Қазір ғылым көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Соның нәтижесінде адам таңғаларлық жаңалықтар ашылып жатыр. Біздің елде де кейінгі жылдары ғылымға айрықша назар аударыла бастады. Болашақта ғылым қалай дамиды, қайда бағыт алады? Жаңа технологиялардың мүмкіндігі қандай? Міне, осындай сан сауалды жақында Түркиядан атажұртқа іссапармен келген ғалым Әбдіуақап Қараға қойған едік.
– Түркия – білімі мен ғылымы дамыған өркениетті елдің бірі. Ғылымда қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Жалпы, бауырлас елдегі қазіргі ғылымның дамуы туралы не айтар едіңіз?
– Түркияда ғылым саласы елдің алғашқы президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің тұсында дұрыс жолға қойылды. Ол алғашқы күннен білім мен ғылымға айрықша мән берді. Салаға жаңаша реформа жүргізді. Германияда Гитлер билік басына келгеннен кейін еврейлерді қуғындағаны белгілі. Ататүрік барар жері, басар тауы қалмаған бірнеше еврей текті ғалымды өз еліне шақырды. Олардың ішінде математика, физика, химия ғылымдарының айтулы өкілдері болды. Сондай-ақ ол жаратылыстануға ғана емес, гуманитарлық ғылымға да баса назар аударды. 1930 жылы тарих институтын құрды. Одан кейін тіл институты ашылды. Сөйтіп, ұлт руханияты мен мәдениетіне қатысты дүниелерді зерттеуді қолға алды. Шетел мұрағаттарындағы өздеріне қатысты барлық құнды құжатты жинастырып, ғалымдарды соған жұмылдырды. Әсіресе көне түрік дәуірі кеңірек зерттелді.
Жалпы, ғылым мен мәдениетті көтеруге қомақты қаржы керек. Ататүрік оның да жолын таба білді. Мәселен, сол кезде мемлекетке қарасты бір банктің тапқан пайдасының 10 пайызын тарих пен тіл институтына аудартып отырды. Бұл қаржы ғылыми зерттеулер мен жарық көретін кітаптарға жұмсалды. Осындай көптеген игі іске мұрындық болды. Енді бір айтатын мәселе бар. Әлемге үстемдігін жүргізгісі келгендер өзінен басқа елдердің өсіп-өркендегенін қаламайды. Бірақ оны ешқашан білдірмейді. Көпе-көрінеу қысым да жасамайды. Мысалы, 1920 жылы Түркияда ұшақ жасайтын үш зауыт болды. Содан кейбір үстем елдер Түркияның өндірісін дамытпау үшін оларға: «Осы ұшақты жасауға қаншама қаржы кетеді, шығыны да қомақты. Қаншама шығын шығарып, ұшақ жасағанша бізден сатып алыңдар, арзанға береміз», деп ұсыныс айтады. Сөйтіп, ұшақты шетелден сатып алды. Бірақ кейін Түркияда ұшақ жасау кенжелеп қалды. 1970 жылы түріктер Кипрде болған соғыс кезінде Батыстың санкциясына ұшырады. Содан барып олар ұлттық өндірісті арзан-қымбатына қарамастан, өздері жасау керек екенін түсінді. Қорғаныс саласын күшейтті. Бүгін соның жемісін көріп отыр. Қазір Түркияның ұшқышсыз ұшатын дрондары әлемге өте танымал. Жоғары сұранысқа ие. Бір сөзбен айтқанда, ғылымның дамуы – ұзақ мерзімге созылады. Оның игілігін көруге, кем дегенде 20-30 жыл қажет. Бүгін ғылым туралы қаулы қабылдап, ертең үлкен ғалым шығады деу дұрыс емес. Түркияның осы бағыттағы орнықты саясатының арқасында ғылым мен өндіріс алға дамыды. Қазір уақыт өзгерді. Ғылымды дамытудың алдында заманауи міндеттер тұр. Әсіресе оқу-ағарту саласына өзгеріс керек.
– Бұл қандай өзгеріс? Тарқатып айта аласыз ба?
