• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Тарих 12 Шілде, 2023

Тарих және мемлекеттілік бастауы

665 рет
көрсетілді

Мемлекеттілік – өз мемлекетін құруға қол жеткізген белгілі бір ұлттың немесе қоғамдық бір­лестіктің даму деңгейін сипаттайтын ұғым. Мемлекет және мемлекеттілік ұғымдары территориямен тікелей байланысты. Мемлекеттің және қоғамның саяси ұйымдасып өмір сүруі белгілі бір кеңістікпен, территориямен байланысты.

Мысалы, көшпелі халықтар мемле­кеттерінің тіршілік көзіне айналған кәсібі (мал шаруашылығы) отырықшы халықтар мемлекеттерінің тіршілік көзіне айналған кәсібіне қарағанда көп территория­ны қажет етеді. Өткен ғасырдың басында де­мографиялық фактормен қатар осы фактіні қазақ зиялылары жаңадан құрылған кеңес үкіметінің басшылығы алдында ғылы­ми тұрғыдан негіздеп, Қазақ өлкесі мен автономиялық республикасының қа­рамағында ұлан-ғайыр жерді сақтап қалуға қол жеткізді. 1920-1925 жылдары қазақтардың астанасы Орынбор қаласы болды. Кеңес үкіметінің Орынборды қазақ астанасы болып бекітілуіне келісім беруі таза тарихи және демографиялық факторлармен анықталған болатын.

Қазақтың, жалпы түркі халықтарының ата-бабалары ежелгі заманнан бері мемлекет пен кеңістіктің бір-бірінен ажырамас ұғымдар екендігін білген. Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылдың басында Мөде тәңірқұт ғұн тайпаларын біріктіріп қуат жинай бастайды. Көрші мемлекеттің елшілері тәңірқұттан мініп жүрген сәй­гүлігін және тағы басқа құндылықтарды сыйлауды сұрайды. Мөденің кеңесшілері көрші елдің сұрағандарын бермеуді ұсынады. Мөде «Көршілерден соларды аяймыз ба?» деп сұрағандарын береді. Көрші мемлекеттің елшілері келесі жолы Мөдеден екі елдің арасында жатқан тақыр жерді сұрайды. Кеңесшілері тақыр жерде шаруашылық жүргізу қолайсыз деген сылтаумен көрші елге сұраған жерді беруге болатынан айтады. Мөде: «Жер мем­лекеттің негізі, оны қалайша беруге болады?» деп жерді көрші мемлекетке беруге кеңес жасағандарды жазалайды. Тарихи деректерде келтірілген осы оқиға түркі көшпелілерінің мемлекет және кеңістік, территория және мемлекеттілік туралы ұғымдарының ежелгі заманда-ақ қалыптасқанын дәлелдейді. Қазақ­тың және түркі халықтарының тарихында кейбір мемлекеттер секілді жерді басқа мемлекетке сату немесе сыйлыққа беру секілді фактілердің орын алуы мүлде кездеспейді. Оның себебі «жердің» түркі халықтарының, қазақ халқының түсі­нігінде «мемлекет» ұғымымен тікелей бай­ланысты болғандығында.

Ғалымдар ұлттың, қоғамның белгілі бір кеңістікте саяси тұрғыдан ұйымда­сып, оны дұрыс пайдалана біліп, кеңістікті бақылап, мемлекетті басқару өнерін геосаясат немесе геостратегия деп атайды.

