Жетісуда орталықтан жырақ орналасқан ауылдарға жаңа емхана салу ісі жүйелі жүргізіліп жатыр. Әрі соған сай білікті мамандарды тарту жұмысы да қарқынды. Мұны өңір басшысы Бейбіт Исабаев медицина қызметкерлерінің мерекесінде айтты.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, биылдан бастап лауазымдық жалақыға түзету коэффициенттерін белгілеу арқылы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтерудің бірыңғай тәсілдері әзірленді. Соның арқасында дәрігерлердің жалақысы ауылдық жерлерде орта есеппен 511 мың теңгеден, ал орта медқызметкерлердің жалақысы 291 мың теңгеден, ал қалаларда тиісінше 504 мың мен 268 мың теңгеден асты.
Адамның денсаулығы мен өмірі – қоғамда ең басты құндылық, ұлт саулығы – баға жетпес байлық. Сіздерді денсаулық сақшысы, күн сайын ерен ерлік жасайтын бейбіт күннің батырлары деп білеміз. Жұмыстарыңызға жай ғана міндет деп қарамай, халыққа жылы сөзбен, жүрек мейірімімен, жанашырлықпен қызмет етіп келесіздер. Сондықтан сіздердің Гиппократ антына, адамгершілік мұраттарына адал, ізгі еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық», деді Б.Исабаев.
Құттықтау сөзден кейін, облыс басшысы бірқатар медицина мамандарын Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады, сондай-ақ 14 аталым бойынша үздіктер анықталды.
«Стационардың үздік дәрігері» аталымы бойынша облыстық көпсалалы балалар ауруханасының анестезиология-реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Бек Бегімбетов, ал «емхананың үздік дәрігері» аталымында Панфилов ауданының көпсалалы ауруханасының жалпы практика дәрігері Анар Рақымбек жеңімпаз атанды. Талдықорған қалалық ауруханасы – «Үздік медициналық мекеме», Көксу ауданының Көксу стансасы – «Үздік дәрігерлік амбулатория», Қаратал ауданының Үшкөмей ауылының медициналық пункті «Үздік медициналық пункт» болып танылды. Бірқатар маман «Үздік фельдшер», «Үздік эпидемиолог», «Үздік стационарлық медбике», «Емхананың үздік медбикесі», т.б. аталымдарда жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысына 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін ақшалай сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар Панфилов, Алакөл, Кербұлақ, Ақсу және Көксу аудандарының 5 медициналық мекемесі жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілттерін алды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде облыста 361 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. Оларда 10 мыңға жуық медицина қызметкері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынды. 2023-2025 жылдары ұлттық жоба аясында және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 17 млрд теңгеге 116 медициналық нысан салынады. Бұл медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға ықпал етеді.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Тек биылдың өзінде осы салаға бюджеттен 89,0 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында биыл жергілікті бюджет қаражатынан 253 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алуға 4,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Осы жылы өңірдің 24 елді мекенінде, негізінен ауылдық жерлерде жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 27 блокты-модульді кешен орнату жоспарланған. Сондай-ақ тағы 6 нысанның құрылысына 2 млрд теңге бөлінген.
Жетісу облысы