Мықты әскер – мемлекет тірегі. Ел тыныштығын қалтқысыз қадағалау – айбынды әскерге жүктелген жауапты міндет. Осы бір жауапты миссияның шетінде жүрген әр құрылымның өзіне тән ерекшелігі бар. Газетіміздің бүгінгі санында биыл құрылғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне қарасты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Нұртас Қабақовпен өрбіген әңгімемізді ұсынып отырмыз.
– Нұртас Дәулетұлы, еліміздегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің бүгінгі әлеуеті қандай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың:«Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз сан ғасыр бойы жеріміздің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біз ұрпақтарымызға біртұтас және мықты мемлекет қалдыруымыз керек», деген тағылымды сөзі біздің құрылымға әрдайым қуат береді.
Халқымызда «Жау жоқ деме, жар астында» дейтін мақал бар. Ел тыныштығын күзету мен қорғау – әрдайым Қарулы Күштер үшін, оның ішінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін басты міндет. Сол себепті кез келген жағдайға дайын болу, күрделі жағдайда оңтайлы шешім қабылдап, жылдам әрі дұрыс әрекет ету – заман талабы. Биыл Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері өзінің 31 жылдық мерейтойын атап өтеді. Тарихы тереңде жатқан құрылым еліміздің әуе кеңістігін сенімді бақылауды қамтамасыз ету үшін құрылғанын білесіздер. Біздің бөлімдер мен бөлімшелердің негізгі міндеттері – елдің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық орталықтарын әуеден келетін шабуылдан қорғау һәм әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын бақылау сынды жауапты миссиялармен ұштасып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскерді технологиялық тұрғыда жаңғырту жұмысын жалғастыру қажеттігін, қазіргі заманғы қару-жарақ пен техниканың, әсіресе жоғары дәлдігі мықты қарулардың, ұшқышсыз басқарылатын техника мен роботты кешендердің үлесін арттыру керектігін ұдайы назарға алып келеді. Әскерлердің ұтқырлығын жетілдіру үшін әскери-көліктік авиация мен жауынгерлік машиналафр паркін ұлғайту қажеттігі де күн тәртібіндегі мәселе. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қатары кезең-кезеңмен заманауи техникалармен толығуда.
Бейбіт уақытта Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын үздіксіз бақылауды жүзеге асыра отырып, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады. Бүгінгі күні Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қарсыластың заманауи әуеден шабуылдау құралдарын барлық ұшу биіктіктері мен жылдамдықтары диапазонында уақтылы анықтап, оларға соққы бере алатын зениттік-зымырандық кешендермен және барлау құралдарымен қаруланған. Қазіргі уақытта Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің командалық пункті, зениттік зымырандық (ЗЗӘ) және радиотехникалық бөлімшелер (РТӘ) кіретін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларынан тұрады. Отанды қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті парыз. Аға буынның жауынгерлік дәстүрлерін жалғастыра отырып, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жеке құрамы Отанымыздың әуе шекараларын сенімді қорғауда.
– Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандарының кәсіби біліктілігін жетілдіру ісі қай деңгейде?
– Кез келген сала кәсіби білігі жоғары мамандарсыз алға баспайтыны белгілі. Осы орайда Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің мамандары командирлік және жауынгерлік даярлық бағдарламалары бойынша ұдайы дайындықтан өтіп, аталған бағдарламалар уақтылы өңделіп, жетілдіріліп және қазіргі жағдайларға бейімделіп отырады. Оқу-жаттығуға арналған көрнекі әдістемелік құралдар молынан пайдаланылады. Жауынгерлік даярлық бойынша сабақ оқытудың, бақылаудың және іс-шаралардың нәтижелерін есепке алудың жаңа әдістері енгізілуде. Әскери қызметшілерді оқыту олар үшін қолжетімді және түсінікті тілде жүргізіледі.
Жауынгерлік даярлықтың күрделі мәселелерін зерделеу үшін операциялар мен үдерістерді егжей-тегжейлі сипаттайтын бейнефильмдер әзірленіп, оқу бағдарламасына енгізілуде. Мамандарды оқыту барысында заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз. Осы тұста оқулықтардың электронды базасы құрылғанын атап өткеніміз жөн. Жауынгерлік және кәсіптік даярлықтың жай-күйіне түрлі тексерулер жүргізу кезінде олардың нәтижелері мұқият талданады, проблемалық мәселелерді шешу және анықталған кемшіліктерді жою үшін ұсыныстар әзірленеді.
– Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу бағытында қандай қадамдар жасалды?
– Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бірқатар офицері Ресей, Беларусь, Қытай мемлекеттеріндегі Жоғары әскери оқу орындарына оқуға және тәжірибе алмасуға жіберіледі. Мәселен «Бук», «Тор», «С-125Ь Печора» зениттік зымыран кешендері, GM-403 «Нұр» радиолокациялық стансалары сияқты қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа немесе жаңғыртылған үлгілерін сатып алу кезінде үздік офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер осы үлгіге қайта оқытып даярлауға Ресей, Беларусь, Франция мемлекеттеріне жіберілді. Қайта даярлаудан кейін бұл әскери қызметшілер алған білімі мен тәжірибесін өз әріптестеріне үйретеді.
