Егер оқырман есінде болса, өткен жылы талдықорғандықтар 2 мың кило бауырсақ пісіріп, берекелі бір мерекеде өзіндік рекорд орнатқан еді. Ал өткен сенбі күні, 24 маусымда Алматының мақтаулы деген 40 аспазы жабылып 2047 кило бауырсақ пісіріп, осы рекордты жаңартты.
Бауырсақты бренд етуді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат тұтқан «Bauyrsaq day» мерекесіне жаңа рекордты тіркеуге «Қазақстан рекордтар кітабының» ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы арнайы келді.
Бір жағынан осынау іс-шара – отбасы институтын дамытуды, демалыс күндерін мәнді етуді де көздейді.
Бауырсақ пісіру үшін 1600 кило ұн жұмсалып, 5 қазан көтерілген мерекеге Алматының ең мықты деген 40 аспазы жиналды.
«Рекорд жаңартқан осынау іс-шара алғаш рет ұйымдастырылды. Бауырсақ пісіру түс кезінде басталып, ыстық бауырсақтарды өлшеп, шетінен елге таратып жатырмыз», дейді ұйымдастырушылар.
Бауырсақ дайындалып жатқанда балалар да зерікпеді. Арнайы жоспарланған көңілді бағдарламаларға қатысып, әртүрлі кейіптегі аниматорлармен ойнады. Бетіне, қолына арнайы мамандардың көмегімен сурет салдырып, естелік суреттерге түсіп жатты.
«Қазақстан рекордтар кітабының» ресми өкілі Бақытжан Тастүбеков алдағы уақытта мұндай іс-шаралардың жиі болып тұратынын айтты. Бұған дейін 2017 жылы Талдықорған қаласының күніне орай осындай іс-шара ұйымдастырылған. Онда рекорд 2000 кило болған.
«Нан болса, ән де болады» демекші, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концертті Әли Оқапов бастап берді. Балақайлар да өнер көрсетті. Концертті «Үркер» тобы ұлттық нақыштағы әндерімен мерекені кешкі мәреге жеткізді.
Кешкі сағат 20:30 шамасында бауырсақтар толығымен пісірілді. Ұйымдастырушылар 2023 кило бауырсақ пісіруді жоспарлаған, кейіннен салмағы 2047 килоға жеткен соң, рекорд жаңартылды. 7 сағаттан аса жұмыс жасаған аспаздардың мақсаты орындалды.
Бақытжан Сәбитұлы Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі ретінде, 2047 кило бауырсақ пісіріліп, жаңа рекорд тіркелгенін растай отырып, ұйымдастырушыларға куәлік тапсырды.
Қалалықтар бауырсақтың дәмді болғанын, бала-шағамен бірге демалып, отбасылық жылы оқиға болғанын айтып, ұйымдастырушылар мен аспаздарға алғысын білдірді. Ұлттық құндылықтарды, ұлттық тағамдарымызды дәріптейтін іс-шаралардың араға жыл салып емес, мереке сайын жалғасып тұруын тіледі.
Мәдина ҚАЛИ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті
АЛМАТЫ