• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 02 Шілде, 2023

Мейірбек МОЛДАБЕКОВ: Ғылымға сұраныс жасайтын өндіріс болмай тұр

1030 рет
көрсетілді

Танымал ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мейірбек МОЛДАБЕКОВТІҢ еліміздің ғарыш саласына сіңірген еңбегі ерекше. Жуырда аты алысқа кеткен академикпен дидарласып, отандық ғылым және ғарыш саласы туралы аз-кем әңгіме­лескен едік.

– Мейірбек аға, еліміздегі ға­рыш саласының негізін қала­ған үркердей топтың ішінде өзіңіз де барсыз. Қазір бұл саланың экономиканы ә­р­та­­раптандыруда маңызы зор.­ Мем­лекет басшысының өзі мұ­ны­ бірнеше рет айтты да. Осы бір жауапты міндетті жүзе­ге­ асырудың негізгі құралы қан­дай? Неге мән беруіміз керек?

– Бұл сұраққа бір сөйлеммен жа­уап берсек, онда ғылымды өндірістік күшке айналдыру қа­жет. Ғылымды қажетсінетін әрі жоғары технологиялық ға­рыш саласын құру тәжірибесі тұр­ғысынан алғанда да тек осы қадам дұрыс болмақ. Оның үстіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру міндетін қадап айтып келеді. Бұған қандай жолмен жетуге болады? Ол үшін бізде «ғылым – технология – өндіріс» үштігі іркіліссіз жұмыс істеуі керек. Ғылыми-технологиялық қолдаусыз өндіріс дами алмайды. Сол себепті бұл міндетті шешуде отандық ғылымның рөлі зор. Өйткені ғылыми әзірлемелерсіз технология жоқ, ал технологиясыз өндіріс тұралайды. Өкінішке қарай, әзірше біздегі шындық бұдан едәуір алыстау.

– Мұндай жағдайға қалай тап болдық?

– Бұған бірнеше фактор әсер етті. Соның негізгі екеуіне тоқ­тал­айын. Бірінші фактор – біздегі ғылым «қалдық» қағидаты бойын­ша қаржыландырылды. Бұл ретте еліміз посткеңестік кеңіс­тік­тегі мемлекеттер арасында да, да­мыған елдерге маңайламайтын өзге республикалар арасында да аутсайдерлер қатарында болды. Екінші фактор – жоғарыда айтқанымдай, бізде «ғылым – техно­логия – өндіріс» тізбегі жұ­мыс­ істемеді. Енді осы ойларды одан әрі өрістетіп көрейін.

Кейінгі бірнеше жылда ғана ғылымға деген бетбұрыс дұрыс­тала бастады. Ел билігі ғылым мен ғалымның мәртебесін көтеру үшін маңызды қадамдар жасады. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызына тең қаржы жұмсалған, ал индус­триясы дамыған елдерде бұл көрсеткіш 3 пайыздан асады. Демек кемінде 23 есе жоғары. Бұл – ТМД мемлекеттері арасындағы ең төмен көрсеткіш. Ал одан кейінгі үш жылда қаржыландыру көлемі 70 пайызға ұлғайды. Мұны бір деңіз. Екіншіден, төрт жыл бұрын ғалымдардың ғылыми институттарда тұрақты жұмыс орны болған жоқ. Өйткені олар жобалар бойынша уақытша әрі конкурста жеңіске жеткен жағдайда ғана жұмыс істеді. Қазір заңнамаға бірқатар ғылыми институттың үздіксіз қызметін қам­тамасыз ететін нормалар енгі­­зілді. Үшіншіден, жобаларды­ орын­дау мерзімі үш жылдан­ бес жылға дейін ұзартылды. Бұл ғылы­ми мектептерді қалып­тас­ты­ру­ға әрі ғалымдарға жүргі­зі­летін ғы­лыми зерттеулер мен әзір­ле­ме­лер үшін төленетін төлемнің үз­діксіз аударылуына ықпал ете­ді­. Осының бәрі ондаған жылдар­ ­­бойы таза энтузиазммен жұмыс істеп келген ғалымдарды жігер­лен­діргені анық. Қазір ғылымға ағылған жастардың нөпірі қалың екенін байқап отырмыз. Бұл өте маңызды. Жас ғалымдарсыз отан­дық ғылымның болашағы бұлың­ғыр.­ Бірінші фактор жөнінде айта­рым­ – осы.

