• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 11 Шілде, 2023

Мал арзан, шөп қымбат

382 рет
көрсетілді

Жетісудың жазы салқын тартып, биыл күн райы құбылып тұр. Осы уақытта ми қайнатар ыстық буып, халықтың дені көл жағалайтын. Ал қазір суға шомылуға асық жұрттың қарасы аз. Шілденің түнгі салқыны жақсы ғой, дегенмен шаруалардың шамына тиюде. Олай дейтініміз шөп бітік шыққанымен, көлемі көңіл көншітпейді. Ал соған сай баға да шарықтап тұр.

Жаз мезгілі қысқы мал азы­ғын дайындауға өте қолайлы ке­зең.  Осыны білетін шаруалар жемшөп қорын ерте кезден әзірлеуге кірісті. Шөп да­йын­дау, әрине, оңай шаруа емес. Ауа райының ашық күн­де­рінде шөпті шауып, оның нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Әдет­те мал азығын дайындау маусым, шілде айларында жү­ре­ді. Осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі азаяды. Бұл істе, әсіресе, жаздың аптап ыстығына қарамастан дала төсін дүбірге бөлеп, маңдай терлете еңбектеніп жүрген шаруа­лардың атқарып жүрген жұ­мы­сы жоғары бағаға лайық деуге болады. Дала төсін дүбірге бө­ле­ген шөп шабу науқаны қазір Жетісу жерінде қыза түсті.

Айта кетейік, егіс алқап­та­рын әртараптандыру саясатына сәйкес, өңірдегі егіс құ­ры­лымында мал азығы дақыл­да­рының көлемі ұлғайды. Жоспар бойынша биыл 2205,5 мың тонна шөп әзірлеу қажет. Со­ның бүгінде 61,2 мың тоннасы, яғни  13 пайызы дайын. Со­ны­мен бірге пішендеме, сабан, жемдік азық, сүрлем әзірлеу жұ­мыстары да талапқа сай жү­ріп жатыр. Мамандардың ай­туынша, науқан күзге дейін жалғасып, осы мез­гіл­дің ортасында аяқталады.

«Жұртшылықтың малын қо­ғам­­дық жайылымдармен қам­ту жұмысы ерекше бақылауға алын­ған. Облыс бойынша қо­ғамдық жайылымға 719,4 мың гектар жер бекітілді және бү­гін­гі күнге бар қажеттілікті қам­тамасыз ету мақсатында 688 мың гектарды қосымша бекіту бо­йынша жұмыстар атқарылуда. Дегенмен жылдан-жылға жа­йыл­ымдардың құнарлығы тө­мен­деуде, оның себебі түбе­гей­лі жақсарту жұмыстары агросубъектілері тарапынан мар­дымсыз жүргізіледі. Бұл мә­се­лені шешу үшін ғалым­дар­мен бірлесе өнімділігі жоғары азықтық дақылдармен қоса арнайы табиғи шөптерді өсіру технологиясын жаппай қолдануды енгізу қажет», дейді облыс әкі­мінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан, жайылымдарды суландыру үшін инвестициялық субсидиялар қарастырылған, кейінгі үш жылда 113 мың гектар жайылымдарды қамтитын 359 шаруашылықтардың жерлерінде ұңғымалар қазылған.

Биыл мал қыстату науқанына азықтың қажеттілігі 1 млн 985 мың тонна, қосымша қорды ескеріп 2 млн 205 мың тонна жем-шөп дайындау жоспарланып отыр. Атап айтсақ, шөп – 1271 мың тонна, пішіндеме – 117,3 мың тонна, сүрлем – 204 мың тонна, сабан – 300 мың тонна, жем 313,1 мың тонна жиналуы шарт. Әйтсе де бұл межеге шаруалар жете ала ма, жете алмай ма, ол жағы белгісіздеу.

