• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 22 Маусым, 2023

Тұшпарадан дәм татыңыз

318 рет
көрсетілді

Еңбек адамына кәсіп бастауға ештеңе кедергі бола алмайды. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Қазір шағын және орта шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта отбасымен тұшпара түйіп, қымыз өндіруге ниетті жетісулықтар үлгі. Біз халықтың көңілін тапқан кәсіпкерлердің шаңырағына барып, жұмысымен танысып қайттық.

Ауыл шаруашылығын өркен­де­туге қолайлы аудандардың бірі – Ескелді. Өңірде мемлекет тарапынан берілетін қолдау, инвес­торлық жұмыс арқылы өз жобаңды жүзеге асыруға мүм­кін­дік көп. Оған дәлел облы­сымызға кеңінен танымал – «Вкусняшки» тұшпарасы. Бұл сау­дасы өтімді шағын кәсіпорынның брендіне айналған өнім. Өндіріс орны – Қарабұлақ ауылындағы Ораз­беков көшесінде орналасқан. Дәмді һәм жеңіл дайындалатын тағам сиыр, қой, жылқы етінен жасалады. Ең бастысы, кәсіп иесі етті жергілікті шаруа­лардан алады. Идея авторы – Сергей Ли-Шан-Шин.

Ли-Шан-Шин әулеті жиырма жылдан бері тұшпара жасап келеді. Ең ғажабы, өндіріс технологиясы үйде дайындалатын рецептке негізделген. Тұшпара қолмен түйіледі, тек қамырды илеу мен кесу операциялары автоматтандырылған. Қазір мұнда күніне 300 килоға дейін тұшпара, 90 кг вареник өндіріледі, ал өнім түрлері барған сайын молаюда.

Тұшпара бизнесін алғаш қалай бастағандарын еске алған цех басшысы Сергей Ли-Шан-Шин Талдықорған қаласында бала кезінен әкесінің самсаханасында көмектесе жүріп, ас әзірлеудің қыр-сырын меңгеріп алғанын айтады. Осы жылдар ішінде отбасын құрған соң осы бизнесті жалғастыруға бел шешкен, оған қоса жұбайы технолог маман болып шықты. Алғашында несие алып, тұшпара түюді бастаған, өнімдерінің табиғи таза­лы­ғын алға тарта отырып, жартылай фабрикаттар дайындау цехын ашты. Сертификаттаудан өткен соң отбасы Ескелді ауда­ны­ның Қара­бұлақ ауылында биз­не­сіне арнал­ған үй-жайлары мен қа­жетті жабдық­тарын реттеді.

«Біз 2006 жылы бастаған кезде тұшпарадан басқа ештеңе өндірген жоқпыз. Қазір картоп қосылған вареник, фрикаделька, котлет, асқабақ, пияз бен ет қосылған мәнті түрлерін дайындаймыз. Тұшпараның да бірнеше түрі бар. Біртіндеп өнім түрін көбейтіп келеміз. Мұның бәрі клиенттердің сұранысына байланысты», дейді «Ли-Шан-Шин» ЖК директорының жұбайы Найля Ли-Шан-Шин.

Ол тұшпараның үй рецепті бойынша дайындалып, түгелдей қолдан түйілетінін айтады. Өнім табиғи таза өнімдерден әзірленеді. Оған жергілікті жердегі мал – сиыр, жылқы, қой еті, отандық ұн қолданылады. Қосалқы қоспалар қолданылмайды. «Бұл – біздің басты ұстанымымыз», дейді іскер әйел.

Аталған шағын цехта 25 жер­гі­лікті тұрғын тұрақты түрде жұ­мыс істейді. Олардың арасында 10-15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер де бар.­ Мәселен, тұшпара технология­сын жетік меңгерген Алмагүл Уван­сы­нованың еңбек еткеніне 8 жылдан асып­ты.

«Осы жерде табан аудармас­тан­ көп жылдан бері жұмыс істеп­ жатқандар бар. Өзім де осы ортаға қосылғаныма қуаныш­ты­мын. Ал өніміміз таза, та­би­ғи. Жуа қосамыз, қалғаны таза ет. Сондықтан да болар тұты­ну­­шылар риза. Үйде қалай жаса­сақ, осы жерде де дәл солай дайын­­даймыз. Ауыл ішінде осын­дай орын ашылып, көптеген адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Жал­ақы­сы жақсы, тұрақты», дейді кәсіп­орын қызметкері Алмагүл Уван­сынова.

Одан бөлек, тағы бір қыз­мет­кер Марина Жолдасбекова тұш­па­ра жасау­мен 14 жылдан бері айналысып келеді. Күніне ол кем­ дегенде 20-30 кило тұшпара жасайды: «Қыз­меткерлердің көпшілігінің тәжі­рибесі мол. Тұрақты табысы­мыз бар, бұл біз үшін өте маңызды, өйт­кені біздің шағын ауылда өн­ді­ріс орындары көп емес», дейді М.Жол­дасбекова.