– Бұл Түркия мен Қазақстан үшін ғана емес, жалпы әлем үшін қажет. Себебі ХХІ ғасырдың алғашқы ширегін аяқтап, екіншісіне беттеп барамыз. Шын мәнінде, қазір бізді орасан зор өзгеріс күтіп тұр. Мамандар 2025 жылдан кейін әлемде технологияда бұрын-соңды болмаған ұлы өзгеріс болатынын болжап отыр. Ол адамзаттың өмір сүру салты мен қызметіне, тіпті киген киімі мен жеген тағамына дейін әсер етеді. Мамандыққа да ықпалы тиеді. Бүгінгі бар мамандықтың біразы жоғалып, оның орнына жаңа кәсіп келеді. Біз соған дайын болуымыз керек. Ертең бүгінгі біліміміз бен дипломымыз түкке жарамай қалуы мүмкін. Сондықтан білім саласындағы әдістемені мүлде өзгерту керек.
Еуропада технологиялық дамуды зерттеп жүрген мамандар 2019 жылы Германияда бастауыш мектепке барған балалардың үштен бірінің жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қандай жұмысқа орналасатыны беймәлім дегенді айтады. Оны ата-ана да, мұғалімдер де білмейді. Міне, заманның өзгеруін осыдан көресіз. Өткен ғасырда ата-аналар баласының қандай мамандық иесі болатынын білді. Өйткені «Сен дәрігер, заңгер немесе инженер боласың» деп айтып отырды. Қазір ол уақыт өтті. Сондықтан мамандар ата-анаға балаларына қандай да бір кәсіпті таңдау туралы кеңес бермеген дұрыс дейді.
– Сонда ұл-қызымызды қандай мамандыққа даярлаймыз?
– Адам келешекте кәсіпсіз қалмау үшін бүгіннен бастап, заман талабына сай білім алып, өз-өзін дамытуы қажет. Өйткені жоғары оқу орындарында ондай білім бермейді. Бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде солай. Неге десеңіз, жаңа технология қарыштап барады. Оған мұғалімдер де ілесе алмай отыр. Қазақта «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген нақыл бар. Сондықтан жастар «заманды тазы болып шалмаса», уақытын бос өткізіп алуы мүмкін.
Әлем төртінші өндірістік революцияның табалдырығын енді аттады. Бұл кезеңде өндіріс интернет пен жасанды интеллект арқылы автоматты түрде жүргізіледі. Біз барлық өндірістік революциядан кенже қалған халықпыз. Оның себебі түсінікті. Империялық елдер қол астындағы бодан жұрттың білім мен технология қуып, көзін ашқанын қалаған жоқ. Қазір тәуелсіз елміз. Жастар елімізде ғана емес, шетелден оқып келіп жатыр. Қазақстан да өзге елдерден артық болмаса, кем емес. Сол себепті оқу-ағарту саласын жаңа заманға бейімдеп, білімді, ақылды адамдарды көбейту керек.
Осы ғасырда ақылды мемлекет пен адамдардың айы оңынан туады. Уақыт ағымына сай ғылым мен білімді дамытқан елдер мен өз-өзін жетілдірген азаматтар өзгелерден үстем болады. Әлі біз бесінші өндірістік кезеңге өткен жоқпыз. Өтпелі кезеңде тұрмыз. Мұны кейбір мамандар гибридті көлікке ұқсатып гибридті кезең деп жүр.
– Бүгінгі мектеп пен жоғары оқу орындарында білім мазмұнының қалай болғаны дұрыс?
– Уақытқа байланысты оқу-ағарту саласының негізгі үш мақсаты бар. Бірінші – жасампаздық, яғни инновация. Өткен ғасырда әр адамның жасампаз болуы қажет емес еді. Ендігі кезеңде әр азаматтан осындай қабілет талап етіледі. Екінші – сыни тұрғыда ойлап, проблемены шеше білу. Жаңа кезеңде бұрынғыдай бас шұлғып, «сіздікі дұрыс» деу болмайды. Әр нәрсеге сыни көзбен қарау қажет. Үшінші – жоғары байланыс және ынтымақтастық. Осы ғасырда барлық дүние жергілікті емес, жаһандық болады. Мәселен, Қазақстанда ашылған бір ғылыми жаңалық кез келген елге ортақ болуы мүмкін. Сондықтан жасампаздық жасаған азаматтардың басқа елдегі әріптестерімен тығыз байланыста болып, олармен бірігіп жұмыс істеуі өте маңызды. Мамандардың пікірінше, келешекте ағылшын тілі экономика мен технологияның да тіліне айналады. Яғни оны білмеген адам дүниеден құр қалады деген сөз. Сондай-ақ қандай мамандық иесі болса да, компьютерлік бағдарламадан хабардар болуы керек.
– «Мұндай жағдайда ұлттық құндылығымызды қалай сақтаймыз?» деген заңды сұрақ та туындайды...
