• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Таным 22 Маусым, 2023

Свен Хедин көрген Қазақия

1599 рет
көрсетілді

Ғылымның бір аты – ізденіс. Өткен ғасырларда біздің даламызға кімдер келіп, кімдер кеткені тура­лы ізденісіміз нәтижелі болып жатыр. Бүгін біз Свен Андрес Хедин (1865-1952) және оның «Азия арқылы» атты саяхат кітабы туралы айтамыз. Ең алдымен, біз Свен Хединнің кім екенін оқырманға таныстыра кетейік. Жер-жаһанға аты таныс швед географы, топограф, зерттеуші ғалым және сая­хатшы Свен Андерс Хедин өмірінде отыздан астам кітап жазған өз заманының зиялысы болатын. Тіпті ол өз шығармаларының иллюстраторы да болды. Небәрі 15 жасында Хедин Солтүстік теңіз жолындағы алғашқы навигациясынан кейін Арктика зерттеушісі Адольф Эрик Норденскиольдтің өз ортасына аман оралған сәтіне куә болады. Әне, сол сәттен бастап жас Свеннің зерттеуші болуға аңсары ауады. Неміс географы және қытайтанушы Фердинанд Фрейхер вон Рихтхофеннің жетекшілігімен кей зерттеулері оның Германияға деген сүйіспеншілігін оятып, Азияның жұмбаққа толы аймақтарын зерттеу үшін Орталық Азияға экспедиция жасауға ниеттенеді. Көп өтпей ол докторлық дәрежесін алып, бірнеше тіл мен соған байланысты диалектілерді үйренеді. Парсы даласына екі рет сапарға шыққаннан кейін оның ойы мен көзқарасы түбегейлі өзгереді. Тіпті ол географиялық зерттеу әдіснамасымен танысуға осы саладағы зерттеулерді жалғастыру туралы ұстазы Фердинанд фон Рихтхофеннің кеңесіне құлақ асқан жоқ.

Орталық Азияға жасаған бір­неше реткі экспедициясы ке­зінде ол Ги­малай тауын Батыс жұртына таныс­тырды, Брахмапутра, Инд және Сутлеж өзендерінің қайнар көздерін анықтады. Ол сондай-ақ Лобнұр көлін, Тарым ойпатының шөліндегі қалалардың орнын, зиярат орындарын аралады, Қытай қорғанының картасын жасады. Хедин өзінің «Полюстен по­люс­ке» аты кітабында 1880 жыл­­­дың соңы мен 1900 жыл­­дың ба­сындағы Азия мен Еу­­ро­па тө­сіндегі сапарларын си­­пат­­тайды. Осы саяхаты кезін­де Хе­дин Түркия, Кав­каз, Иран, Ирак, қыр­­­ғыз даласына, Ресейдің Қи­ыр Шы­ғысына, Үн­дістанға, Қы­­тай мен Жапонияға табан ті­рейді.

Свен Хедин 1894-1908 жылдар аралығында Орталық Азияның тау­лары мен шөлдерін кесіп өтіп, үш рет экспедиция жасайды. Қытайдың қазіргі Шыңжаң өл­кесі мен Тибеттің сол уақытқа дейін еуропалықтар зерттемеген бөлік­терін картаға түсіріп, онда кездескен хикметтің бәрін қойын дәптеріне түртіп алып, арнайы зерттеді. Бір ғажабы, ол 1909 жылы Стокгольмге оралғаннан кейін жерлестері оны сал­­танатты түр­де қарсы алады. Кейіпкеріміз Швециядағы қос бірдей ғылым академиясының мүшесі ретінде ғылым мен әдебиет сала­лары бойынша Нобель сый­лы­ғының лауреаттарын таңдауда дауы­с беру құқығына ие болды. Ғы­лыммен айналысу оны отба­сын құрып, бала сүю сияқты ма­ңызды міндеттерден де айыр­ды. Бұл күндері оның артында ұрпақ қалмағанымен, ұшан-теңіз ғылыми еңбектері, саяхат жаз­балары әлем оқырманының қолы­нан түспейтін кітаптарына айналды.

