• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2023

Штаб отырыстары өндірістің өзінде өтуге тиіс

256 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әли­хан Смайыловтың төраға­лығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Сон­дай-ақ зейнетақы мен жәрдемақыны көбейту, проактивті түрде әлеумет­тік қолдау көрсету және Қазақстанда 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Әлеуметтік кодекстің жай-жапсары талқыланды.

 

Жылыту маусымына дайындық – жіті назарда

Энергетика министрі Алма­садам Сәтқалиев биыл жылу электр стансаларында 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғанын жеткізді. Қа­зіргі таңда 3 энергоблок, 19 қа­­зандық және 8 турбинада жұ­мыс жүргізіліп жатыр екен. 3 қа­зандық пен 8 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталыпты.

«Биыл 25,3 мың шақырымға жуық электр беру желісін, 567 қосалқы стансаны, 3,5 мың тарату пунктін және трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу ­жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 2 мың шақырымға жуық электр беру желілері, 69 қосалқы станса, сондай-ақ 469 тарату пункті мен трансформаторларда жұмыс тиянақталды», деді А.Сәтқалиев.

Министр жөндеу жұмыста­рын жүргізу барысында алдағы жылыту маусымында тәуекел аймағына кіретін энергетика­лық кәсіпорындарға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-ның барлық 6 қазандығын жөн­деуді бастау үшін қажетті шаралар қабылданыпты. Мұн­дай жұ­мыстар Екібастұз, Жезқаз­ған, Кентау және т.б. жылу электр орталықтарында да жүргізіліп жат­қанын баяндады.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуына қараған­­да, бүгінде әлеуметтік нысандар ­мен тұрғын үйлер алдағы жылыту ­ке­зеңіне қызу дайындық үстін­де. 22 маусымдағы жағдай бойын­ша 2,5 мың білім беру нысаны мен 1,7 мың денсаулық сақтау нысанында және 7,3 мың тұр­ғын үйде қысымды тексеру жұмы­сы жүр­гізіліпті.

«Сонымен қатар барлық өңір­де жылу желілеріне тех­ни­ка­лық тексеру жүргізіліп жатыр. Бү­гінгі таңда 89 қаланың 30-ын­да жұмыс аяқталды. Жал­пы, жыл соңына дейін 500 шақы­рымнан астам жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ 1,4 мың шақырым сумен жабдықтау желілерінің 233 шақырымы жөнделсе, 46 ша­қырым су бұру желісі де жөн­делді», деді М.Қарабаев.

Үкімет мүшелерінен кейін сөз алып, атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы Павлодар облы­сы­ның әкімі Асайын Байха­нов, Қа­рағанды облысының әкі­мі Ермағанбет Бөлекпаев, Абай об­лысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.

Премьер-министр алдағы жы­­лыту маусымына дайындық мә­селесі маусым айында әдейі ертерек қаралып жатқанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, қазір әкімдіктер мен орталық мем­лекеттік органдардың жұмы­сынан бірқатар кемшілік бай­қалады.

Мәселен, жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы күр­делі жөндеу жұмыстарын бекіт­ті. Бірақ бұл жұмыстар көпте­ген өңірде кешігіп жатыр. Ал, тіпті, енді біреулері жөндеу жұмыс­тарын келесі жылға қалдырып отыр.

«Мысалы, Атырау жылу орта­лы­ғында турбиналарды жөн­деу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы 60 күн­ді құрап отыр. Рудный жылу орталығында да осындай жағ­дай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұ­мыстары жоспардан мүлдем алы­нып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұ­лай жұмыс істеуге болмайды. Энер­гия объектілері иелерінің жа­уап­кершілігін күшейту қажет. Олар­дың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек», деді Әлихан Смайылов.

 Ол сондай-ақ жылу желіле­рін жөндеу жұмыстарының қарқы­ны өте баяу екенін қадап айтты. Байыппен қарасақ, 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр екен. Желілерді техникалық тек­­серу жұмыстары да әлі бітпе­ген. Үкімет басшысының пікі­рін­ше, уәкілетті орган мен әкім­дік­­тердің арасында үйлес­тіру­дің жоқтығынан осындай кем­ші­ліктер орын алып отыр.

«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен ми­нистрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай», жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәу­­лік бойы жұмыс істеу керек. Біз­де құрылыс маусымы өте қыс­қа, сондықтан тәуекел де жо­ға­ры. Егер жаз біткенше жағдай жақ­сармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов Энергети­ка министрлігі өңір әкімдері­мен бірлесіп, жылу көздерінің жөн­­деу мерзімдерін ауыстырмай, жы­лыту маусымына толық дайын­дықты қамтамасыз етуі керек еке­нін ескертті. Ал Ин­дустрия ми­нистрлігіне өңір әкімдерімен бір­лесіп, жылу желілеріндегі жөн­деу жұмыс­тарын тиянақты аяқ­тау үшін бар­лық қажетті шара қабыл­дауға тиіс екенін айтты.

Үкімет басшысы сондай-ақ жылу энергетикасы жөніндегі заң жобасы шеңберінде бекітілген жөндеу кестесін бұзғаны үшін энергия өндіруші ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу мәсе­лесін пысықтауы керек екенін айрықша атап өтті.

