Өнімдеріміздің халықаралық нарықта танымалы некен-саяқ. Мұндайда маңдайы жарқыраған мұнай мен мұнайдан алынатын өнімдерден өзге, күллі әлемде көш бастаған уран өндірісін мысалға келтіре аламыз. Ішінара кондитерлік өнімдер мен ет және ұн қосылған сапалы тағамдарға да сырттан сұраныс жоғары...
Соңғы деректер бойынша, бүгінде бар-жоғы 400-ден астам отандық компания өз өнімдерін шетелге экспорттайды екен. Осыған қарап, жаһандық сауда сөресінде шикізаттық емес тауарлар экспортының үлесі әлі де төменгі деңгейде екендігін байқау қиын емес. Тіпті сыртқы нарық тұрмақ, өзіміздің ірілі-ұсақты сауда орындарында да шеттен жеткізілетін тауарлардың тасасында қалып қоятын отандық өнімнің жайы көңіл көншітпейді.
Осы орайда «Мемлекет өз өнімдерін әлемдік аренаға алып шығуға шешім қабылдайтындарды қалай қолдайды?», «Қазақстанда жасалған» бренді қаншалықты бәсекеге қабілетті?», «Бұл ретте тауар өндірушілер Үкімет тарапынан нақты қолдау көріп отыр ма?», «Жоқ әлде бәрі бұрынғыдай қағаз жүзінде шектеле ме?», деп келетін көп сауал туындайды.
Бұл жөнінде Қазақстан ет шаруашылығы одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев: «Бөлшек сауда саласындағы реттеулер мен нақтылық, заң жүзінде белгіленген басымдықтардың болмауынан, отандық тауар өндірушілердің нарықтағы орны елеусіз қалып келеді. Еліміздің сауда сөрелерінде өзімізде өндірілген өнімдер жоқтың қасы. Қазір дайындық үстіндегі «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық бағдарламасында отандық өндірісті қолдау мен дамыту мәселелері толығымен қамтылуы керек», деген ойын жеткізді. Жалпы, біздің тауар өндірушілеріміз бұл бағдарламаны өзекті деп санағанымен, осыдан 10-15 жыл бұрын ерте жүзеге асырылғанда ісіміз өрге басып, халықаралық сауда нарығында да есебіміз түгел болар еді, дегенді айтады.
Десек те, сауда желілерінде импорттың басымдылығынан тұтынушылардың отандық өнімге деген сенімі әлі де қалыптасар емес. Осы орайда отандық өндірушілер үшін «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған шаралар, өзіміздің өнімдерге оң септігін тигізіп, өз кезегінде сапалы әрі қымбат емес азық-түлікті көбірек өндіруге мүмкіндік туғызса, сонымен қатар импорттық өнімдерді емес, елдегі өндірушілердің мүддесіне сай қолдау көрсетілсе, құба-құп.
Біздегі өндірістік бақылау импорттық тауарлардың сапасына қарағанда өзімізде өндірілетін өнімдерге әлдеқайда қатаң түрде тексеріс жүргізетіндері бар. Жергілікті ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен салық басқармалары сатылымдағы импорттық тауарларды тек шағым түскен жағдайда ғана жылына бір рет сапасын анықтайды, өзімізде өндірілетін өнімдерге әртүрлі сылтау тауып, ақыр аяғы стандартқа сай еместігін алға тартуы қалыпты жағдайға айналып отырғаны жасырын емес.
Кәсіпкерлер әлемнің еш жерінде мұншалықты бақылау жоқ, бұл жолды кім және неге реттегені белгісіз, бірақ кез келген жағдайда бөлшек сауда желілері импорттық тауарларды алға жылжыту үшін аталған ережелерді белсенді түрде қолданады. Соның салдарынан кейбір өңірлердің бөлшек сауда сөрелеріндегі ет пен шұжық өнімдерінің 80 пайыздан астамы өзіміздікі емес дейтіндер де бар. Сондықтан «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық бағдарламасы импорттық өнімдерге бақылауды түбегейлі күшейтетін өлшемшарттар мен бастамалар кешені болуы керек.
Тамақ өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындарға, әсіресе нарықта ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан және тұрақты жоғары беделге ие кәсіпорындар үшін де преференциялар қажет. Сауда желілеріне қол жеткізу мүмкіндігінше жеңілдетілуі, тексерулер барынша азайтылып, отандық кәсіпорындар толыққанды дамуына және тұтынушының лайықты таңдау мүмкіндігіне ие болуына жағдай жасалынуға тиіс. Қалай десек те, өз өндірушілеріміз нақты қолдау көрмей отырғаны анық.
