Адамның адамнан кемдігі жоқ. Бірінің он екі мүшесі сау, кейбірінің мүмкіндігі шектеулі шығар. Тағдырдың қиындығын көрген сондай жандар да көңілі қалаған, қолынан келетін іспен айналысуға тырысады. Жұртпен бірге жұмыс істегенді, табыс тапқанды қалайды.
Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның мәліметінше, биылғы үш айда жұмыспен қамту орталықтарына мүгедектігі бар 485 адам жүгінген. Оның ішінде 407 адамға әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілді. Ал 293 адам жұмысқа орналасты.
– Өйткені Атырау қаласы мен барлық ауданда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағытында арнайы қаулы қабылданған еді. Осы қаулыға сәйкес мекемеде жұмыс істейтін адамның санына байланысты мүгедектер үшін 2-4 пайыз көлемінде квота бөлу көзделген. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамти алатын мекемелер тізімі бекітілді. Мекемелердің басшыларына жұмыспен қамту ережесі түсіндірілді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері квотамен 8 адам жұмысқа орналасты. Ал қаулыны орындамай, мүгедектігі бар азаматтар үшін квота бөлмеген мекемелердің тізімі тиісті органдарға жолданды, дейді Гүлболат Аманғалиева.
Оның айтуынша, жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін 105 адам қысқамерзімді оқу курстарына жіберілген. Сондай-ақ биыл мүгедектігі бар 9 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант берілген. Қазір олар жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
Құрманғазы ауданында жеке кәсібін ашқандардың қатарында «Нұршуақ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсара Қайырленова да бар. Кәсіпкер 2013 жылдан бері ісмерлікті қолға алып, екі тігін шеберханасын ашқан. Тігін шеберханасында арнайы тапсырыспен киім-кешек, көрпе-көпшік, күнделікті тұрмыста қолданылатын өзге де заттарды дайындап шығады. Бір ерекшелігі, кәсіпкер алғашқы кезекте бірінші және екінші топ мүгедектігі бар қыз-келіншектерді, жалғыз тұратын аналарды жұмысқа алған.
– Осы кәсіппен айналысқаныма он жылға жуықтады. Өзіміз тіккен дүниені сататын арнайы орын жоқ. Бірақ тігін шеберханасына келген жандарға ұсынсақ, бірден сатып алады. Өз тарапымыздан мүгедектігі бар қыз-келіншектерді осы кәсіпке оқыту үшін тегін тігін оқыту курсын аштық. Қазір олар да өз кәсібін ашып, жұмыс істей бастады. Әр жұмада мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетеміз. Алдағы уақытта тігін шеберханасында тігіншілер санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, дейді Г.Қайырленова.
Ал Махамбет ауданындағы Алға ауылының тұрғыны Амангүл Фазлиеваның өзі бала күнінен мүмкіндігі шектеулілер санатына жатады. Екінші топтағы мүгедек болғанымен, қолынан келмейтінтіні жоқ. Құрақ көрпе тігеді. Көпшікке түрлі ою салады. Оның қолынан шыққан сәукеленің әсемдігін көзбен көру керек. Сәндік қол сөмкелерге қызығушы көп.
– Тігін өнеріне бала кезімнен қызығып, қолға алдым. Мақсатым – тұрмысқа қажетті бұйымдарды ұлттық нақышта жасау. Менің қызығушылығым қуыршақтарға көйлек тігуден басталды. Өсе келе осы өнер түрімен айналысуға бел будым. Біраз нәрсені үйренуге тура келді. Сөйтіп, тігін шеберханасына жұмысқа орналастым. Бұл тәжірибе жинауға көп септігін тигізді. Алдымен көрпе тіктім. Содан кейін өзімді әртүрлі бағытта сынап көрдім. Қиындыққа қарамастан, бастаған ісім оң нәтижесін берді. Қазір көрпе, көпшік, бас киімдер, қыз жасауын тігемін. Қолөнер – сыры тұңғиық, өзгеше бір әлем. Зейініңді бастаған ісіңе бұру тіршіліктің тауқыметін аз уақытқа болса да ұмытуға әсер етеді, дейді Амангүл Фазлиева.
Алға ауылының әкімі Расул Мусиннің айтуынша, тігіншілікті кәсіп еткен Амангүл Фазлиева бірнеше рет аудандық, облыстық қолөнер көрмесіне, байқауларға қатысқан. Биылғы ақпанда «Бастау-бизнес» бағдарламасымен курстан өтіп, мемлекеттік грант алуға құжат тапсырып қойған.
«Атамекен» ҰКП Жылыой аудандық филиалының жетекшісі Ерлан Нұрлановтың айтуынша, былтыр 76 адамға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі екі адамға мемлекеттік грант берілген. Қайтарымсыз қаржы алғандардың қатарында Айсұлтан Дүйсәлиев те бар.
– Ешкі – тез көбейетін үй жануары. Оның сүті көптеген ауруға ем, ал еті жеңіл тағам қатарына жатады. Сол себептен, былтыр қайтарымсыз қаржыға 30-дан астам ешкі сатып алдым. Енді аудан тұрғындарын ешкінің сүтімен және етімен қамту ойда бар. Осы кәсібіме қоса қамыстан тақта дайындаймын. Оны құрылысқа пайдалану үшін алатындар аз емес, дейді А.Дүйсәлиев.
Ал Қызылқоға ауданындағы «Миялы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Мұратов екі жылдан бері жиһаз жасауды кәсіп етіп отыр. Осы мақсат үшін үйінің жанындағы ғимаратты жиһаз цехына айналдырған.
– Кәсібімді бастау үшін түрлі бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алған жоқпын. Алдағы уақытта цех аумағын ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Цехта 16 адам тұрақты жұмыс істейді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы мүмкіндігі шектеулі 12 адамды жұмысқа қабылдадым. Оның ішінде бірінші топтың мүгедегі де бар, дейді Асылбек Мұратов.
Қазір цехта кереует, үстел шкаф секілді жиһаздар жасалады. Жұмсақ жиһаздардың тысын ауыстырып береді.
– Бала кезімнен әртүрлі затты құрастыруды ұнататын едім. Жиһаз цехында дайын тақтайларды бұрғылау құралының көмегімен құрастырамын. Біздің жиһаздарымызға тұрғындар тарапынан тапсырыс көп түседі. Тапсырыс берушілер жиһаз сапасына сын айтқан емес, – дейді бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Махамбет Серікқалиев.
Атырау облысы