«Тарифті бекіту кезінде бе­рілген өтініштердің негізділігін жә­не стансадағы нақты жағдай­ды анықтауға мүмкіндік беретін кешенді тәсіл қажет», деді ол.

Сонымен қатар Премьер-ми­нистр екі апта ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуді тапсырды. Оған қоса ол жылыту маусымына дайындық жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын түгел қайта қарауды талап етті.

«Жыл сайын олардың жұ­мы­­сында нақты істер емес, науқан­шылдық орын алып отыр. Олар қағаз жүзінде бар, ал жөндеу жұмыстарына қатыстары жоқ. Штаб отырыстары әкімдіктер­де емес, тікелей объектілерде өтуі керек», деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Жаңалыққа толы жаңа кодекс

Зейнетақы мен жәрдемақы­­ны көбейту, проактивті түрде әлеу­меттік қолдау көрсету: Қазақ­станда 1 шілдеден бастап жаңа Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Бұл туралы Үкімет отырысының екінші кезеңінде Премьер-ми­нистр Әлихан Смайылов айтты.

Сонымен биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа Әлеуметтік кодекстің норма­ла­рын іске асыру мәселелері отырыста жан-жақты талқыла­нып, озық, осал тұстарының бәрі қа­ралды.

Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова енді респуб­ликадағы әлеуметтік қолдау мәсе­лелері бір құжат – Әлеуметтік кодекспен реттелетінін атап өтті. «Құжат 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Кодекс нормаларының бір бөлігі жыл басынан қолданысқа енген еді», деді Т.Дүйсенова.

Атап айтқанда, құжат туған­нан бастап кәмелеттік жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналасты­ру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақ­тандыру, қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету, қарттар­ды қолдау және т.б. мәселелерді қамтиды.

Ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қарас­тырылды. Мәселен, жыл басы­нан бері бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімі 1,5 жас­қа дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 450 мыңнан астам отбасы аталған көмекті алды. 1 шілдеден бастап «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Батыр ана» ата­ғы бар көпбалалы аналарға тө­ленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Бұл шарамен 90 мыңға жуық әйел қамтылмақ.

Сондай-ақ кодексте мүге­дек­­тігі бар азаматтарға көп кө­ңіл бөлінді. Атап айтқанда, мү­ге­дектерге, олардың қамқор­шы­ла­рына және асыраушысынан айырылған отбасыларға төле­нетін жәрдемақы мөлшері 14,5 па­йызға артады. Жәрдемақы мөл­­шерінің жыл басында 8,5 па­йызға ұлғайғанын ескере отырып, төлемдер сомасы жалпы 23 пайызға өспек.

Жалпы, жаңа Әлеуметтік ко­­декс­тің осы және басқа да көп­те­ген нормасы азаматтардың әл-ауқа­тын арттыруға және әлеу­мет­тік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.

Отырыс барысында «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төраға­сы Василий Шиманский де сөз сөй­леді.

Бұған қоса, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ер­мек Кенжеханұлы мұқтаж аза­маттардың деректерін өзектен­діру және өңірлерде проактивті форматта атаулы әлеуметтік кө­мек көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Премьер-министрдің айтуын­ша, жаңа кодексте ұсыны­лып отырған шаралар әлеумет­тік қор­ғау жүйесін халықаралық стан­дарттарға сай қайта ретке кел­тіруге мүмкіндік береді.

«Осылайша, әлеуметтік қор­ғау және зейнетақымен қам­та­­масыз ету саласы бойынша бар­лық заңнама бір жүйеге кел­ті­рілді. Әлеуметтік кодекс­те кү­ші жойылған 10 заңның не­гіз­гі нормалары сақталды. Со­ны­мен қатар бірқатар жаңа ереже қарастырылған. Олардың бар­лығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуын­ша, кодекстің маңызды жаңалы­ғының бірі – зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайыз­ға өседі. Яғни 2 млн-нан астам зей­­неткер осы қолдау шарала­рымен қамтылмақ. Жалпы, қа­былданып жатқан шаралар 2025 жыл­ға қарай жиынтық зей­нет­ақыны орта есеппен 27 пайыз­ға арт­тыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Премьер-ми­нистр енді азаматтар өздерінің зейнетақы активтерінің 50 пайы­зын сенімгерлік басқаруға беру­ге құқылы екенін айтты. Жинақ­тардың қалған бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады.

«1 шілдеден бастап мемлекет­тік әлеуметтік жәрдемақы тағы 14,5 пайызға ұлғаяды. Жалпы өсім 23 пайызды құрайды. Мүге­дектік медициналық мекеме­лер­­ге міндетті түрде бармай-ақ және растау алмай-ақ, проактивті түрде белгіленетін болады. Қоры­тындыны тәжірибелі дәрігер­лерден құралған тәуелсіз сарап­шылар береді», деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса көпбалалы отбасыларды қолдау үшін «Алтын алқа», «Ана даңқы», «Батыр Ана» марапаттарының жәрдемақы мөл­шері сараланды. Елімізде 90 мың­ға жуық ана жо­ға­ры жәр­демақы алады.

Сондай-ақ жаңа кодекске сәй­кес Еңбек ұтқырлығы орта­лық­­тары құрылып жатыр. «Өңірлерде жұмыс орындарының бірыңғай базасы болады. Бұл жұмыс іздеу үдерісін жылдамдатады», деді Әлихан Смайылов.