• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Банк 22 Маусым, 2023

Банк секторының бары мен жоғы

225 рет
көрсетілді

Жақында «Jusan Analytics» 2012-2022 жылдар аралығындағы еліміздің банк секторына шолу жасап, қаржылық қызметтер нарығының трансформация­сын қарастырды. Аталған жылдары қаржы саласында біршама өзгеріс болып, әлемдік қаржы дағдарысынан кейін нарықта банк секторының активтері 10 жыл ішінде 3 есеге жуық өсіп, ұлттық валюта 3 есеге құнсызданған.

Айта кетерлік жайт, 2007 жылы еліміздің ең ірі «Қазкоммерцбанк», «Тұран әлем» және «Альянс» банктері барлық активтің 57,6%-ын құраған. Кейін осы үш банктің екеуі мемлекет меншігіне өтіп, жеке инвесторларға сатылған болатын. Қазіргі таңда біраз банк біріктіріліп атауы өзгерген, ал кейбірінің нарықтан шығып кеткендері де бар.

Бүгінгі банк секторының жұмыс барысында төлем карталары мен қолма- қол ақшасыз есеп айырысу көлемі бұрынғыға қарағанда, қарқынды дамып, тұрғындардың банктегі депозиті бірнеше триллион теңгені құраған. Бұл осыдан он жыл бұрынғы сомамен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін көрсетіп, банк тұтынушыларының теңгеге деген сенімінің нығайғанын білдіреді. Ал жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері пайыздық көрсеткіште мардымсыз күйде тұр.

Сонымен қатар «Jusan Analytics» сарапшылары кейінгі 10 жылдағы динамиканы шартты түрде 3 кезеңге бөлген.

Бірінші кезең, 2012-2015 жылдар аралығында әлемдік қаржы дағ­да­рысынан кейін тез қалпына келтіріп, банктер активтерді жедел жинақтаған.

Екінші кезең, 2016-2019 жылдар­ аралығы. Бұл кезеңде көптеген кәсіп­орын­ның төлем қабілеті нашарлап, бірқатар банкте экономикалық келеңсіз жағдайдың орын алуы тәуе­кел­­ділікті тоқтату мүмкіндігін азайтуға әкелген.

Үшінші кезең, 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін банктер үшін жергілікті дағдарыстан шығу жолында бизнесті бөлшек сегментке қайта бағдарлады. 2018-2019 жылдардан бастап банктер жаңа технологияларды белсенді түрде енгізуге және экожүйелерді құруға кірісіп, COVID-19 пандемиясы цифрландыру үдерісін жеделдетті. Нарықтың шоғырлануын сипаттайтын херфиндаль-хиршман индексі 2018 жылдан бері 1400-1500 тармақ аралығында болған. Бұл нарық көшбасшылары арасында жоғары бәсекелестікке әкеліп, ал кей банктер әмбебап деңгейде қалуға тырысып бағуда. Жаңа бизнес-ортада банк секторы трансформациялауға мәжбүрленуі мен мұндағы жұмыс істеу үдерістеріне енген өзгерістер активтер құрылымына байланысты болып тұрса керек. Сонымен банк секторының жиынтық активтері 2012 жылдан бері үш есеге өсіп, 2022 жылдың соңына қарай 45 триллион теңгеге жуықтады. 2016 жылы банк секторындағы белсенді өсу кезеңінен кейін нақты тоқыраудың бес жылдық кезеңі басталып, 2016-2020 жылдар аралығында банк секторының активтері 70-75 млрд доллар деңгейінде болған. Оның басты себебі, 2013 жылмен салыстырғанда несие портфелінің 60 пайызға дерлік төмендеуінен туындаған. 2020 жылдан бастап көлем бірте-бірте қалпына келіп, 2022 жылдың соңына қарай олар шамамен 100 млрд долларға жеткен. Бұл 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштермен салыстырмалы түрдегі жайт. Дегенмен несие портфелі 2013 жылғы ең жоғары көрсеткіштен әлі 40%-ға аз көрінеді.

Деректерге сүйенсек, еліміздің эконо­ми­калық өсіміне банктердің қатысуы тө­мен болғанын, 2017 жылдан бастап «ІЖӨ-ге несиелер» көрсеткіші, тіпті 25%-дан аспаған (бұрын ол 30-35% ше­гін­де болатын). Бұл әлемдегі ең төменгі көр­сеткіштердің бірі және посткеңестік елдер­дің ішінде Тәжікстан, Молдова мен Украина тұр.

Дүниежүзі бойынша орта есеппен алғанда бұл көрсеткіш шамамен 58%-ды, ал экономикалық жағдайы бізбен салыстырылатын елдерде 43%-ды құрайды. Елдің ішкі жалпы өнімге қатысты несиелендірудің мұндай төмен көрсеткіші экономиканың экспортқа бағытталған құрылымы мен шикізат секторының жоғары үлес салмағы нәтижесінде қалыптасып отыр. Ірі кәсіпорындарды іс жүзінде отандық банктер қаржыландырмайды, ал егер олар қаржыландырылатын болса, тек қысқамерзімді операциялық қажеттіліктерді жабады. Сонымен қатар банктік несиелеу тетіктерін бұрмалайтын мемлекеттік қолдау және қаржыландыру бағдарламаларының болуы да айтарлықтай әсер етеді. Осындай жағдайда банктер әлеуеті жоғары қарыз алушылардың аздығынан, соңғы 10 жылда бос өтімділікті клиенттерге жаңа несие беруге емес, бағалы қағаздармен қазынашылық операцияларға көбірек көңіл бөле бастаған. Бұл екінші деңгейлі банктер активтерінің жалпы көлемдегі бағалы қағаздардың 2012 жылы 7%-дан 2022 жылы 17%-ға дейін, 2019 жылы 22%-ды құрайтын ең жоғары деңгейімен айтарлықтай өскенін көрсетеді.

