• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 23 Маусым, 2023

Алматыда жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

582 рет
көрсетілді

Бүгін Алматыдағы Smart.Point коворкинг орталығында «Әй, қыз, көзіңді аш!» атты қыз-келіншектердің санасына төңкеріс әкелетін кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ руханияты тағы да бір таңғажайып кітаппен толықты.

Аталмыш басылым – әйел затын шабыттандырып қана қоймайды, сонымен қатар өзі айтып жүрген өтіріктерге сенбеуді үйретеді. 2019 жылы АҚШ-тағы ең көп оқылған үздік үш кітаптың бірі болған Рейчел Холлистің «Cirl, wash your face» атты мотивациялық кітабы енді қазақ тілінде сауатты контент дайындайтын «Alqa  publishing» баспасынан жарық көріп отыр.

Рейчел Холлис «Әй, қыз, көзіңді аш» кітабында кез келген әйелдің тіпті ең жақын құрбысына айтуға батылы бармайтын сырын ашады. Әйелдердің өмірін улап келген 20 өтірікті тізіп, олармен күресудің жолын ойнақы, күлкілі, ең бастысы – жүрекке жылы тиер мейірімді оқиғалар арқылы суреттейді.

Жиын барысында сөз алған кітаптың аудармашысы Мира Сембай: «Кітапты аударып отырып, Рейчел сипаттаған әрбір өтіріктен өзімді көрдім, айналамдағы қаншама әйелдің өмір бойы өзіне өтірік айтып жүргенін түсіндім. Рейчел ақыл айтатын кейбір адамдар мен кітаптар секілді «Өзіңді ғана сүй», «Жақындарыңа есеп берме» деп бос ұрандамайды. Өзіңді жақындарыңның, достарың мен туыстарыңның, жолдасың мен бала-шағаңның ортасында күліп-ойнап жүріп дамыт, жақсы көр, арманыңа жет!» деп жол сілтейді. Бұл кітапты әйелдердің бәрі міндетті түрде оқып шығуы керек!», деп залға жиналған қалың көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттырды.

Айта кетейік, салтанатты шараға подкастер Әйнел Әмірхан, психоаналитик Сая Бақимова, БАҚ өкілдері, сонымен қатар өзгеріске жаны құмар, кітапсүйер қыз-келіншектер қатысты.

Кеш қонағы журналист, подкастер Әйнел Әмірхан айтулы шарада әйел затының қашан да заман көшінен қалмай, жұмыс пен отбасын қатар алып жүретін, батыл да қайсар, нәзік те өжет бола алатын табандылығы үшін бас иетінін айтты. Ал психоаналитик Сая Бақимова күнделікті күйбең тірлікпен айналысатын қыз-келіншектердің жігерін оятып, көкейде жүрген сан сауалына жауап берді.

Еске сала кетейік, «Alqa  publishing» баспасы – 2022 жылы ашылған. Аталмыш контент үйі – әйелдер тақырыбын терең қаузап, қазақ қыз-келіншектерінің тұлғалық дамуы үшін әлемдік туындыларды ана тіліне аударып, оқырманға жеткізу арқылы қоғамды, жас ұрпақты ізгілендіруге үлес қосуды мақсат еткен.

Шынайы өмірдің көрінісі боямасыз, бүкпесіз берілген автордың өмірі туралы бұл кітаптың мазмұны – шараға қатысқан әрбір қонақты қанаттандырды. Кеш соңына қарай жиын қатысушылары тұсаукесерге әкелінген кітаптарды сатып алып, естелік суретке түсті.