Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020-2023 жылдары тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсті. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30 пайызға өседі. Осылайша, еліміздегі 97 мыңнан астам педагогтің жалақысы 2,5 есе артады.
– Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жүзеге асырылатын педагогтердің жалақысын жыл сайын арттыру бастамасы оң нәтиже берді. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру бойынша министрлік жүйелі жұмыс жүргізу үстінде. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Әдістемелік кабинеттер жанынан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету үшін мобильді топтар құрылды, – деді Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева.
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты мен мамандығы бойынша кадрлар даярлау 39 жоғары оқу орны мен 119 колледжде жүзеге асырылады. Колледждер өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдармен бірге «Педагог» кәсіби стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді және оқу бағдарламалары мен жоспарларын жаңартады.