Жангелдин ауданының диқандары егістіктеріне үйірлі шегіртке түсіп, бір тәуліктің ішінде мыңдаған гектар дәнді алқапты жайпап тастағанын айтып дабыл қағып жатыр. Төтеннен төнген қауіптің бетін қайтару үшін шілденің үшінде өңірге Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы келді.
Жергілікті шаруалар өңірде жағдайдың әлі де ушығып тұрғанын айтады. Қаптаған зиянкестің беті қайтар емес. Қазір Жангелдин, Амангелді және Науырзым аудандарындағы шегіртке басып қалған егістіктерде 31 арнайы техника химиялық өңдеу жүргізіп жатыр. Олардың ішінде 9 жерүсті желдеткіш бүріккіш, 13 аэрозольді газ генераторы, 6 жеңіл авиация кемесі және 3 ұшақ бар. Алқапты улау жұмыстарының басы-қасында өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Әлиев жүр.
Облыстық аумақтық инспекциясы мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Тілек Төлебаевтың айтуынша, биыл облыста үйірлі зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуден өтуі тиіс 422,904 мың гектар алқап белгіленіп, оған жететін препараттың бәрі әкелінген. Химиялық өңдеу жұмыстарын іске асыратын қызмет көрсетуші мекемелер де анықталған. Шілденің екісіне дейін өңірде 257,2 мың гектар жерге италиялық прусқа қарсы у шашу жоспарланған. Бүгінге дейін соның 66 пайыздан астамы химиялық өңдеуден өтіпті. Бүгінге дейін Амангелді, Алтынсарин, Денисов, Федоров, Сарыкөл, Қамысты аудандарындағы үйірлі шегіртке көбеюі мүмкін алқаптарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Жангелдин ауданының шаруалары үйірлі шегіртке 10 мың гектардан аса егістігімізді тып-типыл етіп кетті дейді. Алайда алқаптарды химиялық өңдеуге жауапты ресми орындар «зиян шеккен ауылшаруашылық дақылдарын байқамадық» деп отыр. Ал әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан фотосуреттерден енді ғана бойлап келе жатқан бидай сабағының жұлма-жұлмасы шыққаны анық байқалады.
– Алқаптарды химиялық өңдеуден өткізу жұмыстары 21 мамырда басталды. Үйірлі шегіртке бұған дейін үш рет анықталып, оларды жоюға арнайы техника жіберілді. Қазір бұған дейін химиялық өңдеуден өткен жерлердің өзінен үйірлі шегіртке шығып жатыр. Италия прусы деген өте өміршең зиянкестің қатарына жатады. Қазір шегіртке басқан алқаптарды улау жұмыстары комитет төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Әлиев пен облыстық аумақтық инспекция басшыларының бақылауымен іске асырылып жатыр. Шаруаларға қаншалықты шығын келгенін, неше гектар алқап зиян шеккенін дәл қазір сол аудандарда жұмыс істеп жатқан жұмыс тобы анықтайтын болады, – деді Т.Төлебаев.
Шегірткеден келген шығынның бар-жоғын Жангелдин аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары да айта алмады. «Дәл қазір шығын туралы нақты мәлімет бере алмаймыз. Өйткені шегіртке әлі бар. Дәнді алқаптарға келген залал мөлшері зиянкестерді жойып болған соң барып есептеледі», дейді мамандар. Егінімді шегіртке жеп қойды деп шырылдап жүрген шаруаларға қандай көмек көрсетілетіні де, әзірге белгісіз.
Қостанай облысы