Конференциялар, бірлескен оқу-жаттығулар, конкурстар, Халықаралық армия ойындарын өткізу кезінде біздің есептоптар шетелдік әріптестерімен үнемі тәжірибе алмасады. Сондай-ақ әскери мамандар, біз қаруланған құралдарды дайындаушы зауыттардың мамандары рекламациялау жұмыстарын орындау кезінде өз өнімдерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу мәселелері бойынша терең білім беруге тырысады.
– Елдің сыртқы қауіпсіздігі, жалпы қорғаныс саласында әуе шабуылының рөліне тоқталып өтсек...
– Өкінішке қарай, адамзат осы уақытқа дейін соғыс пен қақтығыстардан арыла алмай отыр. Халықтар мен әлеуметтік топтар арасындағы жанжалдар және жаңадан туындаған қарама-қайшылықтар қару қолдану арқылы күшпен шешілуде. Оны қолданудың жаңа формалары мен әдістері пайда болуда. Бұл әуе-ғарыш және әуеден шабуылдау құралдарына да қатысты. Бұл тұста әскери және саяси мақсаттарға жету құралдарын қазіргі уақытта асыра бағалау қиын.
Құрлық әскері мың жерден жақсы жабдықталғанымен әуеден келетін қауіптен қорғаныс ісі қауқарсыз болса, мемлекеттің қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді. Әуе соққыларына қарсы тұру, соғыстың алғашқы кезеңінде өзінің мемлекеттік және жауынгерлік әлеуетін сақтау қабілеті елдің қарсыласу қабілеті үшін өте маңызды. Осылайша, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс – бұл ел қорғанысының ажырамас бөлігі және тиісінше, Қарулы Күштердің ғана емес, жалпымемлекеттік міндет. Бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды элемент екені шүбәсіз.
– Мамандарды қолдау қай деңгейде? Саланың дамуына кері әсер ететін қандай да бір кедергілер бар ма?
– Қазіргі уақытта бүкіл әлемде соңғы үлгідегі ұшқышсыз ұшу аппараттарының пайда болуы мен жылдам дамуын көріп отырмыз. Ұшқышсыз құралдар нарығы әртүрлі және еркін қолжетімді. Қазіргі заманғы ұшқышсыз аппараттар, оның ішінде әскери мақсаттағы құрылғылар композиттік материалдардан (пластмасса, көмірсу талшығы, эпоксидті шайырлар) тұрады. Әлемде бар қару-жарақ үлгілері, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріндегі қару-жарақ аз қашықтықта шағын аппараттарды анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Осы тұста шағын көлемді ұшқышсыз ұшу аппараттарын (әртүрлі сыныпты квадрокопетрлер, дрондар, дельтапландар, зондтар, әуе шарлары және т.б.) пайдалануды шектеу және регламенттеу тұрғысынан әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заңнамалық нормаларды қайта қарау қажет деп санаймын.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс технологияларын ең алдымен ұтқырлық бойынша жаңа деңгейге шығаруымыз керек. Бұл қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендерімен қаруланған мобильді Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадаларының құрылуы мен дамуын айқындайды. Сонымен бірге аталған шаралар әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен құралдарының қуатты және мобильді резервін құруға мүмкіндік бермек.
– Әлемдегі геосаяси шиеленістерде әуе шабуылынан қорғау қандай маңызға ие болып отыр. Сырт көз ретінде пікіріңіз?
– Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов 2023 жылғы 5 мамырдағы Бүкілармиялық кеңесте: «Бүгінде өкінішке қарай, әлем қауіпсіз бола алмай тұр. Халықаралық саясатта да күш маңызды рөл атқаруды жалғастыруда. Мұндай жағдайда біз әрқашан өз жерімізді қорғауға, Қарулы Күштердің әлеуетін үнемі жетілдіруге дайын болуымыз керек. Біз XXI ғасырдағы әскери қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, әскерлерді даярлауды жетілдіруді, техникалық жарақтандыруды асыруды, аумақтық қорғанысты және жан-жақты қамтамасыз ету жүйесін дамытуды жалғастыруымыз керек», деп айтқан болатын. Осы орайда елдің тұрақтылығы мен мемлекет қауіпсіздігі үшін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің алар орны ерекше.
Жоғарыда айтылғандардан, күшті және жақсы жабдықталған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің бар болуы стратегиялық тежеу факторы ретінде қызмет етеді. Әлемдік қорғаныс саласында әуе шабуылы айтарлықтай маңызға ие. Еліміздің қарулы күштері бұл салада елеулі жобаларды жүзеге асырмақ.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