Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, Президент Жолдауында жүктелген міндеттердің жүзеге асырылу барысы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді.
Өндіріс көлемі ұлғайды
Былтыр өңірдің өнеркәсіп саласы біраз бәсеңдеп қалғанымен, соңғы жарты жыл ішінде жағдай біршама тұрақталып, өндіріс өрісі кеңейе бастаған. Аймақ басшысының айтуынша, алғашқы жартыжылдықта өндіріс көлемі 2,6 пайызға ұлғайып, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Өңдеу өнеркәсібінің ілгерілей түсуіне, әсіресе, машина жасау саласы, дайын металл бұйымдар, азық-түлік пен сусындар өндірісінің өсімі сеп болып отыр.
Жеңіл автомобиль 47,4%-ға, жүк көліктерінің өндірісі 11,1%-ға, трактор 39%, комбайн құрастыру 25,9%-ға ұлғайған. Сонымен қатар, кондитер өнімдері 35%, сары май өнімі 85,3%, ет өнімдері 63,4%, сүт өнімдері 10,7%, ұн өнімдері 8,6%-ға өскен.
Машина жасау саласында жеңіл автомобильдің әр алуан үлгілерінің желісі жолға қойылған. Мәселен, ел көлемінде шығып жатқан барлық автокөлік құралдарының 61 пайызы қостанайлық кәсіпорындардың конвейерлерінде құрастырылады. Қостанайда жыл басынан бері 35 мыңнан астам автомобиль құрастырылып, 7,1 мың автокөлік экспортқа жіберілген.
Өңір экономикасында маңызды орынға ие машина жасау саласын жетілдіре түсу мақсатында алда бірқатар жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мысалы, «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 23,4 млрд теңге қаржыға «Chevrolet Enix» автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін іске қоспақ. 400 адамды жұмыспен қамтитын жаңа желіде жылына 30 мың автокөлік құрастырылмақ.
Биыл Қостанайда екі ірі жоба іске қосылады. «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» трактор кабиналарын жасап шығара бастайды. Жылына 10 мың кабина жасап шығаратын бұл өндіріс орны жүз адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады. Одан кейін жылына 45 мың тонна өнім шығаратын шойын құю зауыты жұмысын бастайды. Құны – 78,2 млрд теңгеге жететін инвестициялық жобаның шеңберінде 300 жұмыс орны ашылмақ.
Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері өңірге 187,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында өңірде өндірістік, транспорттық және инвесторларды қолдаудың сервистік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады. Инвесторларға арналған инфрақұрылымдық алаңдар құрылып, оларға құрылғыларды импорттау барысында кедендік салықтан босату, ғимарат немесе жер тауып беру, 10 жылға дейін корпоративті табыс салығы мен жер салығынан, 8 жылға дейін мүлік салығынан босату секілді басымдықтар беріледі. Мұның сыртында, инвесторларға «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» шеңберінде жылдық өсімі 6 пайыз болатын 3 млрд теңгеге дейін несие қарастырылған.
Өңдеу саласының өрісі кеңиді
Өткен қаңтар, мамыр айларының аралығында өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 106,9 млрд теңгеге жеткен. Облыс әкімінің айтуынша, аталған салаға 35 млрд теңге инвестиция тартылған. Алда жоғары табыс беретін дақылдардың егістігін ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және жер өңдеуде минералды, сұйық тыңайтқыштарды пайдалануға басымдық беру, инвестиция тарту арқылы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту міндеті тұр.
Өңірде жыл сайын, кемінде 10 жаңа сүт-тауар фермасын салу жоспарланып отыр. Олар толығымен автоматтандырылады. Сүт фермасын салғысы келетін шаруашылықтардың бәріне де осы талап қойылатын болады. Жобаларды іске асыруға 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартып, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Аймақ басшысы биылдан бастап ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге көбірек инвестиция салынатынын айтты. Бұл бағыттағы 12 жобаны іске асыруға 80 млрд теңге қарастырылған.
– Халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына деген қажеттілігі бізде іс жүзінде өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етіледі. Тұз, күріш және қантты қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар 19 тағамның 16-сын өзіміз өндіреміз. Біз өзімізді ұнмен 15,7 есе, макаронмен 12 есе, нанмен 1,2 есе, сүтпен 1,8 есе, жұмыртқамен 2,6 есе, күнбағыс майымен 1,7 есе, сиыр етімен 1,5 есе, құс етімен 74%, картоппен 2 есе, сәбізбен 79%, қырыққабатпен 74%, пиязбен 25%, сары маймен 44%, ірімшікпен және сүзбемен 35%, кефирмен және йогуртпен 74%, қарақұмық жармасымен 98% қамтамасыз етеміз, деді Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар немістің әйгілі «Deutsches Milchkontor GmbH» фирмасын тарта отырып, ірімшіктің барлық түрін шығаратын жаңа кешен салу жоспарланған. Бұл сүт өнімдерін өңдеу саласын ілгерілетуге, импортқа тәуелділік деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Құны 7,2 млрд теңге болатын ауқымды жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 2 мың тонна ірімшік шығару көзделіп отыр. Жаңа зауыт іске қосылса, өңделетін сүттің үлесі 60%-ға дейін артады.