Хединнің саяхат жазбала­ры Орталық Азияны нақты картаға түсірудің негізі болды. Ол қай өңірге экспедиция жа­саса, сондағы жергілікті ға­лымдар мен зерттеушілерді жұ­мысқа алған алғашқы еуро­па­лық зерттеушінің бірі еді. Сол үшін де оның Қытайдағы ежел­гі буддалық ерекшелікке ие қалалардың қирандыларын тап­қан алғашқы ғалым ретінде аты шықты. Хединнің бір өзі бір­неше адамның жұмысын қатар істеді. Айталық, кездескен құнды жәдігерлерді ол өзі фотоға түсіріп, соның сызба нұсқасын жасады, әсем сызбаларымен безендірілген ғылыми құжаттары мен танымал саяхат жазбалары оның осы са­ладағы жұмысын әлемге лезде таратып үлгерді.

1937 жылдан бастап саяхат ке­зінде жинақталған ғылыми материалды Хедин және басқа экспедиция қатысушылары 50-ден астам том етіп басып шы­ғарды. Осылайша, оның батыл қадамдары әлем елдерінің сырға толы Шығыс Азияны танып-бі­луіне мүмкіндік туғызды. Баспа шығындарын тө­леуге ақшасы жетпей қалғанда ол бірнеше бөл­ме­ден тұратын құнды кітап­хана­сын ломбардқа қояды.

Хедин өзінің экспедиция­ларында картография мен зерттеу үшін Орталық Азияның бүкіл аумағының көрінісін ашты. Ги­малай мен оның жоталары, Ти­бет үстірті, Тарым ой­­паты мен Такламакан шөлі, Памир тауы оның назарынан тыс қалмаған. 1935 жылы Хедин Чан Кайши мен Адольф Гитлердің сая­си өкілдерімен кездесіп, алуан түрлі пікірталастар жүргізгенде ол Шве­ция үкіметіне ғана емес, Қытай мен Германия сияқты шет­ел үкіметтеріне де Орталық Азия туралы бар білгенін айтудан жалық­пады.

Біздің қолымызға түскен Свен Хединнің «Азия арқылы» атты кітабы – екі томнан, жалпы 1308 бет­тен тұратын іргелі зерттеу ең­бегі. Аталған кітап «Harper And Brothers Publishers» баспасынан 1898 жылы Нью-Йорк пен Лон­донда қатар жарық көрген. Кі­тапта 300-ден астам иллюстрация, эскиздер және автордың өзі түсірген фотосуреттер қоса беріл­ген. Еңбектің алғысөзінде «Бұл кітап 1883-1887 жылдар ара­лығындағы Азия арқылы жаса­ған сапарымның қарапайым есебі деп білерсіздер. Аталған ең­бек көпшілікке арналған, оның үстіне бұл кітабым менің саяхат ес­телігімнің сипаттамалары ғана. Қойын дәптеріме түрткен ма­териал­дардың бәрін кітапқа қос­сам, онда бұл сапарнамам тым кө­лем­ді болып кетер еді», деп бас­тайды.

Свен Хедин шағатай тілінде еркін сөйлейді екен. Ол «Шағатай тілін біл­генім үшін мен сан түрлі ке­дер­гілерден еркін өттім» деп жазады. Оның Орталық Азияға сапары көптеген географиялық мүм­кіндіктерді ашады. Айталық, біріншіден, ол географиялық түсініктерді анық деректермен көрсетеді. Екіншіден, еуропалық және азиялық картада бұрын болмаған атауларды бір арнаға тү­сірді. Ег­жей-тегжейлі зерттеу нысаны бол­ғанымен, зерт­телмей, әлі жұмбақ күйде жат­қан бірнеше аймақ бар. Бұл әсіресе Азияның ішкі бөлігіне қатысты. Мен Орталық Азия гео­графиясын білуге өз үле­сімді қосу мақсатында осы кітап­та сипатталған саяхатқа шық­тым» деп жазады саяхатшы.