Ал екінші факторға қатысты бірнеше себепті айтуға тиіспіз. Бірінші себеп – еліміздің қолданыстағы «Ғылым туралы» заңында «ғылым – технология – өндіріс» тізбегіндегі ғылыми әзір­лемелердің рөлі нақты көр­се­тілмеген. Заңнамалық нормалар­ды­ әзірлеу кезінде алдымен «Ғы­лым­нан не алғымыз келеді?», «Эко­но­миканы дамытуда ғылым­ға­ қандай рөл ұсынамыз?» деген­ қа­рапайым сұрақтарға жауап беруіміз керек еді. Еліміздің әлеу­­меттік және экономикалық да­муын­дағы ғылымның басты рө­лі­ – тек қана жаңа білім алу емес, сонымен бірге өндіруші күш­ке айналу әрі экономикалық нәтиже беру. Бұған қалай қол жет­кізуге болады? Өндірісті дамы­­тудағы ғылымның рөлі «ғылым – технология – өндіріс» тізбе­гі арқылы жүзеге асырылады. Ал технологияның көзі – ғылы­ми әзірлемелер. Өкінішке қа­рай, қол­даныстағы «Ғылым туралы» заңда ғылымның бірінші база­лық бағыты – ғылыми зерттеу­лер­ге ғана назар аударылды да, екін­ші базалық бағыт – ғылыми әзір­ле­ме­лер­ге тиісті көңіл бөлінбеді.

Екінші себеп – бізде ғылыми әзірлемелерге негізгі сұранысты тудыратын өнеркәсіптік өндіріс нашар дамыған. Бұрынғы КСРО-дан мұраға қалған өндірістің өзін жоғалтып алдық. Қазіргі уақытта ғылыми әзірлемелерге деген сұраныстың болмауының басты себебі – өнеркәсіптік өнді­ріс­тің жоқтығы. Жаңа технологияларды әзірлеу мен жаңа өнімдерді шығару қажеттілігі туралы өндіріс мәлімдеп отыруы керек. Индустриясы дамыған елдерде ғылыми әзірлемелерді өнер­кәсіптік компаниялар қаржы­ландырады. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын шығындардың 70 пайызына дейінгі сомасын төлеп береді.

Үшінші себеп – әлеуметтік әрі стратегиялық маңызды мін­дет­терді шешу үшін ғылым ал­дына тиісті деңгейде үлкен мақ­сат қойылмайды. Біздегі қазіргі жағдай қандай? Ғылыми әзірлемелерді ұйымдастырудың қолданыстағы жүйесі олардың нәтижесін түпкілікті тұтынушыға бағыттамайды. Ғылымды дамытуда әлеуметтік-экономикалық мақсат қоюдың қаншалықты маңызды екенін мына бір мысалмен айтуға болады. Мәселен, КСРО-да ядролық қаруды жет­кі­зу үшін ядролық қару мен зымы­ран техникасын жасаудың страте­гия­лық маңызды міндеттерін шешуге ерек­ше назар аударылды. Аталған мәсе­лелерді шешудің нәтижесі – үшінші дүниежүзілік соғысты тежейтін ядролық құралдар жасау ғана емес. Сонымен қатар бұл механика, математика, физика, химия, биология сияқты іргелі ғылымдардың да, есептеу техникасы (аналогтық және цифрлық), материалтану, автоматты басқару тео­риясы, радиоэлектроника, ра­дио­байланыс, роботтехника, жасанды интеллект сияқты қол­данбалы ғылымдардың да дамуын­дағы айтулы жетістік болды.

Төртінші себеп – ғылыми әзір­лемелер жүргізу үшін жеке инвестицияларды тартуға тиісті мемлекеттік қолдаудың болмауы. Ғылыми әзірлемелерді орындауға бөлінетін бюджет қаражатының шектеулі екенін білеміз. Мұндай жағдайда ғылыми ұйымдарды өз қаражаты мен түрлі қорлардың қаржысы есебінен отандық технологияларды әзірлеуге немесе жеке инвесторлар тартуға ынталандыру маңызды. Ал бұрын бөлінген бюджет қаражаты шең­б­­­е­рінде орындалған ғылыми зерт­теу­лердің нәтижелері ғылыми әзір­ле­мелерге негіз бола алады.

– Ғылымды қаржыландыру құ­рылымындағы ғылыми әзір­лемелердің үлесін қалай ұл­ғай­та аламыз? Өнеркәсіптік өнді­ріс­ті дамыту үшін бөлінетін қара­­жаттың тиімділігін арт­­тырудың қандай жолдары бар?