– Дұрыс айтасыз. Меніңше, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз керек. Өйткені адам баласы күндіз-түні жұмыстан бас алмайтын робот емес. Керісінше, ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде. Жоғарыда айтқан пәндер біздің мықты маман болып, жұмыс істеуіміз үшін қажет. Ал адам ретінде бақытты өмір сүруімізге ұлт мәдениеті керек. Бір жағынан, біз Еуропа емеспіз, Шығыспыз, оның үстіне қазақпыз. Сан ғасырдан бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз бар. Туыстық байланысымыз үзілмеген. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде қазақ жастары жаңа технологияны игеріп отырған елдердің мәдениетіне еліктеп, өзінің тамырынан ажырап қалмаса екен деймін. «Сонда не болады?» дерсіз. Біз жастарымызға білім мен тәрбие беріп, шет тілін үйретіп, даяр маман етіп шығарамыз. Бірақ оның қызығын басқа ел көруі мүмкін. Неге десеңіз, біз оларға жоғары жалақы төлей алмаймыз. Осындай үрдіс белең алмас үшін жастардың бойына ұлттық рух пен мәдениетті кішкентай күнінен сіңіруіміз керек. Мысалы, бір озық ойлы жас шетелдің атақты компаниясында қызметке тұрып, одан тапқан мол ақшаның қызығына түсіп, жан рақатына батып, туған елін ойламай жүрсе, онда біз басқа елге маман даярлаған боламыз. Бұдан көп ұтыламыз. Ұлттық тәрбие алып өскен жас өрен қай елде қызмет істесе де, алдымен туған еліме пайдамды тигізуім керек деп ойлайды. Сондықтан әрбір бала орта мектеп пен жоғары оқу орнында өз ана тілінде білім алғаны дұрыс. Егер олай болмаса, ана тілі мешелдің күйін кешеді. Бұл шет тілін білмесін деген сөз емес. Қосымша бірнеше шет тілін оқып, үйренуге болады. Оған мүмкіндік мол. Қазір Еуропа жұрты қартайып бара жатыр. Олар жас миды қажетсінеді. Егер біз өз ұрпағымыздың бойына рухымыз бен мәдениетімізді сіңірмесек, жастарымыз соларға қызмет істейді. Осы ретте Мұстафа Шоқайдың «Тәуелсіз мемлекет өзінің ұл-қыздарын өзге елдерге тәрбиелетпейді, өзі тәрбиелейді» деген сөзі әлі күнге маңызын жойған емес.
– Жуырда еліміздегі Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Ал Түркияда ғылым академиясы бар ма?
– Бізде Ұлттық ғылым академиясы жоқ. Жалпы, академия деген ұғым болған емес. Еуропа елдерінде де солай. Бұл кеңес одағында құрылған жүйе. Мәселен, біз «Ұлттық ғылым академиясының академигі» дегенді аударуға қиналамыз. Оны кейде «Қазақстан ғылымдар академиясының мүшесі» деп береміз. Түріктерде «академисиен» деген сөз бар. Оны жоғары оқу орындарында қызмет істейтін ғалымдарға қарата айтады. Мысалы, мен де академисиенмін. Бізде ғалымдар ғылымдағы ашқан жаңалығымен, сүбелі зерттеу еңбектерімен бағаланады. Өз басым, ғылым академиясына қарсы емеспін.
– Өзіңіз еңбектеріңізде қазіргі жоғары технологияны пайдаланасыз ба?
– Әлбетте, онсыз гуманитарлық ғылым саласында зерттеу жүргізу мүмкін емес. Өйткені жаңа технологияның арқасында жарық көрген кітап пен мақаланың санында есеп жоқ. Бүгінде кітап жазудың да тәсілі өзгерді. Мысалы, мен әлем тарихы туралы зерттеу еңбек жазып жүрмін. Бірақ оны 220 бет көлемінде аяқтасам деймін. Қазіргі адамдардың кітап оқуға уақыты аз. Сондықтан қысқа да нұсқа болғаны жөн. Мәселен, сол еңбегімде Шыңғыс ханның өмірбаянын қайталап жатпаймын, тек оның дүниежүзілік тарихтағы орны туралы өз тұжырымымды жазамын. Егер Шыңғыс ханды білмеген адам болса, ғаламторға кіріп, оның өмір жолымен танысып, сосын менің тұжырымымды оқиды. Бүгінде бар ғылым саласы компьютерленді. Ағылшындарда «Smart study, less study», яғни «Ақылды жұмыс істе, аз жұмыс істе» деген сөз бар. Мен бұрын бір мақаланы 15 күнде жазсам, қазір жаңа технологияның көмегімен 10 күнде жазамын. Үнемдеген уақытымды отбасыма немесе басқаға арнаймын.
