«Қазақмыс» және «Казцинк» компаниялары кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарға арналған әлеуметтік пакетті кеңейтуге бастамашы болды. Осылайша, аталған ірі кәсіпорындар өз жұмыскерлерінің өмірде тап болған қиындықтан шығуларына көмектесіп, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекеттік саясатты қолдап отыр.
Кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылған қазақстандықтар үшін төлемдер сомасын ұлғайту мәселесі кейінгі жылдары бірнеше рет көтерілді. Өткен жылы Қарағанды облысының жұртшылығымен болған кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адамдардың сұраныстары мен тілектерін жақсы түсінетінін және бұл мәселелерді Үкімет жан-жақты пысықтайтынын атап айтты.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «Казцинк» қазақстандық тау-кен металлургиялық компаниясы қызметкерлердің сұраныстарына жауап беріп, тиісті әлеуметтік бағдарламаларды іске қосуды ұйғарды.
Осы мақсатпен «Қазақмыс» және «Казцинк» еңбекке қабілетінен айырылған қызметкерлердің, өндірісте қаза тапқан жұмыскерлер отбасыларының материалдық әл-ауқатына мұқият мониторинг жүргізіп, олардың әлеуметтік жағдайларын және табыс деңгейін зерделеді.
Нәтижесінде, 2023 жылдың 1 маусымынан бастап «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның кәсіби еңбекке қабілеттілігінен айырылған қызметкерлердің, оның ішінде 1,2,3-топтағы мүгедектігі бар адамдардың, өндірістегі жұмыс барысында қаза тапқан жұмыскерлер отбасыларының, кәсіби еңбекке қабілеттілігінен айырылған, зейнеткерлікке шыққан жандардың отбасылық табысының деңгейі төмен санаттарын қолдауға бағытталған жаңа әлеуметтік бағдарламасы басталды.
Нақты айтсақ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өзінің 2023 жылы айына 1 адамға шаққанда 68 964 теңгені құрайтын ішкі күнкөріс деңгейін ескере отырып, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылған, 1,2,3-топтағы мүгедектігі бар адамдардың, оның ішінде зейнеткерлікке шыққандардың да, сондай-ақ өндірісте қаза тапқан жұмыскерлер отбасыларының алатын жалпы табысы арасындағы айырманы төлейтін болады.
Мысалы, төрт адамнан тұратын, оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала өсіріп отырған екінші топтағы мүгедектігі бар адамның отбасысы айына 195 мың теңге мөлшерінде жалпы табыс алады дейік. Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның есептеуі бойынша айына отбасының әрбір мүшесіне 68 964 теңге, яғни төрт адамнан тұратын отбасыға 275 856 теңге қажет. Яғни әлгі екінші топтағы мүгедектігі бар адамның отбасысының айлық табысы кәсіпорындағы ішкі күнкөріс деңгейінен 80 856 теңгеге төмен. Тиісінше корпорация енді оған ай сайын 80 856 теңге мөлшерінде қосымша төлем төлейтін болады.
Егер кәсіби еңбекке қабілеттілігінен 29 пайызға дейін айырылған мүгедектігі жоқ адамның отбасылық жалпы табысы корпорацияның ішкі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, онда оған еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде төлем белгіленеді. Биыл ол 40 567 теңгені құрайды.
Корпорация басшылығы аталған бағдарлама осы санаттағы адамдар үшін елеулі материалдық қолдау болатынына сенімді.
«Біз өз дамуымызда тек жұмыс орындарын құрумен, өндірістік және қаржылық көрсеткіштерді қуып жарысумен, пайда табумен шектелмейтін деңгейге жеттік. Біздің басты құндылығымыз – адамдар, біздің жұмыскерлер, олардың мүдделері мен талап-тілектері», дейді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев.
Әлеуметтік пакетті кеңейту бастамасы «Казцинктегі» әріптестермен бірлесіп әзірленді.
– Біздің компанияда жақында жаңа Ұжымдық еңбек шартына қол қойылды, – дейді «Казцинктің» бас директоры Александр Хмелев. – Онда жұмыскерлердің тілектері ескерілген бірқатар жаңашылдық қабылданды. Осы жұмыстың алдында компанияда ауқымды сауалдама жүргізілді. Әлеуметтік жаңғыртудың ең өзекті әрі маңызды элементтерін қызметкерлердің өздері ұсынды. Біз оларды кәсіподақпен бірге ескеруге тырыстық. Көтерілген мәселелердің ішінде «Қазақмыстағы» әріптестерімізбен бірлесе шешіп жатқан мәселе де бар. Бүгінгі таңда ірі өндіріс жұмыскерлерінің өмір сүру сапасын жақсарту – мемлекет алға қойған міндет қана емес. Бұл негізінен болашақ дамуға, компанияның және тұтастай алғанда, қоғамның тиімділігі мен өміршеңдігіне қосатын үлкен үлес болып саналады.
Жаңа Ұжымдық шарт аясында «Казцинкте» көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналар мен әкелерге, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, өндіріс ардагерлеріне белгілі бір төлемдер пайда болады. Демалыс базаларында демалу жағдайлары айтарлықтай жақсарады. Қауіпсіздік үздіктеріне арнайы преференциялар жасалады. Жұмыс өтілі үлкен қызметкерлер үшін бірқатар жаңа жеңілдік пен преференция енгізіледі. Компанияның зейнеткерлері мен жастарына ерекше көңіл бөлінеді.
Ірі тау-кен компаниялары өз жұмыскерлеріне жауапкершілікпен қарау – заманауи үрдіс пен бизнестің өркениеттілігінің белгісі ғана емес, сонымен бірге, тұтастай алғанда, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақтылығына қосылатын үлес деп санайды.