Бұл ретте қазақ мемлекеттілігі дәстү­рін сипаттағанда оның геостратегиялық тәжірибесіне мән берген орынды. Қа­зақ елінің геостратегиялық тәжірибесі Қазақ хандығының немесе Қазақстан Республикасының құрылу уақытынан емес, қазақ ұлтын және көптеген басқа түркі халықтарының негізін құраған ежелгі ру-тайпалар бірлестігінің тарихынан бастау алады. Түркі ру-тайпалары­ның мемлекеттілік дәстүрінің ықпалы көр­­ші мемлекеттер мен халықтарға тиіп отырды. Мысалы, көрші Ресей мем­ле­кетінің мемлекеттілік дәстүрін қарас­тыр­­сақ, мемлекетті басқаруға тікелей қа­­тысы бар «деньги», «казна», «казначей», «тюрма», «таможня» және басқа тер­миндердің түркі тілінен енгені орыс мем­лекеттілігінің қалыптасуы мен да­муы­­ның қай уақытта басталып, қандай ортада жүргені туралы анық ақпарат береді. Алтын Орда мемлекеті ыдырап, өзбектер өзбек, қазақтар қазақ атанып бөлініп шыққанда қараусыз қалған орыс ұлтының өкілдерінен де қазақтар (казактар) бөлініп шыға бастайды. Казактардың әскери-әлеуметтік құрылымын анықтауда қолданылатын «атаман», «ертаул», «есауыл», «харунжий» және басқа терминдер сол кездегі мемлекеттілік дәстүрдің ахуалы туралы мәнді мәліметтер береді.

Геостратегиялық тәжірибе бұрынғы заманнан бері қалыптаса бастаған. Бұл тәжірибенің алғашқы көрінісіне идеология мен экономикалық бақылау орнату, ежелгі соғыс және саясат жүргізу өнерлерін жатқызуға болады. Бұлардың соңғысы ғылым мен техниканың дамуы­на қарамастан, өзінің ежелгі заманнан бері келе жатқан мазмұны мен әдісінен айырылған жоқ.

Біздің заманымыздан бұрынғы VІІІ-ІІІ ғасырдан ежелгі Қытайда «геосаясат» пен «геостратегия» негіздері бойынша көп деректер сақталған. Осы кезең аралығында «аспан асты» империясы бытыраңқы жағдайда болып, бір-бірімен және басқа да елдермен соғысқан еді. Соғыс өнері бойын­ша жазылған «Сунь-цзы» және «У-цзы» (Соғыс заңдары) трактаттары мемлекетті басқарудың бірқатар жолдарын көрсетеді.

Сунь-цзы мемлекет үшін ұлы істерді белгілеп, оның негізіне бес құбылысты жатқызады. Біріншісі – жол, екіншісі – аспан, үшіншісі – жер, төртіншісі – қолбасшы, бесіншісі – заң.

Жол – мемлекет басшысының ойы мен халық ойының бірдей болуы­на қол жеткізу, халықтың мемлекет бас­шы­­сымен бірге болуы, халықтың үрей мен күдік дегенді білмеуі екендігін не­гіз­дейді. Осыдан Сунь-цзының ел мен мем­лекет басшысы арасындағы ой мен мақ­сат бірлігінің маңыздылығын айту арқылы бірінші орынға идеологиялық факторды шығарғанын байқаймыз. Бұл тек соғыс жағдайындағы бірлік дегенді білдірмейді, сонымен қатар мемлекеттің күнделікті өміріндегі, белгілі бір мақсатқа жетудегі ең басты қажеттілік дегенді білдіреді. Ел мен мемлекет басшысының ой тұтастығы, оның мемлекет өмірінде алатын маңызды орны жайында түркі қағандарының өсиеттерінен де көп нәрсені білуге болады. Күлтегін жырларында түркі билеушілері өз халқына, осыған орай келесі сөздерді өсиет ету арқылы ой мен мақсат бытыраңқылығынан сақтандырды: «Аштықта тоқтықты түсінбейсің, Бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Соның үшін алдандың, Қағаныңның тілін алмадың» және «Соңындағы інілері қаған болған, Ұлдары да қаған болды. Соңындағы інісі ағасындай болмады, Ұлдары әкесіндей болмады».