– Мұның жолдары көп. Соның төртеуіне тоқталайын. Бірінші – ғылымды ғылыми зерттеулер және ғылыми әзірлемелер деп екі базалық бағытқа заңнамалық тұрғыдан бөлу. Бұл индустриясы дамыған елдердің ғылымды R&D (research and development) деп бөлу тәжірибесіне сәйкес келеді. Өйткені ғылымның негізгі екі бағыты мақсаты, жұмыс сипаты және түпкілікті нәтижесі бойынша бір-бірінен түбегейлі ерекшеленіп тұрады. Ғылыми зерттеулердің мақсаты – жаңа білім алу. Он­сыз­ ғылым дамымайды. Ал ғылы­ми­ әзірлемелердің мақсаты – алын­ған білімді қолдану. Онсыз ғылым өндірістік күшке айнала алмайды. Алғашқысы іргелі және қолданбалы зерттеулер түрін­де, ал екіншісі тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық және сынақ жұмыстары түрінде орындалады. Ғылыми зерттеулер білім деңгейін және ғылыми жарияланымдарды арттыру ар­қы­лы әлеуметтік әсерге, ал ғы­лы­ми әзірлемелер жаңа техноло­гия­лар, ноу-хау, материалдар, өнім­дер мен қызметтер арқылы тіке­лей экономикалық әсерге бағытталады. Экономистер мен қаржыгерлердің көзқарасы бо­йынша, ғылымның екі негізгі бағыты бір-біріне қайшы келе­ді. Өйткені алғашқысы ақша­­ны­ білімге, екіншісі білімді ақша­ға­ айналдырады. Сондықтан «ғы­лым­ – техноло­гия­ – өндіріс» тіз­бегі жұмыс іс­теуі үшін әзір­ле­ніп жатқан «Ғы­лым және тех­но­ло­гия­лық­ сая­сат туралы» заңның жобасына ғылыми әзірлемелер өндіріс тех­но­­­логияларының көзі әрі оны ке­­ңей­ту ғылымды өндірістік күш­ке­ айнал­дырудың негізгі жолы екені туралы ереже енгізу қажет.

Екінші қадам – ішкі сұранысты зерделеу әрі инновациялық үде­ріс­ті­ мемлекеттік тұрғыдан белсенді қол­дау, экономика салаларында ішкі нарықта нақты сұранысқа ие түпкілікті өнімдердің тізбесін қалып­тастыру. Экспорттық өнім­ өндірісі болмаса да осы тиімді. Өйткені ол жаңа жұ­мыс­ орындарын ашады әрі шетел­дік өнімдердің импортын төмен­де­теді. Экономика салалары бойын­ша түпкілікті өнім тізбесі бар болса, оны өндіруде талап етіле­тін ғылыми әзірлемелердің жүйе­сін­ қалыптастыру қиын емес. Өнер­кәсіптік өнімге сұранысты арт­тырудың мұндай тәсілі ең алды­мен қорғаныс өнімдеріне қатыс­ты қолданылуға тиіс. Онда да бұл халықаралық шарттарға сүйене отырып жасалуы керек. Қорғаныс-өнеркәсіптік кешені дамыған елдерде бұл саладағы ғылыми әзірлемелер әрқашан мемлекеттің инновациялық өсуі мен экономикалық дамуының қуатты қозғалтқышы болып саналады. Қазақстанда әскери өнім өндіруді ұйымдастыру бірінші кезекте отандық технологияларға сүйенуге тиіс.

Үшінші шара – бұрынғы КСРО-ның ғылым мен адами әлеуетін дамыту тәжірибесін қолданудан тартынбау. Бірден айтайын бұл – өткенді көксеу емес, қайта қажетті дүниені кәдеге жарату. Мәселен келмеске кеткен КСРО тәжірибесін қазір Біріккен Араб Әмірліктері сәтті қолданып отыр. Елдің технологиялық дамуы мен адами әлеуетін дамы­ту­дың жоғары стратегиялық мақ­сатына жету үшін БАӘ 2021 жылы Марсты зерттеуге арналған ғылыми ғарыш стансасын құруды нақты әлеуметтік маңызды мақсат ретінде анықтады. Бұл ел жастары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ғарыш техникасын, жаңа аппаратураның кең спектрін, перспективалы ғарыш технологияларын, азаматтық және әскери салаларда тұтынушылық әлеуеті жоғары қосымшаларды әзірлеу міндеттерін шешуге байланыс­ты ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықты оятты. Сол секілді 10 миллионға жетер-жетпес халқы бар алақандай Израиль тұрақты әскери қарама-қайшылық жағдайында күн кешіп отырса да, адами әлеует пен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы жоғары тех­но­логияларды дамытуға ден­ қою арқылы индустриялық әрі ауыл шаруашылығы бағы­тын­дағы ғылым мен технология­лар­ды дамытудың әлемдік көш­бас­шы­сы­на айналды.