«Азия арқылы» кітабын па­рақтап көріп, көптеген деректерге кездестік. Автордың осы еңбекті жазуға өзі оқыған оқу орнында жылдар бойы ең­бек еткенін, 1890-1891 жылдары Ресейге қарас­ты Түркістан өлкесі мен Қаш­қарға барлау жасағанын, бірне­ше жыл бойы үздіксіз атақты шы­ғыстанушы ғалым Барон Вон Рихтхофеннің жетекшілігімен Бер­лин университетінде Орталық Азия географиясын зерттеумен ай­налысқанын білдік.

Кітаптың екінші тарауы «Орын­борға барғанда» деп бас­талады. Қаланың әрбір көркем жер­лері мен тарихи орындарын аралаған Свен Хедин онда та­тарлар мен қырғыздар бірге өмір сүріп келе жатқанын кө­реді. «Орынбордың 56 000 тұр­ғыны бар, басым бөлігі татарлар, қалғаны башқұрттар мен қырғыздар. Татарлардың бас ме­шіті осындағы бай саудагердің қаражатына салынған». Бұл да біз үшін керекті ақпараттың бірі. Сонау 1800 жылдары Орын­бордың халық саны елу мыңнан астам болғанын осы саяхат кітабы айтып тұр.

Аталған кітаптың төртінші тарауы «Қырғыз даласын кесіп өту» деп аталады. «14 қарашада Орынборда қыстың алғашқы қарлы бораны соқты. Термометр күндізгі уақытта -6о C», дейді ол. Жайық өзені, Каспий, Арал теңізі, Сырдария мен Ертіс аралығында қырғыз даласының кең көсіліп жатқанын ол анық байқайды. Қыр­ғыз көшпелілері баяғыдан ме­кендеген далада қасқыр, түлкі, бөкен, қоян, т.б. жануарлардың бірнеше түрлері кездесетіні, сонымен қатар кейбір тікенді дала өсімдіктері аймақтың қолайсыз жағдайларына қарсы күресетінін жазады.

Қазіргі әлем ғалымдары мен тарихшылары, шығыстанушылар көшпелілер туралы көп зерттеу еңбектерін жазды. Бәрі дерліктей көшпелілердің байлығын айтудан жалықпайды. Ал мұндағы бір маңызды мәселе – олардың еркіндігі, мәдениеті. Жарты дү­ниені шарлаған Свен Хедин де кең далада емін-еркін өмір сү­ріп жатқан халықтың байлығын жа­зады. «Мұндағы көптеген қырғыздардың (қазақтардың) 3000 бас қойы мен 500 жылқысы бар, олар өте жақсы жағдайда өмір сүреді. Солтүстік Торғайдың қысы суық. Қаңтар және ақ­пан айларында дауыл қатты со­ғады. Қырғыздар өздерінің ескі қо­ныс­тарына барып, малын қа­мыс­пен қоршалған қорада ұс­тай­ды. Қырғыздар еркін халық, қабілетті, дені сау, ақкөңіл. Олар жаужүрек жауынгерлер іс­петті, даладағы бостан өміріне қана­ғаттанады, еркіндікке табынады, ешбір билікті мойындамайды. Тіпті олар ауыл шаруа­шы­лығында жұмыс істейтіндерді менсінбейді».