VІІІ ғасырда идеологиялық және демо­гра­фия­лық фактор Орталық Азиядағы Көк түркітердің саяси өміріне ықпал жа­сап отырды. Көк түркітерінің билеушісі Білге қаған өзінің ордасын дуалмен қор­шап, Будда мен Лаоцзыға ғибадатхана тұр­ғызып, отырықшылыққа көшу ниетін Қы­тайда өсіп, білім алған кеңесшісі Тоны­көкке білдірген еді. Тоныкөк: «Түркі елі Қытай халқының жүзден бір бөлі­гіне де теңеспейді: біздің оларға қарсы тө­теп беруіміздің негізі аң аулап, мал ба­ғуымызда. Көшпелі өмір сүріп, үнемі соғыс өнеріне жаттығуымызда. Күшті кезімізде соғысып, әлсіз шағымызда көшіп-қо­нып жүреміз. Сонымен қатар Будда мен Лаоцзының оқулары адамды жауынгер етпей, сезімшіл, бос қылады», деп ақыл айтқан. Осы үзіндіден біз түркілердің идеологиялық және демографиялық факторы жағдайларының қала тұрғызуға және өмір құндылықтарын өзгертуге мүмкін­дік бермегенін байқаймыз. Шынында да, егер түркітер қала тұрғызып, отырықшы өмір­ге көшіп, Будда мен Лаоцзыға табынған­да олар миллиондаған қытайлықтар­­дың арасында жоғалып кетер еді. Бұл рет­те түркітердің тарихи мұрагерлерінің ­бірі Қазақстан жағдайы ерекше болды.

Ғылым мен техниканың дамуына орай ел мен жерді қорғаудың әдіс-тәсілдері, негізгі жолдары өзгерді. Қазақстан тәуел­сіздік жариялады. Ел астанасының сол­түстікке көшіріліп, жаңа қаланың салынуында үлкен геосаяси мақсат жатты. Ол мақсаттың мәні бұрын геосаяси кеңіс­тікте орын алған өзгерістердің барысын тоқтатып, Қазақстан мемлекеттігін нығайту, Қазақстан халқының оңтүстік пен солтүстіктегі демография арасалмағын реттеуді қамтамасыз ету еді. Астананы елдің солтүстігіне көшіру тек қазақ мем­лекетінің тұғырын тереңдетіп қоймай, сонымен қатар түркі-мұсылман әлемінің өмір кеңістігін кеңейтуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.

Тарихи тұрғыдан алғанда түркі халық­тарының, олардың ішінде қазақ хал­қының туған бесігі мен әуелгі ордасы – Алтай өңірі. Алтай өңірінің эко­но­микалық, мәдени-әлеуметтік, гео­стра­тегиялық әлеуетін арттырудың ма­ңызы зор екені анық. Бұл ретте Түркі мем­ле­кет­тері ұйымының тұрақты бас ордасы (headquarter) мен астанасын еліміздің шекаралас аймағында – Алтай өңірінде орнатып, тұрғызуды түркі-мұсылман елдеріне ұсыну стратегиялық маңызы бар іргелі істерге ұласады деп болжауға болады.

Соғыс өнері туралы ежелгі трактат­тар идеологиялық фактордан басқа гео­графиялық, экономикалық және саясат жүргізу мәселелерін қамтыды.

Мемлекет құрылымы мен геосаясатта маңызды орын алатын экономикалық факторға байланысты Сунь-цзы: «Егер сенде мың жеңіл және мың ауыр арба, жүз мың әскер болса және егер азықты мың шақырымға апару қажет болса, онда ішкі және сыртқы шығын күніне мың алтынды құрайды. Соғыс кезінде мемлекет азықты алысқа таситындықтан кедей­ленеді. Азықты алысқа тасу қа­жет болғанда халық кедейленеді. Әскер­ге жақын орналасқандар қымбат сата­ды, ал олар қымбатқа сатқан соң, ха­лық­­­тың қаржысы азаяды, қаржысы азай­­ғанда міндеткерліктерді (заңға ба­ғын­дыру/бағыну) атқару қиын», – деп, эко­номикалық фактор мен мемлекетті бас­қару арасындағы тікелей байла­ныс­ты көрсетеді. Ол соғысты пайда табу үшін күрес деп қарастырады: «Пайда табу дегеніміз – жеңіс», деп «Жақсы­ның жақ­сысы – жүз рет соғысып, жүз рет жеңу емес, жақсының жақсысы – бөтен әскерді соғыспай-ақ жеңу. Сондықтан ең жақсы соғыс – алдымен жаудың ой ай­ла­сын талқандау, содан кейін оның одақ­­тастарын, кейін әскерлерін тал­қандау», деп жалғастырады. Ежелгі­лер­дің осы сөздерінен біз олардың өз қарсы­лас­та­рының ой айласын, санасын (идеологиясын) жою, экономикалық бақы­лау орнату арқылы соғыспай-ақ көздеген мақ­сатқа жетуге болатынын білгендерін аңғарамыз.