«Шалғынға орақ салып, шөп жинауды қыздырудамыз. Шөп шығымы былтырғыдай қалың емес. Жоңышқа ауыл шаруа­шы­лығы техникасымен орылып, шетінен бастырылуда. Қазірдің өзінде шөп тайлағыш техника көмегімен  мыңнан аса тай шөп әзірленді. Қожа­лық негізінен қызылша егіп, жинауға арналған техникалармен қамтылды. Шөп шабуға қа­жетті техниканы жалдаймыз. Шөпті шапқаны үшін әр гектарына 10-15 мың теңге алады. Шөпті қалап, жинағаны үшін жұмысшыларға әр тай шөп үшін 100 теңгеден төлей­міз. Шөпті сатып алуға ниет білдірген азаматтар көп, биыл әр тай шөп былтырғыдан қым­бат­тау, дейді «Ұлан» шаруа қожалығының басшысы Айымгүл Қошқарбаева.

Қазіргі таңда аталған тап­сыр­­маның орындалуы аудан және қала әкімдіктерінің ақпа­рат­тарына сәйкес 61,2 мың га көп­жылдық шөп шабылған. Мәселен, Ақсу – 5,8 мың га, Алакөл – 9,9 мың га, Ескелді – 5,5 мың га, Қаратал – 3,4 мың га, Кербұлақ – 9,0 мың га, Көксу – 3,9 мың га, Панфилов – 14,9 мың га, Сарқан – 7,8 мың га, Талдықорған қаласында – 0,6 мың га, Текелі қаласында 15  га жер шабылған.

«Бүгінде жиналған шөп – 239,0 мың тонна, орташа өнім – 39,0 ц/га, ал салынған пішіндеме 16,3 мың тоннаны құрайды.  Осы уақытта табиғи шөпті шабу жұмысын бастау жоспарлануда. Жемшөп дайындау мәселесі – тұрақты бақылауда. Облыс бойынша 2308 қыстақ бар, онда 2 354  шаруашылық малын қыстатады. Мал қыстауына да­йындық және мал қыстату нау­қанына қажетті жемшөптің қо­рын қамтамасыз ету бо­йынша жұмыстар тұрақты ба­қылауда. Қазіргі уақытта облыс бойынша 940 646 бас ауыл шаруашылығы жануарлары жайлауға шықты», дейді ауылшаруашылығы бас­қар­ма­сы­ның мамандары.

Кейінгі жылдары шөптің ба­ға­сы едәуір өскен. Сондықтан болар, қолында азын-аулақ малы бар жандар пішен шабуға келгенде арық бойындағы қа­мыс-құрақты да ауласына тасып алады. Шаруалар шабылған шөпті шабындық басында кеп­ті­ріп, қора басына тасумен жүр. Аулаға үйілген орам-орам шөп­пен бірге тайланған шөпті де сатып алып жатыр. Жұрт жем­шөп қорының мол болғанын қа­лайды.

«Биыл бір тай жоңышқаны 2 мың теңгеге, ал үлкен бір орам шөпті 8 мыңнан сатып жа­тыр. Жаздың түні суық, шөп был­тырғыдай емес, өте сирек шыққан әрі бойы да аласа. Сондықтан шаруалардан алуға мәжбүрміз. Шама барда қа­мыс­ты да орып, жинап жатырмыз. Базарда малдың бағасы арзан, ал шөптің құны күннен күнге өсіп жатыр. Алғашқы шабындықтың бағасы 2 мың болса, кейін 4 мыңға дейін баруы мүмкін. Қа­зір ауылдағы шағын шаруалар әбігерге түсуде. Биыл қыс­тан аман шықсақ игі болар еді», дейді Береке ауылының тұр­ғы­ны Масан Арманұлы.

Қазір өңірде шаруашылық иелері мал азығын дайындау­ды басты назарға алған. Пішеншілер қазірдің өзінде әжептеуір шөп мая­лап алды.

 

Жетісу облысы