– Түркияда ғалымдарға қандай қолдау көрсетіледі?
– Жаңа ғасыр – ғылым мен білімнің дәуірі. Сондықтан ғылымға ерекше маңыз беру керек. Әйтпесе, өркениет көшіне ілесе алмаймыз. Түркияда соңғы жылдары инфляция жоғары болып, доллар біраз күшейді. Экономикада дағдарыс орын алды. Оған дейін доллармен бағамдағанда еңбекақымыз жаман болған жоқ. Осындағы жоғары оқу орындарында қызмет істейтін әріптестерімді білемін. Еңбекақылары көңіл көншітерліктей емес. Ғылымды көтеру үшін ғалымға жағдай жасалуы керек. Олар бос уақытында қосымша жұмыс істеп, басқа тарапқа жүгірмеу қажет. Оның орнына алаңсыз ғылыми зерттеулерімен айналысқаны жөн. Одан кейін магистратура мен докторантурада оқитын шәкірттеріне де көңіл бөлу керек. Біздегі университеттерде ғалымдарға мүмкіндігінше барлық жағдай жасалған. Әрбір ғалымның жеке кабинеті бар. Оған өзінен басқа ешкім кірмейді. Сондай-ақ артық сабақ беруге міндеттемейді. Профессор ретінде аптаға тиесілі 10 сағатымды өтеймін. Айлығым соны жабады. Шетелге іссапарға барсақ, жол шығынын төлейді. Егер басқа елге барып, бір шет тілін оқып, дамытамын десеңіз, сізді бір жыл сабақтан босатады. Бірақ айлығыңызды алып тұрасыз. Қазақстанда қағазбастылық басым. Түркияда ондай жоқ. Содан кейін Қазақстанда жас ғалымдарға бір кедергі бар, ол – халықаралық импакт факторлы журналға мақаласын жариялау. Шындығына келсек, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жас ғалымдардан оны талап етуге құқы жоқ дер едім. Оны талап ету үшін аталған ведомствоның өзінің сондай басылымы болуы керек. Ол болмағаннан кейін сіз магистранттар мен докторанттарды қалай міндеттейсіз. Мен мұны әділетсіздік деп есептеймін.
– Сіздерде де талап ете ме?
– Бізде де мұндай бар, бірақ міндетті емес. Түркияда сол деңгейде гуманитарлық салада сегіз журнал бар. Егер менің мақалам ондай журналда жарық көрсе, үш ұпай алам. Егер оған басуға мүмкіндік болмаса, халықаралық журналға шықса, екі ұпай, ұлттық журналға жарияланса, бір ұпай алады. Қазір қазақстандық жас ғалымдардан импакт факторлы журналға мақаласын басу үшін көп ақша жұмсадым дегенді естимін. Бұл ғылым жолында жүрген жастарға қиындық туғызады. Ақша беріп, журналға мақала жариялаумен ғылымның сапасы көтерілмейді. Бұдан біз оларды жеріндіріп аламыз. Маған да осындағы шәкірттерімнің «осындай мақала жазып едім, ол журналда әлі жарық көрген жоқ. Енді не істеймін?» деп қынжыла айтатындары бар. Қолымнан ешнәрсе келмейді. Амалсыздан бармағымды тістеймін. Жақында бұл талапқа Ғылым және жоғары білім министрлігі өзгеріс енгізді деп естідім. Бұл игілікті іс болған екен.
– Анадолы еліндегі қандас ғалымдардан сізді жақсы білеміз. Басқа да қазақ ғалымдары бар ма?
– Әрине, бар. Мәселен, Анкара университетінде жұмыс істейтін Мариям Хаким және Гүлжанат Құрманғалиева, Ибрайым Қалқан, Абдолла Яхшы есімді жас ғалымдарды жақсы білемін. Бұлардың бәрі гуманитарлық ғылым саласында еңбек етеді. Сондай-ақ техника ғылымдары саласында жоғары жетістікке жеткен бес-алты қазақ жігіті бар. Медицина саласында мықты ғалымдар бар деп естимін. Бірақ Түркияның аумағы үлкен. Кейінгі ғылым жолында жүрген жастардың көбін танымаймын. Олардың өздері де бір-бірін білмеуі мүмкін. Сондықтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры шетелдегі талантты жас ғалымдардың басын қосып, бір кездесу өткізсе, жақсы болар еді. Содан кейін олардың атажұртпен де байланысы күшейері анық.
