымын «Шолпанның күнәсі» премьерасымен аяқтады. Мағжанның әйгілі шығармасын сахналаған – театрдың көркемдік жетекшісі, Тобыл өңіріндегі өнер ордасына тың ізденіс, соны серпін әкелген шебер режиссер Батырбек Шамбетов.

Драманың негізгі өзегі отбасы жарасымын, ошақ қасының жылуын баян­ды етіп, артында із жалғайтын ұрпақ қалдыру дейтін ізгілікті көру маңдайы­на бұйырмаған бақытсыз әйелдің тұрлау­сыз тағдырына құрылған. Сахнадағы оқиғалар негізінен бас кейіпкерлер Шолпан мен Сәрсенбайдың арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, бала сүю бақытын аңсап үміттену, тығырықтан шығар жол іздеп адасу, бір-бірінен түңі­лу, ақыр соңы ақ отаудың шаңырағын ортасына түсіріп, өмірден баз кешу секілді көріністер арқылы өрбиді.

Драмадағы басты айтылар ой түйіні – «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген халық даналығына келіп тіреледі. Өзі жақсы көріп қосылған Сәрсенбайға деген соқыр сүйіспеншілікке арбалған Шолпан қызығы мол тәтті күндерін қимай, Алладан «Бала бере көрме! Бала Сәрсенбай екеуміздің арамыздағы сүйіспеншілікті солдырады. Үй ішінің шырқын кетіреді. Маған бала емес, Сәрсенбай ғана керек» деп тілейді.

Алла тілегін қабыл еткен Шолпан баласыз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екенін кеш түсінеді. Осы уақытқа дейін бала сүюді қаламаған шерлі әйел енді сәби иісін аңсап, жатса да, тұрса да Жаратқанға жалынып, кешірім сұрап, бала тілейді.

Театр сахнасы кино алаңы емес, мұнда кеңістік тар, мүмкіндік аз. Сон­дықтан шығармада сөзбен суреттелген негізгі ойды адастырмай сол қалпын­да көрерменнің көкейіне қондырып, ұтым­ды жеткізе білу үшін кейде режиссерге тосын әдіс іздеп табуға тура келеді. Сахнагердің шеберлігі де осындай сәтте сыналады. Мәселен, біз сөз етіп отырған драмада Шолпанның бала бітпеген бос құрсағын режиссер Батырбек Шамбе­тов қаңғырлаған қуыс шелек арқылы тұспалдап береді. Бір перзентке зар болып, Алладан күні-түні медет тілеген шарасыз әйел күн сайын таңертең ояна салып құдықтан шелек тартады. Бірақ шелек қаңғырлап бос шыға береді. Бос шелекті құшақтап зарлаған Шолпанның шері жан жүрегіңді езіп жіберердей тым ауыр.

«Сөз жоқ, Сәрсенбай – белсіз. Сон­дық­тан бала жоқ. Бала жоқ болған соң мен бақытсызбын. Мен бақытсыз бол­ғанда Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді улаушы екенін ойлап, оның жүрегі жанбай ма? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз. Ендеше осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады?» деген ойдың арбауында қалған шарасыз Шолпан ақыры Әзімбайдың құшағына құлайды.

Отбасының жылуын сақтап қалу жолында кешірілмес күнәға батқан Шолпан ақыры бойына бала біткенін байқайды. Бұл жерде режиссердің тағы бір ұтымды шешімін аңғаруға болады. Сахнада бала бейнесі қоңырау арқылы беріледі. Сәрсенбайдың отауына көп қоңырау ілінген. Бірақ ол қоңырауларды қанша қақсаң да, сыңғырлап үн шығармайды. Үнсіз, тілсіз қоңыраулар. Үнсіз қоңырау бұл үйде бала жоқ дегенді меңзейді. Шолпан құдықтан шелек тартқанда да бір-екі рет ішінен қоңырау табылады. Бірақ ол да мылқау қоңырау болып шығады. Ал Әзімбаймен көңіл жарастырған соң, шелекке ілінген қоңырау сыңғырлап қоя береді. Бұл Шолпан бала көтерді дегені. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармайды. Сүйген жарының ары таза еместігіне көзі жеткен соң, дүлей ашуға бой алдырған Сәрсенбай әйелін дырау қамшымен сабап өлтіреді.

Бұл жерде Шолпан бейнесін асқан шеберлікпен сомдап шыққан жас актриса Диана Тұрсынованың сахнагерлік өнері күллі көрерменді тәнті еткенін айтпай кетпеске болмайды. Сәрсенбай, Әзімбай, бақсы, көрші үйдің екі келіні сияқты кейіпкерлер сахнаға алма-кезек шығып отырды. Ал Диана Тұрсынова қойылымның басынан аяғына дейін көптің көз алдында Шолпан болып туды да, Шолпан болып өлді. Осылайша, ба­­сы сайран, аяғы ойран бүтіндей бір ғұ­мыр бас-аяғы бір сағат уақыттың ішін­де зал толы көрерменді күңіренте өте шықты.

– Мағжанның «Шолпанның күнә­сі» әңгімесін алғаш оқығанымда, «тәп-тәуір ер азаматының көзіне шөп салып, арды аттаған ақымақ әйелді жазғаны несі? Бұдан не тәлім алуға болады?» деп ұнатпап едім. Кейін Бейімбет Майлиннің «Күлпашын» оқыдым. Күлпаш баласы Қали мен күйеуі Мақтымды аштықтан құтқару үшін Жұмағазыға тиеді ғой. Сол сәтте ойыма Шолпан сап ете қалды. Әрине, бұл – үлкен трагедия. Бірақ әйел адам өз отбасын сақтап қалу үшін қан­дай құрбандыққа болса да барады екен деген ой келді. Содан ары ойланып-бері ойланып, ақыры бір жылдан кейін «Шолпанның күнәсін» сахналап көрейін деген шешімге келдім, – дейді режиссер Батырбек Шамбетов.

 

Қостанай облысы