• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тәрбие 14 Маусым, 2023

«Туа білген халық тәрбиелей де білу керек»

272 рет
көрсетілді

Елімізде ресми есепте 6 616 774 бала тұр екен. Оның ішіндегі 3,7 миллион жасөспірім 17 жасқа дейінгі оқушылар санатында. Ал ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының дерегіне сүйенсек, олардың 66 пайызы білім алу кезеңдерінде зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке тап болады екен.

Бұл туралы «Amanat» партия­сы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің екінші отырысында Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мәлімдеді. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құ­зырлы органдардың және үкі­­меттік емес ұйымдардың өкіл­дері қатысты. Жиында жас­өс­пірімдер мен жастар арасын­дағы буллингтің таралуы жә­не жастардың психикалық денсау­лығы мен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды.

– Мемлекет басшысы өске­лең ұрпақтың қауіпсіздігін қам­тамасыз етіп, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу жөніндегі мемлекеттік бақы­лауды күшейту қажет екенін айт­қан еді. Мамандардың айтуын­ша, қорлау мен бопсалау эле­менттері балалардың бойын­да суицидтік мінез-құлық қалып­тастырады. Өкінішке қарай, ДДҰ-ның дерегіне сәйкес, еліміз жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша әлемде 10-орында тұр, – деді кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы.

Отырыста Оқу-ағарту минис­трлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы На­сымжан Оспанова да буллинг  жасөспірімдер арасындағы өте өткір мәселе екенін айтты. Оған жол бермеу мақсатында ведомство биыл наурызда мектепішілік есепке алу тәртібін реттеуді көздейтін әдістемелік ұсынымды бекітіпті.

– Бұл ұсынымдар ерекше назар аударуды және уақ­­тылы әлеуметтік, психо­ло­гия- ­­­лық-пе­­да­гогикалық көмек көрсе­­­ту­­ді қажет ететін оқушылар­ды ерте анықтауды көздей­ді. Балалар арасындағы әлім­жеттіктің алдын алу және ондай оқиғаларды дер кезінде анықтап отыру мақса­тында жыл сайын 11 мыңнан аса педагог оқытылады. Сон­дай-ақ министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, өз-өзі­не қол жұмсаудан қорғау жә­не олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақса­тында 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға ұсынды, – деді комитет төрағасы.

Ал Денсаулық сақтау сала­сында былтыр еліміздегі 1 456 медицина қызметкері суицид­тің алдын алу бойынша ар­найы оқытылған.

– Елімізде психиатр тап­шылығы 40%-дан 15%-ға дейін төмендеді. 2022 жылы еліміздегі білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының психологтері 411 жасөспірімге қолұшын созды. Жалпы, ел аумағында тұрғындарға 20 пси­хикалық ден­саулық орталы­ғында, қалалық емханалар деңгейінде 76 бастап­қы психикалық денсаулық ор­та­лығында, ауылдық деңгей­де 203 психикалық денсау­лық каби­неттерінде мамандан­ды­рылған медициналық көмек көрсетіледі, – деді денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.

Кеңесте прокурорлар 2 жылда уәкілетті, жергілікті атқарушы органдарға 163 қадағалау актісін енгізгенін, 508 лауазымды тұлға жауапқа тартылғанына назар салды. Алайда көрсеткіш өзгермей тұр.

– Былтыр балалар арасындағы суицид біршама төмендегенімен, өкінішке қарай, биыл 5 айда бұл жағымсыз үрдіс 33,3%-ға, яғни 54-тен 72-ге дейін артып отыр. Талдау нәтижесі 13-17 жас аралығындағы балалар өз-өзіне қол жұмсауға мейлінше бейім екенін көрсетті. Балалар көп жағдайда өз-өзіне үйде қол жұмсайды, – деді Бас прокуратураның қоғамдық мүдде­лерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет.

Жиын соңында кеңес төр­ағасы Нартай Аралбайұлы елі­мізде жастар мен жасөс­пірім­дер арасындағы әлімжеттік­тің, суицидтің алдын алу іс-шара­лары жүйелі түрде жүргі­зіліп жатқанымен, отандастарымыз оң нәтижені сезінбей отырғанын жеткізді.

– Жасөспірімдер мен жастар арасында өктемдік, әлімжеттік бар екенін білсек те, нақты қан­ша бала оның құрбаны болып жатқанынан бейхабармыз. Мә­лімет жоқ болған соң, құзыр­лы органдардың жұмысын да тиісті деңгейде бағалай алмай отырмыз. Бала – әрқайсымыздың, тіпті тұтас мемлекетіміздің бола­шағы. Сондықтан оларды тол­ған­дырған мәселеге атүсті қарауға болмайды. Бүгін осы олқы­лықтың орнын толтыруға қатыс­ты бірқатар нақты ұсыныс айтылды. Оның барлығы тиісті мем­лекеттік мекемелерге жолданады. Тіпті қажет болған жағ­дайда заңға өзгерістер енгізуге атсалысамыз, – деді ол.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Талдау және ақпарат орталығы жүргізген мониторинг нәтижелері көрсеткендей, «Қазнетте» былтыр суицидті насихаттайтын ақпаратты таратудың 88 фактісі анықталған. Ал кәмелетке толмаған балалардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес немесе биометриялық деректерді, өзге де ақпаратты таратудың – 21, азаматтардың дербес деректерін заңсыз таратудың – 100, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпаратты халыққа жаюдың 147 фактілері әшкереленді.

«Туа білген халық тәрбиелей де білу керек. Ұрпағыңды өмірге әкелген екенсің, оны баули да біл», дейді жазушы Ғабиден Мұстафин. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі – ұлттың мойнында.