Жалпы, «Вкусняшки» брен­ді­мен шығарылатын кәсіпорын тұш­паралары, басқа да жартылай фабрикаттары бүгінде жер­­гілікті сауда орындарында ғана­ емес, сонымен қатар облыс­ орта­лы­ғы Талдықорғанда, сондай-ақ Текелі қаласында және жақын аудан­дарда кеңінен саудаланады. Бүгінгі таңда кәсіпорын 10-ға жуық өнім шығарады, оның түрін әлі де ұлғайту жоспары бар. Мұндағы қызметкерлердің жалақысы 120 мың теңге шамасында. Цех өткен жылдың екінші жартысында Ескелді ауданының қазынасына 18 млн теңге шамасында салық құйған.

Облыс әкімінің баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, Ескелді ауда­нында барлығы 3 650 ШОБ субъек­тісі жұмыс істейді. Биыл 1 сәуірдегі жағдай бойын­ша­ ШОБ субъектілерінен 285,7 млн­ теңге түсті, бұл 2022 жылғы дең­гейден 64,8 пайызға жоғары. Бұл ретте Жетісу облысында өнеркәсіп өндірісінде 525 кәсіп­орын, оның ішінде 14 ірі және 16 орта кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылы аймақта 64 млрд тең­геге 53 инвестициялық жоба іске асырылуда, оларда 920-дан ас­там жұмыс орны құрылады.

Ал ескелділік кәсіпкер Айка­мал Хамит қымызхана ашу­ды жоспарлап отыр. Өзі жыл­қы өсірумен айналысатын келін­шек бизнестегі алғашқы қада­мын «Бастау бизнес» бағ­дар­ламасы бойынша оқудан бас­тап, мұнан соң ауылдық жерлерде мал шаруашылығын да­мы­­туға арналған «Игілік» бағдар­ла­ма­сы­мен несие алып, оған жылқы са­тып алған.

«Ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім, бұл қиын болса да, пайдалы іс. Халық таза өнім тұтынғысы келеді, сұраныс бар. Сондықтан мемлекеттік қол­дау шараларына жүгініп, жеке бизнесімді ашуға бел байладым. Алдымен тегін курстан өтіп, бизнес негіздері бойынша білім алдым, енді өз ісімді ашуды қолға алып отырмын. Кәсіпкерлер пала­тасының қолдауымен «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ-дан несие алып, іс бас­тадым, дейді А.Хамит.

Кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиа­лының мәліметінше, Ескел­ді ауданы Ақын Сара ауылы­ның тұрғыны Айкамал Хамит 6 пайызбен­ 4 млн теңге көлемінде несие алып, 12 жылқы сатып алған, қазір жылқы өсіріп, қымыз өндірумен айналысып отыр. Бүгінде оның шаруа қожалығында 18 жылқы бар. Кәсіпкер мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару конкурсын ұтып, ауылда қараусыз қалған ғимаратты өз күшімен қалпына келтірді. Бұл ғимаратта қазір шаштараз, нау­байхана орналасқан, осы жерде «Қаз­пошта» АҚ филиа­лы да жұмыс істейді.

Мысалы, ауданның 4 елді мекенінің тұрғындары үшін нау­байханада күн сайын 250-ден 500-ге дейін нан пісіріледі. Ауыл тұрғындары шаштараз қызметіне де жиі жүгінеді.

«Ауыл тұрғындары үшін мұн­дай­ шағын бизнес аса маңызды. Қазіргі уақытта кәсіпкер 5 тұрақ­ты жұмыс орнын құрды», дейді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы бас­қарушы директорының сала­лық даму жөніндегі орынбасары Бек­мұрат Мұсахан.

Енді бизнесмен жылқы санын көбейту үшін «Ауыл аманаты» несиелеу бағдарламасының 2,5 пайызбен берілетін несиесінің мүмкіндіктерін пайдаланғысы келеді. Өз қымызханасын ашу үшін қымыз өндіру көлемін де ұлғайтуға тиіс. Бұл өз кезегінде ауылдық жерде ашылатын жұмыс орындары санының өсуіне оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ ол 5 млн теңгеге дейін өтеусіз грант конкурсына қатыссам деп отыр, жобаны облыстың әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы сүйемелдейді.

Айта кетейік, жалпы өңірде 30 ауылдық округтен 562 тұрғын ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасына қатысып жатыр. Соған сай 3 млрд 286 млн тең­геге пул қалыптастырылды. Бұл бағытта жыл соңына дейін мыңға жуық адамды тарту жос­парланып отыр.

 

Жетісу облысы