– Ұзақ жылдан бері Мұстафа Шоқайды зерттеп келесіз. Айтулы тұлғаның ашылмаған мұрасына тоқталып өтсеңіз?
– Мұстафа Шоқай мұрасы ұшан-теңіз. Франция астанасы Парижде ұлт қайраткерінің жеке архиві сақталған. Сонда жұртшылыққа әлі де беймәлім дүниелері көп. Оның бір бөлігі ғана ашылған. Біразын архивте орын болмағандықтан қоймаға қойған. Онда Мұстафа Шоқайдың Моңғолия туралы жинаған қызықты материалдары мен Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын зерттеген еңбектері сақталған. Біз барғанда ол құжатты көруге мүмкіндік болмады. Бірақ Мария Шоқай өз естелігінде Алаш ардақтысының барлық құжаты мен кітаптарын сол архивке өткізіп, кейін оларды арнайы бөлме жасап, соған қоюға шартқа отырғанын айтады. Сондай-ақ ол бөлмені «Түркістан мұхтариатының президенті Мұстафа Шоқайдың кітапханасы» деп атауды ескерткен. Осыны Парижге барғанда архив басшысынан сұрадым, ол: «Мұстафа Шоқай мұрасы сондай шартпен мұрағатқа өткізілгені рас. Бірақ біздің архивтің жері өте тар, ондай бөлме ашуға мүмкіндігіміз болған жоқ. Енді басқа үлкен ғимаратқа көшеміз. Сонда арнайы бөлме жасақтап, Мұстафа Шоқайдың барлық құжатын оқырманға қолжетімді етеміз», деп жауап берді. Одан бері де он жыл өтті. Содан кейін Парижге де жолым түскен жоқ. Бірақ мұны ескерусіз қалдыруға болмайды. Артынан сұраушысы болмаса, кейін ұмытылады.
Бастысы, Мұстафа Шоқай туралы тарихи әділеттілікті қалпына келтіру керек. Оның Түркістан легионына ешқандай қатысы жоқ. Оған «легионға басшылық жасаңыз» деп ұсыныс айтқанда, ол «мен сіздермен бірге жұмыс істемеймін» деп бірден бас тартқан. Бір туыстарының айтуына қарағанда, сол үшін оған қастандық жасалған. 1941 жылы желтоқсанда Польшадағы лагерьден шығып, Париждегі үйіне бара жатқанда, Берлинге келгенде кенеттен ауырып қайтыс болған. Фашистермен бірге жұмыс істеуден бас тартқаны үшін құрбан болған тұлғаға солармен тізе қосты деп жала жабу – үлкен әділетсіздік.
Түркі әлемінің көсемін халқымыз жақсы танығанымен, басқалар, бұрынғы жабылған жала бойынша әлі сатқын көреді. Мысалы, ол туралы бір іс-шара өтсе, оған қарсы мерзімді баспасөзде әлі де өре түрегелетіндер бар. Демек, Шоқай туралы шынайы мәлімет толыққанды жұртшылыққа жетпей отыр.
Міне, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып барады. Содан бері біртуар азаматқа әділеттілікті орната алмағанымыз – бізге үлкен сын. Ол үшін Мұстафаның қайраткерлігі мен күресі туралы шет тілінде де еңбек шығарып, әлемге танытайық. Мәселен, біз өткен жылы Ыстанбұлда Шоқайдың кезінде Францияның газет-журналдарында басылған мақалаларын жинап, жеке кітап етіп шығардық. Енді бұл кітап қазақ, түрік, орыс тілдеріне де аударылады. Сонымен қатар ақын-жазушылар, журналистер, режиссерлер де алып тұлғаны таныстыратын көркем шығарма жазып, сериал, кино түсірсе де артық болмайды. Әділдікті орнату үшін қолымыздан не келеді, соны істейік. Парижде Мұстафа Шоқайдың ескерткіші мен оның атындағы саябақ бар. Бірақ өз Отанының бас қаласында көшесі мен есімін иеленген мектеп болғанымен, ескерткіші жоқ. Өйткені әділдік қалпына келмей, Астанада ескерткіш орнатылмайды. Біздің тәуелсіз рухымыз Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай секілді Алаш асылдарының бойында сақталған. Егер азаттық жолында басын бәйгеге тіккен осы тұлғаларды ұлықтап, олардың еңбегі мен күрескерлігін жас ұрпақ санасына дарыта алмасақ, отансүйгіштік рух қалай қалыптасады?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»