• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Шілде, 2023

ІЖӨ: 6 пайыздық өсімнің ауылы алыс па?

219 рет
көрсетілді

2023 жылдың бірінші жартыжылдығы аяқталып қалды. Экономикалық өсімнің барысы бәрімізді бір қуантты, бір мұңайтты. Алдағы жартыжылдыққа болжамның қабағы оң. Премьер-министр Әлихан Смайылов 2023 жылы ел экономикасы 4,5-5 пайыз өсетінін айтты. Атап айтқанда, былтырғы қорытынды бойынша ел экономикасы 3,3 пайызға өскен. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 27 пайызға көбейіпті. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 18 пайызға өсіп, 4,1 млн-ға жетті. Ал экономикадағы ШОБ үлесі 33 пайыздан 36,5 пайызға дейін ұлғайды. «Экономикалық өсім инвестициялармен тікелей байланысты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 5 айда 17,2 пайызға өсті. Биыл біз экономиканың өсуін 4,5-5 пайызға, ал орта мерзімді болашақта кемінде 6 пайыз деңгейінде көздеп отырмыз», деді Премьер-министр.

Сарапшылар оң өзгерістерге бастайтын факторлар күшейіп, тамырланып келе жатқанын айтады. Экономикалық өсу болашағына күмәнмен қарағанмен саяси реформалар жағдайды өзгерте алады деп үміттенеді.

2023 жылғы 19 сәуірде Үкіметте өткен әлеуметтік-экономикалық мәселе­лерге арналған кеңесте Қазақстан басшысы республиканың орташа кіріс тұзағына түсіп қалғанын айтты. «Егер қазір сапалы экономикалық өсім үшін берік негіз жасалмаса, халық табысының тоқырауы алыс емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сол жолы Үкіметке өсудің қосымша көздерін іздеуді тапсырды. Экономикалық өсу қарқыны тоқырауға ұшыраған елдер орташа табыс тұзағына түседі. Бұл кезде жалақы өседі, соның салдарынан отандық тауарлар баға бойынша бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Мұндай елдердің тауарлары мен қызметтері жоғары білікті еңбек ресурстары мен инновацияларға бет бұрған дамыған елдердің және экономикасы айтарлықтай дамып кетпесе де арзан жұмыс күші мен өнеркәсіп тауарларының арзан өндірісі бар мемлекеттердің импортымен бәсекеге түсе алмайды.

Қаржыгер Мақсат Халықтың ай­­туын­­ша, біз межелеп отырған 6 па­­­­йыз­­дық өсімді экономикамыздың мүм­­­кін­­дігі көтере алатынын айтады.

Ол үшін экономикалық өсуді ынта­­ландыруға, инвестициялық ахуалды­ жақсартуға және экономиканы әрта­рап­­тандыруға бағытталған кешен­ді­ шараларды жүзеге асыру қажет. Сарап­шының айтуынша, 2022 жылы республиканың ішкі жалпы өнімі 224,3 млрд долларға жетті. Ал Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметтері бойынша ІЖӨ нақты көлем индексі 2021 жылмен салыстырғанда 103,3 пайызға өсті. ХВҚ сарапшылары Қазақстанның ІЖӨ өсімін 2023 жылы 3,5 пайыздық ал 2024 жылы 4 пайыз деңгейінде болатынын айтып отыр. Сондай-ақ биыл инфляция – 14,8, одан кейінгі жылы 8,5 пайызға дейін төмендейді.

«Ел ішінде экономикалық өсімді халықтың қалтасы сезбей отыр» деген пікір бар. Бізге ішкі жалпы өсім деңгейі халықтың табысына қаншалықты әсер етіп отыр деген тақырып әлі зерделенген жоқ. Ел экономикасы жыл сайын 10%-ға өссе де, бұл қоғамның көпшілігінің әл-ауқатына әсер етпей отыр», дейді М.Халық.