Осыған орай мемлекеттің байлы­­­ғын, экономикалық қуатын арттыру үшін Сунь-цзы: соғысты жүргізу тәртібі бойын­ша ең жақсысы – жаудың мемлекетін талқандамай сақтап қалу керектігін жа­зады. Сондықтан Сунь-цзы: «Соғыс – ­жауды алдау жолы», деп пайымдайды.

Экономикалық фактордың мемлекет өмірінде алатын шешуші орны жа­йында ғұндар мен көне түркітердің тарихынан анық көруге болады. Түркі басшылары өздерінің өсиеттерінде бұл жағдайларға көп көңіл бөлді. Орхон ес­керткіштерінің мәтініндегі: «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. (Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты өзіне сонша жақындатар еді… Тәтті сөз, асыл дүниесіне алданып Түркі халқы, қырылдың, жойылдың», деген сөздер осыны куәландырады.

Б.з.б. 160 жылы ғұндардың тәңірқұты Лаошан-Гиюй Қытаймен жақындасып, олардан көп жібек пен т.б. заттарды алып отырған болатын. Осыған байланысты оның кеңесшісі Үкі (Юе): «Ғұндардың саны Қытайдың бір аймағында тұратын халықтың санымен теңесе алмайды, бірақ олардың қуаты киім мен тамағының ерекшелігінде және олардың осы заттар бойынша Қытайға тәуелді, кіріптар еместігінде. Ал қазір, Тәңірқұт, сен дәс­түрді өзгертіп жатырсың және қытай­дың заттарына қызығасың. Егер Қытай, өз заттарының оннан бір бөлігін ғана қолданатын болса, онда соңғы ғұнға дейін Хань әулетінің жағына өтер еді» деп экономикалық тәуелділіктің саяси тәуелділік қаупін, мемлекеттік опат қаупін тудыратынын ескертіп: «Қытайдан жібек және қағаз маталарды алған соң, шеңгелдің арасымен жүгіріп, олардан жасалған киімдердің жүн мен былғарыдан жасалған киімге жетпейтінін көрсетіңдер. Қытайдан азық алғанда оларды жемеңдер, оның орнына ірімшік пен сүтті қалайтындарыңды көрсетіңдер» дей отырып, қазіргі тіл­мен айтқанда протекционистік шараларды қолдануға шақырды.

Ежелгі және Орта ғасырлардағы мем­ле­кеттердің тарихынан экономикалық стра­тегия мен географиялық фактор ара­сындағы байланыстарды ажыратуға болады.

Кеңістікті, мемлекетті басқаруда ма­ңыз­ды орын алатын фактор – саясат немесе саяси лидердің қызметі туралы да ежелгі және орта замандағы тарихи деректерде мол мағлұматтар сақталған. Саясат жүргізу, саяси лидердің қызметі мемлекет құрылымындағы функцияларды реттеуде, функциялардың ішкі және өзара тұрақтылығын орнатуда үлкен рөл атқарады. Саясат жаудың ой-айласын болжап білуге, оларға тосқауыл қоя алуға мүмкіндік береді әрі үлкен шеберлікті талап етеді.