Несие портфелінің динамикасында құрылымдық өзгерістер 2012 жылы заңды тұлғаларға берілген несиелер портфельдің 70%-дан астамын құраса, 2022 жылға қарай олардың үлесі 37%-ға дейін төмендеген.

2016-2017 жылдары жеке тұлғаларға берілетін несиелердің көлемі заңды тұлғаларға берілген несиелерге қара­ғанда жылдам өскен.

Бөлшек несиелендіру өсімінің не­гіз­гі драйвері – тұтынушылық несие­лер, оның ішінде азық-түлік емес тауар­лардың едәуір бөлігі елімізге шетелден жеткізілгендіктен (әртүрлі салада ол 70-80%-дан асуы мүмкін), мұндай тауарлардың бағасы (әлемдік инфляция, теңгенің құнсыздануы және т.б.) әрине, жоғары болатыны рас.

Сонымен қатар цифрландырудың арқасында тұрғындарға несие өнімдерін (бөліп төлеу) пайдалану оңайырақ әрі қолжетімді болған. Тұтынушылық шығындардың шамамен 80%-ы несие ресурстары арқылы игерілсе, 2022 жылдың соңында бұл көрсеткіш шамамен 55%-ды құрады. «Банктегі өтімді активтердің деңгейі өткен жылдың соңында шамамен 41% болды. Әртүрлі көрсеткіш бо­йынша 25% тәуекел балансы тұрғысынан орын алса, екінші жағынан былтырғы жылдың қорытындысы бойынша теңге несиелердің депозиттерге қатынасы 105%-ды құрады. Бұл банктердің теңгелік депозиттердің барлық ағынын несиелеуге жұмсайтынын, ал өтімді активтердің жоғары үлесі негізінен шетел валютасында көрсетілгенін білдіреді, бұл қазіргі реттеуші ортада несиелеу үшін пайдалану қиын», дейді мамандар.

Осындай өтімділік көлемі 2013 жы­лы­ 2,8 млрд доллардан 2022 жылдың со­ңы­нда 15,4 млрд долларға дейін өскен. Банк­терді қорландыру құры­лы­мын­дағы негіз­гі бөлігін клиенттердің депо­зиттері ала­ды. Олар шамамен 71%-ды құрай­ды. Өт­кен жылдың қоры­­тындысы бойын­ша­ депозиттік порт­фель­дің­ көлемі 31,6 трлн­ теңгені құрап, бұл 2012 жылмен салыс­­тырғанда (8,5 трлн) 3,5 есеге артық бол­ған.

«Мерзімді депозиттерде икемді шарт­­тары бар депозиттер басым,­ бұл қар­жы­лан­ды­ру көздерінің құбыл­­малылығына қауіп төн­діреді. Депо­зит­терді долларсыздандыру тұрақты өсуде, бірақ оның қарқыны эко­номика құрылымымен шектелсе, ше­тел валютасындағы депозиттердің на­рық­тық­ өзге­рістерге икемділігі төмен болуы, олар­­дың ұзақмерзімді сипатын көр­се­теді», деп­ пікір білдіреді «Jusan Analytics» мамандары.

Несиелеуді белсенді түрде арттыру­ үшін клиенттік база айтарлықтай шектеулі. Демек экономикамызда тұрақ­ты қарыз алу­шы бола алатын сенімді компаниялар аз. Сондай-ақ компаниялардың көпшілігі қыз­мет көрсету саласында шоғырланған, мұн­да сенімді кепілдіктер жоқ. Негізгі мә­се­ле, корпоративтік секторда болып тұр. Заң­­ды тұлғалар несие алуды жалғастырып ке­ле­ді, бірақ бұл айналымдағы ақша қара­жа­­ты­ның олқылықтарын жабуы үшін қа­жет­.

Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторы актив­те­рінің сапасына алғашқы тұрақты ба­ға­лау (AQR) нәтижесін ұсынды. QR 10 банк­ке, оның ішінде Halyk Bank, Kaspi Bank, Jusan Bank, ForteBank, «Банк ЦентрКредит», RBK Bank, Home Credit Bank, «Еуразиялық Банк», Nurbank және Altyn Bank бар. Аталған қаржы инсти­тут­тарының активі банк секторына тие­сі­лі бүкіл активтің 71%-ын құраған.

«Проблемалық кредит үлесі 11,5%-дан­ 14,8%-ға немесе 509,1 млрд теңгеге өсті. Стандартты займ көлемі 1,3 трлн теңгеге, 85,7%-дан 77,1%-ға азайды. Алай­да несие тәуекелін арттыру белгісі бар қарыз 805,3 млрд теңгеге немесе 2,8%-дан 8,1%-ға артып тұр. 10 банк бойын­ша жеткіліктілік капиталының жалпы деңгейі 1,7 пайыздық тармаққа, 17,6%-дан 15,9%-ға төмендетілді. Бұл норма­тивті бекітілген минималды дең­гейден 7,5%-ға жоғары», деген еді Агенттік төрағасының орын­басары Олжас Қизатов.