Қазақстанның ІЖӨ өсімін 6 пайызға дейін арттыру мүмкіндігіне тоқталған сарапшы ел экономикасының өсуі шикізат бағасының индексімен ты­ғыз­­ байланысты екенін атап өтті. Мысалы, 2016 жылы мұнай бағасының 50 пайыз­ға дейін төмендеп кеткен кезде экономика 25,5 пайызға дейін төмендеді. Экономист елдің ішкі жалпы өнімі өскен кезде зауыттардың, пайда әкелетін кәсіпорындардың немесе ұлттық ғылыми-техникалық жаңа­лықтардың саны емес, өсетінін атап өтті. «Біз 2023 жылы ақша-несие саясаты жеңілдетіледі деп болжаймыз, алайда қалыптасқан жоғары инфляция мен несиелендіру құнының артуы биыл тұтынушылық шығындардың өсуін шектейді, бұл экономикаға тежеу әсерін тигізеді», дейді М.Халық.

ІЖӨ деңгейіне мұнай бағасының қымбаттауы сеп болса, теңгеміз алтын-валюта қоры және алтынды сыртқы нарыққа көбірек саудалауымыздың нәтижесінде күш алып қалғанын айтады. Бірақ мұның бәрі уақытша фактор. Әзірге тәуекелдер көп. «Мұнай фьючерстері наурыз айында мұнай барреліне 70-75 доллардан сатылуы экономикалық өсуімізге көмегін тигізеді. Жағдай жүрісінен жаңылып қалмаса, 4 пайыздық өсім уысымызда болады. Негізгі тәуекел Ресейге қатысты жаңа санкцияларға байланып тұр. Жағдай ушығып кетсе, экономикалық өсімге қауіп төнеді», дейді М.Халық.

Жыл басында әлемдік сарапшылар дүниежүзілік экономиканың беталысы­ АҚШ, Қытай және ЕО елдеріндегі жағдайға қарап көш түзейді деген болатын. Бұл елдердің экономикасының өсімі де, кері кетуі де бір мезгілде байқалады. Басқаша айтқанда, өсім мен кері кетуді итжығыс деп бағалауға болады. Демек біздің даму да сол итжығыстың ар жақ, бер жағында тұр.

Әзірге жағдай алдын ала болжанған сценарийдің шеңберінен шыққан жоқ. Айна­ламыздағы құбылыстың бәрі алдын ала болжанған факторларды шыр­ айналып жүр. Биылғы жартыжыл­дық­та­ғы­ әлемдік экономиканың өсім деңгейі 3 пайыз­дың айналасында деп күтіп отыр­мыз.

Біздің елдің экономикалық жағдайы шикі­­затқа тәуелді. Басқаша айтқанда, шикі­зат – нарықтың да, бағаның да, валю­тамыздың жағдайының да баро­метрі. Осы жылдың алғашқы айла­рын­дағы жағдай біздің ел үшін қолайлы бол­ға­нын сарапшылардың бәрі айтып жатыр.

Жылдың алғашқы айларында Лон­дон­­ тауар биржасында Brent маркалы­ мұнайдың саудасы барреліне 90 доллар­ деңгейінде саудаланды. Содан кейінгі айларда ол баға 70 долларға дейін төмендеп кетті. Ал маусымдағы баға – 72-75 доллар шамасында. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл баға 120 доллар болатын. Үкіметтің биылғы жылы мұнай баррелі 85 доллар болады деген болжамы әзірге маңайламай тұр. Осы күнге дейін мұнай арзандаса теңгеміз күзгі жапырақтай қалтырап шыға келетінін талай рет байқағанбыз. Ал биылғы жыл басқаша болды. Теңгенің де, экономиканың да мұнай бағасына деген тәуелділігі кеміп келе жатқандай белгілер пайда болды деген үмітті төмендегі деректер жоққа шығарып тастады.

2023 жылдың мамыр айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінде жалпы салмағы 155,4 кило 4 056 алтын құйма сатылды. Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,4 тонна 129 605 алтын құйма сатылды. 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында біздің алтын экспортерлері шетелдіктерге сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын сатқан. Ал биылғы жартыжылдықтағы дерек әлі жаңартылған жоқ. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова келтірген деректерде 2022 жылы сыртқы нарыққа 20 тоннаға жуық алтын сатылғаны, бұл 7 млрд доллар табыс әкеліп, қордағы алтынның үлесін 68 пайыздан 58 пайызға дейін қысқартқаны айтылады. Демек біздің теңгенің доллар алдындағы жалын күдірейтіп тұрған фактор алтынның буы десек қателеспейміз.