Саяси шеберліктің бір көрінісіне келесі оқиғаны жатқызуға болады. Б.з.б. 200 жылы Мөде бастаған ғұндар күшейіп, қы­тай императоры Гау-ди олардан жеңіле бер­ген соң, кеңесшілерінен ғұндарды қа­лай жоюдың амалын сұрайды. Сонда Гау-диге кеңесшісі: «Ел іші енді ғана орнықты. Осындай жағдайда ғұндарды қарулы күшпен бағындыру тым қиын… Алдияр, менің ақылымды алып, патшайымнан туған үлкен ханшаны мол жасаумен Бүдүнге әйелдікке ұзатыңыз. Бүдүн тірі жүрсе, күйеу балаңыз ретінде өзіңізді сыйлар еді, өлсе, орнына жиеніңіз тәңірқұт (шаньюй) болып тағайындалар еді. Жиеннің нағашы атасымен үзеңгі қағысқаны қайда бар? Сөйтіп, ғұндарды соғыссыз бағындыра алар едіңіз…», деп ақыл берді. Ежелгі Қытай мемлекетін­дегі тұрақсыздық қарсыластарын күшпен жеңуге мүмкіндік бермеген соң, саяси айла, әдістер іске қосыла бастады.

Орта ғасырлардағы орыс князьдерінің бірі Александр Невский Алтын Орда билеушілерімен туысқандық қатынас орнату арқылы орыстарға қауіп төндір­ген шведтер мен немістерді ойсырата жеңіп отырды. Ал жаңа кезеңдегі Гер­ман империясының канцлері Отто фон Бис­марк өзінің естеліктерінде жоғарыда келтірілген жол бойынша Англияның Пруссия, ал кейінірек Герман саясатына тигізіп келген ықпалын былайша сипаттады: «Соғыс қимылдарын жүргізудегі қандай да бір өзгерістер лебі әдетте король­дан емес, бас штабтан немесе жо­ғарғы қолбасшы кронпринцтен шы­ғатын. Бұл топтардың, адами тұрғыдан алғанда олардың дос кейпіне бөленгенде, ағылшын ықпалына түскендігі түсінікті: кронпринцесса, Мольткенің марқұм әйелі, бас штаб бастығының әйелі және бас штабтағы одан кейінгі ең беделді офицер фон Готбергтің әйелі – барлығы ағыл­шындар еді». Саясаттағы осы тәсілдің талай империялардың күйреп, пайда болуына түрткі болғаны белгілі.

Цинь дәуіріне дейінгі тарихи-әде­би шығармаға жататын «Го юй» (Патша­лық­­тар сөзі) жазбаларында қыз ұзату және келін түсіру мәселесіне үлкен сая­си мән берілгенін аңғаруға болады. Чжоу патшалығының сөздерінде: «Неке қию – опатқа немесе бақытқа әкелетін бас­палдақтар. Олар арқылы көтерілген кезде пайда үйге әкелінсе бақытқа қол жетеді, егер пайданы басқалар көрсе, ол опатқа әкеледі», делінген.

Конфуций бойынша саясат өнерінің негізгі жағдайы мынада: «Көрші елдермен достықты істердегі адалдыққа негіздеп, қолдау керек, алыс елдермен адалдықты сөзбен білдіру қажет», болды.

Мемлекетті басқарудың (геострате­гияның) алғашқы теориясы мен прак­тикасы ежелгі Қытайда «цзун хэн» (б.з.б. ІV-ІІІ ғ.) мектебінің ықпалымен қалыптасты деп атап өткен орынды. Осы мектептің аты геосаяси одақтың екі тү­ріне орай шыққан деп жорамалдауға болады: «цзун» – тік одақ, демек оңтүстік пен солтүстік арасында орналасқан хан­дықтардың одағы; «хэн» – көлбеу (көл­денең), демек шығыс пен батыс арасында орналасқан хандықтардың одағы. Бұл мектептің мақсаты билеушілерге сыртқы саясат бойынша кеңесшілерді, сарапшыларды дайындауға бағытталды. Осы мектептің түлектерін алғашқы геосаясатшылар деп айтсақ, қателеспейміз.

«Цзун хэн» мектебінің нұсқаулары «тік» және «көлбеу» одақтарды жасаудың теориялық негізін салды, ал философ Хань Фэйцзы (б.з.б. 223ж. қайтыс болған) бұл одақтарға сипаттама берді: «Цзун» одағы көптеген кішігірім хандықтарды біріктіріп, үлкен бір хандыққа соққы бе­руге бағытталады, ал «хэн» одағы үл­кен, күшті бір хандыққа қызмет жасап, көп­теген әлсіз хандықтарға соққы беруге бағытталады», деген. Қазіргі кездегі әлем­дік саяси-экономикалық кеңістікте осындай одақтардың жоқ еместігін теріске шығара алмаймыз.

