«Кадр бәрін шешеді» дейтін тәмсіл бұрыннан бар. Осы қағиданы ұстанатын қазіргі жұмыс берушілер алдымен маманның біліктілігіне назар аударады. Әсіресе мұнай-газ өнеркәсібі кең қанат жайған Атырау облысындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасу оңай емес. Сол себептен өңірде мамандарды тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу қолға алынған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, пилоттық жобаны «Еділ-Орал.kz» серіктестігі іске асырады. Осы мақсатта биылғы ақпанда тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері, Атырау облысының әкімдігі мен «Еділ-Орал.kz» ЖШС арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Осыған орай аталған серіктестік өкілдері 16 мамандықты сертификаттауды ұсынып отыр. Қазір мамандардың біліктілігін арттыратын оқу орындары анықталып, серіктес болатын жұмыс берушілер белгіленді.
– Кадрларды тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізумен қатар, «Білім беру жүйесінде кәсіптік стандарттарды қолдану» жобасы да қанатқақты режімде іске асады. Осыған орай бірлескен жұмыс тобы құрылып отыр. Ал қанатқақты жоба іске қосылғаннан кейін «Еділ-Орал» серіктестігіне өндірістік мекемелердің жұмысшылары мен кәсіптік білімі бар жұмыссыздар өтінім бере алады. Өтінім бергендер сертификаттау бойынша қосымша білім алады. Осыдан кейін олардың, кәсіби дағдысы нақтыланып, тәуелсіз сертификатқа ие болады. Бұл өңірде жоғары санаттағы жұмысшылар қатары артып, халықаралық деңгейдегі сертификатты иеленуіне ықпал етеді, – дейді Азамат Мәмбетов.
Мұнайлы өңірде жұмыссыздар қатарын азайтуға ықпал ететін тағы бір жоба іске асырылып жатыр. Бұл – «Күміс жас» жобасы. Жыл соңына дейін аталған жобамен 600 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
– Биылға дейін «Күміс жас» жобасына 58 жастан асқандар ғана қатысатын еді. Енді салалық министрлік тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейін сараптап, жобаға қатысушылардың шекті мөлшерін 50 жасқа дейін төмендетті. Бұл әртүрлі себеппен жұмысынан босап, табыссыз қалған жандар үшін тиімді болып отыр. Бағдарламаның жұмысқа орналасушы үшін де, жұмыс беруші үшін де тиімділігі бар. Өйткені осы бағдарламаға қатысушының жалақысын мемлекет субсидиялайды, – деп түсіндірді Азамат Мәмбетов.
Оның айтуынша, «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Жалақы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрайды. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқандар үшін субсидия мөлшері де әртүрлі болып белгіленген. Мәселен, жұмысшының алғашқы 12 айдағы жалақы мөлшерлемесінің субсидиясы – 70%. Ал 13-24 айға дейінгі аралықта 65%, соңғы 12 айда 60% мөлшерінде субсидия беріледі.
– Атырау облысында «Күміс жас» жобасымен 343 адам жұмысқа қабылданды. Әсіресе, Жылыой және Индер ауданының шаруагерлері аталған жобаны тиімді пайдаланып отыр. Қазір Атырау қаласында 112, Жылыой мен Индер ауданында 46, Құрманғазыда – 18, Қызылқоғада – 38, Мақатта – 25, Махамбет ауданында 29 адам «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасты. Оларға зейнетақы төлемі аударылады, – деп мәлім етті басқарма басшысы.
Атырау облысы