Төртінші шара – мемлекеттік-жеке­шелік әріптестікті жан-жақ­ты кеңей­ту. Бірақ бұл жер­­де мемлекет түпкілікті өнім­нің сұранысына кепіл болуы керек. Мұндай қадам­ның тиім­ді­лігін дәлелдейтін мысал­ ретінде «Қазғарыштың» ава­рия­лар мен апаттар кезін­де­ шұғыл әрекет ететін мем­ле­кеттік автоматтандырылған ақпа­раттық жүйесі н айтуға болады. Бұл жүйе Кеден одағына мүше мемлекеттердің ортақ шеші­­мімен құрылған болатын. Ортақ шешімнің негізінде мем­лекет аталған жүйеге және оның қызметтеріне деген­ сұранысқа кепілдік берді. Осының нәти­же­­сінде «Қазғарышқа» ве­домст­во­лық тұрғыдан бағы­ныс­ты Ғарыш­тық техника және технологиялар­ инс­титуты жүйені әзірлеуге мүд­де­лі жеке инвестор тапты. Сол се­кілді мемлекеттің шартты түрде сот­талғандарды бақылауда ұс­тай­тын электронды құралдар (элек­тронды білезіктер) жүйесін құруы да дәл осындай жолмен іске асырылды. Демек егер әзірлеушілер өнімнің сұранысына кепілдік берілгеніне сенімді болса, онда олар отандық технологияларды әзірлеуге өз қаражатын да, жеке инвесторларды да тарта алады.

– Ғылыми зерттеулер мен ғылыми әзірлемелердің нәти­же­­лілігін қандай өлшеммен бағалау керек?

– Екеуінікі екі түрлі болуы керек. Критерийлер ғылымның екі бағытының мақсаты, жұмыс сипаты және түпкілікті нәтижесі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету тұрғысынан алғанда бір-бірінен ерекше екенін нақты білдіруі керек. Шетелдік басылымдардағы жарияланым саны біздің ғылымның әлемдік деңгейдегі нәтижелілігін ғана емес, бәсекеге қабілеттілігін де бағалауға мүмкіндік береді. Алайда бұл критерий ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін бағалау үшін мүлдем жарамсыз. Мұндай тұжырымның салмақты үш себебін атауға болады: бірін­ші – ноу-хауды жариялау және өзгелерге паш ету ақылға қонбайды, екінші – ноу-хауды жария­ланым арқылы өзгелерге таныстыру коммерциялық құпия­лар­ды ашып, отандық өндіріске бәсе­­келестік туғызады әрі ел­дің­ экономикалық мүддесіне үл­кен зиян келтіреді, үшінші – мұндай қадам мемлекеттік және әскери құпияларды жайып сала­ды, тиісінше елдің ұлттық мүд­десіне айтарлықтай зиянын тигі­зеді. Осы себептерге байланысты ғылыми зерттеулердің нәти­желілік критерийі жарияланым­дар­ санымен көрсетілмеуі керек. Ғы­лымның еңбек өнімділігін арт­­тыруға және экономиканың ғылы­мды қажет ететін салаларын дамытуға қосқан үлесін есе­леу тұрғысынан ғылыми әзір­леме­лердің нәтижелілік кри­те­рийі әзірленген технология­ негізінде, құрылған жаңа жұмыс орындарының санымен, әзір­лен­ген технологияны пайдалану­ арқылы өндірілген өнімнің/қыз­меттің қосылған құнымен көр­се­ті­луге тиіс.

– Жоғарыда «Қазғарышты» тіл­ге тиек еттіңіз. Бұл мекеме жасаған ғы­лы­ми әзірле­ме­лер­ден­ қандай эко­­но­микалық, тех­но­­­логиялық жә­не әлеуметтік әсер күтуге болады?