Саясат тиісті геосаяси талдау жасалы­нып, шешім қабылданған соң, белгілі бір геостратегияны жүзеге асыруға ба­ғыт­талады. Сондықтан саясат неме­се оның «ерекше» көрінісі – соғыс өнері – гео­стра­тегияның, сонымен қатар геосая­саттың құрамдас бөлігіне, олардың құралына жатады.

Қазақстан – күллі түркі халықтары­ның қасиетті қара шаңырағы. Қа­зақтың сайын даласынан әлемнің әр түк­піріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің та­рихи үрдістеріне елеулі үлес қосты.

Мемлекеттілік өлшемі – «кеңістік» пен «уақыт» – тұрғысынан алғанда қа­зіргі түркі мемлекеттері мен мемле­кет ішіндегі құрылымдардың ахуалын, быты­раңқылығын ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Герман мемлекеттерінің жағдайымен ұқсатуға болады. Көрсетілген кезеңде Герман мемлекеттерінің саны көп болатын. Германдықтардың өздері «аспанда қанша жұлдыз болса, жерде сонша герман мемлекеттері бар» дейтін. Сонымен қатар герман халықтарының сөйлеген тілдері де бір-біріне анық түсінікті болған жоқ. Бремен немістерінің тілін Баденнің немісі түсіне бермейтін. Вестфалиядағы немістердің тілін Саксонияның неміс­тері түсінбейтін. Германияның саяси бы­тыраңқылығы тіл бытыраңқылығымен ушыға түскен болатын. Осындай жағдай герман мемлекеттеріндегі білімді, көзі ашық адамдардың, ғалымдардың көкейін теспей қоймады. Сол уақытта Герман мемлекеттерінде қырыққа жуық университеттер қызмет жасайтын. Мысалы, сол кездерде Франция, Голландия мен Англияда бір-екі университет қана болатын. Герман университеттерінің ғалымдары герман халықтарын біріктіру мақсатымен жиналып, сол уақытта ортақ әдеби неміс тілін қалыптастырды. Бастапқы кезде әдеби неміс тілі қалалардағы университеттерде оқытылды. Қала тұрғындары бірте-бірте әдеби неміс тілінде сөйлей бастады. Феодалдық қатынастар ыдырап, қалалардың күшеюіне байланыс­ты ғалымдар құрастырған әдеби неміс тілі ортақ герман халқының тіліне айналды. Осылайша, ХVІ-ХVІІ ғасырда герман ғалымдары, ХІХ ғасырдың аяғында О. фон Бисмарктың басқаруымен Герман мем­лекеттерінің түпкілікті бірігуіне қолайлы ахуал қалыптастырды.

Қазіргі таңда түркі мемлекеттерінің ортақ алфавит пен ортақ тіл құрас­ты­руға бағытталған әрекеттері түркі халық­тарының сана сезімінің жаңа деңгейге көтерілгенін, мемлекеттілік дәстүрінің тереңде жатқанын дәлелдейді.

Міне, осылайша, мемлекеттілік дәс­­түрінің маңызды көрсеткіші саналатын түркі ха­лықтарының кең кеңіс­тіктерді бақылау тарихы мен «идео­логиялық» тарихы өзектілігін жоғалт­пай, қазіргі уақытта­ғы халықаралық сая­си өмірде де көріністе­рін тауып жатыр. Жоғарыда келтіріл­ген Қазақ даласының тарихын­дағы фак­тілер мемлекеттілік тамы­рының те­рең­нен нәр алып отырғанын дә­лелдейді. Қазақ ұлтын және көптеген басқа түркі халықтарының діңін құраған ежелгі ру-тайпалар бірлестігінің тарихы – Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттер мен мемле­кет­тілік дәстүрінің қайнар көзі.

 

Жанғали ДӘДЕБАЕВ,

саяси ғылымдар кандидаты