Облыста майлы дақыл алқаптарының көлемі ұлғайған сайын оны жергілікті жерде өңдейтін зауыт қажет екені сезіле бастады. Сондықтан алда жылына 100 мың тоннаға дейін майлы дақыл өңдейтін зауыт салу жоспарда бар. Жобаның құны 10 млрд теңге болады. Зауыт өсімдік майын шығарумен қатар, шикізат қалдығынан күнжара, жом өндіреді. Аса құнарлы мал азығы болып табылатын бұл өнімдер бордақы малдың жеміне араластырып беретін бағалы қоспа ретінде пайдаланылады.
Мемлекет басшысының ауылшаруашылық өнімдерін сақтаудың заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруды жеделдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес биыл өңірде 6 мың тонна картоп сақталатын ауа температурасы автоматты түрде реттелетін қойманы пайдалануға беру жоспарланған. 2024 жылы дәл осындай тағы екі қойма салынады.
– Инвестициялық жобаларды іске асырудың астарында жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл тұрғындарының табысын арттыру деген мәселе жатыр. Бұл мәселенің реттелуін «Ауыл аманаты» бағдарламасы да жеделдетеді. Мысалы, биыл аталған бағдарлама аясында тұрғындарға 400 шағын несие беруді және 420-дан астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға 1,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Ауылдағы жұмыс орындарын көбейту атаулы әлеуметтік көмек алатындардың азаюына ықпал етеді, деді әкім.
Жылу құбырлары жаңартылып жатыр
Өткен қыста Рудный қаласында әбден тозығы жеткен жерасты құбырлары қайта-қайта жарылып, тұрғындардың қақаған аязда жылусыз қалғанда кеншілер қаласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келіп халықпен дидарласып, өңір басшысына ел осы қыстан амалдап шыққан соң, тоң жіби сала жеделдетіп жылу желілерін жаңарту жұмыстарына кірісуді тапсырған болатын.
Осының нәтижесінде, биыл жылу желілерін жөндеуге жылдағыдан 14 есе көп қаржы бөлінді. Биыл Қостанай, Арқалық, Рудный және Лисаков қалаларындағы жылу құбырларын ауыстыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Мысалы, Қостанай қаласының жылу желілерін жөндеуге – 2,7 млрд теңге, Рудныйға – 9,3, Лисаковқа – 1,3, Арқалыққа 4,1 млрд теңге бөлінген.
Осылайша, алдағы жылу маусымы басталғанша 21,4 шақырым жылу желісі жаңартылады. Өңірде жыл сайын кем дегенде 20 км жылу желісі жаңартылып, тозған құбырлардың үлесін 2029 жылға дейін 40 пайызға дейін азайту көзделіп отыр.
– Былтыр Рудныйдың жылу желілері сақылдаған сары аязға шыдай алмады. Рудный мен Арқалық еліміз бойынша жылу желілері ең тозып кеткен қалалардың тізіміне енеді. Біз бірінші маусымға дейін орталықтандырылған жылу желілеріне қосылған елді мекендердің бәрін қамтып, техникалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Рудныйда құбыр жарылғанда арнайы барып өз көзіммен көрдім, құбыр шіри-шіри әбден жұқарып, кәдімгі қағаз сияқты болып қалған. Амалсыз сол құбырдың үстінен басқа құбыр тартуға тура келді. Қыстың ортасы болған соң, жедел қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын бастап кету үшін жергілікті масштабтағы төтенше жағдай жарияланды. Қазір қомақты қаржы бөлініп, жылу желілері жаңартылып жатыр. Жұмыс атқарылу барысын тікелей өзім қадағалап отырмын, – деді аймақ басшысы.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Торғай өңірін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыс орталығынан шалғай жатқан Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарын дамытуға биыл 23,1 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржының негізгі бөлігі сумен жабдықтау желілерін жетілдіруге, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде Арқалық қаласында мемлекеттік тілде оқытатын 300 орындық жалпы білім беретін мектеп салуға және 24 білім беру нысанына жөндеу жүргізуге, көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
Биыл облыстың оңтүстік аудандарын дамыту мақсатында, Қостанай және Ақмола облыстарын байланыстырып жатқан республикалық маңызы бар «Жезқазған-Петропавл» автожолының Арқалық пен Астананы байланыстырып тұрған учаскесі жөнделеді.
Облыс басшысы кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалардың іске асырылу барысын тілге тиек ете келіп, алдағы уақытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен Арқалық қаласындағы, Амангелді және Жангелдин аудандарындағы шағын және орта бизнес нысандарын өңірлік қаржыландыру бағдарламасы іске қосылатынын айтты.
Баспасөз жиыны барысында Құмар Ақсақалов өңірдегі бірқатар өзекті мәселеге қатысты БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Қостанай облысы