Міне, Свен Хедин Ор өзенінің оң жағалауымен жүріп, сондағы ұзаққа созылған дала арқылы қырғыздар орналас­қан Бұтақсай стансасына ат басын бұрды. Бір қызығы, Бұтақ­сайдағы тұр­ғындар оның өз ауылдарына келгеніне еш таңғалыс білдірмейді. Бірақ Свен Хединнің екі камерасы оларды қызықтырады. «Олар менен үлкен камерамды көрсетіп, мылтық па деп сұрай берді», дейді ол сол сәтті еске алып. Хединнің Те­рек­тіге дейінгі сапары 224 мильді артқа тастайды. Ол оның осы сапарындағы ең ұзақ аралық еді. Үздіксіз жүріп ол Торғай мен Сыр­дария губернияларының шекарасын кесіп өтеді. «Саяхат­шыларға ыңғайлы бөлмесі бар көпес Ива­новтың бірінші стансасы Жұлдызда мен Қазалыға дейінгі 150 миль жол үшін жиыр­ма бес сом төледім». Төртінші тарау осы­лай аяқталады. Енді оның сапары Аралдан Ташкентке дейінгі аралықты сөз етеді. Жол, ары қарай тағы да жол.

Алыстан көрінген Арал теңізі швед саяхат­шысының көзіне оттай басылады. Ұлы құрлықтағы ең үлкен теңіздің бірін өз көзімен көрген ол сол сәттегі таңғалысын қойын дәптеріне түрте бастайды. «Арал теңізі теңіз деңгейінен 157 фут биіктікте орналасқан. Оның ауданы 27 000 шаршы миль, Венер көлінен он есе үлкен немесе Шот­ландиямен бірдей ендікті алып жатыр. Көлдің жағалауы тақыр қалыпта тұр, қаңырап бос қалыпты, оның тереңдігі шамалы, ал суының тұздылығы соншалық оны тек өзендердің сағасынан басқаға пайдалануға болмайды».

Жүре келе Свен Хедин Қа­залыға да жетті ақыры. «Қазалы Сырдарияның оң жағалауына орналасқан, Арал теңізінен 110 миль жерде тұр. Мұнда 600 үй бар. Оның 200-і орыстар.

3 500 тұрғыны бар, оның 1 000-ы (олардың жанұяларын қосқанда) Орал казактары еді». Ол үшін Ұлы далада батқан күннің өзі өзгеше әсер сыйлағандай. Ол күннің батуын, даладағы сәуленің өзгеше әлемін сипаттайды. Ұлы далада қасқайып тұрған сексеуіл бұтақтарының қайсарлығы, да­ланың сиқыры, шығыстағы шөл өсімдіктерінің бейнесі оны бейжай қалдырмайды. Оның қойын дәптері I864 жылы генерал Чер­няевтың Түркістанды жаулап алуы, айбынды өлкенің одан кейінгі тағдыры, Әзірет Сұлтан Қожа Ах­мет Ясауиді еске алу үшін Темір­ланның 1397 жылы алып кесене тұр­ғызғаны туралы де­ректермен толығады.

Сапарын ары жалғастырған Свен Хедин Арыс өзені жағасына, Шымкентке барып аялдайды. «Мұндағы көшелер құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Үйлер­дің терезесінен шамдардың жа­рығы көрінеді». Саяхатшының мақ­саты – ел аралап, жер көру. Біздің кейіпкеріміз одан кейін Таш­кентке, Памир үстіртіне, қазіргі Қытайға қарасты Қызылсу өңіріне, одан ары Қаракөл асып, жұмбақ мекен Қашқарға дейін ат сабылтады. Сосын Моң­ғо­лияны ендей өтіп, Бейжің ар­қылы өз еліне қайтады.

Қазақ даласының кешегі және бүгінгі келбетінің арасында жер мен көктей айыр­машылық бар. Бірақ қалай десек те, өткен күн – мәңгілік тарих. Ал сол өт­кен күндерді хатқа жазып қал­дырғандар тарих жасаушылар болмақ. Свен Хединнің өз мақсаты табаны тиген жерге дейін барып, саяхаттау болса, бүгінгі біздің мақсатымыз – кешегі қазақ қоғамының өз бейнесін тарих бетінен табу еді.