С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті енді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ғылыми-индустриялық орталығына айналады.
Осыған байланысты университетте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен еншілес кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Ондағы мақсат – аталған білім беру ордасын ұлттық компанияның корпоративтік ғылыми-индустриалды орталығына (R&D орталығы) айналдыру мәселесін талқылау. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, оқу ордасының іргелі ғылыми-индустриалды орталыққа айналуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, оқытушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына жол ашылады. Екіншіден, өңірде жоғары білімді мамандардың тұрақтауына мүмкіндік береді.
– «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары мен академиялық қауымдастық өкілдерінің бір алаңға жиналуын ортақ мақсат пен мүдде жолындағы бірлескен қадам деуге болады. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – еліміздегі мұнай-газ саласының ғылыми-инновациялық орталығына айналуды мақсат етіп отырған жоғары оқу орны. Мұнда жаңа жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік бар, – деді С.Шәпкенов.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың пікірінше, университетпен тығыз жұмыс істеудің маңызы зор. Өйткені отандық компания өткен жылдан бері білім саласына ерекше назар аударып отыр.
– Атырау мұнай және газ университеті – салалық білімнің көшбасшысы, бір облыстың ғана емес, басқа да өңірлердегі өнеркәсіп кәсіпорындарына кадр даярлайтын ұстахана. Ұлттық компания ретіндегі міндетіміз – теория жағынан ғана жақсы дайындалған емес, сонымен қатар өндіріс орындарында тәжірибеден өткен білікті мамандарды даярлауға қолдау көрсету. Студенттерді тәжірибе жинауға тарту, жұмысқа алу осы университетпен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылады. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарына тарту жоспарымызда бар. Өйткені біз еншілес кәсіпорындардың дамығанын, өндірісте заманауи ғылыми жобалардың енгізілгенін қалаймыз. Ұлттық компания мен университет арасындағы байланысты нығайта беруіміз қажет. Өндіріске енгізуге болатын барлық инженерлік шешімге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сол себепті бұл білім ордасы біздің компанияға маман даярлайтын кадр ұстаханасы бола алады, – деді М.Мырзағалиев.
Кездесуде университет пен ұлттық компания басшысы ғылыми-академиялық бағытты дамытуға қатысты ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес отандық компания мен оның еншілес кәсіпорындары R&D орталықта ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық шешімдерге бастамашылық жасағалы отыр. Оның ішінде көмірсутектерді барлау, өндіру, мұнай химиясы, мұнай өңдеу, мұнай мен газды тасымалдау және тағы басқа бағыттар бойынша цифрлық, техникалық технологиялық міндеттерді іске асыру бар. Бұдан былай унивесритет студенттері өнеркәсіп нысандарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Кәсіпорындардың инженерлік-техникалық тобындағы мамандар ментор ретінде студенттерге тәжірибесін бөліседі. Ал компания факультеттердегі зертханалық және тәжірибелік-конструкторлық инфрақұрылымы өзгеше дамытуға қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ университет пен «ҚазМұнайГаз» Инжиниринг» компаниясының ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Аталған компания ғылыми зерттеу жүргізіп, мұнай-газ саласының тұтас кешені бойынша өндірістік-техникалық талдау жасайды. Ал ғылыми зерттеулерді кен орындарында сынақтан өткізу, ғылыми кадрларды еншілес кәсіпорындарда өндірістің қолданбалы міндеттерін шешу үдерісіне тарту мәселелері шешімін табады.
Атырау облысы