– Ғарыштық техника және тех­нологиялар институты ға­рыш­ жүйелерінің өнімдері мен қыз­меттеріне қол жеткізу үшін эко­номика салаларындағы және күштік ведомстволардағы түп­кі­лікті пайдаланушылар үшін ар­найы өнімдердің кең тізбесі бо­йынша ғылыми әзірлемелер жасады. Ғылыми зерттеулердің нәти­ж­е­лері негізіндегі өнімге деген сұра­нысқа кепілдік берілсе, қазіргі уақыт­та сұранысқа ие реактивті сна­рядтар немесе ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты бірқатар азаматтық және әскери өнімдерді өндіру технологияларының ғылы­ми­ әзірлемелерін орындауға мүм­кіндік бар. Отандық қорғаныс кәсіп­орындарында әскери өнімнің белгілі бір түрлері бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орналастыру туралы шешім қабылданса, ғылыми-зерттеу және сынақ ұйымдарының өнімдеріне ұзақмерзімді әрі сенімді сұраныс қалыптасар еді. Бұл оларды жеке қаражат немесе түрлі қордың қаражаты есебінен жаңа өнім өндірудің отандық технологияларын әзірлеуге ынталандырар еді. Жеке инвесторлардың қаражатын тартуға да мүм­кін­дік береді. Бұл түбінде өн­ді­ріс­ құрылымын өзгерту және ғылымды қажет­сі­нетін өнеркәсіп секторын­ қал­ып­тас­тыруға, ғылыми әзірлемелерге жұм­салатын бюджет қаражаты шы­ғындарының айтарлықтай тө­мен­деуіне, түпкілікті өнімді өн­ді­ру технологияларын жа­сау­­ға бағытталған ғылыми әзір­­лемелердің нәтижелілігін арт­­тыруға, жаңа өнеркәсіптік өнім әзірлеу кезінде техникалық тәуе­келдерді төмендетуге, ғылы­ми­ ұйымдарда да, қорғаныс өнер­кәсібі мен машина жасау сала­сын­­дағы кәсіпорындарда да жаңа жұ­­мыс орындарын құруға жол аша­ды.

– Отандық ғарыш ғылы­мы­ның негізгі жетістігі ретінде нені айтар едіңіз?

– Қазақстанның ғарыш ғылы­мын дамытуда саланы­ жасақ­тау­­дың жоғары стратегиялық мақ­сатын айқындау нәтижесінде ғы­лыми әзірлемелер бойынша серпіліс жасалды. Елімізде ғарыш қызметін дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған және респуб­ликаны индустриялық-инно­ва­ция­лық дамытудың 2009-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары аясында ғарыш қызметін дамытудың салалық бағдарламасын қабылдау әрі іске асыру отандық ғарыш ғылымының дамуына айрықша серпін берді. Осылардың нәтижесінде 2007-2014 жылдары белгілі ғарышкер, май­талман инженер Талғат Мұса­­­баев басқарған Ұлттық ға­рыш агенттігі ғарыш саласының ғы­лы­ми және инженерлік өзегін қалып­тастырды. Сол арқылы ғарыш техникасының отандық үлгі­лерін жасау жөніндегі ғы­лыми әзірлемелердің жаңа бағыттары дамыды. Ел ға­лым­дары мен инженерлерінің қа­ты­суымен ғарыштық байланыс және Жерді қашықтан зондтау жүйелері құрылды. Еліміздің жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесі дүниеге келді. Оны толығымен отандық ғалымдар әзірлеп шықты. Спутниктік навигация саласындағы құзыреттерді және ғарыш жүйелері қызметтерінің түпкілікті тұтынушылары үшін көптеген қосымшаны қарқынды дамыту үшін тиісті жағдай жасалды. Ғарыштық техниканы­ және ғарыш қызметтерін тұты­ну­­­шылардың аппараттық-бағ­дарламалық құралдарын әзір­леу мен өндірудің ғылыми-техно­ло­гиялық және өндірістік базалары құрылды. Біздің ғалымдар мен инженерлердің арқасында ғылыми және технологиялық мақ­саттағы отандық екі ғарыш аппараты құрылып, ұшырылды, ойдағыдай іске қосылды. Міне, осының бәрі ғарыш ғылымының жетістігі емес пе?

Жалпы, ғарыш саласының, ғарыш ғылымының әлеуеті зор. Біздің нақты әлеуметтік маңызы зор бағыттың бірі қорғаныс-өнеркәсіп кешені болуы әбден мүмкін. Бұл аэроғарыштық кешеннің дамуымен байланыс­ты. Өйткені олардың бірыңғай ғылыми-техникалық негізі бар. Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуы тұтастай алғанда мем­ле­кеттің дамуына, оның қауіп­сіз­дігіне айтарлықтай әсер етеді. Ғарыш және қорғаныс өнер­кә­сібі саласындағы ғылыми әзір­лемелердің дамуын және олар­дың нәтижелерін өндіріске енгізуді тежейтін бас­ты мәселе – осы уақытқа дейін ғылыми әзір­ле­ме­лермен қатар өнеркәсіптік сы­нақ­т­­­арды да қамтитын толық техно­ло­гиялық циклі бар өндірістердің құрыл­мағандығы. Дәл осы жағ­дай ғарыштық, әскери және қос мақсаттағы өнеркәсіптік өнім­дер­дің тізбесі мен өндіріс көлемін ке­ңейтуге мүмкіндік бермейді. Осыны ескерген абзал.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»