 Оның үстіне төрт айдың қоры­тын­дысы бойынша ІЖӨ деңгейінде жылымық өсім байқалды. Бірақ бұған сеніп, босаңсып қалуға болмайды. Мамыр айының қорытындысы бо­йынша экономикалық өсімде сәуірдегі алға жылжудан жарты пайызға кері шегінгенін көрдік. Бұл жағдайға мұнай бағасының төмендеуі және сыртқы сау­да профицитінің қысқаруы әсер етті.

Дегенмен алғашқы жартыжылдықта ұлттық валютамыздың бағамы тамырын тереңге жіберуге жол тапқанын айтуға тиіспіз. Өткен жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 100 доллар деңгейіне дейін арзандап кеткен кезде теңге 7 пайызға, рубльмен салыстырғанда 11 пайызға дейін құнсызданып кеткен болатын. Ал биылғы жартыжылдықта теңгенің әлемдік валютаға қатысты позициясы 0,5-3,7 пайызға дейін күшейді. Доллар-теңге дәлізі 451,94-446,60 теңге аралығында тербеліп тұрды.

Мұндай көріністер доллар-еуро дәлізінде де байқалды. Сарапшылар еуро құнының қалыптасуына әлемдік нарық­тардағы долларға қатысты бағамының өзгеруі де әсер етті. Сон­дық­тан ЕО валютасының ресми бағамы айына орта есеппен бірінші жарты­жылдықта 484,22 теңгеге дейін көтеріліп, төмендеді.

Ресейдің ұлттық валютасының биылғы жағдайы мәз емес. Мамырда теңге­мен салыстырғандағы баға 5,53 теңге­ге дейін арзандады. Өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда теңге 14 пайыз­ға дейін күш алып қалды.

Өткен жылдың үшінші тоқсанынан бастап теңге-рубль дәлізінде теңгеміздің бәсі басым бола бастағаны белгілі.

Тағы бір маңызды оқиға – ел резерв­­­терінің ұлғаюы. Баға конъюнк­­турасының нашарлауы және экспорт­тық түсім ағынының қысқаруы халық­аралық резервтердің көлеміне әлі әсер еткен жоқ. Ұлттық банктің мәліметінше, қаңтар-мамырда оның жалпы халықаралық резервтері 1,1%-ға (400 млн-ға) өсіп, шамамен 35,48 млрд АҚШ долларын құрады. Еркін айырбасталатын валютадағы активтері шамамен 6,5 пайызға өсті, алтын бойынша – шамамен 540 млн-ға аза­йып, тиісінше шамамен 15,53 және 19,95 млрд доллар деңгейіне жетті.

Ұлттық қор активтерінің доллармен есептегенде өсімі бес айда 3,48 млрд долларға жетіп, 59,2 млрд доллардан асты.

Қаңтар-мамыр айларының қоры­тын­дысы бойынша ақша агрегаттарының көлемі азайып, заңды тұлғалар депо­зиттерінің көлемі төмендеуіне байланысты екінші деңгейлі банктердің ресурстық базасы қысқарды. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторын банктік несиелендірудің деңгейі әлі де мәз емес дегенді білдірсе керек. Мұндай құбылыстар бұрынырақ, оның үстіне шикізатқа қолайлы баға конъюнк­турасымен байқалғанын және экономикада өткен жылдары қорда­ланған проблемаларға байланысты екенін атап өткен жөн.

Кейінгі бес айда айналыстағы мемле­кеттік бағалы қағаздардың көлемі 11,2 пайызға өсіп, 18,86 трлн асты. Ұлттық банктің қысқамерзімді ноттарының көлемі маусым айының басындағы жағдай бойынша шамамен 2,54 трлн, Қаржы министрлігінің облигациялары 15,26 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергі өсім 300 млрд-ға, Қаржы министрлігінің облигациялары 1,4 трлн-нан астамға өсті.