Осыдан соң одақ төрағасы ойын былайша жалғады. «Өндірушілерге Ауыл шаруашылығы министрлігі әрдайым қолдау көрсетіп келеді, бірақ бар жағдайда декларациямен шектелетіні бар. «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының жол картасы аясында азық-түлік супермаркеттеріндегі бөлшек сауда сөрелерінің кем дегенде 50 пайызын еліміздің тауарларына беру ұсынылған, бірақ ол да шешімін таппай тұр. Отандық азық-түлік өндірушілер экономиканың маңызды сегментін білдірсе де, Сауда және интеграция министрлігі мен осы саладағы саясатты анықтайтын басқа құрылымдар отандық өндірушілерге көңіл білдіргенімен бөлшек сауда желілеріне көбірек назар аударады. Сондықтан да сауда туралы заңнаманы бірқатар аспекті бойынша пысықтау қажет. Мәселен, көршілес Ресейде еліміздің өндірушілері үшін бөлшек сауда желілері арқылы төлемді кешіктірудің шекті мерзімі белгіленген. Олар 90 күннен немесе одан да көп уақытқа дейін өзгеруі мүмкін. Ал өздерінің жергілікті тұрғындарына сүт 5 күн, тез бұзылатын ет өнімдеріне 3 күннен асырмайды. Біздің бөлшек сауда желілері төлемді кейінге қалдыра алады. Оның үстіне олар сапаға қызықпайды, ең бастысы көбірек табыс тапса болғаны. Соның салдарынан еліміздегі тауар өндірушілердің пайдасы жеткіліксіз, олардың табысын дамуға, өсуге, кеңейтуге, қайта инвестициялауға мүмкіндіктері жоқ. Бағасы жағынан бәсекеге қабілетті импорттық тауарлар оларды нарықтан ығыстырып шығарады. Әсіресе сол Ресей мен Беларусьтің алпауыт компаниялары бизнесінің көлеміне байланысты бөлшек сауда желілерін оңай қызықтырады».
Әлемдік тәжірибеде отандық өндіруші қашанда басымдыққа ие. Сауда желілерінде бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілері өнімдерін өз аймақтарына таратып, одан кейін қалған орынды импорттық заттарға ұсынады екен. Сонымен қатар олар экспорттық өнімдерге қолдау көрсетпейді және оған зәру де емес. Әрі міндеттейтін ережелер мен талаптар да жоқ. Нәтижесінде, барлығы қарапайым экономикамен, яғни олардың пайдасымен анықталады. Импорттық өніммен жұмыс істеп, көбірек табыс табуға келгенде біздің өнімдерді өз сауда сөрелерімізден ығыстыратынын да жасырмайды. Ешқандай заңдық және экономикалық шектеулерсіз біздің нарықта емін-еркін жүргендері де содан.
М.Бақтыбайұлы: «Тұтынушы сатып алатын барлық тауардың сапасы мен бағасына бірдей таңдау жасаса, бұл әділ бәсекелестік болар еді және біз оған дайынбыз. Бірақ жоғарыда атап өтілгендей, импорттық өнімдерді бақылау осы саладағы заңнаманың әлсіздігіне байланысты одан да төмен болып тұр. Бұған сол ресейлік жеткізушілердің, нарықта көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан қуатты компаниялардың әлеуетін қосыңыз. Біздің мемлекет нарықтағы барлық субъектілердің априори тең болуын белгілейтін қолданыстағы заңнамадан шығады. Мұндай жағдайларда қолдау ресурсы өте шектеулі. Сіз кейбір келісімдерге қол қоя аласыз, сонда сауда желілері отандық өндірушіні қолдау үшін бірдеңе жасауға міндеттенетіні бар. Бірақ бүгін міндетіне алғанымен ертең ұмытып кетеді, әрине, бұл заң жүзінде дұрыс емес», дейді.
Қазіргі таңда кез келген отандық өндіруші өнім өндірсе, оның ішінде басты мәселесі оны өткізуге келіп тірелетіндігі дәлелдеуді қажет етпейді. Ауыл шаруашылығындағы тауар өндірушілерінің көпшілігі өнімдерін сатумен кәсіби түрде айналыса алмайды. Ал бөлшек сауда желілеріне жүгінсе, олар шетелдік жеткізушілер жүктеген ең қатал бәсекеге тап болады. Сондықтан аталған сауда саласындағы реттеудің жоқтығы мен нақты заң жүзінде белгіленген мүмкіндіктердің болмауы компаниялардың нарықтағы орнын жоғалтуына себепкер болады. Бүгінде отандық өндірушілер үшін өзіміздің тұтынушылардың мүддесіне бағытталған негізгі заңнамалық базаны құру ең маңызды болып тұр. Азық-түлік нарығы шынымен де шетелдік жеткізушілерге ашық. Статистика азық-түлік импортының жылдан-жылға өсімін көрсетеді. Осы ретте тамақ өнеркәсібі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің іргетасы екенін ұмытпаған жөн.
«Бір кездері еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындалу кезінде заң шығарушы шетелдік және отандық тауарлардың тең жағдайына тым көп мән берген. Бұл ретте мемлекеттік патернализм мен ішкі нарықты қорғау талаптарын ешкім де жоққа шығарған жоқ. ДСҰ-ға мүше ЕО, Азия және АҚШ-тың дамыған елдері отандық өндірушілерді ішкі нарықта қорғау шараларын қолдануда. Бұл ДСҰ-ның құрған еркін сауда қағидаттарына қайшы келмейді. Енді отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат құратын сол база, құқықтық негізде отандық кәсіпкерлер мен тұтынушылар мүддесіне сай болса. Бұл – нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігі, халықтың денсаулығы және экономикалық өсімі мен жұмыс орындары. Расында да бұл – стратегиялық басым бағыттың бірі. Еліміз үшін ненің маңыздырақ екендігін нақтылайтын кез жетті. «Жеке сауда компанияларының пайдасы ма, жоқ әлде азық-түлік нарығының стратегиялық тұрақтылығы ма?» осының басын ашып алуымыз керек, дейді маман.
Қазірдің өзінде отандық азық-түлік өнімдеріне арналған сауда сөрелерін 50%-ға арттыру және өнеркәсіптік тауарларға 10%-ын бөлу туралы ұсыныстар талқылануда. Сала мамандары өзімізде өндірілетін өнімнің бірнеше санаты бойынша бөлшек сауда сөрелерінің 70%-на дейін бөлу қажеттігін алға тартады.