Айналымдағы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өсу динамикасы да оң. Сарапшылар бұл өзгерістің де уақытша екенін айтып жатыр. Бұл өсім экономиканы несиелендіруге ықпал ете алмайды.

Мұнайға байланысты баға конъюнк­турасының нашарлауы ең алдымен тауарлар экспортының өзіндік құнына кері әсер етті. Қаңтар-сәуір айларында экспорт көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайыз төмендесе, импорт 40 пайызға өсті.

Импорттың артуы мен экспорттың төмендеуі нәтижесінде сауда балан­сы­ның профициті төрт айда екі есеге азайып,­ 6,6 млрд долларынан аз дең­гейге жетті.

Соңғы уақыттағы тағы бір ауыр жағдай инфляцияның жоғары деңгейі болды. Ақпан айында ол көпжылдық ең жоғары көрсеткішке жетіп, жылдық есептегенде 21 пайыздан асты.

 Мемлекет басшысы Үкіметке инфляцияны екі есеге, яғни шамамен 10 пайыз деңгейіне дейін төмен­дету міндетін қойды. Алайда бұл көрсеткішке жету екіталай. ІЖӨ динамикасы және ішкі қаржы нарығының жекелеген параметрлері туралы ресми­ деректер, баға конъюнктурасының және сыртқы конъюнктураның нашарлауы экономикалық көрсеткіштерге және ақша-несие саясатына, оның ішін­де ұлттық валюта бағамына әсер ете алмағанын көріп отырмыз. Үкімет бас­шы­сының айтуынша, ұлттық эконо­ми­ка қолайсыз сыртқы жағдайларға бе­йім­деліп, тұрақты өсу жолына түсті. Осы қарқын сақталса, жыл аяғына дейін экономиканың өсімін 4 пайызға жет­керуіміз әбден мүмкін. Қысқасы, Үкі­мет жағдай бақылауда, өсімге үміт бар­ деп отыр. Біз мұның нәтижесін алда­ғы­ айларда білеміз. Демек отандық эко­но­миканың құрылымы өзгермейді, Ұлт­тық банктің валюталық саясаты өзге­ріссіз.

Қазақстан қаржыгерлері қауым­дас­тығының жетекші сарапшысы Зарина Скрипченко бұл мақсатқа жету үшін құрылымдық шаралар кешенін жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Экономиканың өсуі пайдалы қазбаларды өндіру мен экспорттау есебінен болып отыр. Ал отандық өндіріс пен технология әлсіз дамып келеді. Сарапшы айтып өткендей, кен байлығы қайта қалпына келмейді, олардың құны әлемдік шикі­зат нарығындағы жағдаймен анық­та­лады, демек оның экономикалық өсім­ге әсері шектеулі. Экономикалық құры­лымдағы өзгерістер, шикізаттық емес­ экономикаға ғана өсімге жол ашады. «Бұл модель шикізаттық бағыттан сырт­тап, технологияны, ғылымды және инновацияны дамытуға, адами капи­тал­ға­ инвестициялауға басымдық беруге тиіс»,­ деп нақтылады спикер.

Сарапшылар валюта нарығындағы қаңтар-маусым айларында байқалған оң конъюнктураның сақталатынына сенуге болмайтынын айтады. Себебі әлемдік экономиканың беталысы қырық құбылып тұр. Сыртқы нарықтың қабағы әлі ашылған жоқ. Сондықтан 4 пайыздық өсімнің ішкі нарыққа әсе­рі­не­ де, теңгеміздің күш алып кетеріне де се­нім аз. Әзірге абыройымызды алтын жа­уып тұр.

Демек ішкі нарық үшін «теңге қан­ша­ пайызға күшейеді емес, теңгенің құн­сыз­да­ну деңгейі қанша пайыз болмақ?» деген­ сұраққа жауап алу маңызды...

 

АЛМАТЫ